ПАРАСАТ ПАТШАЛЫҒЫ

0
235

Баққожа. Баққожа Мұқай… Бұл есімді біраз жұрттың, әсіресе өнер өлкесі мен әдебиет әлеміне етене енгендердің жаңылмай танып, жақсы білетіні еш даусыз. Республикалық жастар сыйлығы мен Мемлекеттік сыйлықтың иегері еткен қаламгерлік қарымынан тыс ақжарылқап адамгершілігін адақтайтын адамдар да аз емес. Ол да ақиқат.

Әрине, көпшілік болған соң, жазушыны білмейтіндердің бар екенін де жоққа шығара алмайтынымыз тағы анық. Әрі ол үшін ешкімді жазғырып, оларды айыпқа бұйырудан да аулақпыз. Бүгінгідей күнделікті күйбең тірліктің титығы мен қарақан басының қамынан аса алмай жүрген қыруар жанға не деп кінә таққандаймыз?! Неге кітап оқымайсың деп қалай жазғырмақпыз?! Қалай дегенде де оның оқылатынына, білетіндердің көбейе беретініне берік сенімдіміз.
«Кеңес өкіметі» деп аталған кесапатты қоғамның сойы­лын соққан коммунистік идеологияның кесірлі кемеріне көз жүгіртіп, қарақан басының қамынан ас­пайтын қушы­кештер қаптап кеткен бүгінгі күннің бедерін бағамдай қарағанда, санада салмақтап, салыстыра саралағанда Бердібектің, Мұқа­ғалидің, Сағат пен Баққожаның мұнарлы мұңы мен шығармашылық шерін мейлінше шамырқана түйсініп, түсіне түсесің. Түсінген тұста тәнті бола бастайсың. Ал «тәнті болу» деген – «пір тұту», «қадір-қасиетіне бас ию» деген түсініктермен тоқайласып барып тоқтайтын ұғым. Бұлар болса, сол бір сайыпқыран азаматтар өмір сүрген заманның күрсінісін кескіндеумен қатар, алдағы күндерге деген өскелең ұрпақтың құл­шынысы мен ұмтылысын да мүсіндеп, сомдай түсе­тін сауапты үлгі-өнеге. Олардың артында қалған мәш­һүр мұралардың өміршеңдігінің де, қалтқысыз құнды­лығының да бір пара сыры сонда.
Иә, Баққожа – осы бір шоқжұлдыз шоғырындағы белді тұлға. Өзінің ақтық назындай, аққу сазындай болған шоқтықты шығармасы – қаламгерлік өмірінің зая өтпегенін дәлелдеп берген «Өмірзая» романында оның бас кейіпкері Аяғанның әкесі – Қуат қарт пен ректор Мұса Байларовтың арасындағы мынадай диалог түзетіні бар:
«– … Нақақ күйген бір қазақтың баласына қолұшын берер деп келдім. Көптігінен қорлық көріп, жерге сыймай қадыры кеткен қазақтың баласы жоқ әлі.
– Иә, ақсақал, иә! … Өте дұрыс айтасыз. Көп болып құнымыз түсіп, қадіріміз кеткен жоқ. Өз қадірімізді өзіміз кетіріп жүрміз». (236-бет).
Міне, қалам қайраткерінің өмірлік мұраты мен шығармашылық мақсаты осы бір айна-қатесіз ақиқатты халқының санасына сіңіріп, себептерін саралай білгенде соны сүрлеуге адаспай аяқ басатынына мұрындық болып, жаңылдырмайтын жолды нұсқау еді. Ол өзіне тиесілі межесіне, діттеген жеріне қол жеткізді. Ал жұртының жағдайы баршамызға белгілі.
Көпті көрген, текті жерден шыққан бекзат Баққожаның азамат ретіндегі бітім-болмысының сипатын тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні етіп, бір мінез-құлықтың қауызына сыйғызуға талаптанатын болсақ, ол, меніңше «парасаттылық» деген ұғымға келіп тірелер еді. Яғни, Б.Мұқайдың ішкі сарайы – жан дүниесі парасат патшалығы болатын. Тіліп айтар туралығынан ешқашан таймағанына қарамастан, оның байыпты биязылығы да ұдайы менмұндалап тұратын-ды. Жалпы, Бәкеңнің сөздік қорында бәдігіңіз не дөрекі сөз атаулы мүлде жоқ еді. Тіпті, әртүрлі жағдайдарға орай дөп айтылатын әдемі әзілдерінің өзі әдептен озбайтын. Әрі оларды сүйкімді жымиысына көмкерген күйі кім-кімді де ынтықтыра айта білуші еді-ау… «Қыз мінезді жігіт» деуге болмағанмен, мейірімін мүдіртпестен дүниеден озды.
Иә, ол ағаға ізгі ілтипатты іні бола білді, ініге қамқор қолын созудан жалыққан жоқ. Біріміз айдың бірінші күні, енді біріміз нақ сол айдың соңғы күні туғандықтан да жас айырмашылығымыз тұп-тұра он бір ай еді. Нақтырақ айтқанда, Бәкең менен он бір айға үлкен болатын. Әлбетте, қазақи сыйластық салтын қалтқысыз сақтағанымыз даусыз. Мен қарабөтен құрақ ұштым демегенмен, інілікке лайық іргелілік танытуға тырыстым, Бәкең мардымси ақыл айтудан аулақ бола отырып, қамқор құшағына қондыруға құлшынды.
Бірде: «Қадеке, келінді ертіп үйге келе қойыңдаршы, Семейден бір ағаң келіп қалған екен», дейді. Салып ұрып жетіп барып, Есмұхан Обаев ағамызбен танысамыз. Енді бірде: «Бәлен күні үйден бір шай ішіңдер», деп шақырады. Барып, композитор Бейбіт Дәлденбаев ініммен жүздесіп қайттым. Басқа бір сәттерде: «Ауылдан ағайындар келген екен» немесе «Жолдастарға дәм берейін деп едім, бірге бол», деп қолқа салып, танымал біраз азаматтармен таныстырар еді.
Мен де «ерулікке қарулықтан» қарыз қылған қазақ емеспін, реті келе қалса, қарымтасын қайтаруға тыры­сам. Өзім білетін, үлгі тұтуға лайық деген ағаларым мен үміт күттірген інілерімді таныстырып бағамын. Солайша, дәм-тұзымыз жарасып дегендей салиқалы сыйластықта риясыз аралас-құралас та болдық. Әрі дастарқан басындағы ондай дидарласулар бір-бірімізді тіпті жақындастыра түскен-тін.
Алайда, арамыздағы қалыпты қарым-қа­тынас ағалы-інілі адамдардан гөрі бітім-бол­мысы ұқсас, ой-пікірлері ортақ замандастардың араласына көбірек келіңкірейтін. Жазушының «Тоят түні» драмасы мен «Өмірзая» романын ойластырып, қағазға түсіре бастаған кездері менің Алматы облыстық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін ат­қарған уақытыммен тұспа-тұс келгендіктен де, Бәкең шенеуніктік аппараттың шара­сыздығын дәлелдейтін шырға­лаңды шара­ларды: коммунистік кеңс­е­­лердегі ішкі іріткіні, былайғы көз­дер­ден таса қолат-қал­тары­сын суырт­пақ­тап сұрап-білуден әс­те жалықпайтын. Оны­сы енді қоғам қай­рат­­кері, қарымды қа­лам­гер Балғабек Қыдырбекұлының: «Жур­налист білгенінің бәрін жаза беруге мін­детті емес, бірақ жазғаны жөнінде бәрін білуге тиіс», – деген қанатты қағидасымен арасынан қыл өтпестей қабысатындығы еді. Мен болсам, әділ қазылықтан гөрі қатал жазалаушыға көбірек келетін партия бюросының қарадүлей қаһарынан бастап, аппарат қызметкерлерінің арасында әркез аңғарылып қалатын қитұрқыларға дейін біраз шындықтың бетін ашқандай боламын. Абзал ағаларымыздың бірі Асанбай Асқаровтың әрбір бюро отырысын айрықша қойылымдай етіп өткізетіні, өнерімен де, өмірімен де Алаш ардақтысына айналған Асқар Тоқпановтың Желтоқсан көтерілісіне байланысты партиядан шығарылғандағы бюрода обкомның бірінші хатшысы Меңдібаевты пұшайман халге түсіргені туралы тәптіштеп айтып берем. Бәкең сонда өзіне қажет болады-ау деген детальдарды қалт жібермей, қайталай пысықтап, мәре-сәре күйге түсер еді дейсің. Кейін, «Тоят түні» спектаклінің тұсаукесер көрсетілімі боларда, қойылымға арнайы шақыра отырып: «Өзің айтқан нәрселердің қалай қиюласқанын мұқият қадағалап, сын көзімен қарағайсың», деуі де көп нәрсені аңғартса керек.
Жалпы Баққожа Мұқай – өндірте жаза алған, шығармашылығы мен адамгершілігінің бағасын көзі тірісінде көріп үлгерген тәлейлі қаламгердің бірі. Оның ондаған кітабы жарық көріп, әлемнің жиырма шақты тіліне аударылды. Көптеген драмалық шығармалары еліміздегі және шет жерлердегі театрларда сахналанды. «Қош бол, менің ертегім» пьесасы мен «Аққу сазы» хикаялар кітабы үшін Қазақстан комсомолының, айрықша талантының аққу әніндей болған «Өмірзая» романы үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Сондай-ақ қаламгерге Қырғызстанның Т.Әбдімомынов атындағы әдеби сыйлығы да берілген. Аудармашылығы өз алдына. «Әлі де берері бар еді…» деп оның шығармашылық қарымын қимайтынымыз болмаса, бұл бір басқа аздық ете қоятын бақыт емес. Ендеше, жазушының тағдыры бұл тұрғыдан да тұғырлы дегеніміз ләзім.
«Тағдыр» дегеннен шығады, екеуіміздің тыныс-тірші­лігімізде ой-тұжырым, пайым-түсініктен басқа да ортақ тұстар бар болатын. Бір өңірден түлеп ұшқан түлек­тер­міз, бір университеттің бір факультетін тәмамда­дық, бірнеше жылдар бойына бір журналдың – «Білім және еңбек» (кейіннен – «Зерде») басшылығында жұмыс істедік, атауы «Парасат» болып өзгерген, бұрынғы «Мәдениет және тұрмыс» журналының бас редакторы болған басылым да Баспалар үйінің нақ сол сегізінші қабатында еді. Бір көшенің бойында тұрдық, ортақ дос-жарандарымыз көп болды.
Кейбір кездері, осылардың бәрін ой елегінен бір өткізіп алып, өзім де кенеттен тәубеме келген сәтте, шығармашылық ғұмырының шарболаттай шымыр бітімі­не шола қарайтыным бар. «Ақында дос болмайды адамзаттан, жалғыз-ақ сырын сөйлер, қаламына», деп Мағжан ақын айтпақшы, Баққожаның да шығармашылықтың мехнатты шаруаторысы ретіндегі бар уақытының жалғыздықпен жағаласып өткені ақиқат. Әйтсе де ол соншалықты жанкештілікке өзінің жүрек қалауымен қамалып, нойыс ноқтаға басын сұқты; әдебиет атты ар ісіне өз еркімен жегілген-тін. Жазушының көзі тірі кезінде де, өмірден озғаннан кейін де талай-талай тұйыққа тіреп, титықтатқан тірлігі жайлы ойды омбыласам тәлімді бір тәмсіл жадымда жарқ етіп жаңғырыға қояр еді. Қысқаша қайырғанда ол былайша өрбитін.
Баяғыда бір бес қаруын бойынан тастамаған батыр бабамыз болыпты. Жаугершілік заманда әбден запыс болып қалған, бейбіт кезде де түс қайта ауыл-елдің іргесін бір шолып қайтуды дағдыға айналдырыпты. Жыл өткен сайын бабамыздың да жасы ұлғайып, денесі ауырлап, санасы самарқау тарта бастаған ғой. Қасиетіңнен айналайын тыныш тіршілік десеңізші, келе-келе бабамыз енжарлыққа бой алдырады. Марғау тартып, бойкүйездікке бойлағаны соншалықты, ат үстінде мызғып кететін күйге жетіпті.
Сондай күндердің бірінде түстеніп, мар­қаның семіз жас етіне тойып, қымызға қанып, ерде отырған күйі қалғып кеткен екен, аяқ астынан дүбірлеген ат тұяғының үні естіледі. Қанша дегенмен түн қатып, түс қашырған жортуылшы емес пе, айылын жия қояды. Бажайлап қараса, қапталынан жіптіктей бір жауынгер қаннен қаперсіз құйғытып өтіп барады дейді.
«Өй, жардай болып тұрған маған қайырылып сәлем бермей, жанай өтіп бара жатқан бұл қай көргенсіз?!» деп ашуға булыққан бабамыз: «Жолың болғырды бір тәубесіне келтірейін!» деген байламмен соңынан салып ұрып жетеді. Жіптіктей жауынгер болса, тіпті бұрылып та қарамайтын көрінеді.
Бабамыздың қаны одан бетер қараяды. Тақымындағы шоқпарын шолтаңдатып, енді сілтей бергенде… не болғанын өзі де білмейді: таянар тіреу, аяқ тірер тұғыр таппай, аспанда ауа қармап, салбырап тұрғанын бір-ақ аңғарады. Түсте ғана тоя жеген асы аузына тығылып, тынысы тарыла бастаған тұста бейтаныс бағлан найзасын төмен түсіріп, сырылдаған сардарды немқұрайды сілкіп тастайды. Намыстанған қарт тарлан тұра ұмтылмақ болған екен, жіптіктей жауынгер кеудесіне найзасын тіреп ұрып:
– Ағасы, айып етпеңіз, асығыс едім… – дей бергенде бабамыз сөзін бөліп:
– Ей, сен кімсің өзі!? – дейді ғой тұтығып.
– Оны кейін біле жатарсыз, уақыт қат. Тек бір айтарым: жалғыз жортуылшыға жосықсыз ұрына беруге болмайды. Ол не «бірлі-жарым жауға алғызбаймын» деп өз күші мен ептілігіне сенеді, не «қашып құтыламын» деп астындағы атына сенеді…» деп тақымындағы кербестіні көсілте ағызған күйі, артына қайырылып қарамастан кете барыпты.
Ал жазушы жайлы ойлағанда бұл тәмсілдің тілге орала беретіні Баққожа бауырымыздың да Құдай берген таланты мен табан ақы-маңдай теріне және қандай да бір күн туса да қапы қалдырмас тұғырлы тылы – отбасына сенген жалғыз жортқан жаужүрек жауынгердей жан дүниесі һәм бітім-болмысына байланысты болса керек. Отбасының оған опалы болғаны жан жары Нұржамал әдебиетті бір кісідей білетіндігіне әрі беріле сүйетіндігіне қарамастан, отағасының мұраты үшін бәрінен де баз кешіп, ерінің тілеуін тілеумен өмір кешті. Бәкеңмен етене мұңдас болғандықтан, мен ақсары жеңешеммен онша сырласа қоймадым, оның сәті түсіп, реті де келе бермеді. Әйтсе де, пікірлесіп, әр жазылған дүниесінің алғашқы оқушысы екені туралы қаламгердің өз аузынан естегенім бар. Ал балалары болса, әке-шешелерінің ыждағатты тәрбиелерінің арқасында текті азаматтар ретінде қалыптасып, еш алаңдаушылық туғызбады. Тылы тұғырлы болды дейтінім – сол.
Бәкеңнің бауырмалдық сезімінің де сер­гек екені хақында там-тұмдап айттым. Таланттарға деген тұжы­рым­дары да алабөтен-тін. Жамбыл жарықтықтың: «Менің пірім – Сүйінбай» дейтіні сияқты, «Біздің піріміз – Мұқа­ғали» дегенге саятын пікірдегі бір қауым жұрттың бар екені де жасырын сыр емес. Бәкең ақтаңгер ақынды пір тұтты демегеннің өзінде пейілін беретіні, тілектестігі, араша түсіп, қолдау көрсеткісі келіп тұратыны айқын аңғарылатын. Бір сөз орайы келгенде:
– Ағамызға көзі тірісінде арнайы жолығып, тілегіңізді айтып көрген жоқсыз ба? – деп сұрағаным бар.
Біраз бөгеліп, бетіме қарап тұрып қалды. Сол бірауық уақытта бірқыдырау ойдың шығанын шарлап қайтқанын мен сеземін. Содан барып қашандағы сабырлы қалпымен:
– Айтқанымызды естігенімен, сөзімізді тыңдамады ғой… Ол кісі белгісіз бір тылсым күштің тұтқынында жүрді-ау?! – деп, мен біле бермейтін саяқ сырды суыртпақтағандай етіп келте қайырды.
Кейіннен М.Мақатаевтың «Күнделіктерінен» «Жыл­дар өтеді, жаңа ұрпақ келеді. Біздің әрқайсымызды солар өз орнына қояды», деп көрегендікпен айтылған сәуегей сөздерін оқығанда маған, неге екенін қайдам, сол сөздерін арнаған азаматтардың арасында әдебиеттің әртүрлі жанрларында белсенді еңбек етіп, айтарлықтай биіктерді батыл бағындырған Баққожа бауырымыз да бар сияқты көрінген…
Ол айнымастан алмасып жататын ұрпақтар сабақтасты­ғында ұмыт қалмайтын, әдебиет әлеміндегі өз орнын жоғалтпайтын, мәуелі мұрасын мойындаған мыңдардың жадында жатталып, санасында сақталатынын дәлелдеді. Демек, ол даяр сүрлеуге түскен жоқ, тың жол іздеді. Омақаса омбылап жүріп, оқырманын ойландыратын туындылар жазды. Күйбең тірлікке емес, келешек кемелділікке көз тікті. Оған жеткізер соқтықпалы-соқпалы сүрлеудің сорабын сезіп, айқын аңғарды. Аңғарды да, бар аңсарымен сол жол жеткізер баянды бағытқа біржола бет бұрды. Біз үшін ең маңыздысы – өзіне өзі берген сол уәдесінде тұрып, үдесінен шыға білуі, тәуелсіздікке қосқан өзіндік үлесінің үлгісі. Елім деп еңіреген ежелгі ерлеріміздің жеңістерінен бір мысқал да кем емес баһадүрлігі үшін де бүгінгі ұрпақ, тіпті келешекте ел ертеңінің тізгінін ұстар өскелең өркен де Баққожаның бәсіресіне разы болуға тиіс. Диірменнің тасындай шыр айналған дүние жүрісінен жаңылмаса, жазушы нұсқаған бағдар өз құндылығын жоймақ емес.
Қу тірліктің немесе қанағатсыз құлқынның құлы болмай, ұлағатты ұлтының ұлы бола алған ардақты азамат, қарымды қаламгер Баққожа Мұқайдың «қалың жұрты қазағы» барда, егемен елін, жанаттай жерін, өршіл өнерін сүйетін өрелі халқы барда, есімінің елеусіз қалмайтынына өз басым еш шүбәсіз сенімдімін. Өйткені, пайымды парасаттың биік тұғырына көтеріле білген біртуар тұлға сол мұзарт шыңында таразы табағындай шайқалақтамай шынайы өмір кешті. Адамгершіл асыл затына, Баққожа деген атына, ақ қағаздай тура арына, шығармасының барына дақ түсірмей, кіршіксіз адалдығынан айнымаған күйі көз жұмды. Ендеше, жанкешті жазушының өнегелі өмірінің өкінішті өрімдерінің де көп болғанына қарамастан, зая кетпегенінің дәлелі бұл.
Бақұл болған Баққожа бауырымның мен білетін бейімді болмыс-бітімі, міне, осындай. Сондықтан да, жан сарайы сырға тұнған жазушы фәни дүниеден озып, жер бесікке түскен тұста:
Баққожа Мұқай –
Арысым,
Үзілді-ау шаңдақ шабысың.
Жіберді ме, әлде отқа орап,
Найзағай текті намысың?!
Тәуелсіздіктің таңы үшін,
Ұлтыңның ұлы сағы үшін.
Ұрпақтың еркін қамы үшін,
Аз емес сенің табысың!
Тәлейіменен табысып,
Кететін ойлар шабысып..
Мезгілсіз балта шапты ғой,
Бейдауа дерт те жабысып…
Пендеге тағдыр көнбейді,
Уақыт қана емдейді.
Не дейін бауырым,
Бақұл бол,
Әманда атың өшпейді! – дегенге саятын жыр жолдарын жазғаным бар еді. Еш жерде жарияланбағандықтан, осы естелікке қосудың еш артықшылығы болмас деп ойладым. Тебіреніс үстінде асығыс жазылғанына қарамастан, сәл ықшамдап, еш өзгерту-түзетусіз ұсынғанды жөн көргенім де содан.
Әрі бұл да ардақты ағамыздың атының өлмейтініне деген селкеусіз сеніміміздің бір көрінісі деп білгейсіздер.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – менің пайымымдағы Баққожа Мұқайдың парасатты бітім-болмысы, міне осы.

Қадыр ӘЛІМҚҰЛОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері

Жауап қалдыру