Отай қажы Рақадылұлы

0
37

Үстіміздегі жылғы 26-тамызда атамекенінен шығарма­шылық өрлеу мен тыныштық тапқан қаламгер, Моңғолияның Еңбек Ері,  қолынан өнер тө­гілген ісмер,  абыз ақсақал­дары­­мыздың бірі Оралтай (Отай қажы) Рақадылұлы пәни дүниеден  бақи дүниеге озды. Оның тағдыры ХХ ғасырда небір қиындықтарды бастан өткер­ген, жат топырақта амалсыз тір­шілік қылған қандас­тары­мыз­дың тағдырына аса ұқсас болды.
Марқұм Отай қажы Рақа­дылұлы 1934 жылы қы­тай же­рінде, Шығыс Түр­кіс­тан­ның Өр-Алтай өлке­сінде дүниеге кел­ді. Әкесі Ра­қа­дыл қыр­қын­шы жылдар­дың басын­дағы ұлт-азат­тық кө­терілістің даңқты қол­­бас­шысы Оспан батырдың сар­ба­зы болып жүріп, ел-жері үшін шәйіт болған кісі. Осы аласапыран кезде Рақадылдың әкесі Ойлыудың әулетінен алты-жеті кісі  жау қолынан қаза болып, ауылы ер азаматсыз қалады. Сол кезде тоғыз жасқа жаңа келген бала Отай кәрі әжесі мен шешесіне қолғанат бола жүріп, бірнеше әпке, інісімен бірге 1945 жылы Моңғолия жеріне жаяу-жалпы өтіп  келген екен…
Отағаң Моңғолияда өткен қырық бес жыл өмірінде жетім-жесір әулетін ел қатарына қо­сып, өзі сол елдің «Еңбек Ері» деген ең жоғарғы атағын иеле­ніп, ел қамын жеген ер азаматтар қатарына қосылды.  Алайда, атамекенге оралу түпкі арманы болатын. Алла сәтін салып, 1991 жылы өсіп-өнген үлкен әулетін бастап, көштің алды болып Қазақстанға табан тіреді.
Елге келген ширек ғасырда үлкен әулеті іргелі ауылға айнал­ды. Өзі ауылдың  ғана емес, кө­шіп келген ағайындар арасында талай игі істің басы-қасынан та­былды, бақуат­ты қариялық өмі­рін өткізді. Бастан кешкен өмір жолын бүкіл қазақтың ор­тақ тағ­ды­рындай етіп «Тарих толғауы», «Ұрпаққа ұлағат», «Шежіре керуен», «Таласқа түскен тағ­дыр», «Өмір жолы» атты  ғиб­ратты кітаптар жазып қал­дырды. Ұрпағына  иманды­лық­ты  үлгі етіп, екі мәрте қажы­лық сапарға да барып қайтты…
Отай қажы орынды сөз, ор­нықты пікір айта алатын, көр­ген-түйгені мол, қабырғалы қарт­тарымыздың бірі еді. Төрт ұл, төрт қызынан  артын­да жиырма шақты  немере-шө­бересі қалды. Жаратқан Иеміз берекетін соларға берсін! Мар­құмның иманы саламат болып, рухы пейіште шалқысын!

 Абай МАУҚАРАҰЛЫ,
жазушы-журналист.

Жауап қалдыру