Қолында сәуле ойнаған

0
22

медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Медициналық үздіксіз білім беру университеті «Сәуле диагностика кафедрасының» меңгерушісі, рентгенолог Қайырлыбек Мұхамеджанов жайында үзік сыр
Медицина саласындағы көрнекті тұлғалардың бірі Қайырлыбек Қажыакбарұлын отыз жылға жуық уақыттан бері танимын. Өмірі мен қызметі небір арпалыстарға толы, бірақ соның бәрін «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар ақылың мен қайратың екі жақтап» деп Абай атамыз айтпақшы, азаматтық ұстаным, адал еңбегімен жеңіп келе жатқан жан.
Тектілік жөнінде бүгінде көп айтылады ғой. Қайрекең шын мәнінде шынайы текті­лердің жалғасы. Әкесі – Қа­жыакбар Аягөз өңіріне аты мәлім, халыққа еңбегі сіңген қадірлі ақсақал болған. Ал атасы Мұхамеджан – кеңес үкіметіне дейін-ақ қазақ даласында өндіріс орындарын ашып, Қытай, Ресей елдерінің алпауыт байларымен тең дәрежеде алыс-беріс жасасқан, бүгінгі тілмен айтсақ, елін өркениетке бастаған кәсіпкердің өзі болыпты. Мұхамеджанның әкесі – Сасықбай бабамыз заманында мыңғыртып мал айдаған дәулетті адам екен. Сөз арасында көрнекті қаламгер Қалмұқан Исабаев «Айқыз» романында Асықбай деген атпен ол кісінің әдеби-тарихи бейнесін шынайы сомдағанын айта кетсек те болады.
Тектіден текті туады деген рас. Қажыакбар ақсақалдан тараған 12 перзенттің бүгінде бәрі елге танымал азаматтар. Қайырлыбек Қажыакбарұлы – солардың бірі. 1966 жылы бұрынғы Семей облысы Аягөз қаласындағы № 1 орта мектепті үздік бітірген бойда Алматы мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетіне оқуға түседі. Институтты бітірген бойда 1972 жылы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында еңбек жолын бастайды.
Оқуға, ізденіске ұмтылған маман 1975 жылы осы институттың аспирантурасына түсіп, бірнеше жылдан кейін онкология саласындағы өзек­ті тақырыптардың бі­рі – өңештің қатерлі ісігін анық­тауға байланысты тың тә­сілдер жөнінде канди­дат­тық диссертациясын қорғайды. Қайрекеңнің емдеу методикасы қаншама жандар­дың азабын жеңілдетуге сеп бол­ғаны өзінше бір әңгіме.
Талантты жігіт 1988 жылы Алматы мемлекеттік дәрі­герлер білімін жетілдіру институтына қабылданады. Рент­генология кафедрасын­да ассисент бола жүріп ғылыми ізденістерін тынымсыз жалғастырады. Бұл институт сол тұста Кеңестік одақтың күллі аумағына рентгенология саласында мамандар даярлайтын. Институт басшылығы жас ғалым Қайырлыбекті Ресейдің Обнинск қаласындағы ака­де­мик А.Ф.Цыбтың зерт­ха­насында білімін көте­руге жібереді. Мұнда ол УЗИ (ультрадыбыстық зерт­теу) деп аталатын диагнос­тика­лық құралдың қыр-сырын же­те меңгеріп қайтады. Орал­ған бойда алған білімін тәжі­рибеде қолдануға кірісіп кетеді. Кезінде негізін академик Сайын Балмұқанов қалаған кафедрада осылай жаңа мамандық пайда болады. 2003 жылдан бері Қ.Мұхамеджанов бас­қарып келе жатқан бұл кафедра қазір «Сәуле диаг­нос­ти­ка­лық кафедрасы» деп аталады.
Қайырлыбек басшылық қызметпен қоса ғылым жо­лындағы ізденістерін де бір сәтке тоқтатқан емес. 2007 жылы докторлық диссертациясын сәтті қорғаса, 2008 жылы профессор атағын алады. Бүгінде Қайырлыбек Мұхамеджанов республика бойынша «Ішек-қарын тракты және жұмсақ ұлпалар патологиясының диагностикасы» саласындағы бірден-бір жетекші маман. Атақ-абыройдан да кенде емес. Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас рентгенологы. Сондай-ақ «Сәуле диагностика мамандарының бірлестігі» атты республикалық қоғамының төрағасы.
Қайрекең басқаратын кафедра ең күрделі диагностикалар жөнінде екіұдай пікірлер туындай қалған жағдайда төрелігін айтып, соңғы нүктесін қоятын орталық. Әрі осы «Сәуле диагностикалық кафедрасы» республикада сала бойынша басты кеңесші.
Қайырлыбек Мұхамед­жа­нов бүгінде жасының ұл­ғай­ғанына қарамастан, жи­наған тәжірибесі мен меди­ци­налық оңды дағдылары жайында қазақ-орыс тіліндерінде мақалалар жазып, мамандар мен шәкірттер назарына ұсынып келеді. Тың әдіс-тәсілдерді ғылыми айналымға енгізу жолында тер төгуде.
Бұл тұрғыда «Рентгеноло­гиялық семиотиканың негіздері» атты кітабының ор­ны бөлек. Мұнда көптеген меди­циналық терминдер мен тұрақты сөз тіркестері ана тілімізде ұтымды қолда­­нысқа енген. Ал «Бәңгілік дімкәстіктің постинъек­­ция­лық асқынуын ультра­ды­­бысты диагностикалау тә­сілі», «Қанды ісікті сәйкес­тендіру тәсілі», «Қарама-қарсылығы аз бөтен денені диагностикалау тәсілі», тағы басқа еңбектері қазақ тілінің медицинадағы орнын жаңа заманға лайықтап, айқындай түскендей.
Қайырлыбек Мұхамед­жа­нов тек осы сәуле диагностикасына қатысты қазақ-орыс тілдерінде 172 ғылыми еңбек жазып, жарыққа шығарыпты. Бұлардың дені докторлық диссертациясын қорғағанға дейін-ақ патенттеуден өтіп үлгерген. Ол бүгінде жеті өнертабыстың, үш монография мен көптеген әдістемелік құралдардың авторы.
Осы уақытқа дейінгі еңбек жолында ол Қазақстанмен қоса Достастық елдері үшін үш мыңнан астам рент­генолог-дәрігер даярлапты. Соңғы жылдары сәуле диагностика мамандығы бойынша 40-тан астам резидент пен 3 магистрант осы кафедрадан түлеп ұшқан. Ал ол басқаратын кафедрада жылына 120-дан астам маман сәуле диагностикасы бойынша біліктілігін шыңдайды.
Адал еңбек елеусіз қалған ба?! Қайрекең КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің қола медалімен, «Бас және мойын паталогиясы мамандары қоғамының» медалімен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медалімен марапатталған. 2014 жылы медицина сала­сын­дағы профессорлар клубы Қ.Мұхамеджановқа «Әріп­тес­тер құрметі» жүлдесімен қоса «Жылдың үздік профессоры» атағымен де марапаттады. 2015 жылы ҚР Президенті оның кеудесіне өз қолымен «Ерен еңбегі үшін» медалін қадаған.
Өз басымнан өткен мына бір оқиға есіме түседі. Бірде, кезекті тексеруден өту барысында емханадағы УЗИ бөлмесіне кіргем. Дәрі­гер қыздар, әдеттегідей үс­тел­ге жатқызып, ішіме сұп-суық ерітінділерін жақты да, компьютердің жүгірт­пе­сімен сипалай жөнелді. Соңынан «бәрі жақсы» де­ген қорытынды шығар­ды. Шынымды айтсам, бұл тұ­жы­­рымға онша сенің­кіре­медім. УЗИ маман­дығын қай жерде меңгергендерін сұра­дым. «Біздер профессор Қа­йырлыбек Мұхамед­жа­новтың шәкірттеріміз» деген мақтанышты сөздер естідім. Ал Қайрекең өзімнің дос-ағам екендігін мен де сол жерде жасыра алмағам. Сөз аяғын әзілге бұрып:
– Мен мына жазбаларыңды Қайырлыбек Қажыак­ба­р­ұлы­ның өзіне көрсетемін. Диаг­ноз­дарың дәл шықпай қалса, ренжімеңдер, – дедім.
– Халықаралық сарапшылар шақырсаңыз да өзіңіз біліңіз, – деді олар сенімді жүзбен. Міне, өз біліміне мығым мамандардың бей­несі. Білімі мен біліктілігіне нық сенімді мұндай дәрі­гер­лердің бірауыз сөзі жанға дауа екендігін сонда ғана сезіндім. «Ұстазы мықтының – ұстамы мықты» деген нақыл ойыма орала берді. Иә, осындай шәкірттері бар Қайрекеңдей ұстаз болғанға не жетсін!
Еліміздегі рентгенология саласы бойынша қазақ тілінде жазылған оқулық тұрмақ, қолжетімді әдебиеттердің өзі қазір жоқтың қасы. Жо­ғарыда аталған оқулық­тар мен ғылыми зерттеулер Қа­йыр­лыбек Мұхамед­жа­нов­тың талай жылғы маңдай терінің жемісі. Бұл бағытта оның бергенінен берері әлі көп екендігі даусыз.
Мектепте орысша оқы­ға­нына қарамастан, Қайрекең бүгінде қазақ-орыс тілдерінде бірдей жазатын медицина мамандарының бірегейі. «Бұрындар бүкіл медицинаны қазақша сөйлету арманым еді. Енді, ең кемі осы рентгенология саласында қызмет ететін қандастарымыз жаңа мамандықты ана тілінде игеріп жатса, қандай ғанибет! – дейді ол.
Жас кезінде жанарынан от шашып тұратын қайран ағамның келбетіне уақыт өз өрнегін сала бастапты. Тек, кішіпейілділігі мен мейірімділігі, қарапайымдылығы мен аң­қылдаған аңқау бала мінезі бәз қалпында. Жүріс-тұрысындағы шалт қимыл да онша өзгермеген. Принцип­ті мәселеге келгенде асыға сөйлеп, қызып кететіндігі бар еді. Ол әдетінен де жаңылмапты. Ішкі қуаты да азаймаған сияқты. Баяғы жігіт қалпын жоғалтпаған. Иә, жетпіске желкілдеп жету екінің бірінің маңдайына жазылмаған сәттілік.
Жұбайы Манат Игенқызы екеуінің перзенттері де бүгінде қоғамға пайдалы аза­мат­тар. Қызы Әйнел С.Ас­фан­дияров атындағы Қазақ ұлттық медицина институ­тын тәмәмдап, білікті дәрігер атанды. Одан кейінгі Бибігүлі «КИМЭП»-ті бітіріп, ғылым жолына түскен. Қазақ педагогика институтын жақсы аяқтаған кенже қызы Әсем Астанадағы Халықаралық мектепте қызмет етеді. Немерелері сүйікті аталарын сағынғанда алды-арттарына қарамай алып-ұшады. Тек, тіл-көзден сақтасын дейік.

Серік ЖҰМАБЕКҰЛЫ,
журналист.

Жауап қалдыру