Молда қақпақтың қара нары

0
101

Халық – алып мұхит іспетті. Осы мұхитты бетке алып сан мыңдаған бұлақ ағады. Біреулері жарты жолда құмға сіңіп, ізім-ғайым жоғалып кетеді. Ал, біреулері алдымен жолындағы өзенге қосылып, сонымен бірге мұхитқа жетіп, оған бір тамшы болып тамады. Алып мұхиттың кемелдене түсуі үшін бір тамшының өзі қастерлі. Мұхитқа барып қо­сыл­ған сол тамшының бірі – Жұ­мын Шарақымбайұлы ағамыз еді.
Нағима ТҰРСЫНҚҰЛОВА,
жазушы Қалаубек Тұрсынқұловтың жары

 

Бүгінгідей есімде, 1956 жылы үлкен ағамыз Көбекең (Көбей) «Қызылтаңға» малдәрігері болып ауысты. Ол кезде мен аудан орталығындағы Ленин атындағы орта мектепте 8 сыныпта оқитын едім. Жаспыз, алаңсызбыз. Ин­тер­натта жатамыз. Бір күні мені бір бейтаныс кісі іздеп кел­ді. «Сен Нағимасың ба?.. Мені Көбекең жіберді. Жинал, Қақпаққа барамыз!», – деді ай-шай жоқ бірден. Сыртқа шықсақ есік алдында үлкен жүк машинасы қаңтарулы тұр екен. Кабинасын өзі ашып, отырғызып алды. Содан Қақпаққа бет алдық. Жылан ирек жолмен келе жатырмыз. Жүргізуші де үнсіз, мен де үнсізбін. Көп ұзамай машина бір еңіске құлай берді де, кілт күш алып биік қырдың үстіне шыға келдік… О, тоба! Тура алдымызда қасқайып Заңғар тау тұрды. Мұндай кермет көрініске тап боламын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген еді. Өзімнен өзім толқып кеттім. Сонда көзіме келген жасты да бірден аңғармаппын… Не деген сұлу сурет! Менің толқып кеткенімді аңғарып қалды ма, осы кезде ғана жүргізуші жігіт тіл қатты.
– Менің атым Жүзгенбай болады, – деді ол болар-болмас езу тартып.
Осы орайда айтып өтудің реті келіп тұр, 1949 жылы Қазығұртта ойламаған жерден аласапыран басталып, жұрт өкімет тарапынан қатты қыспаққа түсті. Кімнің ойлап тауып жүрген ісі екенін қайдам, Жаныс темірлерді Жетісай жаққа көшесіңдер деп күштей бастады. Тек апам Күнсұлудың өжеттігінің арқасында ғана біз көшпей аман қалдық. Біздің ата мекеніміз Қазығұрт тауының Алмалы деген жері болатын. Анығырағы осы Алмалыда Жауғашұлы Ерменбайдың жайлауы деген жер. Әлгі толқып кеткенімнің себебі – алдымнан қарсы шыққан Заңғар тауын алғаш көргенде, оны Қазығұртқа ұқсатып, туған жерге оралғандай күй кешкем ғой.
Біздің тоқтаған үйіміз қазіргі Ебекең (Ебей) тұрып жатқан үйге қарама-қарсы бетте болды. Өкінішке орай, кімнің қонысы екенін сұрамаппын да. Екі бөлмелі болғанымен, әжептәуір еңселі, әрі кең еді. Үйдің дәл қасынан су ағып жатар еді. Айналасында жайқалып ағаштар өсіп тұрар еді. Ал, біз тұрақтаған көшенің аты Заңғар көшесі деп аталады екен. Міне, осы көшенің ортасына таман Жұмын ағаның үйі болатын. Оның Өтебике деген анасымен, Жүмәлі атты інісімен бірге тұратынын кейін білдік.
Құдай айдап біз тұрған үйдің тура қарсысына Көбекеңнің отбасы жайғасыпты. Кейін осы киелі шаңырақ Ебекеңдерге қалды. Айтайын дегенім, Жұмын аға үнемі осы жолмен жүретін. Бір қызығы Ебекеңе соқпай кетпейтін. Ал, тумысынан елгезек Ебекең қағазға шұқшиып өлең жазып отырады. Үйден ұзап шықпайды. Көшедегі жаңалықтардан көбіне Жұмекең хабардар етеді. Ебекең салған жерден домбыраға қолын созып, қоңыр даусымен өзі шығарған әнді шырқайды. Ән­шейінде асығып-аптығып жүретін Жұмекең ән тыңдап үнсіз отырып қалатын. Ләм-лим демейді. Кейде ұзақ отырып қалатын кездері де болатын. Дәл осы жерде Ебекең туралы Жұмын ағаның өз естелігіне кезек берсек артықтығы болмас деп ойлаймын.
«Қал ағаңның (Қалаубек Тұр­сын­құ­ловтың) жары Нағ­има біздің ауылдың қызы. Ау­данға танымал Ерменбаевтер әулетінен. Елге белгілі Ебей Ерменбаев әрі күйші, әрі әуесқой сазгер. Өз орындаушысын таппай жүрген небір әндері бар. Өнерді сүйетін адамдар бір-біріне жақын жүреді ғой. Жасының үш жас үлкендігіне қарамай дос, жолдас болып араласып кеткенбіз» (Қазығұрт қыраны. Естеліктер жинағы., 620 – бет, 2010 ж.). Осылайша екі дос – екі аға араларынан қыл өтпей бір-бірімен сыйласып өмірден өтті. Қазір олардың арадағы достығы естелікке айналды.
***
Бір күні Жұмын аға үйленіпті деп естідік. Шыны керек, бұл біз күтпеген жаңалық еді. Өйткені, ағамыз тым жас еді, шамамен он сегізде шығар. Сонда үйленген келіншегінің жасы нешеде болуы мүмкін?.. Дегенмен, Жұмекеңнің келіншек түсіргені рас болып шықты. Каникул кезінде Қақпаққа үйге келеміз. Сонда Жұмын ағаның үйіне жаңа түскен келіншегін көруге барамыз. Қаншайым – аққұбаша келген, қырмұрынды, үріп ауызға салғандай әдемі келіншек. Тік тұрып күтіп алады, жайнатып дастархан жаяды. Жүріс-тұрысы да бір келісті, кербез. Керемет әдемі. Ең қызығы, хор қызындай осы бір әдемі аруды қара бала Жұмекеңе қимаймыз… Оның несіне қызықты екен деп ойлаймыз ғой баяғы. Рас, ағамыз да қараторының әдемісі болатын. Оның үстіне, өнерлі, лидерлік қасиетінің өзі бір төбе, бірақ сонда да… қимаймыз-ау, қимаймыз!
Қаншайым жеңгеміз үлкенге инабатты да ибалы келін, кішіге өнегелі жеңге бола білді. Біз де жеңгемізге еліктеп, қазақтың кейбір дәстүр-салтын үйреніп алдық десем, артық айтқаным емес.
Кейінірек Қасым, Кәрім Әлім­сақов­тарға көрші болып бір аулада қатар тұрдық. Айта бастасаң бұл кезеңнің де өз қызықтары жетерлік. Сонда Кәрім ағамыз Ташкенттегі институтта оқыды-ау деймін… Анда-санда ауылға келіп-кетеді. Өзі сымбатты, көркем жігіт. Үстіне киген қара костюмі мен аппақ ақ көйлегі керемет жарасып тұратын. «Шіркін, біз де Кәрім ағамыздай студент атанар ма екенбіз?!» деп армандаушы едік біз сонда. Бірақ, арманымызға қол жетпеді. Оның түрлі себептері болды, әрине.
Үйде бір жыл отырдым. Кесте тігеміз, тор тоқимыз, үйдің басқа да ұсақ-түйек шаруалары бар дегендей, ауладан шықпаймыз. Аула темір сыммен қоршалған. Дәл ауланың сыртында электр бағанасы сораятын. Сол бағанаға күнде бір жігіт өрмелеп шығып, бір нәрсені шұқылайтын да жататын. Біз жаспыз, оның не мақсатпен бағанаға шығып алып, бір бітпейтін жөндеу жұмысымен айналысатынын қайдан білейік. Бірде Ебекең әлгі жігітке жетіп барып: «Күнде бітпейтін сенікі не жұмыс, осы?!» деп қатты сөздер айтты. Әлгі монтер жігіт содан кейін ғана көзден ғайып болды.
Өткен жылы бала кезімізде біз тұрған жайдың маңайын аралап шығудың сәті түсті. Талай ойлар мен қиялға ерік бердік. «Қазір сол монтер жігіт қайда жүр екен, өмір-жолы қалай қалыптасты екен?» деп те ойлағаным рас. Менің мұныма інілерім Қайсар мен Қайнар «біздің әпкеміздің әзілі шығар» деп жылы жымиып қоя салуы да мүмкін. Бірақ, адам есейген сайын балалық шағын сағынатынын, сол кездегі көріністерді неге жиі еске алатындығының сырын қайдан білсін олар?!.
***
Қалекең екеуміз үйленген соң өміріміздің екінші кезеңі басталып кетті. Алдымен Шымкентке, сосын Алматыға көштік. Әрине, көштік деу айтуға оңай, шын мәнінде оңай болған жоқ. Сол мезеттерде Жұмын аға Алматыға жолы түссе үйге соқпай кетпейтін. Шыны керек, Қалекең екеуінің әңгімесіне араласа бермейтінмін. Қазір соған қатты өкінемін. Бекер араласпаған екенмін, бүгінде көп нәрсені біліп отыратын едім деп ойлаймын. Иә, естелік жазатынымды ол кезде қайдан білейін? Білсем, өйтпес едім. Кейде не жазарымды да білмей басым қатады.
Сондықтан Қалекеңе арналған «Қазығұрт қыраны» атты 700 беттік естеліктер кітабынан Жұмын ағамыздың «Атам қазақтың – Қазығұрттың Қалаубегі еді» деген көлемді естелігінен азғантай үзінді келтіргенім дұрыс шығар. Жұмекең осы естелігінде Қалаубекпен қызметтес болған сәттерін сағына айта келіп, өкінішін де жасырмай жазыпты:
«Қалекеңмен алғашқы таныс­тығым 1959 жылы басталған еді. Ағамен 50 жылдай дәм-тұздас болғанымды Ұлы Алла тағаланың маған берген үлкен сыйы деп білемін. Қалекең жігерлі еді. Аудан жастарын спортқа, саламатты өмір сүруге баулыды. Біздің колхозда істеген озат жүгері өсіруші, «Октябрь Революциясы» орденінің иегері Шаназар Қайназаров, «Еңбек Қызыл ту» орденінің иегері Сейдалы Алданов, үздік звено жетекшісі Мұхамедияр Орманов, тағы басқа жастар Қалаубек ағаның қамқорлығын көріп, биіктерге көтерілді. 1966 жылы Мәскеуде өткен БЛКЖО-ның ХV съезіне мектеп оқу ісінің меңгерушісі Кәрім Әлімсақовты, ал мені екі рет Қазақстан комсомолының Орталық Комитеті пленумына облыс жастары атынан делегат етіп сайлады.
«Хал қалай, жолдас хатшы?» повесін оқып шығып, аң-таң қалдым. Дәл менің өмірім жайлы жазылған сияқты болды. Бір жолыққанымда «осы повестегі Арманыңыздан мен өзімді танығандай болып отырмын. Менің бейнем емес пе?»,– деп сұрадым. Ол өзіне тән жымиыспен сәл езу тартты да:
– Арман – ол сен екеуміз, – деді. Қалекең осы кейіпкерімен-ақ бүкіл бір қоғам жастарының мінез-құлқын, тыныс-тіршілігін суреттеп қана қоймай, екеуміздің арамыздағы достық, сыйластық қарым қатынасқа да мызғымас ескерткіш орнатып кетіпті. Қайран, Қалекең!» (Жоғарыда көрсетілген естелік. 620 бет., 2016 ж.)
Аталған повестегі кейіпкер­лердің барлығы дерлік өмірде болған адамдар, оның үстіне көпшілігі Қақпақ ауылы азамат­тарының прототиптері болатын. Ал, Қалекеңнің дәл осы ауылдың жігіттерін повесіне кейіпкер етіп алуында үлкен мән бар еді. Көнекөздердің айтуынша, бұл ауылды ертеректе «Молда Қақпақ» деп атапты. Олай атаудың да өзіндік себептері бар көрінеді. Өйткені, мұнда оқыған, сауаты мол азаматтар, Меккеге барып қажы атанған, молда, имам болған, мешіттер мен мектептер салдырған көзі ашық білімдар адамдар көп болыпты.
Мысалы, Мекке-Мәдинаға қажылыққа барып, ел арасында «Арық әжі», «Семіз әжі» аталып кеткен Нұрымбет Жетібайұлы, Нұрымбет Кенжебайұлы, Тәжі Молдабекұлы, екі рет қажылыққа барып «Қажы ата» атанған Сералы қажы Қияқбайұлы мен Жанбота қажы Шайгөзұлы, Төлеш қажы Жантілеуұлы деген білімпаз, меценат кісілер өтіпті. Одан кейінгі кезеңде ғұмыр кешкен Сыдық Сералиев, Ермат Нышанов, Шарақымбай Мырзабаев, Лесбек Мұсабаев, Мұсақұл Меңлібаев, Дәулетбек Оңдыбаев, Әбдіқай Қуанышев, Ғұлам Лебаев, ғалым-профессорлар Жұмәлі Шарақымбаев, Бақтияр Садықов, Абдолла Сапаров, Тілләбек Мұсабаев, ақын Болат Шарақымбаев, Бақыт Тасболатов, тағы басқа сияқты елге танымал азаматтарды еске алғанда да, олардың есімін аса бір қанағат сезіммен атап өтуге болады. Осы аты аталғаны бар, аталмағаны бар Қақпақ елі азаматтарының бәрі де Қалекең шығармашылығының кейіпкері болуға әбден лайық, сайдың тасындай тамаша жігіттер еді.
***
Баяғыда бір данышпан: «Ақыл-ой еңбегінің ең маңыздысы және пайдалысы – өмірден өткен ұлы адамдардың ғұмырынан естелік жазу» деген екен. Сол айтқандай, біз де бүгін қаламымызды сағынышқа суарып, естелік жазып отырмыз. Кеше ғана оны ағалап, алдында жүрген едік. Міне, бүгін жан-жүрегіміз иіп, іші бауырымыз езіліп, сонау бір ұмытылмас ыстық шаққа саяхат жасап отырмыз.
Анам Күнсұлу «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деп айтып отыратын, жарықтық. Бекер емес екен. Оған дәлел Жұмекеңнің артында қалған ұрпағының мәдениетті де, жақсы азамат болып қалыптасуынан көрінеді. Әсіресе, әкесінің сенім артқан баласы, бүгінде бүкіл елге танымал қаламгер, ақтаңгер ақын, әулетіне қорған болып жүрген Болатын (ақын Болат Шарахымбай) білмейтін жұрт жоқ десем артық айтпаспын-ау… Сосын Жомарты – Қазығұрт аудандық жұмыспен қамту бөлімінің директоры болып ұзақ жыл қызмет атқарды, қазір кәсіппен айналысып жүр. Әрине, Қайраты, Талғаты, Бекзаты мен жан дегенде жалғыз қызы Гауһары да көштен қалып жатқан жоқ. Құдайға шүкір, бәрі де өмірден өз орын тапқан бақытты жандар.
Иә, баяғыда Жұмекеңе өз келіншегін өзіне қимаған Қан­шайымдай әдемі жеңгеміз бү­гінде арамызда жоқ дегенге кім сенеді?!.
Неге екенін білмеймін, Молда Қақпақтың қара нары атанған Жұмын аға мен хор қызындай әдемі Қаншайым жеңгей туралы осы естелігімді елу жыл айнымас достар болған менің туған ағам Ебей Ерменбайұлының («Ағалар аманаты» естелік кітабынан. 2016 ж.) Қақпақ ауылына арнаған мына бір өлеңімен аяқтағым келіп тұр:
Жан құмар Заңғар таудың самалында,
Мұндай жерлер аймақта санаулы да.
Ауасын Көктөбенің бір жұтқан жан,
Көңілдің шипа табар ажарына…

Жауап қалдыру