Майдангердің қызы

0
40

Қазақтың батыр қызы, Ке­ңестер Одағының батыры Ә.Мол­дағұлованы иісі қазақ мақтан етеді, ұлттың ұранына айналған оның ерлігі өшпейтіні анық! Ал, оның тұстастары, замандастары батыр құрдас­тарының есімін әрдайым ардақ тұтады?! Солардың бірі Жекеев Жұмағазы. Ол ең алдымен Әлияның жерлесі, сондықтан да Ұлы Отан соғысы жылдарында Отан үшін от кешкен қан майданда батыр жерлесінің есімін ерекше мақтан етеді. Оны өзіне үлгі етіп ұстанды. Батыр жерлесінің, замандасының ру­хы­мен іштей сырласатын, со­нан соң жеңіске деген жігері күшейіп, өршелене жауға қарсы ұм­тылатын.
Иә, Әлияның рухы қарт майдангердің өзімен бірге өмір сүрді. Меніңше, мұн­дай жағдай барлық ардагер май­дангердің басынан өткен жәйт. Себебі, олар мейлінше адал, меймлінше сертке берік, мейлінше халқына қалтқысыз еңбек еткен адамдар! Әйгілі Курск иініндегі шайқастарға қатыс­қан Жұмағазы май­дан даласында бір аяғын тізе­ден төмен «қалдырып», жан есендігіне шүкірлік етіп, қанды қырғыннан аман келген азшы­лықтың бірі. Бейбіт күннің дәмін татып, отау құрып, сәби сүюге нәсіп еткен Тәңірге риза болған «совет солдаты» үшін­ші перзентінің есімін «Әлия» деп өзі атады. Бұған дейін екі ұлды болған әке қиын күндерде көңіліне демеу, жеңісті күндерді жақындатуға дем берген батыр жерлесінің әрі замандасының есімін осылайша ардақтауды ұйғарды. Ал, Әлия шын мә­нін­де де әке үмітін ақтап, ерекше әкежанды болып өсті.
Тұлымшағы желбіреген тома­ша­дай ғана Әлия сәби кезінде тіпті сүйкімді, адамға жұғымды, бауырмал, көпшіл болып өсті. Әкесі соғыс салған жан жара­сымен қоса тән жарасының да азабын тартқанын Әлия еш уақытта ұмытпайтын шығар?! Немістің оғы кескен аяғы жиі қансырап, мазасын алушы еді. Сонда әкесі еш қиналмастан өзінің жарасын өзі таңып, тазалап отыратын. Әлия, әсі­ресе осындай кезде әкесіне қат­ты жаны ашып, шыбын жаны шырқырап құрақ ұшатын. Сон­да «тезірек өсіп, дәрігер болсам екен, әкемнің жарасын ауыртпай-ақ, өзім тазалап, та­ңып берер едім», – деп алдағы күнге асығатын.
Сәби жүрегі маман­дық таң­дауда алдамапты. Періш­те пе­йіл­мен таңдаған жүрек қа­лауы орындалып, мед­бике ма­­ман­дығын игерген Әлия Жұ­­ма­ғазықызын бүгінгі күні Қобда ауданындағы ақже­лең­ділер жаппай үлгі тұтады. Бұл оның ұзақ жылғы еңбегінің жемісі, ақ адал маңдай терінің өтеуі! Әлия Жекееваның Ақ­төбе облысы, Қобда аудан­дық ауруханасына қарасты Жа­рық ауылында медбике бо­лып еңбек еткеніне тура 40 жыл! Және осы жылдары ол табан аудармастан тек қана осы мекемеде еңбек еткен, оның еңбек кітапшасында екі-ақ жол жазу тұр. Біріншісі, Ақтөбе медицина училищесінен соң осы облыстың Қобда ауданы, Жарық селолық ауруханасына кезекші медбике болып жұмысқа қабылданғандығы жайындағы жазу. Екіншісі, заңды зейнет жасына шыққандығы жөнінде.
Шүкір, табыссыз да, абы­рой­сыз да емес! 1976 жылы орта білімді жас маман болып өзінің туған ауылына жұмысқа келгеніне еш уақытта өкінген жоқ! Ең алдымен майдан мүгедегі жан әкесінің жарасын жеңілдетуге ұмтылды. Ол кісі өмірден озғанша қанатымен су себелеген қарлығаштай болып кез келген уақытта қасынан табылды. Бала шақ­тағы арманы, ойлағаны болды. Сол кезде ауылдастары да өз «қыздарының» оқудан соң басқа жаққа емес, тура өз ауы­лына маман болып орал­ғанына қуанды. Олар жас маманды «өзіміздің Әлия» деп қарсы қалды. Ал, сөйткен Әлия дәл бүгінгі күні сол ауыл­дас­тарының алғысын арқалап, әріп­тестерінің сенімі­нен шы­ғып, ізбасарларға үлгі­лі өнеге көрсетіп, жоғары санатты мед­­бике Әлия Жұ­маға­­зықызы атан­ды!
Еңбек қуанышы деген осы емес пе?! Әлгі 40 жыл дегеніміз апталдай азаматтың қамал алар жасы екен, бейнелеп айтсақ? Осы жылдардың ішінде қызығы да, қиындығы да жетерлік еңбек­пен өткен ғұмыр бар! Жұмысқа жаңадан араласқан жылдардың бірінде сол кездегі бас дәрігер Д.З.Есенбаева екеуі «Ортақ» ауылында «ес-түссіз» жатқан науқасқа жету үшін К700 трак­торымен жолға шықты.
Әншейінде жетіп-ақ баратын сияқты еді, асыққанда жолдың да ұзап кететіні-ай? Қысты күнгі қарлы боран соғып тұр, ақтүтек жолды да, бағытты да бағдарлауға мүмкіндік берер емес. Мұндай боранның талайын көрген ауылдың тракторшылары да «осал» емес, адастырмай барынша ыждағаттылықпен алып келді дәрігерлерді. Абырой болғанда дер кезінде жетіпті, төнген қауіпті сейілтіп, қажетті ем-дом жасалған соң, кейін қарай қайту керек. Таң қараңғысында жолға шыққан, алайда тоқтаусыз жауған қар жол бедерін «жасырып» қалыпты да, ауыр техника жыраға түсіп кетті!
Әлия мен дәрігердің 18 шақырым жерді жаяу жүріп өтпеске амалдары қалмады. Қазір ойласа, жаны түршігеді, қыс мезгілі, аң-құстың әбден ашыққан уақыты. Бағыт-бағдарды шамалау да оңай емес. Төңіректің бәрі аппақ қар әрі боран, дала толы аш бөрі! Осы қауіптің бірі де ойға келмепті? Ал, қызығы да жетерлік, әсіресе сол жылдары дәстүрге айналған комсомолдық үгіт бригадасының құрамында малшы-шопандарды аралап жүретін кездің ерекшелігі неге тұрады? Қанша қиындығы болса, сонша қызығы да мол 40 жыл! Қазіргі кезде туған ауыл­дағы 600-ге тарта тұрғын­ның денсаулық күзетінде «тұрған» Әлия Жұмағазықызы әлі сапта!
Заңды зейнет дема­лысына шық­са да аудан­дық ауру­хананың бас дәрігері Ботакөз Мақ­сатқызы Сәрсе­нова тәжі­рибесі мол, кәсіби білік­тілігі зор маманды келісім­шарт негі­зінде жұмысын жал­ғас­тыра беруді ұсынған. Бұл да бас­шының көрегендігінен шы­ғар. Біріншіден, Әлия Же­кеева­ның тәжірибесін үйре­не­тін жас маманды баулыға­нын қалады. Екіншіден, бұл ауылды өзінің төл перзенті Әлия Жұ­мағазықызындай білу­ге ұмтылатын, ел-жұрттың хал-күйін түсінуге тырысатын мед­бике керек!
Інжу ӘБІЛҚАЙЫР
Ақтөбе облысы,
Қобда ауданы,
Жарық ауылы.

Жауап қалдыру