Лунаходтың подшипнигін жасаған

0
30

жоғары мектеп ұстазы, профессор  Санатбек Тәжібаев туралы сыр

Техника ғылымын дамыту және жас мамандар дайындау бағытында еліміздің бетке ұстар қарашаңырағы – Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің орны бөлек. Мұнда өмір жолы мен ғалымдық ізденістерін ұштастырған көптеген ғалымдар еңбек етеді. Солардың бірі – техника ғылымының кандидаты, профессор Санатбек Дәулетбайұлы Тәжібаев. Жоғары мектеп ұстазы жарты ғасырдан астам уақыт жас мамандар дайындау ісіне атсалысып келеді.
Еңбек жолын осы шаңырақта жай оқытушылық қызметінен бастаған Сәкең қажырлы еңбегі арқасында еліміздің зиялы қауымы арасында беделді ғұлама ғалым, ұлағатты ұстаз деңгейіне көтеріліп, жүзден аса еңбек жазды. Республикамыздың жоғары білім беру саласында еңбегі ерекше. Бүгінде еліміздегі техникалық жоғары оқу орындарының студенттері жалпыинженерлік үш пәнді оқып үйренуде Сәкеңнің жазған оқулығы мен оқу құралдарын пайдаланады. Профессор Санатбек Дәулетбайұлы екі оқулық, сегіз оқу құралы, бір ғылыми монография, жүзден астам ғылыми зерттеу жұмыстарының авторы.
Сәкеңнің ана тіліне деген ерекше сүйіспеншілігін байқау қиын емес. Ауылдық жерде қазақ мектебін бітіріп келген қазақ жастарына өз тілінде жалпыинженерлік білім алу мүмкіншілігін туғызу ниеті, сонау алпысыншы жылдары Кеңес империясы қаһарына мініп тұрғанда, «техника тек орыс тілінде сөйлеу керек» деген заманда оқулықты қазақ тілінде жазу ісін қолға алғызған.
Машина жасау саласында республикамызда бірінші болып орысша-қазақша терминологиялық сөздік және көлемі 26 баспа табақ оқулық жазып 1973, 1974 жылдары «Мектеп» баспасынан бастырып шығарды. Осы техникалық оқу орнының қара­шаңырағында 1970 жылы «Машина бөлшектері мен құрылымы» кафедрасы ұйымдастырылып бой көтерді және оның меңгерушісі болып Санатбек Дәулетбайұлы сайланған болатын.
Сәкеңнің басқаруымен бұл ұжым еліміздегі аттас кафедралардың алдыңғы қатарына көтеріліп, жоғары техникалық институттар оқытушыларының мамандығын жетілдіру орталығына айналды, машина бөлшектерін беріктікке, төзімділікке есептеу жолдары мен құрылымын жасау жұмыстарын электрондық есептеуіш машиналармен жүргізу мәселелері қолға алынды. Осы қыруар жұмыстардың ана тілімізде жүргізілгенін айта кеткен жөн.

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

Профессор Санатбек Дәулетбайұлы сексенінші жылдардың басында оқу ордамызда қазақ тілінде сабақ беру жөнінен кеңес ашу жұмысына белсене қатынасып, көптеген жылдар осы ғылыми- әдістемелік кеңесті басқарды.
Сәкеңнің ғылым жолын қуып, ұлағатты ұстаз мәртебесіне ие болуына, белгілі орыс ғалымдарының да әсері мол. Аспирантураны да Мәскеудің электрондық машина жасау институтында тәмәмдады. Бұл жартылай жабық, сырттан студенттер қабылдамайтын, тек талантты Мәскеу жастары ғана оқитын оқу орны еді. Осы оқу орнында Сәкең шет мемлекеттерде де аты белгілі ғұлама ғалым Н.А. Спицынның басшылығымен ғылыми жұмыстарын жүргізген болатын. Бұл жұмыстар Қорғаныс министрлігіне қарасты машина жасау өнеркәсібінің алдына қойылып отырған күрделі мәселе – ғарышта жұмыс істей алатын механизмдер мен машина тораптарын жасау еді.
Ғарышта жердегідей ауа жоқ – жоғары дәрежелі вакуум. Сондықтан машина бөлшектері үйкеліс әсерінен тез арада қызып, істен шығып қалады, мұндайды болдырмау үшін қолданылатын әдеттегі шара – майлау да еш нәтиже бермейді. Ғалымдардың алдына ыстыққа төзімді, жоғары жылдамдықпен жұмыс істейтін подшипниктер жасау мәселесі қойылды.
Осы мәселені шешуге Кеңес үкіметі 60-жылдары көптеген ірі-ірі ғылыми-зерттеу орындарын жұмылдырды. Зерттеу бастапқыда өте мұқият, ыс­тыққа төзімді болаттардан жаса­лынған подшипниктерді сынаудан бас­талды. Логика осы бағытта жұмыс істеуге итермелейтіні өзінен-өзі түсінікті еді. Алайда, бұл подшипниктер майлау­сыз жарты минут қана жұмыс істей алатынын байқатты. Ғалымдар алдына қойып отырған мәселе – «оңай шағыла қоятын жаңғақ емес».
Профессор Н.А. Спицынның бас­шылығымен екі жылдай ұйқысыз түндерді өткізіп, жүргізілген қызу қарқынды ізденіс біртіндеп нәтиже бере бастады. Соңғы жасалынған подшипниктер майланусыз, жоғары жылдамдықпен вакуумде 100 сағаттан астам уақыт жұмыс істей алатын болды. Саналуан материалдар мен олардың жасалу технологиясы және неше түрлі құрылғылар зерттелді. Нәтижесінде теориялық тұрғыда үйкеліс күштеріне, жылу алмастыруға қатысты мәселелер өз шешімдерін тауып, кандидаттық диссертация қорғалды.
Осы ғылыми-зерттеу жұмыстарының кейбір принциптері мен нәтижелері, кейіннен, Ай бетінде қадам жасау мәртебесіне ие болған луноходтың подшипниктерін жасауға негіз болды.
Қазақстанда жасалған ғылыми-зерттеу еңбектері жер астында ауыр жағдайда жұмыс істейтін тау-кен машиналарының құрылымын, жұмыс істеу қабілеттілігін және оларды тиімді пайдалану жолдарын жақсарту мәселелерін шешуге арналды.
Зерттеу нәтижелері Кентау, Жезқазған кен қазу өндірістеріне енгізіліп, уақтысында елімізге 1 миллион сомнан астам пайда келтірді. 20 баспатабақтық монография, 70-тен астам ғылыми-зерттеу жұмыстары жазылып, екі кісі кандидаттық диссертация қорғады.
Санатбек Дәулетбайұлының анкетасы «1939 жылы 9-ақпанда Жамбыл облысы, Жуалы ауданы Талапты ауылында дүниеге келді, 1955 жылы орта мектепті күміс медальмен бітіріп шықты», – деп басталады. Сол жылы Ленинградтың теміржол институтына түскенмен артынан мамандығын ауыстырып, 1961 жылы Мәскеудің құрылыс институтының механика факультетін бітіреді. Алғашқы еңбек жолын Қазақ политехникалық институтында оқытушылық қызметпен бас­тады.
Осы институттың жолдамасымен 1962 жылы Мәскеудің электрондық машина жасау институтының аспирантурасына түседі. 1965 жылы диссертация қорғап, техника ғылымының кандидаты деген ғылыми дәрежеге ие болып, Қазақ ұлттық техникалық университетіндегі қызметіне қайта оралды. Екі жылдай аға оқытушы қызметін атқарып, 1967 жылы доцент атағын алды. 1970 жылы «Машина құрылымы мен бөлшектері» деген кафедра ашылғанда, кафедра меңгерушісі болып тағайындалды, ал 1985-1990 жылдары декандық қызмет атқарды. 1990 жылы Мәскеудің Бауман атындағы жоғары техникалық университетінде ғылыми еңбектері мен жазған оқулықтарын қорғап профессор атағын алды.
Профессор Тәжібай Санатбек Дәу­летбайұлының еңбектері елімізде жоғары білімі бар инженерлер дайындау ісіне көп ықпалын тигізді. 1974 жылы академик Өмірбек Жолдасбековпен бірігіп жазған 8 баспатабақ «Машина жасау терминдерінің орысша-қазақша сөздігі» атты кітабы еліміздің жоғары техникалық оқу орындарында жалпы және арнайы сабақтардан ана тілімізде оқулық, оқу құралдар жазуға жол ашты. Автордың бұдан кейін де ондаған кітаптары жарық көрді.
С.Д. Тәжібаев Қазақстан Республи­касының білім және ғылым министр­лігінің «2007 жылдың жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантының иегері. Бұдан басқа да алған марапаттары толып жатыр. Сәкеңнің өмірі жастарға өнеге.

Мұрат МҰСАХМЕТҰЛЫ,
Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ Машина бөлшектері мен құрылымы кафедрасының
аға оқытушысы.

Жауап қалдыру