ҰЛТТЫҢ СҮЙІКТІ ПЕРЗЕНТТЕРІНІҢ БІРІ

0
226

академик Сұлтан Сартаев жайлы көрікті ой

Академик Сұлтан Сартаев  еліміздегі аса көрнекті заңгерлердің бірі. Тәуелсіз Қазақстанның Ата заңынан бастап көптеген құқықтық нормаларын қалып­тас­тыруға атсалысқан ға­лым. Өз басым сондай кісі­нің шәкірті екендігімді мақтан тұтамын.
Сұлтан аға  менің ғылым жолына түсуіме ерекше ықпал еткен, студент кезімнен сабақ берген құрметті ұстазым. «Қазақстан Республикасындағы құқықтық мемлекет және азаматтық қоғам» атты тақы­рыптағы магистрлік диссертацияма ғылыми жетекшілік етті.
Ол кезде магистратурадан соң аспирантура бітіріп, кан­дидаттық диссертация қорғау талап етілетін. Сол тұста да менің кандидаттық ғылы­ми жұмысымның тақыры­бы­ның «Қазақстан Республика­сында азаматтық қоғам қалып­тастырудың құқықтық не­гіз­­дері» деп нақтылануына кө­­мектесті. Өзінің  талантты шә­кірті, заң ғылым­дарының док­торы, профес­сор Алуа Сала­матқызы Ибраеваны маған ғылыми жетекшілік етуге ықпал етті. Бүгінде Алуа Сала­мат­қызы менің қадірменді ұста­зым.
Қарап отырсақ, академик Сұлтан Сартайұлының тек ғы­лым жолын таңдаған шәкірт­терінің ішінде  елуге тарта ғылым кандидаты, доцент; өзге көрші елдерді қоса есептегенде, оншақты ғылым докторы мен  профессоры  бар екен.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің заң фа­культе­тінде деканымыз, заң ғылым­­­дарының докторы, про­­­фессор Дәулет Лайық­ұлы Бай­­дельдиновтен бастап, про­фессор-оқытушылар құ­ра­­мы­­ның басым көпшілігі (тү­гел­ге дерлік) академик С. Сар­таев­тың алдынан түлеп ұшқан шәкірт­тері. Ал ол кісінің тікелей же­текшілік етуімен дис­сер­тация­ларын қорғаған заң ғы­лымдарының докторлары, про­фессорлар аз емес. Олардың қа­тарында А.С. Ибраева, Б.А. Жет­піс­баев, Г.Р. Үсейінова, заң ғылым­дарының кандидаты, доцент А.Қ Исабеков, басқа жоғарғы оқу орындарында, бас­шылық қыз­­мет­­терде жүрген ға­лымдар – заң ғы­лымдарының док­торлары, профес­сорлар Д.Қ. Нүрпейісов, З.К. Аюпова, Е.А. Бөрібаев, Б.А. Тайторина, Б.Е. Абдрахманов, К.Б. Досалиев, Ш.А. Забих және тағы бас­қалар көптеп саналады. Осындай талантты ғалымдардың іргелі де қуат­ты шоғырынан ғылыми мек­теп қалыптастырған акаде­мик-ұс­таз­­ды барша шәкірттері мақта­ныш тұ­тады.
Осы күндері тоқсан жастың табалдырығынан шаршамай-шал­дықпай аттаған дарынды ғалым­ның өсу, қалыптасу жолына қарап отырсаңыз, әдеттегі танымал тұлғалар секілді қарапайым. Ол 1927 жылдың 15 қазанында сонау Жаңақорған елдімекенінде, өзі айтпақшы, ауыл еңбеккерінің отбасында дүниеге келді. Әкесі үш рет жараланған майдангер еді, отбасында  сегіз бала болса, соның  үшеуі ұл болатын.  Балалық, жеткіншек шағы соғыс пен соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезеңге тап келді.  Жалындаған жастық шақта арман қуды, қиялдады. Әлі есінде 9 жасында өзінің не іс тындырғанына өзінше есеп беріп, аз-кем бір сәт ойланғаны бар. Тындырған ісі бір басына аз емес сияқты көрінді. Көңілін қуаныш кернеді. Енді міне, екінші сыныпта оқып жүр, оқу мен жазуды үйренді, құдай бұйыртса, есейгенде арбакеш болуды да армандап қояды. Өйткені, ауылда тұратын Мәди атты арбакеш көкесі болатын. Сол кісі пар ат жегілген арбасымен жанынан зырғытып өткенде оған қызыға қарап таңданатын. Сөйтіп, Мәди көкесіндей арбакеш болғысы келетін.
Бұл туған жер, өскен ел еске түскендегі ажарлы да базарлы бақытты балалық шақтың қайталанбас сәттері еді. Бү­гінде естелік, елес секілді бо­лып барады. Қалай дегенде де, бұл бүгінгі академик,  абыз ақсақалдың, қазыналы қарияның ғұмырнамалық төл тарихының жарқын беттері.
Ол кезде мұғалімдік маман­дықтың қадірі әбден артып, аспандап тұрған заман. Оның ата-анасы үлкен ұлдарының (Сұлтан ағайдың) мұғалім болып, туған ауылының балаларына білім берсе екен деп армандапты. Сөйтіп, болашақ ғалым орта мектепте тәлім-тәрбие алған соң, тағдырдың талайымен Ресейдің Горький облысының Выкса қаласындағы металлургия зауытында бал­қыма құятын кран машинисі мамандығын алып еңбек етеді. Содан келесі жылы Алматы заң институтының табалдырығын студент болып аттайды. Оқу орнын үздік бітірген соң, Мәскеу мемлекеттік заң институтының аспирантурасын табыспен аяқ­тап, 1952 жылы «Қазақ АКСР-інің құрылуы мен дамуы» атты тақырыпта кандидаттық дис­сер­тациясын сәтті қорғайды. Со­нан елге оралады.
Одан кейінгі көрнекті ғалым­ның ұзақ жылдар бойғы өмі­рі Алматы заң институты мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінде ұстаз­дық етумен, ғылыми-зерттеу жұмыс­тары­мен, шұғыл­дануымен жо­ғары бі­лікті мамандар тәр­биелеумен өтіп келеді.
1970 жылы М.Ю. Ломоно­сов атындағы Мәскеу мемлекет­тік университетінің маман­дан­дырылған арнаулы кеңесінде «Қа­зақ­стандағы мемлекеттік құ­рылыс және халық өкілет­тілігі­нің жоғары органдарын қа­лып­­тас­тыру мәселелері» та­қы­рыбы бойынша докторлық дис­серта­ция­сын зор табыспен қор­ғады.
Кейіннен өзі ұйымдастырған Қазақ құқықтану және халық­аралық қатынас институтының ректоры болып еңбек етті.
Академик Сұлтан Сартай­ұлының еліміз тәуелсіздік ал­ған тұста мемлекеттанушы – заңгерлік, ғалым-қайраткерлік қыры мен таланты, шынай елжандылық сезімі, ерекше патриоттық рухының биіктігі жарқырап көрінді. Аса білікті заңгер-ғалым, академик Салық Зимановпен бірге ел егемендігіне, мемлекет тәуелсіздігіне, ана тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болуына байланысты Парламентте, ел, тіл тағдыры шеші­летін биік мәртебелі мінберлерде, үлкен жиындарда екеуінің алма-кезек, бірін-бірін толықтырып сөйлеген өткір де дәлелді сөздері, айтқан орынды ұсыныс-пікірлері барша жұрттың айызын қандырып, дән риза етті. Мұның бәрі әлі халықтың жадында. Бұл істер нағыз елін, жұртын сүйген мемлекетшіл, халықшыл жандардың шынайы жанашырлық жасампаз ерліктері іспетті еді.
Ардагер ғалым Қазақстан мем­лекетінің заңнамаларын жа­сап, өмірге енгізуге белсене ара­ласты. «Қазақстан Президенті туралы» заңды, «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі» туралы декларацияны, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заң жобаларын жасауға өзі тікелей бас­шы­лық жасап, белсене аралас­ты.
Ол жылдар туралы белгілі тарихшы ғалым, академик Манаш Қозыбаев кезінде былай деп жазды: «Сұлтекеңмен Қазақ ССР Жоғарғы Советінің ХІІ-шақырылымы депутаты болып қатар сайландық. Сұлтекең сол сәтте тағы бір жаңа қырынан танылды. Ол мемлекет қайреткері болып жетілгенін, майталман заңгер екендігін, асқан дип­ломат­тығын, пікір таласына түс­кенде сайысқа түскен батырдай құлпырып кететіндігін көрсетті. Бұл Сұлтекең әлеуетінің толық пайдаланбай келгендігінің ай­ғағы еді. Сол кезде ғылыми элита елдің егемендігін алуға атсалысты, рухани тайталаста жеңіп отырды, тізе қосып, сол топ бірге қаракет етті, бірінің жетесіне жеткізбегенді екіншісі, үшіншісі тереңдетті. Жалпы рухани майдан қалыптасты. Тіл заңы, елдің егемендігі, мем­лекеттің тәуелсіздігі, оның рә­міздері қабылданған кез­де ғылыми элита жарқ етті, най­зағайдай шатырлады, қар­сыласын қалтыратты. Пре­зи­денттің оң ісіне тірек бола алды. Сол ғылыми элитаны Салық ағамыз бастады, Сұлтекең өз позициясымен, өз түсінігімен жеке-дара шығып та жүрді, бірақ ағалы-інілі тарландар ол даралықты қарсылық, алыпқаштылық деп қарамады, даналықпен түсіне білді», – деп заңгер әріптесінің атқарған еңбегін жоғары бағалайды академик Манаш Қабашұлы. Бұл пікірлерге біз де қосыламыз.
Танымал ғалым Қазақ КСР Президенті жанындағы кешірім жасау жөніндегі комиссия төрағасы, Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы, Қазақстан Президенті кеңесінің мүшесі қызметтерін абыроймен атқарды.
Есімі елге әйгілі тұлға бірнеше жүздеген еңбектердің, ондаған монографиялардың авторы. Оның қоғам, ел, мемлекет алдындағы сіңірген еңбектері жоғары баға­ланып, «Құрмет Белгісі», «Пара­сат» ордендерімен, бірнеше ме­дальдармен марапатталды. «Қа­зақстан Республикасының еңбек сі­ңір­ген ғылым қайраткері» құр­мет­ті атағына ие болды. Өткен жылы ұстаз-ғалым ҚР Ұлттық ғылым академиясының Алтын медалін омырауына тақты.
Бұл күндері ұстазымыз тоқсан жасқа толған мерейтойын атап өтуде.  Сол торқалы тоқсанның төріне тоқтамай шыққан абыз ақсақал әлі тың. Олай болса, қадірменді ұстазымыз, академик Сұлтан Сартайұлын 90-жылдық мерейлі мерекесімен құттықтай отырып, оған зор денсаулық, отбасына амандық, мол шығармашылық табыстар тілегеніміз абзал болар.

Ақмарал СМАНОВА,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ заң факультетінің
мемлекет және құқық
теориясы мен тарихы,
конституциялық және
әкімшілік құқық кафедрасы доценті,
заң ғылымдарының
кандидаты

Жауап қалдыру