Ұлт мұратының көркемдік қайнары

0
95

Елімізде кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқан «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында», «Рухани жаңғыру» бағдарламаларын ұлт мұратына тиімді пайдаланып жүрген көрнекті ғалымдарымыздың бірі — профессор Серік Негимов. Ол адал­дық пен жауапкершілік, тарих пен дәстүр, дін мен діл, таным мен пайым тақырыптарына жиі қалам тербейді. Төмендегі мақалада жетпістің жел­кенін керген ғалымның «Егемен Қа­зақстан» газетінде жарияланған ма­териалдарының негізінде ұлт мұраты мен елдік дәстүрлер, руханият арна­лары сараланады. Көркемдік құн­­дылықтардың қайнары жіті талданады.
Оның бас басылым – «Егемен Қазақстан» газеті беттеріндегі арнайы айдар аясында, шағын баған бойынша берілген, бастысы ділмар сөз, көркем ой, жүйрік тіл, ақыл-нақыл, мақал-мәтел, өсиет-өнегеге толы қысқа-нұсқа мақалалар топтамасы – тақырыптық ерекшелігімен, баяндау мәнерімен, бейнелілік қырларымен, әдеби-тарихи Һәм мәдени-рухани, көркемдік қайнарымен, ай­шықты-нақышты, мәнді-нәр­лі әсерлілігімен, шебер де шешендік сыр-сипаттарымен жан-жүректі қозғап, көңілді баурап, назар аудартқанын айту абзал. Осындағы басты, маңызды мәселелерді айту мен баяндау мәнері, мәтін құрылымын, тілдік-стильдік құбылыстарды, көр­кемдік өрнектер көрінісін жеткізу жолдары, ағарту­шы­лық-дидактикалық қа­ғи­дат­тарға ден қоюы да айқын аңғарылады. Бұл тұс­тардан, сөз жоқ профессор С.Негимовтың ізденіс арналары, көзқарас мұраттары, маңызды Һәм мәнді дерек, құбылыстарға назар аударып, арыдағы арналардан қазіргі кезеңге дейінгі ара­лықта желісі үзілмей келе жатқан халық әдебиеті мен фольк­лордағы ділмар сөз, мақал-мәтелдер мә­йегі мен шешендік толғам-толға­ныс­тарға ден қоюы қаз-қал­пында қолданып, әр алуан анық­тама, салыстырулар ар­қылы жүйелі жеткізуі ұнам­ды сипат алады.
Серік Негимов бұған де­йін де осы бағытта әралуан ізденістер жасап «Өлең өрі­мі»,1980; «Ақын-жырау­лар поэ­зиясының бейнелі­лігі», 1991; «Шешендік өнер»,1997; «Қазақтың сал-серілері», 2005; «Әде­биет әлемі», 2008; «Қазақ өлең­дері­нің көр­кем­дігі», 2008; «Таным мен пайым», 2009; «Мәлік Ғаб­дул­лин», 2001, 2015 және тағы бас­қа бірқатар еңбектер де жаз­ған-ды. Бұл тұстардан да руханият арналары көрініс бе­­реді.
Енді, кезекті тұста жоға­рыда атап өткен – «Егемен Қазақ­стан» газеті беттерінде басы­лып, ұлт мұратының көркем­дік қайнарынан кемел ой қозғап, шынайы шындықтарды негіз еткен мақалалар топта­масының басым бағыт­тарына, ма­ңызды да мәнді бөлік­теріне ден қойған жөн. Еске алсақ, «Билер соты» (2.12.2017) мақаласында Ұлы Дала билері табиғаты мен тағылымынан терең ой қозғап, байыпты сырлар шер­теді. «Ұлы Дала абы­зы» (15.09. 2017) Асан қайғы Сәбитұлының кемең­гер, ойшыл-шыншыл Һәм би-жырау болғаны сөз еті­леді. Атақты ағартушы-ғалым Ш.Уәлиханов атап көрсеткендей: «…көшпелі қазақ, ноғай ұлысының фи­лософы» адами құнды­лық­тарды паш еткенін алға тартады. Ал «Қорқыт Ата тұлғасы» (12.10.2017) атты жазбада ұлт тарихы мен руханиятындағы Қор­қыт мұрасы, абыз-жырау, қобызшы қырлары кең тұрғыдан талданады. Ел әде­биеті мен фольклордағы қыр-сыры кең түрде ашылады. «Халық рухы асқақ» (10. 4. 2018) атты материалда елдік мәні, ерлік салты, тарих пен таным тоғысы, дүние­таным, дәстүр, ақыл-парасат, даналық тә­лімі мен тәжірибе жайы қоз­ғала­ды. Ел аузындағы «Хан ақылы – қырық кісілік, ха­лық ақылы – қырық мың кісі­лік» қағидатын, «Халық – құдайдан бір жас кіші» сынды ақыл-нақыл, өсиеттің сыр-сипаттарын, ке­шегі-бүгінгі мән-маңызын кең түрде ашады.
«Ұлық Наурыз – құт Наурыз» (21.03.18) атты материалда ұлттың ұлық мерекесін, жер жаһанға мәшһүр тарихын, жаратылыстағы, табиғаттағы ұнамды құбы­лысын, жыл басы, күн мен түннің теңелуі сынды ортақ жәйттерді алуан дерек-мысалдармен жан-жақты ашады. Халық дүниетанымы, Қызыр түні, «Наурызнама» мәні, тарихы мен тағылымы, табиғат құбылысы жыл мезгілдерімен байланысты өріс алады. Руханияттағы орны көрсетіледі.
Наурыз табиғаты мен тарихы, Шығыс халықтарына кеңінен танымал тұлғалар – Әбу Бируни, Фирдауси, Рудаки Ибн Балхи, Сайф Нафиси, М. Қашғари, О.Хайям т.б. мұра-мирастарымен са­бақтаса сөз етіледі. Бір ғана О.Хайямның «Наурызнама» трактатының өзі бес мың жылдық тарихты қамтып, елдік мұраттарға негізделгені, бүгінге жалғасқан сипатына кең орын беріледі.
«Халық университеті» (5.12.2017) атты жазбада М.Әуезов музейінде 35 жыл жұ­мыс жасаған қазақ әдебиеті мен өнері универ­ситетінің мәдени-рухани қыз­меті сөз болады. Қазақ фольк­лоры, ақындық-жы­рау­лық, күй­шілік өнері, тарих, таным, тәрбие т.б. тақы­рыптар сыры ашы­лады. Бұдан басқа Ә.Мар­­ғұлан, С.Мұқанов, С.Бега­лин, Р.Бердібай дә­рісі, әра­луандығы, өмір­мен, руханият ісімен байла­ныс­­тырылып, өзекті де тартым­дылығы сөз ар­қауы етіледі.
Автор дәріс тарихы мен тағылымын, тақырыптық әралуандылық пен ерек­шелікті, әсіресе қазақ фольклорын, қазіргі кезең аралығын қамтыған жү­йелілік пен мазмұн бірлігі, шынайылық деңгейі, Алаш мұрасын, тарих тағылымын, замана зиялыларының ұс­таным-мұрасын, елдік мұ­рат жолын­дағы жанкештілігі мен жауап­кершілік жүгін терең танытады. Оның мәнісін: «…Халық университеті – XX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ­тың ғылыми ойлау әлеуетінің жарқын көрсеткіші болып қала бермек» – деп кең көлемде ашады. Әр алуан бағытына, халықтық мәніне, рухани әсеріне ден қояды.
«Рухани жаңғыру күрета­мырлары» атты жазбада «Мәң­гілік Ел» қыр-сыры, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының мәні кеңінен ашылады. Ұлт, сана, дәстүр, тарих, тіл, тәрбие т.б. сыр-сипаттары кеңінен сөз болады. Жазу тарихы, әліпби мәні, оқулық пен оқыту мәніне кең орын беріледі. «Туған жер», өлкенің мәні, қасиеті кеңінен қозғалады. Бастысы, автор «Мәңгілік Ел» құндылықтарын ұлт руханиятының өріс-өресі тұрғысынан байыпты баяндайды. Табиғаты мен тарихына, даму үрдісіне мән береді. Негізгісі, қоғамнан қолдау тауып, арғы-бергі тарихқа қозғау салғаны, кеше-бүгін байланысына мән берілгені, санада сілкініс туғызғаны баса айтылады.
Кітаптың қасиеті мен құ­дыреті әр кезеңде-ақ қым­бат қазыналар қатарында болғаны – «Артық ғылым кі­тапта» атты жазбаның асыл арқауын құрайды (7.09.2017). Кітапқа көзқа­рас, оқу үдерісі де басым бағыттарға ие болады.
Арғы арналардағы атақты адамдар – Конфуций, Платон, Сократ, Аристотель, Фараби, Яссауи, Ж.Баласағұн, М.Қашғари, Абай т.б. кітап-қазына хақындағы ой­лары мен толғамдары, сон­дай-ақ С.Мұқанов, Ә.Мар­ғұлан, О.Жәутіков, М.Айт­­хожин, С.Әшімбаев т.б. кітапқа көзқарасы мен құш­тар­лық­тары, мәдени-рухани бай­лығы, өзара байланыс-сабақтастығы сөз етіледі. Ұлт руханиятының көркемдік қайнары болып табылатын, қымбат қазыналар қатарына жататын – кітаптың бүгінгі орны, бағалау мен насихаты, автор мен оқырман қатынасы да кең түрде баяндалып, мәнді жеткізіледі.
Бұдан басқа, «Шыңғыс хан құбылысы» (27.07.2017), «Аттилланың афориз­мдері» (19.07.2017), «Алтын бесік» (30.06.2017), «Қасиетіңе бас идік, Қазақ жері» (15.06.2017), «Ұстаз ұлағаты» (23 05 2017), «Сөз өнері – қазына» (11.07.2018), «Жыршылық өнер бір басқа» (4.09.2018), «Абай және Шумер мәдениеті» (9.01.2018), «Астана ай­шықтары» (14.02.2018) т.с.с. ұлт мұраты, халық тари­хы мен мәдениеті, білім мен ғылым ісі, дәстүр мен дін, таным мен тәрбие, тіл мүмкіндіктері, өнер өрісі мен өнегесі кең түрде ашылады.
Байқалатыны, ой-сөз жү­йесіне негіз етілген материалдар табиғатына тән ерекшеліктер: көлемі шағын, баяндау мәнері қысқа-нұсқа үлгіде беріледі. Ал айтары мен береріне келсек, тарих таңбасы, таным тоғысы, дәстүр мен дүниетаным арналары кең, мәдени-рухани әсер-ықпалы зор, үлкен-кіші де оқып-танып, таныс-бейтаныс жәйттерден тәлім алады. Білген үстіне біліп, көркемдік көкжиегі кеңіп, ұлт мұратының қайнарларына еркін енеді.
Автор шығар­машы­лы­ғының маңызды тұс­тарын айтсақ, қазіргі қоғам сұра­нысы, тарих пен тұл­ғалар тағылымы, ұлт мұраты мен руханиятындағы мән­ді құбылыс, адам өмірі мен еңбегіне қатысты өзекті мә­селелер, адами құн­ды­лықтар, ұлт пен ұрпақ мәні, отан мен отбасы сабақ­тастығы, біліми-ғылыми кеңістік, таным мен тәрбие арналары т.с.с. өмір-уақыт шындықтары, бүгінгі күннің талап-талғамы тұрғысынан байыпты баяндалуы. Автор осы жәйттерді жүйелі сөз ету негізінде кеше-бүгін сабақтастығын, өмір тәжі­рибесі мен тарих тағылымын кең түрде ашады. «Рухани жаңғыру» бағытын­дағы игілікті іс, ізгілікті әрекеттер мәніне терең ден қояды. Кешегісіз бүгін мен болашақтың бұлдыр, болжаусыз екеніне зор маңыз береді. Өмір-уақыт шындығына, тарих тағылымына ден қояды.
Негізінен, профессор С.Не­ги­мовтың әдеби-ғы­лыми һәм шығармашылық ба­ғытын байытып-толықтыра түсетін, энциклопедиялық-хрестоматиялық қырлары көп, танымдық-тағылымдық сыр-сипаттары мол әрі орта және жоғары мектепте қосымша құрал, дәйек-дерек көздері болып табылатын мақалалар топтамасы, сөз жоқ тартымды туындылар қатарына жатады.

Рақымжан ТҰРЫСБЕК,
филология ғылымдарының докторы, профессор

Жауап қалдыру