Ұлт дәстүрінің жанашыры

0
51

Ақын Қасымхан Бегмановтың есімі жұртшылыққа жақсы таныс. Оның 20-ға тарта жыр жинағы өлең өлкесіндегі субұрқақтар тәрізді оқырманын өзіне тартып тұрады. Жастар арасында өзіне ұнаған жырларын жаттап алып айтып жүретіндері қаншама?! Композиторлардың жыр дүлділінің сөзіне жазылған 200-ден астам әні де «МұзАрттан» бастап жеке орындаушылардың репертуарында. Дегенмен ,біз бұл жолы алпыс деген жастың аспанына қанат сермеген Қасымхан ініміздің шұрайлы шайырлығын да, қарымды қайраткерлігін де емес, оның ұлт этнографиясына сіңірген еңбегін айтқымыз келеді.

Өткен жылы Алматыда Орталық кітапханада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бег­мановтың ғылыми-көпшілік жобасы бойынша жарық көрген «Дәс­түр: кеше, бүгін, ертең» атты төрт томдығының тұсаукесеріне қатыс­қанымыз бар. Халқымыздың салт-дәстүрі жайында тереңнен қопа­рып, кең қанатты ауқымымен ұлт­тық этнографиямыздың көрнекті өкілі Жағда Бабалықұлының жүз жыл­дық мерейтойына арнап шыға­рыл­ған төрт кітап тарихи-тәр­биелік, та­нымдық-тағылымдық төрт ұстынға ұқсайды. Үйге келген соң бірінен кейін бірі төрт кітапқа қадалайын. Ойпырым-ай, не деген байлық! Не деген қазына! Мынандай ауқымды дүниені жоспарлау, оны тынбай бір жылдай іссапарларда жүріп жинау, диктофоннан компьютерге түсіру, өңдеу, редакциялау, қаттап-шоттап қалыпқа келтіру, баспалық тірліктерін қосып алғанда мұның бәрі тұтастай бір институт жүзеге асыратын шаруа көрінді. Қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүріне қатысты дәл осындай көлемді еңбек бұрын-соңды жарық көргені есімде жоқ. Қасымханның ойшылдығы, қазақ этнографиясына бір кісідей жетіктігі мені тәнті етті. Әрбір томның көтерген жүгі өз алдына. Алғашқы томға еліміздің ғұлама-абыздарымен, дін, ғылым, мәдениет, өнер қайраткерлерімен сұқбаттар топтастырылса, екінші томда академик ғалымдар Уахит Шәле­кенов, Оразақ Смағұлов, Сейіт Қасқабасов, халық этнографиясының көрнекті өкілі Жағда Бабалықұлының мұраларын көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан тарихшы-ғалым Әлімғазы Дәулетханмен сұқ­бат­тар жинақталыпты. Әрі бұл сұқбат­тар осы кітап үшін арнайы әзірлен­ген. Сұрақтары бір ізге түсіріліп жү­йеленген. Үшінші томда­ғы этног­раф-ғалымдармен әңгімелер қа­зақ антропологиясы мен этногра­фиясы, халқымыздың мұсылман­дық­қа дейінгі және одан кейінгі салт-дәс­түрлері, қазақ шежіресі, әліпбиі, бүгінгі отбасылық құндылықтар, зергерлік пен ұсталық тақырыптарын арқау еткен. Төртінші том шын мәнін­де автордың іссапарларының жемісі деуге болады. Қасымхан бір жыл­ға жуық уақыттың ішінде Қара­ғанды, Маңғыстау, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қы­зы­лорда, Ақтөбе Орал, Атырау, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыс­тары мен Моңғолия, Өзбекстан, Қа­ра­қалпақстан жерлеріне тынбай жүріп сапарлады, өңірлердегі өлке­тану­шылармен, ғалымдармен, тарих­шы­лармен, этнографтармен кездесті. Сол сапарлардан көңілге түй­гендерін, архивтер мен мұражай­лардан тапқан деректерін, ұтқыр сұқбаттарын өзіндік мұраға айналдырыпты.
Қасымханның «Ұлтқа қызмет ету өлең жазумен шектелмейді» де­ген сөзі бар. Қарап отырсам ол қолынан келген қарекеттің бәрімен ұлтқа қызмет етіп келеді екен. Мейлі «Дәстүр» журналын ашсын, мейлі журналға материал іздеп жүріп Жағда Бабалықұлы сияқты кеніш-қазынаға ұшырап, аяғында ол «Этнографпен әңгіме» сияқты бестселлер кітапқа айналсын, Алашорда көсемдерінің бірі Мұстафа Шоқай өмірін зерттеу­мен айналысып, «Мұстафа Шоқай жолымен» атты екі томдық тарихи-зерттеу еңбегі жарық көрсін, осының бәрінде бір ғана мақсат тұр. Оны бір сөзбен ұлтқа жанашырлық, ұлтқа қызмет ету деп атауға болады!
Бірінші томда нәрлі сөзінен жа­ңылмас ғылым-білімнің жиырма­шақты өкілі ұлттық дәстүрлерге қа­тысты шуақты сезімдерін төгеді. Бауыр­жантанудың негізін қалаған Мекемтас Мырзахметұлының, Құран­ды қазақ тіліне алғашқылардың бірі болып аударған Уахап Қыдырхан­ұлының, белгілі психолог Құбұғұл Жа­рықбаевтың, көрнекті заңгер Сұлтан Сартаевтың пікірлері қандай құнды. Әрі бұл пікірлер ұлттық дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызбен астаса қамшының өріміндей қатар кете береді.
Қасымхан бір сөзінде төрт томдықты әзірлеу барысында тек сұрақтардың өзі 400 бет болғанын еске алғаны бар-тын. Анандай көрнекті тұлғалардың ашылып пікір айтуы үшін сұрақтар да сауатты болуға тиіс. Мысалы, Мекемтас аға қазақтың батыр халық екендігін, бұрын жер көлемі 5 миллион шаршы шақырым болса қазір соның 3 миллион шаршы шақырым екендігіне шүкіршілік етіп отырғанымызды, жерімізді жеті рет жау шапқанын, жетеуінің де қанды ізі қалғандығын, қазақтардың өз жерін қаһармандықпен қорғағанын айтады. Бұған дейін мыңжылдықтар алдында қытай иірімінен, одан кейін араб-парсы иірімінен, үшінші Ре­сейдің отаршылдық иірімінен аман шыққанымызды алға тартатын тұсы бар. Ғалымның осылай кеңінен көсілуіне Қасымханның Баукең – батыр Бауыржанның намысқойлығы туралы сұрағы түрткі болған.
Уақап ағамыз наурыз мерекесі туралы толғай келіп Әлихан Бөкей­ханұлының деректерін келтіреді: «Әлемдегі алғашқы күнпарақ Ғай­садан 5000 жыл бұрын Тигр, Ефрат аңғарында өмір сүрген Бабыл (Шумер) елінде жасалған Халдей күнтізбесі еді. Онда жыл басы етіп күн мен түннің теңелу сәтін алған.Ұлы көштер кезінде Халдейлер ыдырап, билік парсыларға өткенде ол Нурыз (Ноу – жаңа, руз – күн) аталды. Одан григорян календары шықты да Халдейді де, Наурызды да ығыстырды. Бірақ астрономиялық дәлдік жағынан жыл басын Халдей күнпарағы бойынша жүргізген дұрыс еді… » депті данышпан. Уахап ағаны да Қасымханның «Наурыздың шығу тарихын әркім әртүрлі айтып жүр. Ұлыстың Ұлы күнінің тарихы да тым тереңде жатқан жоқ па?» деген қарапайым әрі ішіне талай сырды бүккен сұрағы осылай кеңіненсерпілткен.
Сұрақ әзірлеуге Қасымхан же­ңіл-желпі қарамайды. Осы Уахап ағамен сұқбатында мынандай сұра­ғы бар. «Мәшһүр Жүсіптің жиыр­ма томдығында: «Үш нәрсе тұрған орнында тұрып, тұрған орнына сыйымсыз: Бірі – өлген өлік, бірі – отбасындағы күл, бірі – бойжеткен қыз» деген екен. Қыздарымыздың барған жеріне судай сіңіп, тастай батуына не кедергі болып отыр деп ойлайсыз?». Ал жауабы қандай! «Күл шығарылады. Өлік көміледі. Қыз ұзатылады. Өкініш те, түк те емес. Өмір шындығы. Аксиома. Қызды оқыт­пасаң – қорлағаның. Күйеуге бер­месең – құқын таптағаның. Шетелдікке кетті деп азаматтықтан шығар­саң – жазықсыз жазалағаның» дей­ді. Қыздың барған жеріне судай сі­ңіп, тастай батуы тәрбиеден екендігі де рас.
Әйгілі заңгер, академик Сұлтан Сар­таевпен әңгімесінде Қасымхан қазақ үшін өте бір маңызды мәсе­лені көтереді. «Дағдарыс ұзаққа созылған сайын халық амалсыздан бір-бірінен қарыз алып, қарыз беріп жатыр. Осының кесірінен туған бауырлар арасында араздық туындап, бір-бірлерін көрмей кетіп жатқан өкінішті оқиғалар, жағдайлар көп болып тұр. Бұрын мұндай келеңсіз жағдайларды билер соты реттеп отырды емес пе?». Академик Сұлтан Сартаев ағамыз болса мұның жөн-жосығын қолмен қойғандай айтып береді: «Мұны әдет-ғұрып заңдары ретінде халыққа сіңіп кеткен дәстүрлерден аттамасақ, бекемдей аламыз. Негізінен салт-дәстүр, әдет-ғұрып құқықтары нормаларын халық даналары – билер, қазіргі тілмен айтқанда заңшылдар кең қолданған. Билердің шешімдеріне тіпті хан­дардың өзі үстемдік ете алмағаны назар аударарлық, олардың шешімдері жетекші де түпкілікті күшке ие болған». Яғни дәстүрлерімізден аттап кетуге болмайды екен. Бұл дегеніңіз отбасылық, әулеттік қатынастарда үлкенді сыйлау, алдынан кесіп өтпеу маңызды екендігін білдіреді. Қасымханның өзі де бұл туралы:
«Даламызға шапағатын шашты кім,
Кімдер келіп жасамады қастығын.
Айтыңдаршы,
Ағайындар, күні ертең
Сақталмаса не болады Дәстүрің»
деп жырлайды ғой.
Автор сұрақтарды сатылап қою­дың шебері. Айталық, екінші томда көр­некті тарихшы Уахит Шәлекеновке қазақтарға байланысты қойған үш сұрағы былай дамиды: «Әлкей Марғұлан «көшпенділер» дегенге қалай қарады?», «Сонымен «көш­пенді» деген сөз «қазақ халқы артта қалған» деген сөз емес қой?», «Басқа түркі халықтары көшпенді деген сөзді қолданбайтыны рас па?». Ғалымның берген тұщымды жауаптарында «Менің ұстазым, академик Ә.Марғұланның еңбектерінде, менің еңбектерімнен де «қазақтар көшпенді» деген тіркесті таба алмайсыздар. Біздер «көшпенділікке» әр уақытта қарсымыз, қазақ көшпенді болмаған» деп жазып келе жатырмыз» дейді. Бүгінгі таңда «қазақтардың көшпенділігі» туралы жазу мода болып кеткен. Тіпті әлдебір жиындар, форумдар, фестивальдар өтіп жатады. Ғалымдардың үлкен шоғыры мұндай тұжырымның қателігін алға тартады. Ақиқатында қазақ халқын құрайтын ру-тайпалардың басым бөлігі отырықшы өмір сүрген.
Ары қарай «Адам баласы тарихында көшпенді халық еш уақытта өркениетке жетпеген. Біздің халық Орталық Азияны мекендеген, жалпы түрік халқы өркениетке алғаш ие болған. Өркениеттің ошағы біздің Орталық Азиядан Батысқа қарай тараған деген заңдылық бар» деген құнды ойларын ортаға салса, ары қарай өзбек, қырғыз, түрікмен, та­тар, башқұрт халықтары өз тарихына қатысты «көшпенді» деген сөзді қолданбайтындығын алға тартады. Ары қарай көшпенділерде тұрақты мекендер мен қалалар болмайтындығына, ал қазақ жерінде қазіргіден 1000-2000 жыл ілгері заман­дарда көптеген қалалар бол­ған­дығына назар аудартады. «Көш­пенділік» дегенді қою керек, ол шын­дыққа жанаспайтын, отаршы­лардың бізге жапсырып кеткен таңбасы ғой» дейді тарихшы. Ал Қасымхан болса тарихшы Уахит аға пікірлерін обьек­тивті зерттеулердің оң нәти­жесіне сүйенген шын ғалымдар еуроцентристік астамшыл көзқарасты қолдамайтындығын айтып батыл тұжырым жасайды.
Осы сұқбат барысында еуроцент­ристік, шовинистік, ұлы державалық пиғылдардан аулақ шынайы ға­лым С.Толстов туралы жылы лебіздер риза етеді. Ғалым Хорезм археологиялық экспедициясын бас­қарған тұсында Орта Азия ха­лықтарының тарихына, археологиясына, этнографиясына және антропологиясына тиісті қаншама мол құнды материалдар жинақталған. Әлкей Марғұланның Шоқантануға қосқан үлесі де айтылып кетеді.
Автор қазақтың тұңғыш антропологы Оразақ Смағұловпен әңгіме өрбіте отырып қазақ халқының тектілігі жөнінде сөз еткенде Алтай мен Маңғыстау қазақтарының қан жүйелері, тіс морфологиясы, басқа антропологиялық ерекшеліктері өте аз екендігіне тоқталады. Құдды бір осы саланың маманы сияқты. Берілген жауаптан біз қа­зақ халқының және оның ата-ба­баларының қырық ғасырлық ұрпақ­тар жалғастығы болғанын білеміз. Кең байтақ жерді мекендеп жатқан қазақ халқының бейнесінде және тіл үндестігінде айтарлықтай айырмашылықтар жоқ. Бұл ға­жайып құбылыс халқы­мыздың мор­фо­фи­зиологиялық бірлестігі мен тұтас­тығын танытады. Қазақ тілін­де диалекті болмай, тек говор дең­гейіндегі тіл айырмашылық сақта­лып қалуының негізгі себебі аборигендердің бір өңірде ұзақ уақыт тіршілік еткенін, басқа тайпалардың ықпалында болмағандығын көрсе­теді екен. Академик Сейіт Қасқа­басов жаһанданудың жақсы жағын пайдаланып, жаман жағынан сақ­тануымыз қажеттігін айтады.
Тарихшы ғалым Әлімғазы Дәулет­ханмен сұқбатта этнограф Жағда Бабалықұлының өмірбаян­дық деректері мен қолжазба мұрасы туралы мәселелер қозғалған. Жағда Бабалықұлы артында ұшан-теңіз мол мұра қалдырып кеткен аса көрнекті этнограф, қоғам және мемлекет қайраткері екені рас. «Ол кісі ұзақ жылғы мағыналық ғұмырын қазақ халқының тәуелсіздігі мен бос­тандығы жолына арнаған, қара қытай мен қызыл қытайдың түр­месіне төрт рет қамалған, сөйте жүріп халық мұрасын жинап, қағазға түсіруден бір сәт қол үзбеген жанкешті тұлға» дейді Әлекең. Екеуі де көрнекті тұлғамен етене жақын болған.
Әлімғазы Дәулетхан Жағда ақса­қалмен 1974 жылдан байланыс­та болыпты. 4-5 дәптер көлемінде сыр-сұқбаттар дайындап қойған. Марқұм қайтыс боларының алдында 150 тақырыпқа жіктелген 46 папкіге топтастырылған қолжазбасын Әлекеңе аманаттап беріп кетіпті. Ал Қасымхан болса 2010 жылы Жағда туралы «Этнографпен әңгіме» атты керемет кітап жазған. Жағданы Қытай өкіметі қуда­ласа, бері өтіп келген соң Кеңес өкіметі де жақтыра қойған жоқ. Өйт­кені оған «Үш отаудың түтінін бір жерден шығару» ұраны жала­мен таңылған. Яғни Кеңес одағы, Моң­ғолия және Қытайдағы қазақ­тар­дың басын қосып бір мемлекет құруға ұмтылады-мыс.
Мұндай ұстаным Қытайды да, кеңестік билікті де шошытқаны ай­қын. Қасымхан дәл осы тұста Әле­кеңнің аузымен айтқызып, Жағ­да ақсақалдың Дүйсенбек Әл­ха­нов деген жігіттің өкпе-хатына жаз­ған жауап хатымен оның ерлікке толы тұлғасын асқақтата түседі. Қытай өкіметінің қазақтардың жазу-сызуын латынға көшіру туралы талабын орындамай, Іле қазақ автоном облысының басшысы Жағда Бабалықұлы Қытай қазақтарының Қазақстандағы бауырларымен бай­ланысы үзілмесін деп басын бәйгеге тіге жүріп мектептерде кіріл әліппесімен оқытқаны белгілі болды. Сұқбатта екі елдің арасындағы кикілжіңдерге, қазақтардың басын­дағы ауыр ахуалға қатысты көптеген түйіткілдерге жауап табылады.
«Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» еңбе­гінің үшінші томы бүгінде елімізге танымал бірқатар этнографтармен сұқбаттарға арналыпты. Олар­дың арасында Серік Әжіғали, Жамбыл Артықбаев, Әлімхан Жүніс­бек, Қалиолла Ахметжан, Ахмет Тоқтабай, Нұрсан Әлімбай сияқты танымал зерттеушілер бар. Әрқай­сысының айтары қазақтың дала­ сын­дай кең. Соның бәрін бір мақа­лада тәптіштеп шығу мүмкін емес.
Қасымхан сонау 1979 жылы жазған «Бесік пенен бейіттің арасында» деген өлеңінде:
«Бесік пенен бейіттің арасында,
Қасымханжан, тарихта қаласың ба?»
–Деп сұрады ағамыз немқұрайлы,
Ақын аздай қазақтың даласында.
«Қаласың ба тарихта?» ойлы сұрақ,
Кернеп бара жатқандай бойды қуат.
Қалғым кеп жүр тарихта Қасымхан боп,
Жақсы өлең жазылмай қойды бірақ.
Екінші әлі тынысым ашылған жоқ,
Сандықтағы талай жыр басылған жоқ.
Бұрын жарық көрмеген өлендерім –
Жүрегімнен халқыма шашылған от.
Бұрынғының соқпақты салтыменен,
Сырласамын Отанның халқыменен.
Жүріп өткен жерлерден қозғайын бір,
Жатырқама мені де, алтын өлең.
Қабар ит, не құлып жоқ есігімде,
Жұмысым жоқ біреудің жесірінде.
Бейітке адам жасайды дайындығын,
Сонау сәби кезінде, бесігінде», депті.
Бұл азаматтың алдағы күндерге арнаған бағдарламасы іспетті. Қасымхан бүгінде «екінші тынысы» ашылған ақын ретінде де, дауысы күндей күркіреген этнограф ретінде де осы бағдарламасын айнымай жүзеге асырып келеді. Шерағаңның «Алпыс деген – тал түс» деген қанатты сөзі болушы еді. Елге атқарар қызмет те, елден көрсетілер ізет те көбейе берсін!

Марат ТОҚАШБАЕВ,
жазушы-публицист.

ӨМІРДЕРЕК
Қасымхан Бегманов – ақын, этнограф, қоғам қайраткері, Қазакстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері. Республикалык ұлттық-этног­рафиялық «Дәстүр» журна­лының бас редакторы, «Дәс­түр» баспасының президенті.
1958 жылы Кентау қала­сын­да туған. 1980 жылы қазіргі Қаныш Сәтбаев атын­дағы по­литехникалық универси­теті­нің машина жасау факультетін бітірген. Қазақстанда және шет елдерде жиырмаға тарта жыр жинақтары, бірнеше эссе, публицистикалық кітап­тары жарық көрген. Қазақ­стан Жазушылар одағы басқар­масының, одаққа жаңа мүше­лер қабылдау жөніндегі комис­сианың мүшесі.
Қазақстан Жастар Одағы, ха­лықаралық Алаш және тә­уелсіз «Ильхам», Т.Айбер­ге­нов атындағы республикалық әдеби сыйлықтарының лауреаты. Қазақстан Журналистер одағының, Халықаралық жазушылар мен публицисттер қауымдастығының, Бас редакторлар клубының, ЮНЕСКО-ның аясындағы Әлемдік өнер және мәдениет Академиясының тұрақты мүшесі. Әлемдік өнер және мәдениет Академиясының ғылым докторы. Түркістан, Кентау қалаларының құрметті азаматы.

Жауап қалдыру