Әлем жазушылары ассоциациясын құратын кез жетті

0
236

Жазушы Дулат Исабековтің Ұлыбританияның Лордтар палатасында сөйлеген сөзі

Үстіміздегі жылғы 20 желтоқсанда қазақтың көрнек­ті жазушысы, драматург, ҚР мемлекеттік сыйлығы­ның иегері Дулат Исабеков 75 жасқа толады. Жазушы­ның мерейтойын атап өту әлдеқашан басталып кеткен. Жуыр­да Ұлыбританияда «Дулат Исабеков фестивалі» болып өтті. Фестиваль аясында драматургтың «Жаужүрек» пьесасын Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры сахналаса, қаламгердің өзі әйгілі Вестминстер сарайында лордтар палатасында сөз сөйледі. Бұған дейін түркі қаламгерлерінен қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов пен Нобель сыйлығының иегері, түркиялық жазушысы Орxан Памук шыққан мінбеге енді қазақ қаламгері де шықты. Төменде жазушының лордтар алдында сөйлегін сөзі ұсынылған.
– Құрметті милорд! Ханымдар мен мырзалар! Қадірлі қонақтар!
Сіздердің менің шығар­ма­шы­лығыма шынайы қызы­ғу­­шы­лық танытуларыңыз жә­не бүгінгі Ұлыбританияның Лорд­­тар па­ла­тасының тамаша залын­да­ғы кешке Өзіңіздің ке­лу­іңіз жан те­бірентті.
Бұл – ағылшын оқырманы, көрерменімен менің бірінші кез­десуім емес. Бұған дейін мұн­да ағылшын тіліне Катрин Юделсонның аударуымен Лон­­дондағы Айтматов Акаде­мия­сы баспасынан шыққан «Гау­һар тас», «Біз соғысты көрген жоқпыз…» аталатын кітап­тарымның тұсаукесері мен «Өк­пек жолаушы» пьесам бо­­йын­­ша «Орзу Артс» театрында спектакль өткен. Маған да, менің халқым үшін де аса ма­ңызды осынау іс-шараға Сіз­дердің қа­тысуларыңыз мені зор ри­залық се­зімге бөлейді.
Егер, бір мезет кішіпейілдікті сәл ұмыта тұрып, түрлі БАҚ беттерінде жарияланған әдебиет және театр сын­шы­ларының, сондай-ақ қатар­дағы көрермендердің риясыз пікір­леріне жүгінсек, онда өзің­нің жарты ғасыр бойына бекерге тер төкпегенің, сөйтіп сенің шығармаларыңның тит­тей бө­лігі Қазақ елінен шал­ғай­да­ғы мемлекеттерде – өлмес туын­ды­лары Англияны жалпы әлем­нің әдеби Меккесіне ай­нал­­­дырған ұлы Шекспирдің, Тек­­керейдің, Вальтер Скоттың, Бер­нард Шоу­дың елінде өз оқыр­ман­дарын тапқаны туралы ой келеді екен.
Адам баласы туғанда елі мен ата-анасын таңдай алмайды, Жаратушының әмірі бойынша – бірі Еуропада, екіншісі Азия­да, үшіншісі Сирияда, әлдекім джунглиде, біреу патша отба­сында, ал біреу кедейдің күрке­сінде дүниеге келеді.
Ал жарық дүние есігін мен ашқанда, ресми деректер бо­йынша, 26 миллион совет адамының өмірін жалмаған адам­зат тарихындағы ең қатыгез, ең қанды соғыс жүріп жатыпты; солардың ішінде Сталинград түбіндегі үш жауынгерге бір ғана винтовкадан тиген алапат шайқаста менің әкем де мерт болды. Тылда қалған тек әйелдер мен бала-шаға және қарт кісілер әлемет бейнет арқылы әскерді азық-түлікпен, киім-кешекпен, техникамен жабдықтапты.
Онда балғын жас едік, бірақ бізде балалық шақ болған жоқ. Сонау алыстағы майдан даласынан ұшқан оқ көптеген қалалар мен селолардың үстінен зуылдап ысқырып өтіп, шалғайдағы ауылымызға да «жетіп», біздің балалығымызды жайратыпты.
Осынау сұмдық жағдайлар жөнінде мен «Біз соғысты көр­ген жоқпыз…» деген пове­сімді жаздым, ол жеке кітап бо­лып Лондонда ағылшын тілін­де жа­рық көрді.
Сонау жалаңаяқ жас кезімде кезеңі туып, балқұрақ бала­лығы­мызды жойған фашистік Германиядан бөлек – біздің әке­­леріміз жағында соғысушы Ұлыбритания мемлекеті туралы танып-білеміз деп ойладым ба. Сонда күндердің күнінде менің пьесаларым ұлы Шекспир тілінде Лондон сахнасында бірінен кейін бірі қойылады деп ойладым ба? Қыста пеш жағылмаған мектепте алба-жұлба болып, аш­тықтан үнемі қарным шұрылдап партада отырған сәтімде жетпіс бес жасқа жетіп, сол мерейтойды демократия мен футбол отанында – ұтқыр әзіл мен биік мәдениет, аристократия отанында атап өтемін деп ойладым ба?
Бір жарым жасымда ауыр нау­қастан кейін жұрттың бәрі мені өлдіге санап, қабір қазушылар қолына тапсырар алдында соң­ғы рет «жансыз» сәбидің жүзіне қарап қалуды ұйғарған көрші кемпірге ризамын.
Ал мен, «өлген» бетпақ о дүние­лік балаша тып-тыныш жатудың орнына кенет көзімді ашып ыржиып күліппін, ал үрейі ұшқан кемпір байғұс бажылдап, шешемді көмекке шақырып үлгеріпті.
Перзентін тірідей көме жаз­даған анам менің тірі болуым­­мен қоймай, жымиып жатқа­ным­ды көріп, дауыс салып жылап жіберген көрінеді. Мені алып кетуге келген қабірші жаназалық дәмнен қағылғаны үшін түсі бұзылып, қатты ренжіген секілді. Соларға қо­нақасы бұйырт­пай, аш қал­дырғаным үшін күні бүгінге дейін қысы­ламын. Өздері қазылған әлгі қабірді қайтадан көмбепті де, себебі, сырқат балалардың бірі қайткенмен өлер еді, уақыт солай-тын.
Бұл жағдайды менен көпке дейін жасырып келіпті. Алайда алғаш мектепке барып бірінші «бестігімді» алып келгенде, сол қария «мен болмасам, мектепке барып, бестік әкеле алмас едің» деп, жайдарлана отырып барлық сырды жайып салды. Әлгі көршіміздің тіміскектігі арқасында, міне, мен өз­де­рі­ңіздің алдыларыңызда тұр­мын.
Кемпір менің жүзімді көру үшін киіз бетін кездейсоқ ашты ма екен? Меніңше, жоқ! Тәрізі, ол көктің әмірімен солай істеуді ұйғарған. Осы оқиға, қалайда, Құдайдың бар екенін, ештеңенің себепсіз жасалмайтынын тағы да көрсетіп тұр. «Алланың бұйрығынсыз бір жапырақ жерге түспейді» деген ескі қазақ мақалы бар.
Өздеріңіз пайымдап көрі­ңіз­дер, адам туғаннан бастап көз жұмған­ға дейін дүниеде ешбір оқиға кездей­соқ болмайды екен. Егер Ленин бас­таған большевиктер патшалық самодержавиені жеңіп, Совет өкі­меті орнамаса, өз құрамына қазір Қазақстан деп аталатын ежелгі Қа­зақия елін күштеп кіргізбесе, менің әкем өзі де, оның ата-бабасы да бұрын-соңды естіп-білмеген Сталинградты қорғап қаза таппас еді және мен бұл туралы кітап та жазбас едім.
Бастан өткерген майдандарға қарамастан, қазір адамзат алдында үшінші дүниежүзілік соғыс өрті бұрқ ете ме деген қауіп тұр, тәрізі, бұл ең соңғысы болар. Жаңалықтардан жантүршігерлік суреттерді кө­реміз. Ресей телеарналары Ресей Сирияны лаңкестерден құтқарады деп хабарлап жатыр… Алайда осындай «бейбітшілік мақсаттағы» бомбалаудың бірінен кейін мен бір жасар баланың басы жұлынып кеткен шешесінің омырауын ашқарақ­тана емген кадрды көрдім. Осынау сұмдық сурет әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді…
Қазақтың ежелгі аңызы бо­йынша, Жер-жұмақты жарат­қан Құдай оған ең алдымен адамды емес, бір құсты жіберіпті. Ол құстың аты «Арманда» екен, яғни «мәңгілік сағыныш» деген мағына береді. Жаратушының әмірі бойынша ол тек көк жүзінде самғап жүреді. Жер шарын мың-миллион мәрте айналып ұшқан құс жер бетіндегі тіршілікке іңкәр болып, қатты құмартады.
Бірде ол Құдайға көктегі мәң­гілік өмірді тастап, жерде күн кешкісі келетінін айтады. Құдай келіспейді. Бірақ құс әлгі өтінішпен қайта-қайта келе беріпті. Бұған қатты ашуланған Жаратушы оны қуып та жібереді. Құс сонау тілекпен соңғы мәрте келгенде Құдай: «Жарайды, мәңгілік ғұмырды қаламасаң еркің білсін, жерге түс. Тек есіңде болсын, онда өлмес өмір жоқ. Сенің орныңа өзге бір «мақұлықты» жіберемін» дейді. Сонда құс: «О, Жаратушым, бәріне келісемін!» – деп қуана-қуана жерге түсіпті де, бірден о дүниеге аттаныпты.
Құдай оның орнына бәріміз­дің ортақ атамыз Адамды жөнел­теді. Айтпақшы, қазақша «адам» деген мағынадағы осы сөздің алғашқы нұсқасы – «Адам» тек қазақ тілінде ғана сақталған.
ХІХ ғасырдағы қазақтың ұлы ақыны Абай: «Адамның басы – Алланың добы» деп жазыпты; мұның «Адам Құдай үшін ойын­шық, бәрі Жаратушының қолында» деген мағына беретіні түсінікті.
Меніңше, біздің ғаламша­ры­мыздың сұлулығына бола мәң­гілік ғұмырын жердегі қысқа тірлікке айырбастаған Ар­манда құс бір сәт тіріліп, бүгінгі Адам ұрпақтарының Жерді нендей күйге түсіргенін көрсе, өзінің сонау шешімі үшін қатты өкінер еді.
Барлық замандардағы соғыс­тар тұтас әлемді билеп, барлық байлықты иеленсем деген то­йым­сыздықтан басталады. Ал сол қақтығыстардың немен аяқ­та­латыны тарихтан мәлім. Қазақ мақалы: «Құдайдың меншікті малы жоқ, ол тек біреуден алып, біреуге беріп отырады» дейді. Зорлық жолымен келген дәулет бүгін болмаса, күні ертең келер ұрпақ үшін үлкен қасіретке ұласуы мүмкін. Ұлы ойшыл Абай: «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап, әуре етеді ішіне қулық сақтап. Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» – деп жазған.
Бүгінгі аласапыран, дүрбелең дүние ұлы жазушылардың қа­сиетті сөзіне зәру. Интернет пен электроника дәуірінің адамдары әзірше қағаз кітаптан бас тарта қойған жоқ, олар әлі де саясатшыларға қарағанда жазушы сөзіне көбірек сенеді. Жазушылар дүниедегі ең әлемет СӨЗ қаруына ие екенін өздері де толық түйсінбеуі мүмкін.
Егер әрбір қарапайым жазу­шы­ның артында орта есеппен 10-15 мың оқырман тұрғанын есептеп, осы санды әлемнің барлық жазушы­ларына көбейтсе, онда ғаламдағы барлық адамдардың жан-жүрегіне ықпал ететін қуатты қаруға ие алапат армия құрылар еді. Өйткені, алдымен құрлықаралық ракеталар емес, Сөз пайда болған ғой.
Қазақстан Президенті Н.Ә.На­зар­баев­тың бастамасы­мен Си­риядағы жағдайды қалпына келтіру бойынша халықаралық кеңес өткізу игі дәстүрге айналды. Биылғы қыркүйектің 22-сінде Алматыдағы Достық үйінде көр­некті қоғам қайраткері, мә­дениет­танушы, тәуелсіз Қа­зақ­­станның Қытайдағы ал­ғаш­қы елшісі Мұрат Әуе­зовтің бас­тауымен халықаралық «Жі­бек жолы. Соғыссыз әлем» дөң­гелек үстелі өтті, онда шет ел зиялыларының көптеген өкіл­дері: ғалымдар, саясаткерлер, жа­зушылар өз пікірлерін ортаға салды.
Маған бір ой келді: бізге әлемнің маңдайалды жазу­шы­лары бейбітшілік пен әді­л­ет­тілікті, қоршаған орта таза­лығын қорғап, кейбір елдер­дің агрессиялық саясатын мейлінше әшкерелеп отыратын «Әлем жазушылары ассоциациясын» құратын кез жеткен жоқ па екен?
Бұл ұйымның штаб-пәтері, өз ойымша, кезінде қазіргі таңда төрткүл дүниенің көптеген елде­рінде, оның ішінде Қазақстанда да филиалы бар халықаралық ПЕН-клубты құрған, ұлы жазушы Джона Голсуорсидің отаны Англияда тұруға тиісті.
Мен Ұлыбритания Лордтар Палатасына, Лондондағы фестивалімді өткізуге тигізген зор көмегі, пьесалар мен әңгімелер жина­ғымның тұсаукесерін, ал­ғаш­қы мерейтойлық кешті өт­кізуге, «Аққу-Жібек» пьеса­сы­­ның ашы­луына жасаған қол­ға­бысы үшін Ұлыбритания Біріккен Король­дігіндегі өз елшіміз Ерлан Ыдырысовқа шексіз ризалығымды білдіремін. Сондай-ақ іс-шараны өткізуге мұрындық болған «Самұрық-Қазына» TRUST серіктестігіне алғыс айтқым келеді.
Өз өмірлеріңіздің тұтастай он минутын маған арнап, сөзімді аяғына дейін тыңдағандарыңыз үшін көптен-көп рахмет!

Лондон, 2-қазан 2017 жыл
Ақмоншақ АХМЕТ,
өнертану магистрі
Алматы – Лондон – Алматы
qazaquni.kz

Қаламгердің мерейтойы елі­мізде де кең көлемде тойлануда. Таяуда М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Мәдениет және спорт министрлігі бірқатар арнайы іс-шара өткізді. Бұған дейін шілде айында Астанада ЭКСПО-дағы Ұлыбританияның Ұлттық павильонында жазу­шы­ның ағылшын тілінде жа­рық көрген шығармалар жина­ғының тұсаукесері өткен бола­­тын. Мерейтойлық шаралар қа­­тарын 17 қараша күні Қ.Қо­жа­мияров атындағы Мем­ле­кет­тік республикалық ұй­­ғыр музы­калық комедия теат­ры Шым­кент қаласында «Мұ­ра­­гер­лер» қойылымының тұсау­ке­сері­мен жалғастырды. Ми­­нистр­­­ліктің тапсырмасы бо­йын­ша Ш.Айманов атындағы «Қа­­зақ­­фильм» киностудиясы Ду­лат Исабековтың сцеранийі бо­йын­ша «Балуан Шолақ» фильмі­нің түсірілімін бастады.

Жауап қалдыру