Келбет

0
60

Рухани саулық пен салауаттылық, қайырымдылық пен имандылық, өмірінің де, қызметінің де берік ұстанымына айналған Шалғынбай Жандосовтан ең алдымен еңбекке деген, адамға деген құрметті үйренуге болады.
Теміржолдың ұстасы болған әкесі Өтеген қолынан қайласы мен төс темірі түспей жүрсе де еңбекпен есейіп, көсегесі көгерген жан. Жігіттің сырттанына жар болған Сәбиланың да құрсағы алтын, 12 перзентке жарық дүние көсетіп қана қоймай, әке абыройын үлгі ете жүріп оң тәрбие берді.
«Обал, сауапты біл, қия­нат­тан аулақ бол» деген бе­рік ұстанымды ана сүтімен бірге сіңірген Шалғынбай Өтеген­ұлы­ның азаматтық келбетінің басқаша болуы мүмкін емес еді. Барды қанағат тұтып, жоқ­қа жүйрік салмаған көп балалы отбасының үшінші перзенті Шалғынбай мектептің озат түлегі бола тұра қой бағуға бел буды. Себеп, Алматыдағы студент екі ағасына көмектесу, отбасының бюджетін ұлғайту. Шопан таяғын ұстатқан 1975-1977 жылдар табыссыз болмады, сол жылдары әр 100 саулықтан 127-ден қозы алып облыс бойынша 2-орынға шық­қан комсомол жастар брига­да­сының даңқы республи­каны шарлап кетті.
Бригаданы абыроймен тап­сы­рып, еңбекте шың­далған Шал­ғынбай Жан­­досов көр­кем әдебиетке деген құш­тар­­лығын әйгілі ҚазМУ-дың «журналистика факультетінде жалғас­тырсам» деп жүрген. Әділетсіздіктің құрбаны бол­ған қайран арман? Ауданға келген жалғыз жолдама бас­тық­тың «ботасына» бұйыр­ды. «Жамандықтың да жақ­сы­лығы бар, тек соны көре білу керек» деген екен бір шығыс ғұламасы. Шынында да, Шалғынбай Жандосовқа ырыс та, несібе де, абырой-атақ та медицина саласынан бұйырды. Еңбек жолы, өмір жолы оны Елеу Көшербаев сияқ­ты қазақтың жаны жай­саң, үлгі-өнегесі ұшан-теңіз жақ­сыларымен таныстыр­ды. Солардың соңынан ерді, өмір­лік тәжірибесін үйренді. Ең ал­­дымен олардан азаматтық, тұл­ғалық қасиетті көрді, бойына сіңірді.
Қарағанды меди­цина институынан соң туған жері Ақтөбе облысы Шал­қар ауданындағы күре темір жолдың санитарлық стансасында санитарлық-дә­рігер болып еңбек жолын бас­таған Шалғынбай Өтеген­ұлы ілезде көзге түсті. Жас маманның жоғары кәсіби білік­тілігі, еңбекқорлығы, ұйым­дас­тырушылық қабі­летін таныған басшылар 2 жылдан соң оны Қазалы стансасындағы (Қызы­лорда облысы) сани­тарлық қызметтің басшысы етіп та­ғайындады. Кеңес Одағы­ның кезіндегі темір жолдың тіз­гіні Мәскеудегі шенділердің қолында болатын. Ол кездің өлшемімен бұл үлкен дәреже. Се­бебі алып державаның шо­йын жолының шылбырын ұстаған «өзге» түстілер бас­тық етіп көбіне «көк көз­ді­л­ерді» тағайындайтын. Құд­ды темір жолды мемлекет­тен тиген еншілеріндей көретін. Ұлттық менталитеттің қай­ма­ғы бұ­зыл­маған, жергілікті ұлт қою қоныс­танған аймақ хал­­қының ауыз­бірлігі, қазақы ұста­ны­мынан сәл-пәл ықса керек. Әл­де, оларды Қазалының эко­логиялық аймақ екендігі «қор­қытты» ма екен? Шынында да, ауданның санитарлық хал-ахуалы өте мүшкіл еді, жұқ­палы аурулардан бір арыл­майды, оның үстіне аса қауіпті инфекциялар да жиі қылаң береді. Осындай қиын шақта «санитарлық жағдайды оңдайды, қалыпқа келтіреді» деп ең ауыр ауданға Өтегеннің баласы Шалғынбайды жіберді.
Қарбалас қызметпен жүр­ген­де 4 жыл уақыттың өтке­нін 1989 жылы Ақтөбе темір жол бөлімшесіне бас сани­тар­лық дәрігері қызметіне шақы­рылғанда аңғарды. Бұл қызметті 2001-2003 жылдары Атырау қаласының бас сани­тар дәрігері болып жалғас­тырды. Қоғамдық еңбектен қол үзбей жүріп кандидаттық дис­сер­тациясын да табысты қорғап шығып, медицина ғылым­дарының кандидат­ы деген ғылыми атақ алды. Осы­лайша Ш.Жандосовтың Батыс Қазақстан айма­ғын­дағы санитарлық эпи­де­­ми­оло­гиялық қыз­метті ұйым­дастыру мен үйлес­тіруден жинаған мол тәжі­рибесі мен кәсіби жоғары біліктілігін бағалаған сала басшылары оны 2011-2015 жылдары Рес­пубикалық СЭС-тің Бас дәрігері етіп тағайындады.
Қызметтік міндетін, осы са­ла­ның бүге-шүгесін жатық білетін мол тәжірибе мен ұт­қыр­лықтың арқасында Ш.Жан­досов лауазымды қыз­мет­те республикадағы бар­лы­қ әріптестерімен үлкен ын­ты­­мақпен, ауызбірлікпен, кә­сі­би біліктілікпен еңбек етті. Елдің санитарлық-эпи­де­мио­логиялық жағдайы тұрақ­тан­ды. Алайда, 2015 жылы «болат жолдың батыры» атанған әкесі өмірден өтті де, шалғайда жүрген Шалғынбай Өтегенұлы қарт анасының жанына жа­қындауды ұйғарды. Бір кіндіктен тараған 12 баланың ішінде шалғайда жүргені де тек қана өзі екен. Сондықтан да ана-бәйтерегінің көлеңкесін сая­лауды жөн санады. Сөй­тіп, 2015 жылы «Ұлттық сараптама орталығының» Ақтөбе филиалының басшысы ретінде ауылға оралды. ҚР «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» өңір белгісінің иегері, медицина ғылымдарының кандидаты.
Бұл күнде алпыс жастың асқа­­­­рына аза­маттық абы­рой­лы келбетімен көтеріл­ген Шалғынбай Жандо­совтың ең­бек­қорлығы, ұлтжан­ды­лы­ғы, иман жүректілігі кейін­гілер­ге жұғысты болғай.

Інжу ТӘЖІҒҰЛОВА
Ақтөбе облысы

Жауап қалдыру