Көпке ұнаған адам

0
31

Қазақтан шыққан көрнекті философтардың қатарында философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан әлеуметтік ғылымдары академиясының академигі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Павлодар облысы Лебяжі ауданының құрметті азаматы, С. Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің құрметті профессоры Мұрат Сәбитұлының орны ерекше. Бар саналы ғұмырын ғылымға арнаған ғалым 300-ге тарта мақаланың, екі монографияның, көптеген оқулық пен оқу құралының авторы. Оның шәкірттерінен 4 ғылым докторы, 15 ғылым кандидаты шыққан. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Мұрат Сәбитұлы әліге дейін ғылыми ізденістеріне өте ұқыпты, үлкен жауапкершілікпен қарайды.
Мұратпен жалындаған жас шағымызда көп жыл қыз­мет істедік. Философия ғылым­дарының кандидаты, докторы дәре­жесіне, кейін профессор­лық атаққа бірге қол жеткіздік. Қатарласа Ғылым Ака­демиясының философия және құқық институтында аспирантурада оқып, ғылыми қызметтес болған, жоғары оқу орын­дарында да дәріс жүргізген кез­деріміз әлі есімде.
Мұрат өзінің алғашқы білімі теориялық физика болғандықтан, қазіргі ғылымның философиялық мәселелерін зерттеуге маманданды. Кванттық ме­ханиканың философиялық-логи­калық өзе­гін өзінше тап басып, соның қалыптасуы мен дамуы тарихына зер сала, теориялық танымның ішкі бауын құрайтын проблема, гипотеза, идея, принцип, теория, интерпретация сияқты ұғымдарды диалектикалық логиканың категориялары мен принциптері негізінде тоғыта зерделеп, осы тақырыпта кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғап, еңбектер жазып, өз ғылыми үлесін іске осылайша қоса білді.
Менің таң қалатыным – Мұраттың сол институтта тапжылмай отыз бес жыл (1961-1996 жж.) кіші ғылыми қызметкерден бастап, институт директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары, бөлім меңгерушісі қызметін атқаруы, Ғылым Академиясының Қо­ғамдық ғылымдар бөлімшесі төрағасының орынбасары болып, философиялық тәлім-тәрбие алып, ғылыми сынақтың қатаң да қасаң тезінен, рухани-әлеуметтік және азаматтық өсу жолдарының баспалдақтарынан сүрінбей өтіп, табанды қызмет атқаруы. Ол институттың ғылыми істерімен қатар қоғамдық өміріне тереңдей бойлап, жасақшы, үгітшіліктен бастап, профком төрағасы, партия ұйымының хатшысы, Алматы қаласының Фрунзе (қазір Медеу) ауданы бойынша халық депутаты, КСРО философия одағының қазақ бөлімшесінің ғылыми хатшысы және т.б. қоғами жұмыстарға белсене атсалысты, белгілі мағынасында институттың «отымен кіріп, күлімен шықты».
Ерекше бір атауға тұрарлық бір шаруа – оның он жылға таяу докторлық диссертациялық кеңестің ғалым, хатшысы болуы. Бұл жұмыс ерекше ұқыптылықты, біліктілікті, ар-намыстың тазалығын да керек ететіні белгілі. Ол кездері Жоғары аттестациялық кеңес Мәскеуде болатын, талаптары өте қатаң еді. Ізденушінің құжаттарын қабылдау, ДК жұмысын ұйымдастыру, іс-қағаздарын талапқа сай деңгейде бұлжытпай орындау өте маңызды еді, өйткені ізденуші тағдырының бір ұшы осы арадан табылатын. Мұрат бұл жұмысты да абыроймен атқарғанын мен жақсы білемін, талай адамдардың батасын беріп, ризашылығын білдіргенінің куәсі болғаным да бар.
Мен денсаулығыма байланысты әрі отбасымның ыңғайына орай елге Оралға оралдым. Ара-қашықтық алыстағанымен көңіліміз суыған емес. Әлі күнге дейін жиі хабарласып тұрамыз, өткен-кеткенді еске аламыз, шығармашылық жоспарымызбен бөлісіп, философиялық өмірдегі жаңалықтарды да қозғап қоямыз. Ғылым Академиясынан кейін ол жоғары оқу орындарында кафедра меңгерушісі, қатардағы профессор болып қызмет істеді. Әсіресе Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеттің философия және ғылым методологиясы кафедрасын басқарғанда бұл кафедраның ғылыми және оқу-әдістемелік жұмысы алға басып, ғылыми конференциялар ұйымдастырылып, докторлық диссертация қорғайтын кеңестің жұмысы жүйелі жолға қойылып, бұл ұжымның республика көлемінде алдыңғы қатарлы көрсеткіштерге ие болғаны белгілі. Мұрат мұнда да адамгершілік биігінен көрінді. Кафедраның негізін қалаушы, оны 22 жыл қатарынан басқарған ғылым докторы, профессор Қ.Ш. Шүлембаевтың еңбегін жоғары бағалап, оған арналған оқулар, конференциялар өткізді, С.Ж. Кенжебаев, О.А. Сегізбаев, З.А. Мұқашев, А.С. Балғымбаев, Б.К. Байжігітов, Н.Г. Аюпов, Ж.М. Мүтәліпов сияқты белгілі фило­софтардың басын біріктіріп, жас маман­дар­дың ғылыми өсуіне жағдай жасады. Сол кездері Алматыда тең дәрежелі дерлік үш ғылыми-фило­со­фиялық орталық өзара жарыса іс-ша­ра­лар өткізетін: бірі – академиялық фи­ло­софиялық институт, екіншісі – фило­софиялық факультет (әл-Фараби универсиететі), үшіншісі – осы Мұрат басқарған философия кафедрасы.
Міне, осылай баян­дай келіп, мен до­сымның мінез-құл­қына тән қарапа­йым­­дылығын, кішіпей­ділігін, «а деген» аңқылдаған ақжарқын пейілін, адалдығын оның өмір салтының басты бір айғағы дер едім. Ол ешкімге де жамандық ойламайды, мүмкін болса көмектесіп, демеп жібергісі келіп тұ­рады. Сондықтан оны жұрттың көбісі ұна­тады, жақсы көреді, сыйлайды. Өз орнын біліп, менменсінбей де, тым иіліп кішіреймей де, өзін бірқалыпты ұстай білу – үлкен өнер ғой. Ал бұл мінезге байланысты. Мұрат сол мінездің адамы. Оның өзіндік ұстанымы бар. Қайрат десең қайраты да бір басына жетерлік. Аузын ашса, жүрегі көрінгендей адал. Абайдың «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық баласың елден бөлек» деген ұлағатты сөзіне әбден сай келетін адам. Жарты ғасырлық қарым-қатынасымызда мен оның «әттеген-ай» дегізетін олқы жақтарын көрмеппін.
Мұратқа тән сезімталдығын, адам тағдырына бей-жай еместігінің мысалы ретінде оның өмірінен өзім білетін екі оқиғаны келтіре кетейін. Бірде ол талтүсте келе жатып «Көмектесіңдерші!» деген бір қыздың оқыс шыққан айқайын естіп, «не болып қалды?» деп жан-жағына қараса, бір ұзын бойлы жігіт дәл қасынан зытып бара жатқанын көреді. Сөйтсе ол студенттердің стипендиясын тасымалдайтын қыздың ақша толы сумкасын жұлып алып, қашып барады екен. Оны қуған ешкімнің жоқ екенін аңғарып, Мұрекең түседі оның ізіне. Сөйтіп милицияға оны ұстап беруге көмектеседі. Сонда институттың қабырға газетіне белгілі философ В.И. Ротницкийдің «И в мирное время есть место подвигу!» деген мақаласы шыққаны әлі есімде.
Тағы бірде сол баяғы философия институтында болған келесі оқиға мынандай. Жалақы алған жазғы мамыражай бір күн екен, түс ауған кез болатын. Кенет институттың екі лаборанткасы бірінен кейін бірі «Ойбай! Сумкадағы ақшамды біреу ұрлап әкетіпті!» деп жыламсырай айқайлады. Бұл жолы да қатты қынжылған қыздардың күйзелісіне шыдай алмай досым тез далаға атып шығып, жан-жағына көз жүгіртсе, көшенің ар жағындағы бір бейтаныс келіншек мұны көріп ағашты қалқалап жасырына қалады. Мұрат сезіктеніп тұра жүгіргенде, ол қаша жөнеледі. Оны да ұстап алып, милицияға тапсырады. Ақшалары табылған қыздардың (біреуі – Ольга Кизуб, екіншісі – Қымбат, қазір белгілі тележурналист) қуанышында шек жоқ, әрине. Мұрекеңде басқа да осындай оқиғалардың болғанына мен еш күмәнданбаймын.
Мұраттың ұлы Мұхтардан қалған Айжан мен Динардай екі немересі, Үміт пен Санжардай екі шөбересі бар. Қазір де ол ой үстінде, өзінше шығармашылық жоспар құрып, тым асығып-аптықпай, өмірлік зайыбы Хажиямен сырласып қойып қалам сермеуде.
Мұраттай досым болғанын мен тағ­дырдың маған берген сыйы деп білемін, көптен онымен мақтанып келемін. Сексенің құтты болсын, жасай бер, досым! Қаламың талмасын!

Тілекжан РЫСҚАЛИЕВ,
философия
ғылымдарының докторы,
профессор
Орал қаласы

Жауап қалдыру