«ІЗДЕСЕК, ТАБЫЛМАЙТЫН АЗАМАТ ЕКЕН…»

0
23

Баукең мені көңілсіз қарсы алды.
– Күн салқын. Аяғымның мұздағаны соншалық қардың, мұздың астында жатқан сияқты сезіледі. Содан амал­сыз аяғыма екі шұлық кием, ол аздай сыртынан одеял, көрпе жамылам.
– Иә.
– Иә дейсің. Оңбаған, әлі аяғыңмен жүріп тұрсың ба? Аяғың қашан қозғалмай қалады деген ойда жүргеніңді де білем.
– Ой, аға.
– Мені сағынатын бір адам табылды ғой десем… Өткен жолы құмалақшы: «Ой-пырай, М әрпінен басталып, К әріпімен аяқталатын бір сары жігіт бар екен. Әйтеуір ажалың сол жігіттен деді», – деген еді.
– Ой, аға…
– Хал-жағдайың қалай? Анда-санда сөйлесетін сенің барыңа да шүкір. Көңілімді көтеретін қандай жаңалығың бар?
– Жаңалығым, өткен аптада ойда-жоқта бір офицермен кездесіп, сөйлесіп қалдым. Жамбыл облысы Шу ауда­нын­дағы «Балуан Шолақ» ауылының тумасы екен. Аты-жөні Амангелді Қатенов.
– Құлағым сенде.
– Жетінші сыныпты бітірген соң, ауылымда онжылдық мектеп болмай, мені нағашым Алматының бірінші вокзалындағы вагон-депоға жұмысқа орналастырып, кешкі мектепте оқуыма жағ­дай жасады, – деді өмір жо­лымен таныстырып. – 1957 жылы кешкі мектепті, Алматы ауыл шаруашылық инсти­тутының механика факультетін бітіріп, жоғары білімді маман атандым. Үш айлық шоферлық курста мұғалім болып жүргенімде, мені әскерге алды да кетті. Бұл кезде қатарларым әскери қызметін өтеп қойған еді.
Мектепте оқыған кезімде әскери училищеге түсіп, офицер болуды армандаған мен отбасы жағдайыма байланысты тәуекел етпеген едім. Әскерге алынған соң, Құдай жарылқап, офи­церлердің жетіспеушілігінен Горький атындағы әскери училищеге жіберді. Учи­лище мені үшінші курстан қабылдады. Оны бітіріп, Крас­ноярскі өлкесіндегі авто­батальонның взвод коман­дирі болдым.
Взводым дивизия бойынша ең тәртіпсіз, атышулы взвод екен. Оның менен бұрынғы екі командирін лейтенанттық шенінен айырып, құрылыс батальонына жіберіпті. Полкі­міздегілер мені де солардың кебін киеді деп ойлапты.
Шынында қарамығым­дағылар жалына қол тигіздір­мей­тін нағыз асаудың өзі екен. Қайсыбірі кішігірім қыл­мыс жасап, түрмеге түскен қағынғандар. Тәртіп бұз­ған­дармен жұдырық­та­сып, жекпе-жекке шығып, түрлі түсіндірме жұмыстарын жүр­гізіп, ақыры не керек, оларды бағындырдым. Ауы­лымдағы, ол аздай вагон-деподағы төбелестерімнің пайдасы тиді. Бәрін тәртіпке келтіріп, бөлімше бойынша бірінші орынды жеңіп алдым. Уақыт өте олармен жолдас болып кеттім.
Келесі жылы полк бойынша взводым алдыңғы орынға шықты. Одан дивизия, ол аздай өлке әскери округы көлемінде өткен байқауда бірінші орынды иелендім. «Правда» газеті, әскери газеттер мақтап жазды. «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттері суретімді жариялады. Пол­кімнің командирі анама алғыс хат жолдады. Аз мезгіл ішінде атағым аспандап кетті. Төрт жылда алатын аға лейтенант шенін мен екі-ақ жылда алдым.
– Жолыңыз болыпты ғой.
– Жолым әбден болды. Бала кезімнен маған кілең жақсы адамдар жолықты. Ауылымның бригадирі та­маша кісі еді. Таза қазақ ауылында өскен, орысша бір ауыз сөз білмейтін мені вагон-деподағы бөлім бастығы туған баласындай тәрбиеледі.
Әскери училищеде жүрге­німде тарихи кітап­тар­ды көп оқыдым. «Казак­тар» деген шығарманы әлі өзім­мен бірге алып жүрмін. Ре­волюционерлерді, больше­вик­терді қырып-жойған патша армиясындағы казактар екен.
Дивизиямыздың командирі генерал-лейтенант Евгений Жарович Киселев мені жақсы көрді. Жақсы көруінің себебі, оның әкесі генерал-майор Киселев Алматы қаласының «Панфилов» саябағындағы шіркеуге орналасқан әскери штабтың он жыл бастығы болып істеп, қазақтармен қатты сыйласқан екен. Оңаша сөйлескен сәттерімізде Евгений Жаровичтің:
– Менің әкем Түрікмен­станда, Тәжікстанда, Өз­бекс­танда, Польшада, Чехо­слова­кияда, Венгрияда, та­ғы басқа елдерде бір жыл, екі-үш жыл әскери қызметін өтеп, Алматыға ауысады. Он жылдан кейін қызметі өсіп, Мәскеуге көшеді. Зейнет­керлікке генерал-лейтенант шенімен шығады.
– Мен араламаған ел кемде-кем. Дүние жүзінде қазақтай халық жоқ, қазақтай ұлы ұлтты кездестірген емеспін, – деп әкем мені қазақ орта мектебінде оқытты. Мектепті бітірісімен Мәскеудің Фрун­зе атындағы әскери учи­лищеге қабылдандым. Алғаш орыстың кейбір сөзін түсінбей қиналдым, – деп Евгений Жаровичтің екі иығы селкілдеп, рахаттанып күлгені бар. – Әкеме бірде: «Мен ақымақпын ба десем, сен менен өткен ақымақ екенсің. Сенің орысты қазақ ет­кенің не?» – деп едім, әкем сабырлы қалпын сақтай отырып:
– Балам, сені қазақ мектебіне бергенім – менің қазақ халқына деген сүйіс­пеншілігімнің ескерткіші болсын дедім. Әкем деп сый­ласаң, сен қазақ халқын ұмытпа, әрдайым көкейіңде сақта, – деді.
– Ой, мына генерал-лейтенант ойшыл, нағыз орыс адамы ғой! – деп Баукең да­уысы тарғылданып, тол­ғана тіл қатты. – Оның баласын орысша оқыту орнына қа­зақша оқыт­қаны жан терберлік оқиға екен. Бұдан өз ана тілін менсінбейтін біздің миғұлалар үлгі алып, ойланса кәнеки! Сөзіңді жалғай түс!
– Амангелді тағы былай деді: «Евгений Жаровичтің сөзін дәлме-дәл айтайын. «Әкем қазақ халқы – өте жақ­сы халық, Қонақжай. Үйі­не тамақтанып отырған сә­тінде бара қалсаң, төріне шығарып, жеп отырған тама­ғының жартысын бөліп береді, табиғи бауырмал, мейірімді. Біздің орыстар да жаман емес, алайда олқы жағымыз да жетерлік», – дейтін.
Әкем осылай қазақ халқын керемет жақсы көрді. Ол кісінің әсерімен қазақтарды мен де жақсы көрдім. Алматыда лауазымды қызметте жүрген қаракөз достарым баршылық. Кейде олар қонаққа шақы­рады, кейде мен оларды қо­наққа шақырам.
Евгений Жарович әзілге де ұста еді.
– Сені мейрамханаға шақырайын десем, бұзылып кете ме деп қорқам. Обалыңа қалатын жағдайым жоқ, – деп таза қазақша сөйлеп, өзі де күлетін, мені де күлдіретін.
Бөлімше командирім екеуіміз кейде сөзге келіп қалатынбыз. Офицерлер өзара ұйымдасып, оны қаралап, арыз жазыпты. Олар менің фамилиямды да қосып қойыпты. Бәрі арызға қол қоясың деді. Мен бірден бас тарттым. Олар:
– Ей, сен онымен ұрсысып жатушы едің ғой, – десті.
– Ұрысқанымыз жұмысқа бай­ланысты, – деп арыз­дан фамилиямды сызып тастадым. Сызбасам, біреуі сыр­тымнан өтірік қол қоя салуы мүмкін ғой.
Кейін арызды генерал-лейтенант Евгений Жарович келіп тексерді. Бір полковник:
– Амангелді жақсы қызмет істейді. Бөлімше коман­дирімен жиі соғыса береді, – деп сөй­леді. Генерал-лейтенант Ев­гений Жарович:
– Әй, қазақ, (мені ылғи қазақ дейтін, дивизиядағы жалғыз қазақпын ғой) айтшы? Не болды? – деді.
– Жолдас генерал-лейтенант, жұмыста кім ұрыспайды? Бастық ұрсуға міндетті ғой. Маған себепсіз тиіскен емес. Ұрсысып аламыз да, соңынан бір-бір стакан квас ішіп тынышталамыз, – деп едім, офицерлер ду күлді. Генерал-лейтенант та күліп, әзілдей сөйлеп:
– Квастан гөрі неге арақ ішпейсіңдер? – деп еді, күлкі бөлме ішін кернеп кетті. Жазадан аман қалғаннан кейін бөлімше командирі мені жаны қалмай құрметтеуге көшті.
Бірде кілең алдыңғы қатарлы әскерилерді, заң қызметкерлерін өлке орта­лығы – Красноярскіге жинап, КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы Леонид Ильич Брежневтің тәртіп мәселесі жөнінде сьезде сөйлеген сөзін талқылады. Ол талқылауға Красноярск өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы, тағы басқа жоғары шенділер, дивизиямыздың командирі Киселев қатысты. Біздің бөлімнен мен қатыстым. Жай қатысқаным жоқ, «Халықтық дружина құрылымы қа­лай болуы керек?» деген та­қырыпта сөйлеп, оның құры­лымын жұрт назары­на ұсын­дым. Залда отырған­дар­дың бәрі таңырқап қарап қалды.
– Жасөспірімдер қылмыс жасағанда, олардан мили­ционердің сұрақ алуы дұрыс емес, ол жұмысты тәжірибелі педагогтар жүзеге асыруы тиіс. Ол үшін арнайы бөлім ашқан жөн. Бұл маңызды іске депутаттардың араласып, халықпен үнемі байланыста болғаны абзал, – дегенімде зал ұзақ қол соқты.
Халықтық дружина құрылы­мының тармақтарын таратып айта келіп:
– Кейде адам жоғалып кетеді, оны ешкім іздемейді. Бұл істі де ұмытпауымыз керек. Оған да арнайы іздеу бөлімін ашуымыз қажет. Анаша тартатындар да бар, – деп едім:
– Анаша тартатындар Совет үкіметінде болмайды, – деп екі генерал айқайлап, мені қатты сынға алды. Ол құпия екен. Мен оны білмеппін. Сілкініп сөйлегенімді қайтейін, көңілім бәсейіп, бір түрлі жаман болып қалдым.
Ертеңіне мені штаб бастығы шақырып:
– Халықтық дружина құры­лы­мының мына екі жерін өзгерту керек, – деп ақылдаса отырып, өзгерттік. Сонымен Совет Одағы бойынша мен жазған «Халықтық дружина құрылымы» пайда болды. Мақтанғаным емес, оны бірінші өмірге әкелген менмін.
– Бұл идея сіздің басыңызға қалай келді?
– Күнде көріп жүрген көріністер маған ой салды. Мен халқымды ата-анамдай шексіз сүйдім. Жеңіс күні құрметіне арналған дастарқанда өңкей дәулер, генералдар, полковниктер бас қосып, көңілді отырғанбыз. Сөз арасында біреу орыс, екінші украин, үшінші армян жақсы деді. Капитан кезім. Дивизиямыздың командирі Евгений Жаровичке қарап:
– Жолдас генерал-лейтенант, ойымды ашық айтайын, кешіріңіз, – деп алдымен кешірім сұрап алдым. Әйтпесе кінәлі болып қалуым мүмкін ғой.
– Айта бер. Мен де естиін. Бір нәрсені бүлдіресің-ау, – деді күліп, қазақша сөйлеп.
Мұның алдында менің взводым Красноярск әскери округы көлемінде бірінші орынды жеңіп алған еді. Мен:
– Қазақ жақсы, – дедім. Бәрі елеңдеп, маған жақтырмай қарады. Бір генерал сөзімді бөліп, орыстың атақты про­фес­сорын мақтай жөнел­ді. Мен:
– Орыстың профессорын қазақтың маскүнеміне айырбастамаймын, – деп едім, бәрі намыстанып қалды. – Әрине, профессор мен маскүнемнің айырмасы аспан мен жердей. Маскүнем тұрмақ профессордың алдында мен түк емеспін. Себебі, про­фессордың ха­лыққа, үкіметке пайдасы көп. Ана маскүнемнің ешкімге керегі жоқ. Алайда орыс профес­сор­дан қазақ тумайды, ал мас­күнем қазақтан қазақ туады, саным көбейеді, – дедім.
– Әй, жындысың ғой, – деді генерал-лейтенант Киселев ертеңіне оңаша шақырып алып. – Қандай жүректісің?! Соншама орыстың ортасында жалғыз қазақ – солай дейсің. Сенің батыл тапқырлығыңа тәнтімін. Сені кім тәрбиеледі?
– Мені халқым тәрбиеледі. Басқа кім тәрбиелеуші еді?
– Сенің ұлтжандылығың дұрыс. Ұлтжанды болған адам басқа халықты да сыйлайды, бәріне сенімді. Ұлтын сатқан адамнан ештеңе күтудің керегі жоқ. Ол өзіне қолайлы кез келген сәтте сені сатып жібереді.
Тағы бір басқосуда кәріс халқының өкілі «қазақ жалқау» деп қалды. Мен:
– Қиыр Шығыстан аш-жалаңаш келгеніңде пана болып, ажалдан аман алып қалған кім еді? Сен кімді асырадың? Неге үріп отырсың? – дедім. Арамызда орыс, украин, поляк, неміс, менімен бес ұлттың өкілі бар едік. Олар мені қолдады. Біздің басқосуымызға Киселевтің көмекшісі – полковник қатысып отырған. Ол Киселевке:
– Сіздің қазағыңыз (мені бәрі Киселевтің қазағы дейтін. Ол да менікі деп күлетін) өстіді деп айтып барыпты. Евгений Жарович мені өзіне шақырып алып:
– Әлгіндей деп айтқаның рас па? – деді.
– Рас, – дедім.
– Неге үріп отырсың деген сөзді қайдан тауып алдың?
– Алғаш тапқан жоқпын. Сабайын, сіздің мені жұмыстан босататын заң шығаруыңызға жағдай жасайын деп едім. Құдай сақтап қалды.
– Сабамай дұрыс істепсің. Сабағаныңда, жұмыстан шы­ғар­масам да, көкеңді көзі­ңе көрсететін едім, – деді таза қазақша сөйлеп, қарқылдап күліп. – Сені қатты құрметтеймін. Сен халқыңды сыйлай аласың.
– Евгений Жарович, мен өмірімде ешкімге жамандық ойлап, жамандық істеп көрген емеспін. Мақтанбай-ақ қояйын, әділетсіздік жасағандарға кішкене өкпелеп қалам. Бір жаман жерім, намысыма тисе, ештеңеге қарамай төбелесе кетем. Бұл жас кезімде төбелесіп үйренгенімнің сал­дары. Институтты бітір­геннен кейін ол әдетім қалды. Адам бас­қа ортаға кезіккен соң, бас­қа тәртіпке бейімделеді екен.
Кейде Евгений Жарович мен туралы әзілдеп:
– Бұл аш жүрмейді, – дейтін.
– Неге? – дегендерге:
– Орыстың екі әрпін жеп қоятын осы Амангелді. Мұның қарны ашпайды, – дейтін әзілдеп. Олай дейтін себебі, мен кейбір орысша сөздің жалғауын жұтып қояды екем.
Күтпеген оқиға әріптестеріме мені күлкі етті.
– Ол қандай күтпеген оқиға? – дедім серги түсіп.
– 23 ақпан – әскер күні генерал-лейтенант Евгений Жарович бөлімшемізге келетінін хабарлапты. Бізге ол кісі бұрын арнайы келген емес еді. Енді қардың астында жатқан сіріңке талына дейін жинадық, бөлімше аумағы жылан жалағандай тап-таза болып тұруы керек.
Салтанатты жиналыс бас­талуына жиырма минут­тай қалғанда Евгений Жарович мені шақырды. Бардым. Амандасқан соң:
– Амангелді, баяндаманы сен жасайсың, – деді. Өзім вз­водымдағы солдат­та­рым­ның киімдерін, тәрті­бін тек­серіп, абыржулы едім. Мұның алдында бөлім­шемізде баян­дама жасағанымда, коман­дирімнің:
– Орыстың сөзін бұзып сөйлейді, әскери училищені қалай бітіргеніне таңым бар, – дегенін естігем.
– Жолдас генерал-лейтенант, баяндаманы басқа адам жасасыншы, өтінем, – деп едім, көнбеді. Амал жоқ, баяндамамның қысқа сұлбасын қағазға түсіріп, алып барып едім:
– Оқы, – деді. Оқыдым.
– Жақсы, жасқанба, батыл бол, – деп жігерлендірді. Залға үлкен бастықтармен бірге еніп, кәдімгі үлкен бастықтарға ұқсап, президиуымнан орын алдым. Мінбеге шығып, баяндамамды оқыдым. Сер­жанттар, солдаттар, матрос­тар деген сөзге келгенде матростар дегенді матрастар деп оқыппын. Құдай салмасын, зал күлкіден жарылып кете жаздады. Не болып қалды деп төрдегілерге, одан залға қарадым. Бәрі жағаға шығып, ауа жетпей тұншыға тулаған балыққа ұқсап тулап мәз.
Зал әрең тынышталып, сөзімді жалғадым. Жалға­ғаным бар болсын, тағы әлгіндей төрт-бес жағдай қайталанып, зал желді күнгі теңіздей толқыса бола ма?
Мінбеден президиумға орал­ғанымда Евгений Жарович орнынан тұрып қолымды алып, жақсы баяндама жасағаның үшін саған майор шенін бердім, – деді. Зал ду қол соғып, қайта дүрлігіп кетті. Кейін білдім, майор шенін маған взводымның бірінші орын алуына байланысты бізге келгенге дейін-ақ беріп қойған екен.
– Жалғыз қазағым, сен кәуепті жақсы көресің ғой? – деді салтанатты жиналыстан кейін.
– Жақсы көрем.
– Қазақ екенің кәуапты жақсы көргеніңнен-ақ білініп тұр, – деп әзілдеді.
Евгений Жарович зейнет­керлікке шығып, Москва­дағы өзі оқыған Фрунзе атындағы училищеге директор болып кетті. Ол кісі:
– Амангелді, сенен генерал шығарам. Жүр, өзіммен бірге алып кетейін. – деді. Мен бармадым…
– Рақмет, көңілімді бір көтеріп тастадың. Амангелді, іздесек, табылмайтын нағыз патриот азамат екен, – деді Баукең ризалығын білдіріп.

Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ,
жазушы.

Жауап қалдыру