Елімізге үлес қосқан үлкен тұлға

0
568

Жаздың күн сәулесі жарқы­раған шілде айында, айнала көкке боялып, табиғат жеміс­терін берген кезде, жыл сайын Қазақстанның партия, мемлекет және саяси қайраткері  Асқар Алтынбекұлы Құлыбаевтың  туған күні аталып өтіледі. Үстіміздегі жылдың ерекшелігі – біз Асқар Алтынбекұлының 80 жылдық мерейтойын атағалы отырмыз. Асқар Алтынбекұлы барша Қазақ жерін алтын бесігіне балап, осы кезге шейін еңбектен қол үзбей келе жатқан жан. Тәуелсіздік жылдары еліміз тарихи тұрғыдан қысқа мерзім ішінде көптеген табыстарға қол жеткізгені белгілі. Осы әрбір жеткен жетістіктің артында жан аямай қызмет еткен азаматтардың еңбегін байқауға болады.
Асқар Алтынбекұлы – Қазақ­станның тәуелсіздігін нығай­тып, ел үшін тынымсыз еңбек жасаған ерен азаматтардың бірі. Ол шебер ұйымдастырушы, көр­некті ғалым ретінде елі­міздің құрылыс саласының  дамуына өлшеусіз үлес қосқан санаулы азаматтардың бірі. Осы еңбектері үшін мемлекет­тік орден және медальдар­мен марапатталды. Асқар Ал­тынбекұлы туралы тарихи деректер де, әдебиеттер де жеткілікті. Біз ұлы тұлғаның жеке адами қасиеттеріне ерекше тоқталғымыз келеді.
Асқар Алтынбекұлы – өн­діріс­тік және қоғамдық қыз­мет­ті көлемді ғылыми жұмыстармен шебер ұштастыра білетін азамат. Депутат ретінде өз ісіне жауапты әрі ұқыпты ол айналасындағыларға қашанда қамқорлық танытып, қолынан келгенінше көмек қолын созды. Үнемі адамдықтың  үлгісін көрсетіп, халық қалаулысы мәр­тебесін көтерген аптал азамат.
Туған жерін, туып-өскен белін сүймейтін адам болмайды. Асқар Алтынбекұлы – көпті көрген көнекөз кісі ғой, әдебінен жаңылмайды, көп көсемсіп сөйлей бергенді де ұнатпайды. Бірақ туған ел, өскен жер туралы пайымы ерекше. Әсіресе, оның туған жер, ата-жұртқа деген перзенттік құрметі шексіз екенін байқайсыз. Бұл сезім оның бүкіл саналы ғұмырының алтын қазығы іспетті. Қария көңілдің дария шалқар сезімі шексіз.
Табиғаты сұлу, ауасы жұпар, шөбі құнарлы өңір көне Алматының кескін-келбетіне сай оның адамдарының да жүзі шуақты, дені қуатты. Бұл – табиғи заңдылық қой. Өзі де ширақ, пысық жан. Асылы, ата-бабаларымыздың қанына сіңген осындай жақсы қасиеттерінің жұрнағын жоғалтып алмауға үлесін қосып келеді.
Ол – өнегелі өмірі, өрелі ісімен, азаматтық-адамгер­шілік болмысымен ерекше көзге тү­сетін мемлекетшіл тұлға­лар­дың бірі.
Адам жаны бейне ашылмаған арал тәрізді. Ол аралда тынысты ашатын жұпар ауасын жұтып, кемпірқосақтай құбылған жасыл әлемде алшаң басатын, адам мен табиғаттың етене, орайласа өмір сүруі осындай-ақ болар деп ойлайсыз!
Жақсы адам елдің басшы серкесіндей,
Жұғымды болар елге еркесіндей.
Жақсының жүзі жылы, сөзі майда,
Халқының қалың жүнді көрпесіндей, – деп Сүйінбай ақын жырлағандай, жеке басы­ның асыл да айнымас адамгершілік қасиеттерімен жан-жағына сәуле шашып, жылылық ұялатып тұратын ақ жүректі, нар тұлғалы асыл азаматтың асқар асулары мен жеткен биіктері жайлы қанша айтсаң да тау­сылмайды.
«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дейтін ұлы қағида қазығына сөзі мен ісін байлап өскен Асқар Алтынбекұлы қайда жүрсе де, қандай қызметтің тұтқасын ұстаса да ойын тура айтар мінезі мен табандылығы, еліміздің халық шаруашылығының жай-жапсарын мықты білетін кәсіби қабілет-қарымының кеңдігі мен тереңдігі әрқашан байқалып тұрады. Қай қызметті атқарса да ол адалдығымен әрі кәсіби шеберлігімен дараланады.
Осылайша туып-өскен жеріне, қадірін ұққан еліне адал қызмет қылудың үлгісін танытуда. Елі үшін аянбай тер төгіп, абыройлы азамат, ел ағасы атанды. Қашанда, қай лауазымның тізгінін ұстаса да биязы мінезінен ауытқымай, білсем, білген үстіне біле түссем деген ұсынақты ұстанымынан танбады. Ең бастысы, көкірек көзі ашық, һәм көргені мен түйгені көп мол қазыналы, зерек те зерделі жан шын мәнінде аға ұрпақтың атына заты сай лайықты өкілі ретінде танылып отыр.

Қазақ-Америка Университетінің ұжымы

Жауап қалдыру