Елі үшін еңбек еткен

0
140

Бекжан Нұрманұлы стандарттау мен сертификаттау саласында 42 жылдан астам үзіліссіз қызмет етіп келе жатқан майталман маман.
Махаметтегі Бекжан Нұр­манұлы 1948 жылы 5 наурызда Алматы облысы Жамбыл ауданы Самсы ауылында дүниеге келген.
Ол Шиендегі орта мектепті бітірген соң 1968 жылы Кеңес әскерінің қатарында әскери борышын өтеді. 1969 жылы әйгілі Даманск оқиғасына қатысады.
Бекжан аға 1975 жылы Еңбек Қызыл Ту ордені Қазақ ауылшаруашылық институтын бітірген соң, КСРО (Мәскеу) Мемлекеттік стандарттау комитетінің жолдамасымен Қазақ Мем­лекеттік Стандарттау басқармасына жұмысқа орналасады. Бұл жұмыста ол қызметін қатардағы инженерден бастап орталық сынақ зертхана бастығына дейін көтеріледі. Осы орталық сынақ зертхана 1980 жылдары тек Қазақстанда ғана емес Одақтағы Мемлекеттік стандарттау саласындағы сертификаттау жүйесіндегі тұңғыш мекеме болатын. Ол мекеме кейінірек «КазСертикой» деп аталды.
Осы саланың маманы бола білген Бекжан Нұрманұлы 1978 жылы Краснодар қаласындағы Бүкілодақтық стандарттау және метрология институтында «өнімдер сапасын үкіметтік бақылау» бөлімін, 1982 жылы Мәскеу қаласында сол институттың «өндіріс өнімдерін үкіметтік сынақтан өткізу» бөлімін оқып, бітірді. «Агропром» құрылған кезде сол мекеменің ауылшаруашылық өнімдер сапасын үкіметтік бақылау бөлімін басқарды. Одан кейін өнімдерді сертификаттау ғылыми орталығының бас директоры қызметін атқарды.
2003 жылы РМК «Қазақстан стандарттау жә­не сертификаттау институтында» «тамақ өнеркәсібі мен ауылшаруашылық саласын сертификаттау» және «техникалық реттеу, стандарттау» бөлімдерінде оқып, білімін жетілдіріп, эксперт-аудитор мамандығын алады.
2007 жылы қазақ хал­қының атақты батыры, елі мен жерін, басқыншы жаулардан қорғаған, ерең ерлік көрсеткен тарихи тұлға, даңқты қолбасшы, айтқаны дәл келетін көреген, абыз Қарасай Алтынайұлының туған жерінің топырағын Суықтөбе (Шиен) ауылынан алып, Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы, Құлшынбай төбесіндегі жерленген жеріндегі кесенесіне апарып, жатқан жерінің топырағын туған жеріне әкелген де осы Бекжан аға еді.
Елі үшін еңбек етіп жүрген Бекжан Нұрманұлы Алматы қаласының Әуезов ауданы мен Алматы қаласының ардагерлер ұйымының және басқа да қоғамдық бірлестіктердің белсенді мүшесі. Еліміздегі қоғамдық деңгейде өтетін үлкенді-кішілі мерейтойлар мен кездесулерге қатысып, өз үлесін қосуда. Ол кісі Төле бидің 350 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Отан соғысының 70 жылдығы, Сүйінбай Аро­нұлының 200 жылдығы, Жамбыл Жабаевтың шығар­машылық еңбектерін танытып өткізуге атсалысқан жанның бірі. Сонымен қатар Қарасай батырдың Оңтүстік Қазақстандағы Сайрам ауданында кіші Шапырашты ауылында Қарасай батыр атындағы мектепте мұражай ашуға белсене атсалысты.
Тарихы – терең, өмірі өлең ырысты елде осындай аза­маттар көп болса, біздің әлі талай ашар жа­ңа­лықтарымыз болатыны хақ.

Елдар ЖАҚЫПБЕК.

Жауап қалдыру