ДОСЫМ ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ

0
74

ҚР еңбек сіңірген қайраткері,
«Құрмет» орденінің иегері
Мүслім Дайырбеков 80 жаста
Мені ауылымнан қалаға алып кетіп, үлкен өмірге араластырған сыныптас досым Мүслім Дайыр­бекұлының бауырмалдығын, адамгер­шілігін, азаматтығын, ұлтжандылығын айтып тауы­суым мүмкін емес. Тіпті маған көрсеткен қамқорлығының шет жағасын есіткендердің өзі сырттай сүйсініп, риза көңілмен алғыстарын айтып жататыны бар.
Мүсекең бала кезінен намысшыл, өткір, қайтпас-қайсар, спорттың жеңіл атлетика, велосипед, бокс түр­лерімен үзбей айналы­сып шыныққан шымыр еді. Кейде төбелесіп қал­ған балаларды ажыра­тып жү­ретін. Бірде ажырат­қа­нына көнбей сотқар­лар­дың жабылып кеткені бар. Мүслім біреуін ұрып құлат­қанда, екіншісі қаша жөне­ліп, төбелес сап тиылды.
Көрші селодағы орта мек­тепте оқып жүргенімізде орыс балалары бізге тиісетін. Мүслім оларды жекпе-жекке шақырып, ешқайсысын шақ келтірмейтін. Оның қолы, басы, аяғы бірдей жұмыс істейтін. Қарсыласын қалай жылдам құлататынына таңғалатынбыз. Қапыда жеңіліп қалса, әлгінің үйіне барып, «қайта төбелесеміз» деп қиғылық салатын.
Біреуден зорлық көріп, біреуден таяқ жеген балалар оның көмегіне сүйеніп, айна­ласында жүретін. Дос­тары көп еді. Кейде олар­ды ас­ханаға шақырып, сый­лай­тын. Оның мұндай жо­март мінезінің талай куәсі бол­дым.
Өмірі біреуге өздігінен тиісу, біреуді кеміту деген Мүслім тарапынан кездес­кен емес. Қайда жүрсе де қазақ балаларын кемсітуге жол бермейтін. Реті келген жердің бәрінде жәбір көр­гендерді қорғайтын.
Кейін студент атандық. Кейбір қала бұзақыларының қазақтарды төмен санап, кемсітпек болғандарын тәу­бесіне келтірген сәттерін де талай көрдік. Аллатағала оның бойына батырлықты да, бауырмалдықты да, нә­зік сезімтал ойшылдықты да аямай, үйіп-төгіп берген еді. Ешкімді ұлтына бөл­мейтін. Кез келген адамды ішкі жан дүниесінің таза­лығымен, Атымтай жомарт-адамгершілігімен, табан­ды­лығымен, қайсарлығымен, еңбекқорлығымен өзіне бау­рап алатын. Онымен дос­ тасқандар ажырысқысы келмейтін, керісінше қайда жүрсе де өздерін қасында жүр­гендей көңілдеріне ме­деу тұтатын.
Мүслім қандай жағдайды бастан кешірсе де, «жа­ным­ды алсаң да арымды алма, Аллатағала» деп, ұл­тымыздың ұлттық қасиетін ту етіп биік ұстады. Біз, дос­тары, оны нартәуекелдің на­мыскер азаматы, нағыз ұлтжандылықтың символы деп ұғып, мақтан тұттық. Оның мұндай қасиетке ие болуына өскен ортасының, шыққан тегінің, әке-шеше тәрбиесінің әсері үлкен. Ол есі кірген күнінен атақты Төле бидің тікелей ұрпағы екенін біліп, ұлы бабаның еліне сіңірген еңбектерінен нәр алып өсті. Бұған Мүсе­кеңнің айналасына үзбей жақ­сылық жасап келе жат­қаны, ізгілік атаулының үл­кен­ді-кішілі сан алуан үлгі-өнегесін, тәлім-тәр­биесін та­нытуымен бірге мешіт­­терге, көп балалы отбасы­ларына, ешкімі жоқ жетім-жесірлерге, сырқат, мүгедек, кембағал жандарға үзбей қол ұшын созып жүргені дәлел. Қай­сы­біреулеріне үй сатып әпергені де бар. Жақында Мүсекең туған ауылына ба­рып, өзі салдырған мешіт­те ата-баба аруағана құран бағыштап, ас беріп қайтты.
Ерекше атап айтарым, даңқты Төле, Қазбек, Әйтеке билердің, Дулати, Бәй­дібек, Қаңлы Келдібек, Қа­ра­сай бабалардың, Ра­йым­бек, Бекет ата әулие­лердің, Қабанбай, Бөгем­бай, Сәмен, Жанқожа, Рыс­бек, Бауыржан, т.б. батыр­лардың кесене-күмбез­дерін, ескерткіштерін тұрғызуға, мерей тойларын өткізуге өз қалтасынан қомақты қаржы бергенін естігендегі жұрт алғысы бір мәртебе.
Бірнеше рет Азия және дүниежүзі біріншілік жа­рыстарына, оның ішінде 8 рет олимпиадаға Мүслімді жетелеп апарған патриоттық сезім мен ұлтымыздың на­мысы дер едік. Біздің спорт­шыларымыз Жеңіс тұ­ғырынан көрінсе екен деген ізгі тілекпен ол жан­күйер ретінде демеушілік кө­мегін көрсетумен шектел­мей, олардың жүрегін нәр­лен­діріп, әлдендіру үшін мол қа­зы-қарта ала барғанын да біреу білсе, біреу білмейді.
Кезінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Димаш Ахметұлы Қонаев газетте жариялаған сұхбатында: «Жігіттер өздерінің жағ­да­йын жеңілдету үшін бірін-бірі сатты. Мүслім Дайырбеков ешкімді сатқан жоқ», – деген еді. Осындай ер көңіл, «ұлтымның қасиеті, ұлтымның намысы – менің қасиетім, менің намысым» деген Мүсекеңді жетпіс жас­қа толған тойымен құт­тықтап, былай деген едім:
– Он баласы, алпысшақты немере, шөбересі жиналып, жүзге келген аналарына той жасап, барынша құрметтеген екен. Алқып-шалқып шексіз қуанышқа бөленген аналарының ер­теңіне көңілсіз күйге енген түрін көрген балалары: «Апа, сізді біреу-міреу ренжітті ме? Неге қабағыңыз тү­сулі?», – деп сұраған көрінеді. Сонда кейуана:
– Қарақтарым, мен қапа­лан­бағанда кім қапаланады. Сыныптас­тарымның біреуі жүзге келгенімді құттықтап, менің қуанғанымды көрмеді ғой деп қиналған екен», – дей келіп: «Мүсеке, шын жүрегіммен жүзге келуіңе тілектеспін. Сол кезде мен қасыңда болайын», – деген тілек айтқан едім. Енді сыныптас досымның сексен жасқа толған тойын төмендегі өлең жолдарымен құттықтағанды жөн көрдім.

ДОСЫМ МҮСЛІМГЕ
Оятып ойын талайдың,
Талайға қанат сыйладың.
Аялады арай күн,
Алғыс гүлін жинадың.

Әлдиледі арыңды,
Достық атты сезім-саз.
Қолтықтан демеп дарынды,
Тебіренбеген кезің аз.

Көңіліңмен мейірбан,
Мейірімді еттің талайды.
Риза саған не бір жан,
Сені өзіне балайды.

Бұзып-жардың сірескен,
Қиындықтың қамалын.
Жеңдің жауды тірескен,
Көп неткен айла-амалың.

Сұлу еттің арыңды,
Жақсылық жасап жасыңнан.
Елге сыйлап барыңды,
Атандың бүгін асыл жан.

Сыр бермес қыста, күзде де,
Қасиетіңді біледі ел.
Тілегім тоқсан, жүзде де,
Алшаң басып жүре бер…

Мамытбек
Қалдыбай,
Сыныптас досы

Жауап қалдыру