Батырлардың ұрпағы

0
140

«Сарыағаш» шипажайы. Мезгіл кіші бесін. Күздің қоңыр салқын самалы мойныңа еркелей оратылып, сені қуандырғысы келгендей жібек саусақтарымен маңдайыңнан жайлап сипайды.
Ем-домымды алғаннан кейін айналасын жасыл ағаш қоршаған ашық алаң­қайдағы орындық­тардың бірінде жалғыз ойға батып отырған палуан денелі, ақ шашты, сымбатты келген қарияның жанына жай­ғасып, жазушы екенімді айтып, жөн сұраса бастадым.
– Аты-жөнім Жас­қайрат Арын­ғазин. Солтүстік Қазақ­стан облысы Ақжар ауданы Алқатерек ауылынанмын.
– Президентіміз рухани жаңғыруға кең жол ашты ғой. Өмір белес­теріңізбен таныстырасыз ба?
– Таныстырайын. Әуелі тарихтан бастайын. Көкше төңірегінің Қарауыл ұрпа­ғы ішіндегі Арық деген кісінің қалыңдығы Жетісу өлкесіндегі біздің Қаңлы елінің қызы екен. Қыз ұзату кезінде құдалардың пысықтау жігіті Көкше еліндегі туысының бойжеткенін қыдыртып, ерте келіпті. Бір бабамыз сол бойжеткенмен көңіл қосыпты. Ол анамыздан Жанкелді, Малкелді, Байбұра деген ұл дүниеге келеді. Ержеткен соң үшеуі нағашыларына барып, 5-6 ай жатып, еліне қайтқан кезде Аңырақай шайқасына кезігеді. Не ілгері өте алмай, не кері кете алмай қазақ қолына қосылып, аянбай соғысып, екеуі жүз басы, біреуі мың басы болады.
Абылай хан қалмақты жеңіп, бір шеті Қызылжар, бір шеті Есілдің сырты Құсмұрын деген жерге дейін әскерін ұстап тұрады. Көкшенің төңірегіндегі Аты­ғай, Қарауыл, Керей, Уақ – төрт атаның балаларына:
– Пәленбай киіз үй тігесіңдер. Жасақ қатарында қалып, жар сүйіп, осы жақты мекендеймін дегендерге жер берем, кетемін дегендерге рұқсат, – дейді.
Нағашылары жасы үлкен деп Малкелдіге керемет шұрайлы жерді бөледі. Осы күнге дейін оны қаңлының жері дейді. Кезінде бір жақ беткейінде 9, екінші жақ беткейінде 8 ауыл болған. Қазір ол елдімекендегі адамдарымыз әр жаққа көшіп кетіп, жетім зираттар, жетім аруақтар ғана қалды.
Екінші бабамыз Жанкелді өнерін көрсетіп әрі нағашыларының беделінің арқасында Сапақ деген байдың жалғыз қызына үйленеді. Бай қайтыс болғанда жиендері Асан, Үсен, Мәмбет, Сапақ деген төрт ұлдан Жақсылық, Жолдыбай, Игілік, Сүйіндік, Жарылқамыс, Жақау, Кенже, Сейітқұл, Тәнти атты жиеншарлары Сапақ қаңлысы аталады. Абылайдың 30 биінің төрт биі қаңлының жігіттері болады.
Кенже бабамыз Байбұра Ақсу, Бөгенбай руднигінің маңын­дағы Жауардың қы­зы­на құда түсіп үйленіп, сол жаққа қоныстанады. Оның Ескелді, Жағал деген екі ұлынан тараған қаңлы­лар әжептеуір көбейіп, өсіп-өнеді.
Хандық жойылғаннан кейін көрші ауылдың өзін-өзі көтермелеп сөйлейтін, керемет қияңқы, әпербақан атқамінері:
– Ат төбеліндей қаңлы Мал­келдінің жері шұрайлы. Мал-мүлкін, дүниесін тонап, сыпырып алсам, бұл жақтан өздері де кетеді, – деп 60 қолмен тұтқиылдан шабуыл жасайды. Әрі батыр, әрі қажы Жаманқара атамыз, Сахариба анамыз қол бастап, шоқпар, сойыл алып, 60 адамды аттан түсіріп тастайды.
Мұны естіген Айтмұхам­бет, Игілік деген билер, Нұрмаған қажы ел арасы бүлінбесін, өрескел ерсі іске тыйым салайық, ана әпер­бақанды, оның жасы үлкен­дерін шақырып, татулас­­тырайық деп әрекет­тенеді. Әпер­бақан жөн сөзге құлақ аспай, Көкшенің ар жақ бетіндегі Қарауыл­дан 300 қол жинайды. Бұдан хабар­дар қаңлылардың қарт­­тары: «Бізге, кәрі-құртаңға тиі­се қоймас. Сендер босқа арандап қала­сыңдар», – деп күллі қыз, бозбала жігіттердің, жас ке­лін­шек­тердің бәрін Жанкел­дінің ауылына жібе­ріп, өз­дері дүние-мүлкі­мен, мал­­­­дары­мен жазғы жайлау­да қа­ла­ды.
300 қол келеді. Өңкей есірген жастар әпербақанның арандатып еліктіргеніне ар­қа­лары қозып, бәрін ұрып-соғып, киіз үйлерінің шаңы­рағын қиратып, бесіктеріне дейін сындырып, малдан тұяқ қалдырмай айдап әке­теді. Қаңлылар малсыз, бас­панасыз қалады.
– Тып-типыл еттік. Қаңлылардың алдында мал жоқ, көшпегенде не істейді? – деп тон пішеді. Бірақ екі биіміз, екі батыр ағамыз төртеуі Омбыға барып, 15-20 күн жатып, архивті қопартып, Абылай ханның өздеріне жер бергені туралы мөрі басылған бұйрығын тауып, генерал-губернаторға көрсетіп, 250 солдатпен ауылдарына келіп, мал-мүлкін түгел қайтарып алады. Киіз үйлерін, бесіктерін қиратып, өздерін ұрып-соққанына айыппұл төлетеді.
– Бастарыңыздан үлкен оқиға өткен екен ғой?
– Достай деген бабамыз 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде бір топ қаңлыларды, қазақтарды бастап, Торғай өңіріндегі Амангел­ді отрядына қосы­лады. Екінші дүние жүзілік Ұлы Отан соғысына да қатысып, ерлік көрсеткен жігіттері­міз де көп.
– Жастар бұл тарихты біле ме?
– Біледі. Айтып, құлағына құйып келеміз.
– Өзіңіз кім боп істедіңіз?
– Гараж меңгерушісі, кейін корпорацияда істедім.
– Қанша перзен­тіңіз бар?
– Алты балам бар. Үлкен ұлым жол­көлік институтын бітіріп, жауапты қызметтер атқарды. Мектепті алтын медальға бі­тірген бір ұлым Ауған со­ғы­сына қатысып, жауыры­ның ортасына оқ тиген­мен, әйтеуір аман қалды. Мамандығы – агроном. Совхоз директоры боп істеді. Қазір өзінің шаруақожалығы бар. 9 орден иегері.
Төрт қызымның үлкені мұғалима, Көкшетау қала­сындағы бір мектепте ди­рек­тордың оқу ісі жөнін­дегі меңгерушісі. Екінші қы­зым Назарбаев атындағы мек­­тептің ұстазы, үшінші қызым экономика факультетін бітірген. Шаруақо­жа­лы­ғы­ның есеп-қисабын жүр­гізеді. Кенже қызым өзі де, күйеуі де дәрігер. Франция дәрігерлерімен бірігіп, дәрі-дәрмек әзірлейді. Не­мере­лерімнің де тәртібі, са­бағы жақсы.
– Биыл қанша жастасыз?
– Жетпіс жетідемін. Басымыздан өткен тарихымызды кітап етіп жазсам деген ойдамын.
– Ниетіңізге жетіңіз.

Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ,
жазушы

Жауап қалдыру