Азаматы аялаған алаштың

0
92

Қазақстан Республикасының кезінде Құрылыс министрі болған, бүгінде «Алматықұрылыс» холдингінің президенті, Қазақстан құрылысшылар ассоциациясының төрағасы тәрізді аса жауапты қызметтерді атқарып жүрген Амангелді Дінұлы Ермегияев елімізге танымал тұлғалардың бірі. Бүйрегі үнемі елге, халыққа, қазаққа бұрып тұратын асыл азамат бүгінде 75 дейтін мерейлі жасқа жетіпті. Кішіпейіл де елгезек қалпымен әлі күнге көптеген игі шаралардың ортасында жүреді. «Prezident & Halyq» газетінің редакциясы ел ағасын мерекелі мерейтойымен құттықтай отырып, көрнекті қаламгер Софы Сматаевтың тарлан тұлғаға арнаған поэмасынан ықшамдалған үзінді ұсынып отыр.

Софыян (Софы СМАТАЕВ)

Азамат ол.
Шыққан орны жоғары.
Адалдыққа толған көңіл тоғаны.
Өзіне емес,
Өзгелерде тілегі
«Ұлтым!» дейтін – ұялатар қоғамы.

Іздемейтін жолдың, істің оңайын
Кеудесіне қонған күй, саз, талай үн.
Ұсақ-түйекпен әуре болмай, бел шешіп
Бітіретін бар шаруасын толайым.

Даналығын, тазалығын Даланың,
Туралаған қазақ дейтін дананың.
Кеудесіне қазына ғып тоғытып,
Кеудесінен сайрататын таң әнін.

Жомарт жүрек,
Жаны жайсаң,
Кең құшақ,
Қазақылық бай мінезге енді сап,
Ашып тастап көкірегін баршаға,
Жайраңдайды Жарылғаптай ер құсап.

Ал Жарылғап – асыл тегі, бабасы!
Орта жүздің табынар бір ағасы.
Баба – сыйлы.
Бабасына сыйынған
Азаматтың бабасындай бағасы.

Әй, бәрібір,
Күндемесең, күндесең.
Танытайын,
Танып бұрын білмесең.
Тілге шешен,
Білігі әсем,
Ойы – ұшан,
«Нұр Отанға» болған бір кез бұл көсем.

Оған ынтық көңілімнің құштары,
«Алашым!» деп соғар жүрек күш, қаны.
Оған қымбат ұлтының салт-дәстүрі,
Ат-атағы жұрттың биік ұшқаны.

Өзгелерден өзгешерек ер мүсін,
«Туа салған қазағы үшін!» дермісің.
Ол күлгенде – ақтарылар жан сыры:
«Бәрі осындай болады, – деп, –кең кісің!»

Жүзге жіктеп бір Алашын бөлмеген,
«Ұлтым!» деумен күйген, жанған, шөлдеген.
Асыл сүйек Арғын болып туғанмен
Жаны бірге Албан атты елменен.

Бір қуанып, бір қуарып ұлтымен,
Бірге жасап келеді әдет-ғұрпымен.
Қазағының киесіне киліккен
Қырсықтының жалғыз шығар қырқымен.

Шолсаң-дағы сылтау іздеп қай тұсты,
Таба алмайсың бай мінезден байқұсты.
Тұғырына қондырған-ды бір кезде ол
Ең қадірлі ұлт өнері – айтысты.

Тұншыққанда қаржы қысып танау, дем,
Жас үкімет тиын-тебен санаумен.
Бүтіндеді ол өнер, білім жыртығын,
Ел көңлінің тесіктерін жамаумен.

Қайсыбірін тауысармын түгендеп…
Ел намысын мінген-ді ол жүгендеп.
Азаматы азаматтық жасаса,
Ән орнына кіре алмайды мұң ендеп.

Қызған айтыс әр өңірде, аймақта.
Күлкі үйірер ұлт шаттанса, бай, баққа.
Амандардың арқасында кейбіреу
Нанын малып жеген аппақ қаймаққа.

Демеушіні теңеп қыран, сұңқарға,
Айтыскерлер мінген талай тұлпарға.
Айтқан солар елдің сөзін тайсалмай,
Сахнадан жұрт жыртысын жыртарда.

От көмейлеп өткір тілдер жүйткіген,
Елді үйірген шындығымен ұйтқы дем.
Ақиқатты мен де айтумен келемін,
Солар құсап мінбесем де «джипты» мен.

Жә-жә, қайтем көңірсітіп өкпені…
Жер жатсынса,
Табар әлі-ақ көк мені,
Аман болсын Амангелді – текті іні
(Текті ақынның аз ба кекті шеккені).

***
…Сағыздай ғып малағамды созбайын.
Адалдықты, адамдықты қозғайын.
Осы інімнің Ірілігі ғаламат,
Сөз сұрасаң – қолға ұстатар бөз дайын.

Бәрін алдым: сөзін, бөзін, қабағын.
Адалым ғой,
Адамым ғой – қарағым.
Биік екен, ашық екен – аспаным
Жап-жарық боп қоя берді-ау қара күн!..

Шашырады шуақ шашып күн нұры,
Күлкі болып ақты жанның сыңғыры.
Түп-түзу боп жолым алдан ашылды
Жоқ болды да адастырған жыңғылы.

Түсінісу қандай ғана тамаша,
Қөңіліңе көңілін ол жамаса!
Өзіңе өзің отырасың тамсанып,
Құрып алып рақат күйді оңаша.

Бір-ақ сәтте сондай ғажап күй кештім,
Тәңірмен де,
Дәуірмен де үйлестім.
Сондай кезде ойлайсың-ау құлпырып:
«Енді ешқашан тоңбаспын да күймеспін!»

Мың жасағыр Амангелді Дінұлы –
Азамат һәм Адам екен тым ірі.
Мөлдір екен көңілінің аспаны,
Биік екен жүрегінің тұғыры!

Көрсеткенде құшағының кеңдігін,
Мейірімге толып кетті ендігім.
Әлгіндегі ашу – ызам ыдырап,
Шуағымен дәл төбемнен төнді Күн.

Қолыңдағы тұтас қазақ туымен,
Кеудеңдегі Әбілхаят суымен,
Түбі, тегі, түбірі бір Алашты
Сонда, Әбекем, кір шалмас қып жуып ең!

Барша қазақ жұдырық боп түйілсе,
Досына емес,
Қасына тек шүйілсе,
Жеңілмес жау, шешілмес дау болмасын
Дәлелдеп ең,
Әділетке иілсе.

Сен іздедің бергенді емес, алғанды,
Көкірегін мұң мен шері шалғанды.
Құтханаға айналдырып жібердің
Опасыздық бүрген мынау жалғанды.

Сорды қауып,
Жерді құшса қарасы,
Көзден аққан жасқа толса даласы,
Апан ауызы қан көмейлер төреге
Керек болмай қалған кезде данасы,

Сен таныттың құдіретін ғұрпымның,
Қанда қалар қасиетін ұлтымның.
Ер киесін, жер киесін қастерлеп,
Жүрегінен жаралып ең жұртыңның.

Қазағым-ай!
Қандасым-ай!
Барым-ай!
Өзектесің өзегіңе дарымай
Жүрген кезде
Жүруші ек қой зар илеп.
Ақ пейіл мен шат мейірге жарымай.

Енді міне түріп тастап бұлтын Күн,
Арқаландым,
Асып-тасып сілкіндім.
Дәл мынандай інім қолын созғанда,
Қисаймайды бір қылы енді мұртымның.

Ызғар қашып, шуақ құйды төбемнен,
Бір күй боздап қоя берді денемнен.
Ешқашанда арамдыққа ұйымай,
Адалдыққа көз жұмғанша сенем мен!

Жауап қалдыру