«Қазақтың» жанашыры

0
292

«ҚАЗАҚ» газетінің 105 жылдығы қарсаңында Махмұт Ыбырайхан­ұлының былтыр «ҚАЗАҚ» газетінің жаңа құрылтайшысы болуының себебіне тоқталсақ артық болмас. Иә, руханият жанашыры болып жүрген Махмұт Нәлібаевтың шарапаты «ҚАЗАҚ» газетіне де аз тиген жоқ. Оның үстіне Әлихан, Ахмет, Міржақып негізін қалап, 1913-1918 жылдары 265 саны жарық көрген «ҚАЗАҚ» газетін араға 88 жылдан кейін халқымен қайта қауыштырған жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің қолға алған тарихи игі бастамасына шын ықыластық танытқан азамат та Махмұт Ыбырайханұлы болды. «ҚАЗАҚ»-тың екінші тынысын ашқан жазушы Қоғабай Сәтенұлымен жақын араласты, 100 жылдан астам бай тарихы бар ата басылымға қаржылай қарайласып тұрғанын да несіне жасырайық.
2014 жылы Қоғабай Сәрсе­кеев дүниеден өткенде «ҚА­ЗАҚ»-тың күні енді не болар екен?» деген екіұдай пікір­лердің басы қылтиып шық­қаны да, тіпті редакция қызмет­кер­лерінің желдей ескен жора­мал­дардан дағдарып қалғаны да жасырын емес. Өкінішке орай, марқұм Қоғабай ағаның қаза­сынан кейін көбі «өзі жоқ­тың – көзі жоқ» дегенді ұстанды. Бар ауыртпалық Қоға­бай Сәтенұлының жары Гүл­баршын Мүталапқызына, ұрпақ­тары мен редакцияға түсті. 2014-2016 жылдары газет қиын-қыстау кездерді басынан өткерді. Сол сын сағатта тағы да тау тұлғалы Махмұт Ыбырайханұлы алдан шықты. Газеттің бар ауыртпалығын мойнына алды. «ҚАЗАҚ» газетінің үшінші тынысын ашты.
Ең бастысы, газет таралымын арттыру мақсатында біраз істер атқарды. Атап айтқанда, «ҚАЗАҚ» газеті Халықаралық Алматы әуежайында, «Сайран» автобекетінде, «Алма­ты-1», «Алматы-2» темір жол бекет­­терінде, Алматы метро­политенінің 9 бекетінде және Qazaq Air борттарында тегін таралып жүр. Жыл басынан газетте ребрендинг жасалды. Газеттің мазмұны кеңейіп, безендірілуі өзгерді.
Мұны Махмұт Ыбырайхан­ұлы­ның ұлылар қалдырған ұла­ғаттың үнпарағы болған «ҚАЗАҚ»-тың шығармашы­лығы­на азаматтық айбар, қай­рат­­керлік қажыр қосқанын, дағдарыс кезеңінен тарықпай өтуіне рух бергенін Алаш арыстары тапсырған аманаттың жауапкершілігін жан жүрегімен сезінгені деп қабылдадық.
1913 жылдың 2 ақпанында «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болсын деп, ұлттың тұңғыш демократиялық басылымы «ҚАЗАҚ» газетін Алаш қайраткерлері шығарғаны тарихта таңба басқандай етіп анық жазылған. Әлихан, Ахмет, Міржақып сынды арыстар газетті ұйымдастырып, шығарушылар сапында тұрды. Алайда сол қиын-қыстау дәуірдің өзінде де басылымның дер кезінде шығып, қара орман қазағының қолына жетіп отыру үшін де үлкен қаражат керек болғаны анық. Бүгінгі тілмен айтсақ, демеушілері, қолдаушылары болған. Тап сол қоғамдағы қаражат тапшылығын жаңа ХХІ ғасырда «ҚАЗАҚ» қайта басынан кешіргенін, сын сағатта Махмұт Нәлібаев «Қазақты» қайта «Қазақ» етіп, қанатының астына алғанын жоғарыда айттық.
Езілген елдің жоқтаушысы болған «ҚАЗАҚ» газеті ХХ ғасырда қандай жомарт жандардың қаржылай көмегімен шыққандығын осы арада еске ала кетейік. Сол дәуірдің өзінде дәулетімен ұлтқа қызмет ету жолында аттары шыққан қазақтың ақжүрек қалталы азаматтарының көбі «ҚАЗАҚ» газетінің жарық көруіне септігін тигізген. Бұлар көмектерін әрқайсысы әр уақытта жіберген еді. Біз олардың бәрін жарияламасақ та, мүмкіндігінше біразының аты-жөндерін жариялауға ты­рыстық. «Көмек берушілер: Есен­құл қажы Маманұлы – 100 сом, Ғайнижамал Еменқұл қажы жамағаты – 100 сом, Тәңірберген қажы Тұрысбекұлы – 429 сом, Айтмұхамбет Тұрысбекұлы – 100 сом, Қожа Ахмет Маманұлы – 50 сом, Құдайберген Тұрысбекұлы – 50 сом, Егеубек Жиенбайұлы – 10 сом, Ғ.Әлібекұлы – 150 сом, Хұсайын Үкенұлы – 25 сом, Жолымбет Тұрымбетұлы – 25 сом, Ерназар Жауқашарұлы – 20 сом, мұғалім Нығметолла Күзембайұлы – 15 сом, Нұғман Қанатбайұлы – 5 cом, Өмірәлі Пәнтешұлы – 5 сом, Тілеген Бадырақұлы – 5 cом. Барлығы – 1274 сом» деп газет басқар­масы алғыстарын білдірген.
Енді тарихи дерекке жүгінсек, газет патшалық саясатқа қарсы мақалалар жариялағаны үшін төрт-бес мәрте үлкен айыппен тоқтатылған. Сондай қысыл-таяң кездерде оның қайта ашылуы үшін төленетін қаржыны (әр кездері 50, 1500, 2000, 3000, 4550 сом айыппұл тағылған) ұлтымыздың ауқатты ақжүрек азаматтары төлеген екен. Жоғарыда айтылған газет басшыларының алғысы осы сөзіміздің дәлелі болмақ.
«Әр жылдары «ҚАЗАҚ» газетінің пайдасы үшін газеттің құ­рылтайшысы – «Азамат» се­ріктестігіне Ақмоладан Мән­тен молда Болақов 10 сом, атбасарлық Әбуәллис Кенжебаев пен Әбухасан Аңсағаев 15 сом, шалқарлық Ермұхамбет Сатыбалдыұлы 4 сом, Қажы Жосмайыл Қашқынбайұлы Қос­танай уезіндегі талапкер, ер көңілді жігіттердің басын қосып, 20 сом ақша жиып берген. 1913 жылдың 10-15 қарашасында Верхний Орал уезінің Наследники деген қаласында жылдық жәрмеңке өткен. Оған Қостанай уезінің төрт-бес болысынан келген көзі ашық, елдік намысы бар мырзалар бас қосып, «ҚАЗАҚ» газетіне Жетіқара болысынан біраз адамдар қаржы жиып, барлығы 115 сом 71 тиын тапсырған».
«Дүниеден бір сабақ жіптен жиылса, жалаңашқа көйлек» деген мақал бар. Қазақ оқырмандары үшін қазақ даласының әр шалғайынан «ҚАЗАҚ» газетінің редакциясына осылайша демеушілік жасалып тұрған.
Міне, сол Алаш қайраткерлері атымтай жомарттардың қар­жылай демеушілігімен «ҚА­ЗАҚ» газетін қазақтың Ұлы дала­­сына таратып еді…
Әлихан, Ахмет, Міржақып­тар негізін қалап, 1913-1918 жылдары 265 саны жарық көрген «ҚАЗАҚ» газетін араға 88 жылдан кейін қазағымен қайта қауыштырған жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің қолға алған тарихи ігі бастамасына шын ықыластық танытып, «Қазақтың өлгені тірілді, өшкені қайта жанды!» деп қуанған азамат да осы Махмұт Нәлібаев болатын.
Қоғабай Сәрсекеев «Қа­зақ­ты» қайта жандандыр­ғанда… әлденеше буын есейіп, ержетіп еді… Дүние өзгерді. Адамдар ауысты. Ұрпақ орнына ұрпақ келді. Абайдың өз сөзімен айтқанда, «Дүниенің үлкен көл екенін, заманның соққан жел екеніне» көзіміз жеткен еді… «Әр заманның өз сұрқылтайы» демекші, ауысқан қоғам мен біріне-бірі ығысып орын берген ұрпақтар санасына ықпал етуге ұмтылған әралуан идео­логиялық ұстанымдар тарихтың сарғайған беттеріне айналып, архив құшағына жол тартқан еді…
Жаңа дәуір, жаңа ұрпақ тұғыры биік басылым «ҚАЗАҚ» арқылы тумысы бөлек кемеңгер ойлы Алаш арыстарын тани түскен болатын. Қоғабай Сәр­се­кеев те жаңа қоғамның тынысына леп беру үшін Алаш қай­раткерлері туралы құлаш-құлаш тың материалдарды жа­риялап жатты… Бұл да болса рухани кеңістігіміздің бар саласына ықпалын тигізумен болды.
«Қазақ» қазақтың қарапайым оқырмандарына алаш сөзінің құдіретін, алаш үнінің бірауызды бірлікте, ынтымақта болуын ұғындырып, ең бастысы алаш қайраткерлерін Алаштың айдынды кең байтақ даласына кеңірек таныта түсті. Басылымның басты мақсаты да осы еді ғой!
«Қазақтың» ата басылымға айналуының, қайта жарыққа шығуының да себебі сол, әу бастан қазақ есімді ұлы халықтың сүйегінен жаралып, сүтін емгені!..
Қоғабай Сәрсекеев те алаш арыстары ұстанған бағытты ұстанып, «Қазақты» нағыз қазақтың басылымы етіп шыға­рып отырды. Қазақы басылым деуіміздің сыры мынада: қазақы сөз… қазақы ой… қазақы таным… Ұлт газеті дейтін ұлы ұғымға сананы жұды­­рық­тай жұмылдырып, оқырман­ның талғамынан шы­ғып еді.
2014 жылы қазақы таным­дағы қаламгеріміз Қоғабай Сәрсекеев дүниеден өткеннен кейін газет қиын-қыстау кез­дерді басынан өткерді. Осы сындарлы уақытта Махмұт Ыбырайханұлы «Қазақтың» үшінші заманауи тынысын ашу­ға бірден-бір себепкер болды.
2013 жылы «ҚАЗАҚ» газе­­тінің 100 жылдығы республика көлемінде кеңінен аталып өтілді. Жер-жерде ғылыми конференциялар, түрлі шаралар өтті. Ал редакцияның ұйымдастыруымен өткен басты конференция сол жылы сәуір айында Алматыдағы «Достық» үйінде өтті. Әбдіжәміл Нұрпейісов, Серік Қирабаев, Тұрсынбек Кәкішев, Әбілфайыз Ыдырысов, Фариза Оңғарсынова, Әшірбек Сығай, Мұхтар Шаханов, Кенжеғали Сағадиев, Мұрат Жұрынов сынды тұлғалар қатысқан салтанатты жиында «ҚАЗАҚ» газетіне – 100 жыл» атты мерекелік медаль қайта шыққан газетке үлес қосқандарға табысталды.
2006-2013 жылдар аралы­ғында «ҚАЗАҚ» газетінде жа­рық көрген кейбір маңызы зор мақалаларды іріктеген мар­құм Қоғабай Сәрсекеев 100 жылдыққа орай «Қазақ шаруасы» деген атпен көлемді кітапты жарыққа шығарды. Конференция соңы банкет пен өнер саңлақтарының концертіне ұласқан болатын. Ал, газеттің биылғы 105 жылдығы да республикалық көлемде аталып өтіледі. Республикалық конференциядан бөлек, газеттің 1913-1918 жылдардағы сандары шыққан Орынборға экспедиция ұйымдастырып, алғашқы редакциясы болған ғимаратқа баруды жоспарлап отырмыз.
Әдетте, қазақшыл болу бар да, сол қазақтың қамын ойлау, өзіңді сөзбен емес іспен көрсету тағы бар. Ал тұғырлы тұлға топқа емес, ең алдымен ұлтқа қызмет етуді ойласа керек. Ендеше, Махмұт Нәлібаевтай кең жүректі Азамат барда ертеңгі ұрпақ та осындай мәрт­тік пен жақсылықтан кенде бол­майтындығына кәміл сенеміз.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ,
«ҚАЗАҚ» газетінің
Бас редакторы

Жауап қалдыру