Қазақ тарихының қамқоры

0
39

Қазақ ұлттық тарихын зерттеуші ғалымдар легінде алаштанушы Талас Омарбековтің есімі айырықша аталады. Бұл күндері жетпіс жастың желкенін керген тарихшы ұлт тарихының ақтаңдақ тұстарының құпиясын ашуға ден қойып жүр. Төмендегі мақала ғалымның өмір жолы мен ізденістерінен сыр шертеді.
Амал жоқ, партия басқар­ған тоталитаризм заманында Мәс­кеуге тәуелді туған елі­нің көне тарихын зерделеуге сол кездегі беделді деген тарихшылардың батылы бара бермейтін. Жас тарихшының тыйым салынған тақырыптарға ұмтылуы партия басшылығына мүлде ұнамайтын. Алайда ұлттық рухын түсірмеген зерделі жас ғалым Талас Омарбеков қалыптасқан жағдайды бірден түсініп, 1977 жылы өзінің болашағын партиямен үйлестіруге қарай бұрды да, өзі оқыған Абай атындағы ҚазПИ-дің КОКП кафедрасына аспирантураға түсті. Ғылыми ізденісін тарих ғы­лымдарының докторы, профессор Жүнісбек Жұма­бековтың жетекшілігімен Қазақ­стандағы колхоздастыру кезеңімен байланыстыруға мәжбүр болды. Дегенмен, зерделі тарихшы өзі ақтарған мұрағат ақпараттарында кез­дескен ұжымдастырудың көлегейлі жақтарын да көке­йіне жинақтай берген еді.
Алайда ғылыми жетекшісі оқыстан қайтыс болып кеткен­діктен кандидаттық диссертациясын қорғауы кешеуілдеп қалды. Ғылыми еңбек жолын 1980 жылы аталмыш кафедрада оқыту­шылық қызметтен бастады. Сонда жүріп 1982 жылы кандидаттық диссертациясын қорғайды. Кейін 1989 жылы ҚК ОК жанындағы Партия тарихы институтының аға қызметкерлігіне ауысты. Бұл өзі КСРО тарап, тарихтың көлегейлі тұстарының құ­пиясы ашыла бастаған кез еді. Міне, дәл осы сәтті орайлы пайдаланған ол, тарихтың нағыз ақтаңдақтары туралы деректерге қол жеткізіп, 1995 жылы ұжымдастырудың зобалаңы мен Ф.И. Голо­щекиннің Қазақстанда жаса­ған геноциді туралы тарихи шындықтың бетін ашқан зерттеулерін жариялады. Осы негізде докторлық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Қазақстанның тәуелсіздігі жылдарында ғалымның айы оңынан туды, оның шынайы тарихшылық ғұмыры басталды. Баспасөз беттерінде ақиқатты айғақтаған қомақты еңбектері жарияланып, тарихи танымы мол зерделі кітаптары бірінен кейін бірі шыға бастады. Айталық, Қа­зақстандағы күшпен ұжым­дастыру және оның сал­дарына арналған «Тарих тағылымы не дейді?», 1929-31 жылдардағы халық кө­те­рілістеріне арналған «Зо­ба­лаң», осы жылдардағы ашаршылық және оның себебіне арналған «Қазақстан қасіреті», «Қазақстан тари­хының XX ғасырдағы өзекті мәселелері», «Қазақстан тарихына және тарихнамасына ұлттық көзқарас», «Тарихпен өрбіген тағдыр» атты іргелі зерттеу еңбектері жарық көрді. Жаңа заманда бұл еңбектердің қайсысының да маңыздылығы мен өзектілігі жоғары болатын. Ғалымның тарихқа қатысты құнды еңбектері көп тарихшылар үшін адасқанда жөн сілтейтін құбылнама рөлін атқарғаны жасырын емес.
Жоғарыда аталған еңбек­тердің ішінен әкелі-балалы Омар­бековтардың 2004 жылы жарыққа шыққан «Қа­зақ­стан тарихына және та­рихнамасына ұлттық көз­қарас» деп аталатын мо­ногра­фиясын бөле-жара айтуға болады. Бұл еңбек­те Қазақстан тарихы мен тарихнамасының методо­ло­гиялық мәсе­леле­ріне, М.Х. Дула­тидің «Тарих-и раши­диінің» және Өте­міс қажының «Чингиз-намесінің» қазақ тарихын зерттеудегі маңызына және Тоқтамыс, Едіге тәрізді күрделі тарихи тұлғаларға жаңа көзқарас тұрғысынан баға беріліп, жаңа Отан тарихының тарихнамасының ауқымды мәселелері топ­тас­тырылғанына көз жеткізесің. Қайта жазылған еңбектің өзіндік ерекшелігі сол, осы зерттеуді қолға алған көрнекті тарихшы Т. Омарбеков ХХ ғасырда басталған ғылыми-тарихи білімнің Қазақ хан­дығы дәуіріндегі ұлттық өрісінің тарихи біліммен байланысын ашу үшін, бірнеше ғасырға кейін шегінуді жөн көрген. Ғалым біздің ойымызша, дәстүрлі тарихи білім қайнарларының әрідегі бастауларын дөп басып, анық көре білген. Расында, белгілі бір түбір болмаса, қазіргі қазақ тарихының жүйелі арнаға түсуі де қиын болар еді. Талас Омарбековтың тағы бір өзіндік ерекшелігі негізгі жұмысы болсын, қоғамдық шаруасы болсын тарихпен байланысты болып келеді. 1995-1997 жылдарда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жанындағы ЖОО оқытушыларының білімін же­тілдіру иниститутын­да тарих және саясаттану ка­фед­расының меңгеру­шісі болса, 1997-1999 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы тарих ғылым­дарының док­торы дә­режесін беретін дис­сер­тациялық кеңестің ал­ғашқы төрағасы қызметін атқарды. 2001 жылдан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қазақстанның ежелгі және орта ғасырлар тарихы, ал 2001-2016 жылдары Қазақстан тарихы кафед­расының меңг­ерушісі, бір мезгілде 2005-2009 жылдары «Алаш» тарихи-зерттеу орта­лығының директоры, 2006-2009 жылдары Респуб­ликалық «Алаш» тарихи-этнологиялық журна­лының ғылыми жетекші редакторы қызметтерін ат­қарды.Осы «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының жұмыстары аясында 4 жыл ішінде оның жетекшілігімен және тікелей авторлығымен «Қазақ ру-тайпаларының тарихы» (27 том), «Қазақтың этникалық тарихы» (9 том ) атты көлемді монографиялар жарыққа шықты.
Бұл жылдар ғалымның та­рих ғылымдары саласын­да ірі жетістіктерге жеткен ай­шықты кезеңі болды десек, сірә қателесе қой­мас­пыз. Тіпті, Тәкең жауап­тылығы өте жоғары қыруар жұмыстар арасында жүріп, қосымша ретінде «Ақиқат» және «Қазақ тарихы» журналдарында ғылыми редактор, бөлім меңгерушісі қызметтерін қоса атқарса, бұның бәрі ұлттық намысты ту еткен тарихшының сол кездері аяғын тәй-тәй басып келе жатқан тарих ғылымына және өз ұлтына деген асқан жанашырлықтың көрінісі болатын. Ол ұлт тарихында өзі «Кіші қазан» деп ат қойған кезең туралы түбегейлі зерттеулер жүргізді. Сол терминді өзі ғана бірінші болып қолданып қоймай оны бүкіл тарихшылардың сөздік қорына енгізе алды. Өз уақытындағы көреген тарихшылар Е. Бекмаханов, М.Қ. Қозыбаев, К. Нұрпейісов, Ә.С. Тәкенов, Ж. Қасымбаев сияқты алдыңғы буын өкілдерінің кеңестік қыспақта жүріп, қазақ тарихын өрнектеген көлегейлі ойларына қанат бітірді. Бүгінгі жас тарихшылардың еркін көсілуіне жол ашты. Егер елі­мізде тарих саласының бұрынғы жабық тақырыптары бойынша кандидаттық, док­торлық, магистрлік дисертациялар көптеп қорғалып жатса, бұл арада олардың бәрін Т. Омарбековтың жолын қуушылар деп айтуға толық негіз бар.
Тарих ғылымы саласында 45 жылдан аса еңбек ете жүріп, көрнекті тарихшы дәрежесіне көтерілген талас Омарбеков – әрі әдіскер, әрі оқытушы-ғалым. Қазір ол әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жанындағы Орта­лық Азиядағы дәстүрлі өрке­ниеттерді зерттеу орталы­ғының директоры Бүгінгі таңда ғалымдық кемеліне келген тарихшы Қазақ­станның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның тарих біліміндегі жетістіктерін зерделеуге кіріссе, бұл оның жалпы түркітілдес халықтардың түпкі бастауларының және олардың әлемдік өркениет­тегі өзіндік орны мен рөлін көрсетудегі ұлттық рухты көтеру жолындағы ұмты­лысын білдіреді.
Ол кейінгі жылдары қазақ халқының, оның мемле­кет­тілігінің шығу және қа­лып­тасу тарихын зерттеу­ге ерекше ден қоюда. Бұл ең­бектердің бәрінде түркітіл­­дес халықтармен болған ежел­гі байланыстар және өзінің диалектикалық жә­не ділдік ерекшеліктері­мен дараланған бүгінгі Қазақ мемлекеттілігінің түп төркін­дері нақты деректермен дә­лелденген. Автор өзінің жеке ізденістерінің нәтиже­сінде осы бағытта «Қазақ түркілерінің этникалық тарихы (б.з. б. I мыңжылдық- б.з. IX ғасыры)» (2013 ж.) «Қазақ түркілерінің шығу тегі» (IX-XIV ғғ.) (2014 ж.), Орталық Азия көшпелілері тарихына арналған 4 томдық монография (2015-2016 жж.), «Қазақ хандары» (2017 ж.), «Қазақ мемлекеті: қағанаттар, ұлыс­тар мен хандар баяны» (2017 ж.), «Қазақтың шығу тегі» (2018 ж.) сияқты көлемді ғылыми еңбектері ел ішіне көптеп таралды.
Осы арада тарихшы Т.Омар­­бе­ковтың ұлттық ру­хы ту­ралы зерттеулерінде бір­қатар ру-тайпалар ту­ра­лы пайым­даулары да орнық­ты­лы­ғымен ерек­шеленеді.
Өзінің бүкіл саналы ғұ­мырын та­рих ғылымына ар­­нап, бүгінде сонымен тыныс­тап отырған профессор Т. Омар­бековтың ғылыми және тарихи-танымдық еңбек­тері­нің саны 800-ден асып ке­теді екен. Олар­дың арасында іргелі монографиялық зерт­теу еңбектерінің өзі – 30, оқулықтар мен оқу құ­рал­дары – 20 кітапты құрай­ды. Осылардың ішінде 2016 жылы жарыққа шыға­рыл­ған «Қазақстан (Қазақ елі) тарихы» атты уни­вер­ситет студенттеріне арнал­ған оқулықта заман ағысына байланысты өзінің бас­қаруымен құрастырылған «Қазақстанның қазіргі заман тарихына» арналған типтік бағ­дарлама негізіне сай жа­ңаша тарихи-методо­ло­гиялық көзқарастар ұсы­ныл­ған. Егер қазір, сол типтік бағдарлама мен оқулық­ты бас­шылыққа алып отыр­ған республикадағы бүкіл ЖОО оқытушылары қинал­май сабақ беріп жүрсе, ұлт­тық рухын жоғалтпаған профессор Т. Омарбековке шек­сіз алғыс арнайды деген сөз.
Бақдәулет БЕРЛІБАЕВ,
Алматы энергетика және байланыс университеті
Қазақстан тарихы және мәдениеті кафедрасының
профессоры, т.ғ.д.

Өмірдерек
Қазақстанның көрнекті тарихшыларының бірі, тарих ғылымының докторы, профессор Талас Омарбеков 1948 жылы 29 мамырда, Жамбыл облысы Байзақ ауданы Ақжар ауылында дүниеге келген. 1971 жылы Абай атындағы ҚазПИ-ді бітіріп, еңбек жолын Жуалы және Байзақ аудандарында орта мектепте мұғалім болып бастаған. 1980 – 2001 жылы ҚазПИ-де, Қазақстан КП ОК жанындағы Партия тарихы институтында, «Ақиқат» журналында, Қазақ ұлттық университетінде ғылыми-педагогикалық, шығармашылық қызметпен айналысты. 2001 жылдан ҚазҰУ-дегі ежелгі және ортағасырлық Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі. Ғалым М.Х. Дулати мұраларын, орта ғасырлардағы тарихи тұлғаларды ұлттық көзқараста зерделеді. Қазақстанда сталиндік тоталитарлық жүйенің орнығу тарихы мен оның салдарын зерттеген алғашқы отандық тарихшылардың бірі.

 

Құттықтаймыз!
Республикалық қоғамдық-саяси «Prezident & Halyq» газетінің редакциясы көрнекті ғалым, тарих ғылымының докторы, профессор Талас Омарбековты 70 жылдық мерейтойымен шын пейілден құттықтайды. Ғылыми еңбегіне жаңа биіктер, ізденістеріне ілгерілеу, отбасына амандық, өзіне мықты денсаулық тілейді.

 

 

Жауап қалдыру