Қазақ әдебиетінің қалғымайтын сақшысы

0
65

Қазіргі қазақ әдеби сыны саласындағы көрнекті қаламгер Бақыт Сарбалаұлы­ның әдебиетшілік-шығармашылық тұлғасында өзіндік сымбатын айқындайтын ерекшеліктері сараланып көрінеді. Біріншісі – әдебиеттің эпостық, лирикалық, драмалық тектеріне қатысты жанрлардың барлығына да теориялық сауатты, терең ойлы талдаулар жасайтын біліктілігі, оқымысты ғалым тұғырындағы ғылыми-теориялық  жан-жақты, терең білімпаздығы. Бұл арада сөз өнерін танытқыш ғылымның әдебиеттің теориясы, тарихы, сыны атты тараулардан құралатын жүйесіндегі қағидалардың аясында ұлттық және әлемдік әдебиет шығармаларын сабақтастыра бағалайтын поэтикалық заңдылықтар сыншының бұлжымас ұстанымы болып келеді.
Көркем әдебиет жанрларын талдаумен бірге ол кейде қазақтың көркем әдебиет сынының қазіргі заманғы (ХХ ғ. екінші жартысы мен ХХІ ғ. басы) бірнеше толқын буыны, сыншылары хақында да ой толғайды. Яғни, өзі жастайынан ортасында келе жат­қан сыншылар жасағы еңбектерінің үнемі ал­даспандай жарқылдаған өткірлігінің мұ­қал­мауын назардан қалдырмайды. Екіншісі – Қазақ Елінің егемендігі, тәуелсіздігі жолындағы күресіндегі күретамыр арна – қазақ тілі колданысы мемлекеттік мәңгілік мәртебесінің жүзеге асуы, нығаюы туралы көсемсөздік толғаныстарын үздіксіз жария­лап келе жатқаны. Үшіншісі – әдебиеттегі жо­лын өлең жазумен бастаған оның ақындығы сон­да да сақталуы әдебиет алыптары тура­лы жазған көркем кестелі тілді естелік-эсселерінің  молдығы. Төртіншісі – Қазақстан Республикасының «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш», «Қазақстан мұғалімі», біраз жыл өзі бас редактор болған халықаралық «Қазақ Елі» газетіндегі, Тәуелсіз Қазақстан жаңа әдеби үдерісін бағалайтын «Сын» журна­лындағы журналистік қызметінің Отан тари­хындағы маңыздылығы. Жинақ­тап айт­­қанда, біз әңгімелеп отырған қалам­гер Бақыт Сарбалаұлы – қазіргі қазақ әде­бие­тіндегі көрнекті әдебиет сыншысы, қазақ ұлт­тық ділін, тілін насихаттаушы, қор­ғау­­шы күрескер, қайраткер-көсемсөзші (пуб­ли­цист), қазақ баспасөзін дамытушы, ұйым­дас­тырушы ретінде танымал тұлға.
Сыншы-әдебиетші Бақыт Сарбалаұлы ХХ ғасырдың 70-жылдарынан бастап осы күндерге дейін халқымен сырласып келеді. Әдебиет сыншысының сырласуы дегеніміз – көркем әдебиетіміздің жетістіктері мен олқылықтары туралы оқырмандарымен өзіндік ойларын бөлісуі. Туған әдебиетінің тағ­дыры толғандырған қаламгер атаулының ойлы мақалаларының баспасөз беттерінде тұрақты жариялануы – оқырмандар үшін аса қажетті құбылыс. Бірақ әрбір қаламгердің өзіндік үніне, сөз мәнеріне, халықтың рухани сұранысына орай жазылған туындыларына әділ сарапшылық жасау оңай емес. Әдебиет сыншысы – халық эстетикасының қуатын танытатын әділ сарапшы. Осындай биік талаптар үдесінен көрініп, әдебиеттің ақ туын көтерген сыншыларды дүниежүзілік әде­биет тарихының көркем айшықты сәулетті, сұлу жиһаздарын жасаған сөз зергерлерінің ұстаз-кеңесшілері, адал би-ақылшылары дер едік.
Талантты сыншы Бақыт Сарбалаұлы – тағылымды, ұлағатты дәстүрі осындай өте жауапты сыншылық жолда келе жатқан қалам­гер. Оның осы уақытқа дейін жария­ланған «Қызыл алма» (1981), «Ақиқат алдын­да» (1985), «Бейімбет Майлин» (1989), «Өткір­дің жүзі» (1992), «Ілияс Жансүгіров» (1992), «Жиырма бес: әдеби эссе, сын мақала­лар» (2008, Т.1), «Бес мүшел: әдеби эссе, сын мақалалар» (2008, Т.2) атты кітаптары қазақ әдебиет сыны тарихының мәнді,  маңызды дүниелері қатарында оқырмандардың көңілдерінен берік орын тапты. Адам атты тіршілік иесі жандүниесінің сәулеленуі, бүкіл іс-әрекеттерінің жүзеге асуы Жара­тушы Алланың құдіретімен болатынын ұмытпау – мәңгілік құбылнамамыз. Сыншы кітаптарындағы хакім Абай дәстүріндегі қара қылды қақ жара айтылған жүрекжарды сырларға куә боласың. Кемеңгер хакім Абай – Адамтану әлемінің ұлы сыншысы.
Қазақтың ұлттық, халықтық келбетін, мә­дени-әдеби мұраларын, қазіргі шығарма­шылық ортаны әңгімелегенде осы хакім Абай атамыз ұстанған халық даналығы «Тура биде – туған жоқ» бағытынан айнымау, асыл мақсат. Міне, сыншы Бақыт Сарбалаұлының аталған кітаптарында осы хакім Абай бағытынан айнымай, туған әдебиетіміздің көркемдік келбетін құрайтын шығармалар туралы алуан пікірлерін ортаға салған. Мысалы, «Өткірдің жүзі» кітабындағы тал­дауларының маңыздылығы айрықша назар аудартады. Кітаптың «Асыл мен арзан­ның арасында», «Көңіл мұраты, қалам қуаты» атты екі бөліміндегі талдауларға арқау болған шығармалардың жанрлық түр ерекшеліктеріне қарай бірнеше салаларға бөлуге болады. Яғни, поэзия, проза, әдеби сын атты үлкен үш саланың ауқымындағы ойлардың ортақ анасы – біреу. Ол ұлт әдебиетінің әлемдік көркемдік биіктерге жетуіне көмектесу, жылата айтатын достық ниеттен туған өнерсүйгіш шынайы көңіл лебізін білдіру. Автор жекелеген мақа­лаларын қазіргі қазақ поэзиясының, про­засының әдебиет сынының тұтас даму маз­мұнын талдауға арнайды. Сонымен қатар, қазіргі қазақ поэзиясының, көркем про­за­­сының әдебиет сынының көрнекті тұл­ғаларының шығармашылық портреттерін де жеке-жеке мақалаларымен бедерлеген.
Осы кітаптағы «Жақсы деген немене, жаман деген немене?», «Тас бұлақтың суындай» атты мақалалардың қазақ поэзия­сындағы бүгінгі шығармашылық хал-ахуал­дың тақырыптық, көркемдік тынысын айқын­дауға құрылғанын аңғарамыз. Бірінші мақалада аға буын мен кейінгі толқын өкілдерінің әртүрлі жинақтардағы жекелеген өлеңдерінің өте нашар екендігін мәтіндік мысалдар келтіре отырып талдайды. Сыншы осындай талдауларында аға буынның жасына, сақалына қарамайды. Кейінгі толқынның «сиынғанынан сүйенері мықты» ызғарынан ықпайды. Бәрінің де өлеңдерінің көркемдік деңгейлері туралы шынайы бағасын береді. Дәлелді талдауларының түйіні боларлық әділдік самалы ескен қорытындылары ұлттық әдебиетіміздің тағдырына жаны ашитын зерделі оқырмандардың көкіректеріне, жан дүниесіне парасат шуағының жылуын  жеткі­зеріне күмән жоқ.
Сыншы поэзиялық, прозалық шығар­ма­ларды талдау барысында қазіргі оқырман­дық ойлау деңгейіне сәйкес шешімдерін, түйіндерін ұсынады. Әдебиет сыншысы – көркем әдебиет дамуы үдерісіндегі дәстүр мен көркемдік жалғастығын жүйелеп жаза­тын қайраткер, ғалым-қаламгер. Бақыт Сарба­лаұлының көптеген мақалалары қазіргі әдеби үдерістегі көрнекті ақын-жазушылары көркем туындыларының эстетикалық таби­ғатын нақты мәтіндік сараптауларымен ерек­шеленеді. Оқырмандарды сүйсінтетін шындық – Бақыт Cарбалаұлының өзімен заман­дас, әріптес сыншылдардың еңбек­теріне пікір айту барысында өзіне де тән кем­шіліктерді мойындайтыны, олар­дың қандай кемшіліктер екенін де атап көрсететіні. Туған әдебиетімізге қосылып жатқан көркем шығар­малардың, әдеби сұхбаттардың, мақала­лар­дың, рецензиялардың оңды жақтарын, басты кемшіліктерін өткір сынайды. Бұл – ұлттық мәдениеттің өркениеттік деңгейде дамуын бойлаған өрелі ойлаудың көрсеткіші. Туған әдебиетіміздің, ана тіліміздің, жалпы қазақ ұлтының әлемдегі ең озық өркениеттік даму­дың үздік үлгілерімен иықтаса тұруы үшін тер төгіп жүрген көрнекті әдебиет сын­шы­сының, қазақ тілі байлығын сақтау, мем­лекеттік қолданыс деңгейінде дамыту жо­лындағы күрескердің азаматтық тұлғасын халқы лайықты бағалайды.

Темірхан
Тебегенов,
филология ғылымдарының
докторы, профессор,
Халықаралық «Таңжарық зерттеу»
қоғамдық қорының Ғылыми кеңесшісі,
Халықаралық «Бейбітшілік Әлемі»
сыйлығының лауреаты

Жауап қалдыру