Автошебер Мәкен Тастанбеков

0
173

Мәкен Тастанбеков 2003 жылдан бері  автокөлік жөндеу ісімен айналысады. Алматыдағы «Тұлпар» орталығында жұмыс істейтін Мәкенді  алматылық  автоәуесқойлардың көпшілігі  өте білікті, ісіне тыңғылықты автокөлік жөндеу шебері ретінде таниды. Нағашы атасы Сәден де бір кезде «Арақ ішпе, темекі тартпа, ұзақ жасайсың. Не істесең де біліп істе» дейтін. Үлкендердің сондай ақыл-кеңестеріне құлақ түрді. Ерінбей үйренді. Малколм Гладуэлл деген канадалық қайраткер: «Кәсіби шеберлік дегеніміз – жалақы емес, ол да өзінше ақылдың  қуаты» деген екен. Осы айна-қатесіз сияқты. Мәкен кәсіби автошебер болам деп ойлаған емес, бірақ ақылы мен еңбегі екі жақтап осы салаға алып келді.
Ол – Оңтүстік Қазақстан облысы  Абай ауылының тумасы. Қазір 41 жаста. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Гуманитарлық академияның заң факультетінде оқыған. Балалықпен келеңсіз бір жағдайларға ұшырап, уақытша паналай тұру үшін Алматыға келіп, осында қалып кеткен. Әкесі Молдабек те, анасы Мәстура да оны не заңгер, не экономист бухгалтер болады деп күткен. Бірақ өмір Мәкенді басқа арнаға бұрып жіберді. Оған колхоз басшысы болған әкесінің Александр деген шофері себеп болады.
Бесінші-алтыншы сыныптарда оқып жүргенінде  бала емес пе, қызығып, Сашаның тартып, жерге лақтырып тастаған темекі тұқылын алып бір-екі сорғаны бар. Мұны көрген Саша  «әкеңе айтамын» деп қорқытып, «үйреніп ал, кейін керек болады» деп машинаның генераторын шешіп, қайта құрастыруды тапсырады. Булыққан  Мәкен: Маған мұның керегі жоқ! Мен гаишник боламын!» деп ызаланған. Сонда Саша: «Ашуланбай істе! Әйтпесе әкеңе айтамын! Ал кейін маған рахмет айтасың!» деген. Онсыз да, Сашаның «ананы әпер, мынаны әпер» дегеніне құлағы мен қолы үйренген Мәкеннің сөйтіп біртіндеп көлік бөлшектері мен тораптарын құрастыруға деген қызығушылығы оянады.   Осы іс оның өмірлік кәсібі боларын кім ойлаған?  Қазақта  «Торғай сойса да қасапшы сойсын» деген сөз бар ғой. Қазір ол жанды компьютер сияқты кез келген автокөліктің ақауын дыбысынан айырады.  Әріптестерінің арасында құрметке де, беделге де ие.
Мәкен Алматыға келген соң «Казтелекомның»  сол кездегі филиалы «Комсервис» мекемесінде жөндеуші болып қызметке тұрады. Филиал жетекшісі  Ергешбай Көпжасаров деген өте талапшыл кісі екен. Бұзылып тұрған 5-6 көлікті көрсетіп, соларды жөндеуді тапсырады. «Мына жас баланың қолынан не келер дейсің. Екі-үш күн әуреленсін. Сосын өзі-ақ қашады ғой» дегені болса керек. Мәкен әлгі бұзылған автокөліктердің бәрін бас-аяғы бір аптаның ішінде түгелдей қатарға қосып, жүретін етіп берді. Баяғы Сашаның үйреткені кәдеге жарады.  Сөйтіп автосервистік салаға қалай қосылып кеткенін  білмей де қалды.
Міне, осы салада 14 жылдан бері еңбек етіп келеді. Мәкеннің кәсіби шеберлігі мен тиянақтылығына үйренген клиенттер оны тіпті Астанаға, Шымкентке ұшақпен алдыртып, көліктерін жөндетіп жатады.  Мәкен мен келіншегі Сәбира екеуінің Алматбек деген тұңғыштары екінші сыныпта оқиды. Осы еңбегінің арқа­сында Мәкен бірнеше жылдың ішінде көлік те алды,  үйлі де, күйлі де болды. Ата-анасына да, ағайын-туыстарына да көмек­тесіп тұрады.
– Қазіргі жастар көбіне жо­ғары оқу орнын бітіріп, заңгер, экономист, инженер маман­дықтарын алғанмен жұмыс таппайды. Табақтай дипломын қалтасына салып алып, әлдебір бастықтық  жұмысты күтіп жүргені. Сөйтіп жүргенде айлар зулап, жылдар  жылжып кетеді. Содан ештемеге жарамай уақыт өткізіп алады. Адамға алдымен  жанбағыс керек. Сондықтан  жоғары оқу орындарына жүгіре бермей күнделікті тіршілікке қажетті сантехник, техник, тас қалаушы, дәнекерлеуші, аспаз, шаштараз, автошебер сияқты  мамандықтарды иегеріп алса ең маңызды күнкөрістік мәселесін шешіп алады. Қабілеті асып бара жатса жоғары оқу орнына содан кейін барса да болады. Мен жастардың өмірге нақты қажетті мамандықтарды игеруін қалаймын! – дейді ол. Жаны бар сөз.

Мұрат ЖАНЫСБАЕВ.
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру