Атыраудың алдаспаны

0
47

Ақын Қойшығұл Жылқышиев туралы сыр

Өткен ғасырдың алпысыншы жыл­дарының соңында бір топ «сен тұр, мен атайын» жігіттер мен қыз­дар Алматыдағы КазГУ деген қара­ша­ңырақтың журналистика факульте­тінің аудиториясында басымыз то­қайласып қалды. Студентпіз! Арамызда әскерде болып келгендер де, өндірістік жұмыста болып екі жыл, үш жыл еңбек өтілін жинағандар да бар. Маңғыстаулық Оңдаған Қосшығұлов, қостанайлық Ақылбек Шаяхметов, кегендік Жақыпжан Нұрғожаев, қызылордалық Әуезхан Әбдрашев, шымкенттік Ғұлам­қадыр Бұралқиев, қызылордалық Серік Расулов, ұзынағаштық Жұмагүл Солтиева және басқалар бар. Солардың арасында гурьевтік (қазір атыраулық) Қойшығұл Жылқышиев та болатын. Кіршіксіз пейілі, ақ көңілі анадайдан атойлап тұратын. Риясыз күлкісі, әріден қозғайтын әңгімесі бәрімізге ұнайтын.
Сабақ арасындағы үзіліске шыққанда кезек-кезек анекдоттар кетеді дейсің. Арасында «жігіттер, ол былай ғой» деп басталған Қойшекеңнің әңгімелерін естиміз. Сөйтіп жүріп зу етіп студенттік жылдар да артта қалып, өмірдің әр қиырына жол тарттық. Осыдан бір ай бұрын Атыраудан түскен қоңырауымен Қойшекең өзінің 70 жылдық мерейтойына шақырды. Қуанышты сәт тербетіп бізді өткен жылдардың естеліктеріне бой алдыртты.
Жетпіс жастың желкенін керген Қой­шығұл Жылқышиев бүгінде Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері, Ма­хамбет және Ахмет Байтұр­сынов атындағы сый­лықтардың иегері, ұлт­тық-қоғамдық «Аманат» сыйлы­ғының, «Алаш» әдеби сыйлығы­ның, Ха­лақаралық Мақтым­қ­ұлы сыйлы­ғының иегері, мәдениет майталманы, Индер ауданының Құр­метті азаматы.
Өзі сырласып отырғанда «қазіргі Атырау облысының Индер ауданындағы Жар­суат ауылдық кеңесіне қарасты Жа­манқұдық жайлауында дүниеге кел­генмін», – деп отыратын. Құрметтен кен­де емес.
1975 жылы ҚазМУ-дің журналисти­ка факультетін бітірген соң Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде, одан кейін Қазақ теледидарында қызмет етті. «Тамаша» ойын-сауық отауының негізін қалаушылардың бірі болды. «Өлең жазбайтын қазақ жоқ» демекші, Қойшығұл шығармашылық әлемге өлең арқылы келген. Аудандық газетте жарияланған өлеңдері оқырмандарға қатты ұнайтын. Бозбала жігіттің ертеңінен үлкен үміт күтетін. Арман жетектеп Алматыға келгені де, «журфакті» таңдағаны да сондықтан. Қазақ теледидарындағы жылдар оның тележурналистік жаңа қырларын ашты. Камал Смаилов, Ғадылбек Шалахметов, Рафаэль Жұмабаев сияқты ұлтқа жанашыр ағаларының үлгі-өнегесі тың ізденістерге жол ашты. Лұқпан Есенов екеуі ойластыра келе құрған «Тамаша» ойын-сауық отауы сондай ізденістердің жемісі болатын.
1980 жылдардың басы. Бойында күш-қайраты қайтпаған, басы түрлі идея­­ларға толы Қойшығұл батыр баба Ма­хамбет Өтемісұлының мәңгі мекені болған Қараойға жол салу керектігін қайта-қайта көтере бастады. Таудың жолынан басталып 18 шақырым жерге жол салынды. Қазір Махамбет мазарына баратын сол жолдардың ізі ғана көмескі көрінеді.  Кеңестік кезеңнің қылышынан қам тамып тұрған шақта азаттық идеясын ту еткен қаһармандар тұлғасы онша керек болмайтын. Сөйтіп басы пәлеге қалды. Аяқ астынан шаталып кете барды. Махамбет бабасының басын қарайтамын деп жүріп, өзінің «басы қарайды». Қолына сытырлатып ақша ұстап, ішіп қойғаны, жеп қойғаны жоқ. Көреалмаушылық пен «интриганың» салдары. Сөйтіп 1985 жылы жалған жаламен мойнына 12 жылды ілсін.
Арыстай азаматты жазықсыз істі қы­лып жіберу қоғам тарапынан нара­зылық туғызды. Жазығы жоқ азаматты сол кездегі мемлекет және қоғам қайраткерлері Камал Смаилов, Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғарсынова және басқалар қолдады. Ол кезде үшеуі де Жоғарғы Кеңестің депутаттары бола­тын. Ақыры сондай дүмпулердің арқа­сында Қойшығұл 1991 жылы түбегейлі босап шығады. «Шыққаннан кейін өзімді ақтайтын құжаттарды тауып алып, тиісті орындарға шағымданып жүріп, 1994 жылы толық ақталып шықтым», – дейді ақын Қойшекең.
«Ақын боп өмір кешу оңай деймісің, қарағым,
Аузында жүру бұл өзі барлық сыздаған жараның.
Көкірегіне құйып ап әлемнің асқақ бар әнін
Қосудың арпалыстары бұл тоғыспас жолдар торабын» дейді ғой Төлеген де бір жырында.
Басына күн туған сәтте ақынға қо­л­ұшын созып, көмек көрсеткендер та­былыпты. Қойшекеңнің айтуынша, жа­ла жабылып түрмеге түскеннен кейін Мұхтар Шаханов қолдапты. «Ақынды ақын сүйемесе болмайды» деп Мұқа­ғали айтқанындай, Қойшығұлға қам­қорлық жасаған азаматтарға ол әлі күнге үлкен құрметпен қарайды.
«Алланың бар екеніне ауызбен емес, шын көңілмен сену керек. Сол сенім мені талай тығырықтан алып шықты. Мені әуелі Махамбет мазарына жол салдың деп, ол дәлелденбегесін Ма­хам­бетті қайта жерлеуге ақша шаш­тың деп, қызмет бабында кететін қа­теліктерді қылмысқа айналдырып, 12 жылға соттағанда мен сол сенімімнен айнығам жоқ. Үкім оқылғанда менің қарқылдап күлгенім, жұртпен ашық-жарқын күліп қоштасқаным сондықтан болар. Сол жерден мені сол кездегі Жоғарғы Кеңестің депутаттары Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов, Камал Смаиловтар алып шықты. Дос­тарым Нәсіпқали Сейітов, Базарғали Суханқұлов, Мереке Құлкеновтер 6 жыл бойы заң орын­дары­ның соңынан қалмады. Әркез солардың адалдығына ризамын! Жүрек алғысым соларға арналады».
Алпысқа келген тұсында әріптесіміз, досымыз Өтепберген Әлімгереевке берген бір сұқбатында Қойшығұл:
«Алпысқа келдім,
Айтыста жеңдім,
Алысып өтті бар ғұмыр…
Тағдырға көндім,
Жандым да сөндім
Айдауда болдым алты жыл,
Ақталып шықтым ақыры…
Алғысын елдің
Айнала бөлдім,
Алпысқа келдім а-қы-рын…» дейтіні бар.
Ғажап жыр жолдарының тууына осындай үлкен-үлкен сырлар түрткі болғаны кәміл.
Қойшығұл жазықсыз жазалаудан ақталып шыққан соң да өзінің сүйікті телевидениесіне қайтып оралды. Жаңа жобаларды жүзеге асырды. Әйгілі Томас Джефферсон: «Басқару өнерінің бәрі адал болудан басталады», – депті. Осы адалдық пен намыс Қойшекеңді қандай қиындықтан да сүйреп шықты. Бірақ қандай қиындық көрсе де Махамбет тақырыбынан бас тартқан емес. Мерзімдік баспасөз құралдарында ондаған мақалалар жазды. Проблемалар көтерді. Мүсінші Серік Мәтениязов, архитектор Ғабит Ниязов үшеуі барып, сол маңайды зерттеп, туристік орталыққа айналдыру жөнінде билікке ұсыныстар жасады. Әдеттегісінше ол әркез қоғамдық шаруалардың бел ортасында.
Қойшығұл шығармашылық жұмыс­тарға қайта кіріскен тұсында «Жалын» журналының поэзия бөлімін, Алма­­тыдағы екі үлкен театрда директордың орынбасары болды. Сөйте жүріп аяқ ас­тынан ақындар астанасын тас­тап Аты­рауға қайтып оралды. Оған жазушы Мереке Құлкенов еке­уінің бас­тамасымен «Махамбет» қоры­ның құрылуы себеп болды.
Тө­ра­ғалығына академик Зейнолла Қаб­долов сайланды. Қор құрылған бойда 1993 жылдан бастап Үкіметке Ма­хам­бет жөнінде не істелуі керектігі айтылған ұсыныстар жасалды. Кезеңі келгенде, бұл шаруалардың штабын кім басқарады дегенде Зейнолла Қаб­долов пен Мереке Құлкенов Қойше­кеңді ұсынды. Сөйтіп Қойшығұл Атырауына қайтып оралды.
«Дүркіретіп Махамбет тойын өткізуге белсене атсалысты. Туған жердің руханиятына қатысты қордаланған мәселе шаш етектен екен. Осыған атсалысты. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша Шернияз, Исатай, Бала Ораз секілді заңғарлардың мазарларын тұрғызуға себепші болды. «Атырауда айтыскер жоқ» дегенге намыстанып, өзі дайындап жүріп төрт бірдей айтыскерді рес­пуб­лика сахнасына шығарды. Қазір об­лыста айтыскерлер саны 30-ға, жы­раулар 12-ге, ал Қазақстан Жазушы­­лар одағының мүшесі 20-ға жетті. Қа­зақ­стан Жазушылар Ода­ғының Аты­рау филиалын басқара жүріп, осы тұста құрылған «Армантау» жас ақын­дар клубының мүшелері Ба­қытгүл Бабаштың Халықаралық «Шабыт» фестивалінен Бас жүлде алуына, ал, Баян Хасанованың лауреат атануына себепші болды. Қызметтің қызған көрігін Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында директор болып жалғастырды. Мұның бәрі Қойшекең үшін шынайы мақтаныш.
Жалпы ақын жайында Махамбет атындағы сыйлықтың иегері Өтепберген Әлімгерев былай дейді:
– Қойшығұл Өмірұлының әдебиетке келуі – өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басы. Әлі есімде облыстық газетте оның «Сарайшық» деп аталатын өлеңі басылды. Кейін Индер аудандық газетінде жұмыс істеді. Республика Мәдениет министрлігінде еңбек етті, телевидениеде жүріп «Тамашамен» танылды. Соның бәрінде де ол өлеңнен қол үзіп көрген жоқ. Өз тақырыбы, стилі бар ақын. Қойшекеңнің шығармашылығы хақында монография жазған ғылым докторы, Қадыр Жүсіп өз зерттеу кітабын «Қайсарлық лирикасы» деп атапты. Шын­дығында, оның өлеңдерінде шамадан тыс шаттану, көлгірсу жоқ. Ылғи да салқынқанды, өр, азаматтық даусы естіліп тұрады. Белгілі дәрежеде өкініш болса, оны өзін туа бітті қайсарлығы жеңіп отырады. Сондай-ақ ол – өзінен кейінгі жас буынға ықпалы мол, үйретері көп, ағалық ақылы бар тәлімгер. Талай айтыс ақындарын даярлады, өлеңдегі өрен жастардың топшысын қатайтты.
Бұл орайда оның «Армантау» клубы­ның пайдалы болғанын орынды атау керек. Қазір бұл істі белгілі ақын Әлия Дәулетбаева жүргізеді. Ол «Фариза жұлдыздары»деген атаумен бүкіл талантты жастардың басын қосып отыр. Бұған да Қойшекеңнің үлкен септігі тиді. Аудан, облыс, республика бойынша мәдениеттің қай саласында да тері сіңді, тебінгісін жұқартты, ерекше еңбек сіңірді. Әдебиет пен мәдениетті көгертем деп жүріп, шашы ағарды. Ақынмен кездесулер ілгергі уақытта да жалғасын тапса игі. Ол оқырман үшін де, шығармашылық жолдағы жандар үшін де пайдалы!
Уильям Шекспир: «Менің ар-намысым – менің өмірім, екеуі де бір тамырдан нәр алады. Намысым қор болды екен, менің өмірімнің де біткені» депті. Біз Махамбеттей мағыналы да мәнді, күреске толы ғұмыр кешіп жүрген курстасымызды мақтан етеміз. Шығармашылығының білте шамын маздатып тағы да сүбелі тың туындылар беретіне сеніміміз кәміл. Жетпісіңнің желкені жаңа айдындарға сүйрей берсін!

Марат ТОҚАШБЕВ.

Жауап қалдыру