Атырау облысының алғашқы басшысы

0
21

Құлжан Өтеғалиевтің өмірі – жас ұрпаққа өнеге

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырып, «Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені. Оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деген болатын. Халқымыз туған жерге ту тіккен арда азаматтарға кенде емес. Солардың бірі – Атырау облысының алғашқы басшысы Құлжан Өтеғалиев.
Биыл – Атырау облысы­ның құрылғанына 80 жыл. Осы кезеңде өңір эко­но­микасының барлық саласы өркендеді. Әсіресе, мұнай-газ өнеркәсібінде көмір­сутегі шикізатының мол қоры анықталып, жаңа кен орындары ашылды. Те­мір жол, электр энер­гия­сы, сумен қамту, табиғи газ желілері тартылып, қала мен аудан орталықтарында, елді мекендерде инфрақұрылым жүйесі түбегейлі жаңарды. Бірнеше өндіріс орындары іске қосылып, тұрғын үй ке­шендері мен мәдени-әлеу­меттік нысандар көптеп бой көтерді. Ауыл шаруа­шы­­лығы саласында төрт тү­ліктің саны артып, сапалы өнім өндіруге өрісті қадам жасалды. Өңір экономикасына шетел инвестициясы салынып, жаңа техноло­гиялар енгізілді. Жаңа кәсіп­орындар мен жұмыс орындарын көптеп ашуға баса көңіл бөлінді.


Осынау игілікті істердің барлығында өңір­ді бас­қар­­ған ілкі басшы­лардың ең­бегін ұмытуға болмайды. Мұнайлы өңірді осы кезге дейін ұйым­дастырушылығы мен іскерлігі қатар өрілген Құлжан Өтеғалиев бастауында тұрған 23 басшы бас­қарыпты. Олардың өмір және еңбек жолдары қа­лай өрілді? Олар қандай жетістікке қол жеткізіп еді? Осы орайда, оқырмандарға Атырау облыстық мәде­ниет, архивтер және құжат­тама басқармасының мем­ле­кеттік архиві мен «Аты­рау-Ақпарат» ЖШС-нің бір­­лесе қолға алған «Елі тұл­ғаларын мақтан етеді» атты жаңа жобасы аясында облысты, сонымен бірге, аудандарды басқарған бірінші басшылар таныстырылады.
Атырау облысының тарихы 1865 жылдан бас­тау алады. Бастапқыда әкімшілік-территориялық құрылым ретінде құрылған Атырау бұл кезде Орал об­лысы, кейін, 1920 жылғы 12 қазаннан Орал губер­ния­сындағы уезд, 1928 жыл­ғы 17 қаңтардан округ, 1930 жылғы 17 желтоқ­сан­нан аудан, 1933 жылғы 31 сәуірден бастап Батыс Қа­зақстан облысы құра­мын­дағы округ ретінде құ­рыл­ды.
1937 жылдың аяғында Гурьев округіне Қиыр Шығыс­тан 1266 корей жанұясы кө­шіріледі. Желтоқсан айын­да өткізілген Қазақстан Ком­мунистік (большевиктер) партиясы (ҚК(б)П) Гурьев округтік комитеті мен округтік атқару комитеті бюросында корейлерді Гурьев, Теңіз аудандарындағы ба­лық зауыттарына орналастыру, оларды колхоздарға тарту міндеттері жүктеледі. Бұл кезеңде болашақ Гурьев облысы басшысы Құлжан Өтеғалиев 1937 жылғы 25 қыркүйектен бері Гурьев округтік партия ко­ми­тетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқаратын. Ел сеніміне ие болған ол 12 желтоқсанда Гурьев сайлау округінен КСРО Жоғары Кеңесіне депутат болып сайланады.
1938 жылы 8 қаңтарда тол­тырған өмірбаянында кейіпкеріміз «Мен, Өтеғалиев Құлжан Өтеғалиұлы 1904 жылы қаңтар айында Батыс Қазақстан облысы Гурьев округінің бұрынғы Соко­лов болысы, №27 ауы­лында дүниеге келдім. 1923 жылы тамыз айында Орал педагогикалық технику­мына жолдама алдым. Тех­­никумда 1925 жылдың мамыр айына дейін оқып, екі дайындық (төменгі және жоғарғы) бөлімін тәмам­дадым. Содан комсомол жұ­мыстарына тартылып, Бө­кей уездік комитеті жас пио­нерлер бюросының тө­ра­ғасы, 1926 жылы Орал губер­ниялық комитеті комсомолы жанындағы жас пионерлер бюросының төра­ғасы, 1927 жылы тамыз айында Доссор аудандық комсомол комитетінің хатшысы, 1929 жылдың басында Гурьев округы комсомол комитетінің хатшысы, 1930 жылдың қаңтар айында Ақмола округы комсомол комитетінің хатшысы, 1930 жы­лы республикамызда ок­руг­тер жойылғаннан кейін, тамыз айында Қара­ғанды облысының Еркінші ау­дан­дық партия коми­теті­нің хатшысы, 1932 жылы осы облыстағы Төңкеріс ауда­нындағы партия комитетінің хатшысы, 1934 жылы наурыз айында Батыс Қазақ­стан облысы Тайпақ сүт-ет совхозында саяси бөлім басшысы, 1936 жылы сәуір айында осы облыстағы партия комитетіндегі совхоздар инструкторы, 1937 жылы 18 сәуірде осы об­лыстағы Бөрлі аудандық партия комитетінің хатшысы қызметтерін ойдағыдай атқардым. Көп ұзамай 25 қыркүйекте Гурьев округтік партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне таға­йын­далдым» деп толық жазады.
1938 жылы 9 қаңтарда Батыс Қазақстан облысы партия комитеті берген мі­нез­демеде «Өтеғалиев жол­­дас саяси сауатты, тәр­тіпті, партияға қарсы топ­тар­­мен байланысы жоқ және партия ұстанымынан ауыт­қыған емес. Округ комитеті басшысы қызметін ойдағыдай атқаруда» деп ба­ғалайды. Қ.Өтеғалиев 1938 жылы 12-19 қаңтар аралығында КСРО Жоғары Кеңесінің Бірінші алқасына қатысады. КСРО Жоғары Кеңесі алқасы 15 қаңтарда өз қаулысымен бұрынғы Батыс Қазақстан облысын екіге бөліп, жаңадан Гурьев облысын құрады. Жоғары алқадан елге оралған соң ол 28 қаңтарда Мәдениет үйінде өткен арнайы жиынға қатысып: «Алқа КСРО көле­мінде бірнеше облыс құру туралы шешім қабыл­дады. Соның бірі – біздің облысымыз. Гурьев қысқа мерзімде Қазақ­стан­ның алдыңғы қатарлы өндірісті облысына ай­налуы тиіс» деп сөз сөй­лейді.
Қ.Өтеғалиевтің басшылы­ғымен 1937-1938 жылдары Ембімұнай, Ескене, Бай­шонас, Қосшағыл, мал ша­руашылығы, балық консерві комбинаты, Гурьев-Қанды­ағаш құрылысына жұмыс күші тартылып, Индербор құрылысы, кадр, дін, сауат­сыздықты жою сынды мәселелерге айрықша назар аударады. Көп ұзамай об­лыс бойынша ҚК(б)П Ор­та­лық комитетінің ұйым­дастыру бюросы өз жұ­мы­­сын бастайды. Бюро құрамына Қ.Өтеғалиев, Си­доров, Қалиев, Кузнецов, Ішкі Істер Халық Ко­мис­сариа­тының (ІІХК) Округ бөлімшесі басшысы Низюлько, Округ атқару коми­теті төрағасының орын­ба­са­ры П.М.Воробьев сайланады.
Қ.Өтеғалиев облыстағы ма­ман кадрлардың сапа­сына да ерекше көңіл бөл­ген. Мәселен, 1938 жылы 28 қаңтарда КСРО балық аулау өнеркәсібі Бас бас­қар­масының Сая­си бас­қармасы қызмет­кер­лерінің Жайық-Каспий тресі басшысы Засыпинді қызметінен босатуын талап еткен ке­зең­де облыс басшысы КСРО-ның Тамақ өнеркәсібі халық комиссариаты Гелинскийге телеграмма жолдап, «Засыпин – балық маманы, жергілікті жағдайды, әсіресе кадрларды жақсы біледі. Ол – басшыға маңызды қасиет» деп жазған.
Кейіпкеріміз 1939-1955 жылдар аралығында Қос­танай облысындағы Пушкин МТС директоры, об­лыстық жер басқармасы басшысы, облыстық атқару комитетінің төрағасы, 1954 жылы Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында жаңа колхоздар ұйымдас­тыру бойынша КОКП Орта­лық комитетінің өкілі, 1956-1957 жылдары ҚазКСР өн­діріс азық-түлік тауарлары министрінің орынбасары, 1958-1961 жылдары Алматы облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1961-1964 жылдары Алматы облысы Атқару комитетінің коммуналды ша­руашылығы бөлімінің меңгерушісі қыз­­мет­терін ат­қарып, зейнет­кер­­лікке шы­ғады.

Әбілсейіт МҰҚТАР,
тарих ғылымдарының докторы, профессор
Атырау облысы мемлекеттік архиві басшысы

Архив деректерінен:

Жаңадан құрылған ок­руг құрамына 1 шілдеден бастап Гурьев, Теңіз, Жыл­қоса, Маң­ғыстау, 31 та­мызда құрылған Есбол ау­дандары енгізілген. Гурьев облысы құрылар қарса­ңында округ құра­мын­дағы Гурьев ауданында ғана 21 ауылдық кеңеске қарай­тын 67 елді мекенде 87 мың адам тұр­ған екен. Осын­ша халық­тың 55 па­йы­зы қазақтар болатын.
Гурьев қаласында ауда­нара­лық және КСРО көле­міндегі ірі шаруа­шылық­тар – Жайық-Каспий мем­ле­кеттік балық тре­сі, Балық ғылыми-зерт­теу стан­­ция­сы, Астра­хань балық аулауды рет­тей­тін бас­қар­ма­сының бөлімшесі, Ауда­наралық балық аулаумен қамта­масыз ету одағы, Ембімұнай тресі, Каспий-Орск мұнай құбыры конторы орналасқан-ды. Оларға қоса ауданда 1515 адам еңбек ететін Каганович атындағы Гурьев балық консерві комбинаты, 4729 шаруашылықты біріктірген 24 балық аулау артелі, 182 шаруа­шылықты жинақтаған бір колхоз тіркелген. Аудан­ның басты шаруа­шылығы сол кезде балық аулау бол­ған екен.

Жауап қалдыру