Алашты әнімен тербеген

0
711

Бүгін танымал әнші, дирижер, қазаққа «Қара шал», «Шашбаулым», «Сырғалым», «Сағын­дым Кенен атамды» әндерімен танымал ком­пози­тор, Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Алтынбек Қоразбайұлы 70 жасқа толып отыр. Құлақтан кіріп бойды алар әсем әндерімен жан-дүниемізді балқы­татын, талантымен ұлтын әлпештеген Ал­тынбек ағамыздан мерейтой қар­саңында сұқбат алу нәсіп болды.

– Алтынбек аға, атап өткелі отырған мерей­тойы­ңыз құтты болсын! Желдей есіп жетпіс жас­тың биігіне көтеріл­ді­ңіз, осы биік­тен өмі­ріңіз­ді қа­лай баға­лай­сыз?
– Иә, өмір дегенің өзі бір сылдырап аққан бұлақ суын­дай ғой. Өмір ұғы­мын Қа­зақ философиясы да керемет ма­қал-мәтелдерімен ай­шық­тап берген. Мыса­лыға, «қас пен көздің арасындай», «қар­­ға адым», «қамшының қысқа сабындай» деп қандай әдемі келтірген. Бірақ бұған әттеген-ай айтып, мұңаюға да, кеюге де болмайды, өмір заңдылығы деген осы. Абай атамыздың сөзімен келтірсек: «жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек». Ал қазақы мінезге салсақ, осы күнге жеткізген Аллаға шексіз шүкіршілік деймін. Ғұмыр жолымызда азды-көп елге қызмет еттік, артымызда тырнақтай болсын із қалғанына шүкіршілік етемін. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» демекші, артымыздан жақсы ат қалдыру – адамдық борышымыз. Осы ұлы далаға тарту еткен әндеріміз әрбір қазақ отбасында шырқалып тұрса, одан басқа бізге қандай бақыт пен баға қажет?
– Мынадай қытымыр аязды күні халықтың бойын әнмен жылытатын мерей­тойлық кешіңіз өткелі жатыр. Осы кешке­ әзірлік жайлы айтып өт­сеңіз. Басты ерекшелігі қан­дай?
– Алла қаласа, ертең Рес­пуб­лика сарайында «Алтын күзім, армысың» атты мерейтой концертім өтеді. Менің алғашқы концертім сонау 1988 жылы өткен еді. Содан бермен қарай санасақ бұл менің 30 жылда 21-ші концертім екен. Жетпіс деген жастың биігіне көтерілген өнер адамы үшін бұл үлкен жетістік дер едім. Енді бұл концерт­тің басқаларынан ерекшелігі неде дейсіз ғой. Мені қазір эстрада атасы деп жүр ғой (күлді), соған орай бұл концертке елге белгілі талай-талай үлкен әншілер қатысқалы отыр. Бұлардың ішінде: Мақпал Жүнісова, Қыдырәлі мен Қарақат, «Музарт» тобы, Саят Медеуов, Тоқтар Сері­ков, Жұбаныш Жек­сен­ұлы сын­ды елге таны­мал өнер жұл­дыздары бар. Мұның барлығы Алматы қалалық симфониялық оркестрінің жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері Александр Беляковтың басқаруында сүйемелденеді, барлық ән жанды дауыста орындалады. Кеште өзімнің таңдаулы де­ген 25 әнім орындалмақ. Ал кезінде танымал болған «Қа­ра кемпір», «Қара Шал», «Боз­торғай» сынды әндер ай­тылмайды. Оның бәрін қай­талап еске алып орын­дауға уақыт тар. Ең бастысы, жанды дауыспен сапалы әндерімізді орындап, халықты дән риза қылсақ деген ниеттеміз.
– Иә, қазір жанды дауыста орындалатын әндер некен-саяқ. Жас әншілердің әнге деген талғамсыздығы көз­ге ұрып тұрады. Бас­ты армандары – арзан атақ, хит әннің орындаушысы атану. Сапасыз әндердің қаптап ке­ту себебі содан ба деймін. Сіз қалай ойлайсыз?
– Ән шығару оңай шаруа емес. Көпшілік жұрт сазгер мен ақынды шатастыра­ды. Екеуі екі бөлек әлем еке­нін түсінбейді. Мысалыға, ақын шабыты келсе бір күн­де 10-15 өлең шығаруы мүмкін. Айталық, Мұқағали ағамыз осындай болған деседі. Ал сазгерлік ұзақ шығарма­шы­лық ізденісті талап етеді. Ал қазіргі іні-қарындас сазгерлеріміз компьютердің алдына отырады да бір күнде ән жаза салады. Немесе күнтізбені ашады да келе жатқан мереке бола ма, белгілі бір ақын-жазушының туған күні бола ма, соған арнап бірнеше сағатта ән жаза салады. Әрине мұндай жағдайдан кейін қандай сапалы ән шы­ғуы мүмкін?
Тіпті қазіргі кей әншілер шетелге барып, сол жақтан ән алып келіп, өңдеп те шығара салады. Қазіргі естіп жүрген даңғаза әндер төркіні сондайдан. Ал енді қараңыз, Біржан, Ақан Сері, Мәди мен Кенен аталарымыздың санаулы әндерінің өзі осы уақытқа дейін халықтың жүрегінде сақталған. Сондықтан сазгер­дің көрсеткіші әндері­нің саны емес, сапасы. Менің өзім осы өнер жолында 60-70 ән жазыппын, ал менен әлдеқайда жасы кіші сазгерлерде 500-ге тарта әндері бар. Бірақ бұлардың бәрін ұлы төреші уақыт өз орындарына қояды деп сенемін.
– Аға, әрбір кештің басты әні (локомотиві) болады ғой. Сіздің кешіңіздің сәнін қай ән кіргізбек?
– Бұл кештегі басты әнім туып-өскен, балалық шағым өткен Қызылсайға арналған. Ауылым тау бөктерінде тұратын 70 үйлі шағын ғана болса да, Парижге де айырбастамаймын деп айтып жүремін. Сондықтан туған жерге деген ыстық махаббат, жеделдеп өткен жетпіс жыл, балалық шақ осы әнге сыйып кеткен. Бұл әннің сөзін маңғыстаулық Ра­хат Қосбармақов дейтін ақын азаматқа жаздырттым. Алла бұйырса «Ауылым Қызыл­сай­дың бөктерінде» атты әнім кеш сәнін кіргізер деген ниеттемін.
– Енді бүгінгі өнер сахна­сындағы әншілерге келсек. Қазір әншілердің қолы­нан «бәрі» келеді – олар әнші де болады, сазгер де болады, ақын да болады, журналист те болады, актер де болады, продюсер де болады… Бұл та­ланттылардың көп­ті­­гі­нен бе, талғамсыз­дар­дың көптігінен бе?
– Иә, бұл бір өте өзекті сұрақ. Бүгінде жиі кездесетін құбылыс. Мысалыға, мен өзім өлең де жазамын, ақынмын десем болады. Алайда жазған өлеңдерімді міндетті түрде кәсіби ақындарға бір қаратып, үстінен тексертіп аламын. Ал екеуін қатар ұстап жүру өте қиын. «Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді» деп жатамыз ғой, сол секілді әрбір істің басын шалмаған дұрыс. Ал бүгін пайда болған мұндай таланттарға таң қаласың (күлді). Өз басым көп сөзден істі құп көретін адаммын. Сондықтан ондайлардың шы­ғармашылық сапасына қарап баға берген жөн. Шын талант болса, неге алдынан тосамыз? Ал жұлдыз ау­руы­на шалдығып, барлық атақ­қа жармаса берсе ол басқа әңгіме. Мысалыға, көбі­міз сүйіп тыңдайтын Ескен­дір Ха­сан­­ғалиев, Шәмші Қал­дая­қов, Нұрғиса Тілендиев ағаларымыз әндерінің бір де бірінің сөзін өздері жазбаған, ақын­дарға жүгінеді. Көрдіңіз бе, бұл кісілер өнерге, ән әле­м­іне ерекше құрметпен қара­ған. Олар үшін басты дүние халыққа сапалы ән тар­ту бол­ған, атақ пен абырой қума­ған.
– Әлгінде өзіңіз тілге тиек еткен Кенен Әзірбаев, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов сынды өнердің нар тұлғаларының көзін көр­діңіз, пікір алмас­ты­ңыз. Бұл кісілерден алған басты тәліміңіз қан­дай?
– Мұндай кісілердің өмір бойы шәкірті болуға болады. Олардан үйренетін қырлары­мыз бен қасиеттеріміз көп. Өз басым жалпы Нұрғиса ағамды өнердегі пірім деп айтып жүрмін. Бұл кісіден үйренген дүнием көп, оларды тізбелесем 1-2 сағат уақыттың өзі аздық етеді. Ал есімде қалған ең ерекше сәтті айтайын.
Сонау 1976 жылы Кенен атамыз дүниеден өткен тұста Нұрғиса ағаммен таныстым. Сонда Кенен атамыздың сақалы табыттан желбіреп бара жатты. Ол кезде коммунистік идеология нағыз күшінде, табыттың бетін жаптырмайтын. Мені қолтықтап келе жатқан Нұрғиса ағамыз жылап, «Айналайын-ау, сақа­лыңнан желбіреген, баратсың-ау бәрін тастап», – деген сөзі есімде қалды. Сосын бұл сөзді кейін «Сағындым Кенен атамды» әнінде қолдандым.
Мұнан бөлек бірнеше ән ырғақтарын да қолданға­ным­да Нұрғиса ағам «Әй, мына ән маған таныс қой, менен алғансың ба?», – деген таңданысты сұрағына: «Жоқ, бұл Кенен атамдікі», – де­ген жауабыма Нұрғиса ағам күліп: «Жарайсың, мен Кенен атамнан алайын, сен менен ал, қарашы қандай жара­сымды», – деген еді. Ол кісі ешқашан «мына ән менікі, пайдаланба!» деп айтпайтын. Содан болса керек, мен де қазір әнімді пайдалан­ғандардан ақы сұрамай­мын. Әнін сатқан баласын сат­қан­мен тең мен үшін. Міне, Нұрғиса ағамнан осыны үй­рен­дім.
– Сіздің ұстаздық қыз­ме­тіңіз де ерекше бір та­қы­рып. Қаншама өнер жұл­дыздарын сахнаға алып келдіңіз. Мейрамбек Бес­паев, Тоқтар Серіков сында нар тұлғалар сіздің арты­ңыздан ерген із­ба­сары­­ңыз іспеттес. Ал қазір қан­дай жас шә­кірт­тер тәр­бие­леу­де­сіз?
– Өз басым шәкірт мәселе­сіне өте сақ қарайтын адаммын. Атым шықты екен деп «шәкірт қабылдаймын, жұл­дыз етем» деп жарнама берген емеспін. Ақыл-есі толысқан, өнерде өз жолымды тапсам деген жастарға неге қолдау көрсетпеске? Ән әлемі баршамызға ортақ, «бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей жас өнерпаздарға білгенімді үйретуден жалық­қан емеспін. Ал қазір ерекше ықыласпен атайтын шәкірт­терім: «Меломен» тобы, Сая Махамбетқызы, Нұрболат Абдуллин, Әлішер Кәрімов.
– Құрметті Алтынбек аға, мазмұнды сұқбат бер­ге­ніңізге көп рахмет! Республикалық қоғамдық-саяси «Президент және Халық» газетінің ұжымы атынан Сізді мерейлі 70 жа­сыңызбен құттық­тай­­мыз! Өнер мен өмірдегі алар биіктеріңіз азаймасын! Шығар­машы­лығы­ңыз­ға сәтті­ліктер тілейміз!

Сұқбаттасқан
Жүсіп ЖҰБАТ.

Жауап қалдыру