АЛАШТЫҢ АРДА АЗАМАТЫ

0
58

профессор Бақдәулет Кенжалиев туралы сыр

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында оның экономикалық дамуы мен ғылымының өрістеуіне айтарлықтай үлес қосқан азаматтар аз емес. Солардың бірі, бірі емес бірегейі Бақдәулет Кенжалиев дер едік. Ол түсті және асыл металдар гидрометаллургиясы саласындағы отандық ғылыми мектептің негізін қа­лаушылардың бірі. Көрнекті ға­лым, өндіріс ұйымдастырушысы, он­да­ған шәкірт дайындаған ұс­таз.
Көрнекті ғалымның еңбек жо­лы қарапайым ғана басталды. Қызылорда облысы Арал ауда­нындағы Ақшатау ауылында туып-өсті. 1975 жылы КазГУ-дің химия факультетін бітірген бойда Шымкент қорғасын зауытында өндірістік қызметтегі алғашқы қадамдарын жасады. Көп ұзамай сол жылдың қараша айында Металлургия және кен байыту институтына қызметке шақырылды. Онда қарапайым инженерден институттың бас директоры лауазымына дейін көтерілді. 1983 жылы кандидаттық, 1998 жылы докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты. 2009 жылдан 2017 жылдар арасында зертхана жетекшісі, басқарушы директор, проректор лауазымдарында «Қазақстан – Британ техникалық универстеті» АҚ-ның инновациялық қызметіне басшылық жасады.
Бақдәулет Кенжалиев бүгінде еліміздің жетекші техникалық жоғары оқу орны саналатын – Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде ғылым жөніндегі проректор және Металлургия және кен байыту институтының бас директоры қызметтерін қатар атқаруда. Бұл елімізге қажетті стратегиялық бағыт – білім мен ғылымды интеграциялау міндетін шешу қажеттілігінен туындап отыр.
Айтулы ғалым түсті және асыл металдар гидрометаллургиясы са­ласындағы отандық ғылыми мектепті құрушылардың біреуі болып саналады. Ол металлургия және кен байыту институтын басқарғалы бері республика кәсіпорындарында мыс, алтын, осмий, рений және басқа металдарды алудың жаңа технологиялары жасалды және өндіріске енгізілді. Бақдәулет Кенжалиевтің тікелей басшылығымен Ақтоғай, Айдарлы және Васильковск кен орындарында жаңа технологиялар өндіріске енгізілді.
ҚБТУ басшылығы оған ҚБТУ — ЕЭА ИТП «Алатау» көп функцио­налды кампустың құрылы­сын, оның ішінде Дриллинг орта­лы­ғы­ның, Қазақстандық теңіз акаде­мия­сының, германиялық аналогтары­нан асып түсетін ҚБТУ-дың күн батарея­ларының негізінде жасал­ған тәжірибелік миниэлектр станция­сының құрылыстарын үйлестіру жұ­мыстарын тапсырған болатын. Күн-түн демей шаруаның басы-қасында жүруінің арқасында бұл жұмыстар нәтижелі аяқталды.
Б.Кенжалиев металлургия кеше­нін­дегі 4-ші және 5-ші қайта өңдеу өндірісін құруды ғылыми-техни­ка­лық қамтамасыз ету тұжы­рым­да­ма­сының авторы. Бұл тұжы­рым­дама Үкімет отырысында баян­­далып, қол­дау тапты. Тікелей оның бас­шы­лығымен Металлургия және кен байыту институтының тәжі­рибе-экспе­­римен­­талдық металлур­гия өн­дірісі қайта іске қосылды және онда бокситтерді өңдеудің инно­вация­лық технологиясын елімізде енгізу үшін алғаш рет тәжірибе-өнер­кәсіптік қон­дырғы жасалды және сы­нақтан ойдағыдай өткізілді.
Профессор Б.Кенжалиев қарма­ғын­дағы қызметкерлеріне де көп қам­қорлық көрсетіп келеді. 1989 жылы шаруашылық келісім-шарт бойынша Кенжалиевтің үйлестірушілігімен орын­далған жұмыстарға түскен қаржыға 30 пәтерлік үй салынды, сондай-ақ қызметкерлеріне жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін 46 жер учаскесін алып беруді ұйым­дастырды. Осының арқасында көп­теген қызметкерлердің баспан­а мә­селесі шешілді. Ал 2017 жы­лы өзі басқарған институттағы екі жас ғалым «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы бойынша Алматы қаласының Атлетикалық қалашығынан пәтерге ие болды.
Бақдаулет Кенжалыұлы Қытайда, АҚШ-та, Канадада, Үндістанда, Мысырда, Ресейде өткен халықаралық конференциялардың жұмысына қатысты, минералдық шикізатты өңдеу бойынша жаһандық конгрестің екі бағдарламалық комитетінің мүшесі болды. Соның ішінде Австралияда өткен (2012 ж.) конгрестің сараптау кеңесін басқарды. Сонымен бірге ол Үндістанда (Бангалор, 2010 ж.) өткен келешегі бар материалдарды алу технологиялары бойынша 11-халықаралық семинарды ұйымдастыруға қатысты.
Профессор Б.Кенжалиев ғылыми мамандарды дайындауға көп күш салып келеді. Ол басқарып отырған институттың жүздеген жастары ғылым жолын қуды. Бірқатары кейін ғылым кандидаты және ғылым докторы атанды. Өзі байыту және түсті, асыл және сирек металдар металлургиясы, металтану және металдарды термиялық өңдеу салалары бойынша техника ғылымының 15 кандидатын және екі ғылым докторын дайындап шығарды.
Ол басқарған Металлургия және кен байыту институты бүгінде әлемге танымал ғылыми орталық. Институт Германия, Қытай, АҚШ, Ресей, Түркия елдерінің зерттеу институттарымен бірге қызмет жасап келеді. Металлургия және кен байыту институты алғаш рет және бүгінгі күні Қазақстанда бірінші болып КРОССРЕФ (Crossref) нысандарды сәйкестендіру бойынша сандық кітапханаларды байланыстыратын Халықаралық ассоциацияның мү­шесі болды.
Профессор Б.Кенжалиевтің ең­бек­тері Қытай, Израиль, Канада, Украина және АҚШ елдерінің ғылыми қауымдастықтарында кеңінен мо­йын­далды. Ол 400-ден артық ғы­лы­ми еңбектің, соның ішінде 90 па­тенттің, 7 монографияның авторы.
Бағдаулет Кенжалыұлының жанұя­сы оның өмірдегі мақсаттарына және кәсіби табыстарына жетуіне бірден бір себепші және тірегі болды. Ұрпақтары әке жолын қуып, ғылыми ізденістермен айналысады.
Профессор Кенжалиев жас ке­зінен-ақ алғырлығымен көзге түсті. 1981 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. ҚСРО халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің 2 рет қола медалінің иегері (1982 және 1984 жж.) болды. «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытудағы еңбегі үшін» төс белгісімен (2001 ж.) марапатталды. 2017 жылы Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді.
Қазақстанның ғылыми қоғамдас­тығы жетпіс жастың асқаралы биігіне көтерілген Бақдаулет Кенжалыұлын мерейтойымен құттықтайды және оған зор денсаулық, бақыт, қажымас қайрат, жаңа шығармашылық табыс­тар тілейді.

Сұлтанбек ҚОЖАХМЕТОВ,
«Металлургия және кен байыту институты» АҚ бас ғылыми қызметкері,
ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор

Жауап қалдыру