Қайығын қисайтпаған жандар қағидасы

0
150

Ақындар өмірді өзенге теңеп жатады. Адам тіршілігіндегі толқындарды елестеткені, соны жеңе білуге жігерлендіргені деп білеміз мұны. Бірақ, тұжырып түсетін тоқтам да бұл емес сияқты. Тіршілік – шеңберге сыймайтын шексіздік. Бірсуаттағы Бостан ағамыз өмір иесіне қаратып «Өмірдің баламасы – өмір!» дегенді айтады. Әрине, жалқы пайым дегеннің өзінде, ішің жылитын шындық осы. Қаншама қияс шапқандар табылғанымен, бұған соншама талас тудыра қоймайды. Сонда, тоқсанның төріне озған қария мұны неге сүйеніп айтады? Көп  сөй­лемейтін көрегеннің жауабы да қысқа. «Адам өмір­дің пәр­менінде, уақыттың ағы­мында болуы керек» екен.
1927 жыл. Аласапыран кез. Мөлдіреген маусым айының басталар күнінде Біржан еліндегі Көшербайұлы Омардың үйінде торсықшеке сәби іңгә­легенін біреу біліп, біреу білмеген. Алақайлайтын заман емес. Әйтсе де, адамның өмірге келуі сол өмірге сабақтас елеулі оқиға. Ешқандай асылығы жоқ. Оны кешегі ел басына күн туған кәмпескемен, асыра сіл­теу саясатындағы қыр­ғын-сүргінмен, азуы алты қарыс аяусыз ашаршылық қасірет­терімен де тұқырта алмай­сың. Омар қуанышын бұ­лың­­ғыр Бүркітті тауымен, қара­ғайы қайысқан Бұланды орманымен оңаша бөліскен. Перзент қуанышы дегеніңіз ерекше. Мұндайда жақсы ойлар оянады. Ыңылдап ән салды. Заңғар көкке қол созған бәйтеректің діңгегін қапсыра қиялға берілді. Көңілі толқын тербеп, ішкі дауыспен «Бостан! Бостан!» деді. Ырыздығын орманнан терген Омар алтын бесік Мақпал ауылына «Бостан! Бостандатып!» ат басын тіреген. Бөбектің аты Бостан болды. Мұнда да түйіп қояр бір мәселе бар сияқты.
Көзі ашық Омар көп жаса­мапты. Әкеден қалған қамшыны қаршадай Бостан ұстауға мәжбүр болған. Табиғаты та­мыл­жыған Мақ­пал ауылы қа­рағай, қайыңы қайысқан орман құшағында орналасқандықтан отызыншы жылдардың нәубәті, салыстырмалы түрде айтқанда, ел қабырғасына онша бата қоймаған сияқты. Осы тұста орманды асыраушы десек, ауыл адамдарының бауырмалдығы мен жанашырлығы үмбет аяғын ұзартар қымбат қасиет дегеніміз дұрыс. Бұл Бостан секілді жетімектер жүрегінің қарайып, қатаймауының басты қайнары. Көпшіліктің қайы­рым, қамқорлығының қадірі осын­дайда білінеді. Ауыл мектебінде үнемі алда болды, аудан орта­лығындағы мектепте де үздіктер қатарынан түсіп көрген емес. Бірақ, бала көңілдің бұла қиял­дары шыр-пыр шытынар тұсы жақындап қалғанын кім білген.
Ойламаған жерден Ұлы Отан соғысы басталып, ел-жұрттың шырқы бұзылды. Бас көтерер бәйтерек азаматтар қан майданға аттанып, көп ұза­май Мақпалда шал-кем­пір, бала-шаға ғана қалған. Ор­ман төресі – бәйтеректің жан сыздата шайқалғаны осы болар. Бар ауыртпалық, жауап­­кер­ші­лік ерте есейген балғын шы­бық Бостандардың мойнына түсті. Қаршадай балалар таң қы­лаңынан қас қарай­ған­ға де­йін өгіз айдап, жер жырт­ты, отын-су дайындап, шөп шап­ты, кіре тартты. Сол жыл­дарғы бұқаралық қарым-қай­раттың қуатына қайран қал­масқа болмас еді. Қоз­ғау­шы күш – Жеңіске деген берік сенім. Соғысқа кеткен ауыл бәйтеректерінің қатары сел­діреп, «қара қағаздың» күңі­ре­нісі жиілегенімен, жал­пы­­ха­лықтық рух алауы сөн­ген емес. Бұған қоса, ол туыл­ған 1927 жылы өздерінің Еңбек­шіл­дер ауданы құрылғаны да талап жү­­гін салмақтандырып тұра­тын.
Мұндай жағдайда ауылды өгіз арбамен өрге сүйреу мүм­кін еместігі айқын. Бостан Карл Маркс атанған колхоз басшыларының қыр соңынан қалмай жүріп, Макин МТС-ы жанындағы тракторшылар кур­сына жолдама алған.
Содан 1952 жылға дейін «те­мір тұлпарының» тізгінін босат­қан емес. Сол жылы аудан тарапынан Петропавл қала­сын­дағы ұжымшар бас­қармаларын даяр­лайтын үш жылдық арнайы мектепке жіберіліп, агроном мамандығы бойынша ойдағыдай бітіріп шықты. Жас маман аудандағы «Прогресс» кеңшарында 12 жыл бойы агроном, аға агроном, партком хатшысы болып абыройлы қызмет атқарды. Осы жылдар ішінде кеңшардың екі мәрте республикалық және одақтық ауыспалы туды жеңіп алуында Бостан Омаровтың да елеулі үлесі барлығы талассыз.
Өз мамандығының қыр-сырын жетік меңгерген Бостан Омаров 1967 жылы аудандағы іргесі 1930 жылдары қаланған ең ірі шаруашылық «Восточный» кеңшарына бас агроном болып тағайындалды. Алдымен Алматыда бастап, Целиноград ауыл шаруашылығы институтын тәмәмдаған ол уақыт ағымына сай егіншілік мәдениетін көтеру ісіне бел шеше кірісті. Мұндағы егіс бригадасының техникалық қуаты артып, жұмыс үдемелі кестемен ұйымдастырылды. Барлық 22 мың гектар егістік алқапқа шаруашылықтың өзінде дайындалған тұқым себі­ліп, тәжірибелік сынақтар ойдағыдай атқарылды. Ауданда алғашқылардың қатарында элиталық шаруашылық мәрте­бесін иеленген «Вос­точный» кеңшарының іріктелген тұқым­дары әріптестер танабында да жайқалып өсіп тұрды.
Бостан ағамыз 1972 жыл­дан бастап 17 жыл бойы «Вос­точныйдың» директоры қызметін атқарғанда талай өзгерістердің куәсі болғанымыз бар. Міне, осы кезде ол кісінің іскерлік, басқарушылық, ұйым­дастырушылық қабілеттері кеңінен ашылып, кеңшар аудан және облыс шаруашылықтары арасында алдыңғы қатарға көтерілді. Шаруашылық эконо­ми­касының басты көрсеткіші – астық өндіруде жыл сайын тұрақты өнім алуға қол жеткізу нәтижесінде оның жылдық жалпы түсімі 25 мың тоннадан асып, мемлекетке 18-20 мың тонна сапалы астық тапсырылып отырылды. Сондай-ақ, мал шаруашылығының өркендеуіне үлкен мән берілді. Әсіресе, қазақтың ақ бас сиыр тұқымын асылдандырып, оны өз төлі есебінен көбейту айрықша назарда ұсталды. Өріс кеңейіп, жалпы ет өндіру көлемі жылына 1000  тоннаға жетуі қалай қол соқсаң да жарасатын көрсеткіш еді.
Бір сөзбен айтқанда, барлық іс жоспарланған өндірістік пайдамен атқарылды. Мұның өзі әлеуметтік саланың ілгері дамуына ықпал етті, көптеген тұрғынүйлермен қатар мектеп, мәдениет ошақтары, спорт алаңдары, әкімшілік ғимарат­тар, өндірістік нысандар пай­далануға берілді. Сөйтіп, ұжым мүшелерінің тұрмыстық әлеуеті көтеріліп, алаңсыз еңбек етуіне, әр салада тұрақты мамандар біліктілік шыңдап, өздерін жақсы жағынан көрсетуіне барынша мүмкіндік жасалынды. Жас мамандарды тәрбиелеу мә­се­лесі күн тәртібінен тү­сіріл­мей, ұстаздық қозғалыс өрістеді. «Восточныйда» кадр тап­шы­лығы, олардың негіз­сіз ауыстырылуы, еріксіз кө­шіп кетуі орын алған емес. Сондай-ақ, кеңшарда атақты малшы Социалистік Еңбек Ері Сатан Нұрмағановтың тәжі­рибе мектебі жұмыс істегенін үлгі етуге болады. Осы шаруа­шылықтың негізінде аудандық, облыстық семинар-кеңестер жиі өткізілетін. Бұл білгір бас­шының биік беделінен дерек беретін жағдай.
Газет қызметіне енді кіріскен біздерді аудан басшылары Бостан Көшербайұлы басқа­ратын кеңшарға жіберуге құлықты еді. Жуырда көне қойын дәптерлерімнің бірінен ол кісімен 1983 жылдың күзіндегі сұқбат жазбаларына кезіктім. Өзі делегаты болған Қазақстан компартиясы ХV съезінің шешімдерін орын­дау жолындағы жұмыс­тарын сұраппын. «Бесжылдықтың үш жылында 59380 тонна астық өндірілді. Бұл өткен бесжыл­дықтың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 8076 тоннаға артық. Астықтың өзіндік құны 2,16 сомға арзандап, рентабельділік 30 процентке өскен. Егіншілік мәдениетін  арттыруда сүдігер жырту, таза парлы алқапты бірнеше ізбен өңдеу, минералды тыңайтқышты тұқыммен бірге сіңдіру, арам­шөппен күрес бақылауда ұс­талады. Әйткенмен, табын­дардағы малдың жұқпалы ауру­лары толық жойылған жоқ. Жемшөптің жетімсіздігі қо­сым­­ша сал­мақтың орта дең­гейде қалуына әкеліп соғуда. Облыстық ауыл шаруа­шы­лығы басқармасы жайы­лым­дық­тарды суландыру жөнін­­дегі ұсыныстарымызды ке­шеуілдетіп жатқаны түсі-ніксіз». Міне, осылай деп жазған екенбіз. Қазір қарап отыр­сам, журналистер үшін де үйренетін мәселелер айтылған екен.
Сол  дәптерге  аудан  басшы­лары Шапай Әбутәліповтің, Қас­қырбай Әбуовтің, Степняк қаласының құрметті азаматы Тасболат Алпысовтың, Айдос Әбутәліпұлының пікірлерін түртіп алыппыз. Әсіресе, Тас­болат ағаның: «Бостан Ома­ров­тың айтқанының бәрі бұл­жытпай орындалатын…» деген сөздерінің астарында білікті басшыға деген ел құрметі жатыр.
Бостан ағаның ерен еңбегі ретінде 1982 жылы «Восточный» кеңшарының аты өзгертіліп, Біржан сал есімімен аталғанын айтуға тиіспіз. Бұл оқиға шаруашылық құрамындағы Бірсуат, Сәуле, Тассу ауылдары (округ әкімі – қазына қарттың немересі Уәлихан Бостанов) тұрғындарының ғана емес, бүкіл Көкше жұртшылығының қуанышы еді…
Қазіргі күні Омар ақсақалдың арман-тілегін бөліскен баяғы бәйтерек бар ма екен деп ойлаймын. Масаты Мақпалдың қалың қойнауынан оны дөп басып табу қиын шығар. Бірақ, балғын шыбық Бостан ағамыз үлкен өмір жолынан өтіп, әке аманатын ақтаған мәуелі бәйтерекке айналғаны анық. Омырауында Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендері, бірнеше медалінің ішінде айрықша қастерлейтін «1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы еңбегі үшін» медалі жарқырайтын ол Хорлан Айтымқызы апамызбен бірге 6 ұл-қызының, 17 немересінің, 28 шөбересінің және бір неменесінің бақытты ғұмырын тілеп, тәуелсіз Қазақстанның телегей табыстарына қуанып жүр. Бостан елдің байрағы да биіктей түсуде.

Бақберген АМАЛБЕКОВ,
«Президент және Халық».

Ақмола облысы,
Еңбекшілдер ауданы.

Жауап қалдыру