Агрохимия ғылымының алыбы

0
121

О.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты – еліміздегі агрохимия сала­сындағы аса ірі ғылыми орталықтардың бірі. Институт топырақ ресурстарының өнімділігін арттыру және оларды пайдалану, топырақ құнарлылығын арттыру, топырақ экологиясы мен оны қорғау мәселелерімен айналысады. Төменде осы ғылыми мекемеге ұзақ жылдардан бері бас­шы­­лық етіп келе жатқан көрнекті ғалым, ҚР ҰҒА мүше-корреспонден­ті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Абдулла Сапаровтың өмір жолы мен ғылыми ізденістері туралы материал ұсынылып отыр.
«Адамның тектілігі – тегінен» дейді үлкендер. ҚР Ұлттық Ғылым ака­демиясының корреспондент-мүшесі, ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдары ака­демиясының академигі, профессор, бүгінде жетпістің желкенін керген Абдул­ла Сапаровтың айтулы ғалым болуына ата-анасының ықпалы зор болғаны анық. «Ұяда не көрсең – ұшқан­да соны ілесің» деген. Әкесі Сапар жасында әйгілі шабандоз, көк­аршы, кейін атақты сынықшы, егде тарт­қанда еліне құрметті молда болған кісі. Жасырақ шағында қасына бір топ шабандоздарды ерте жүріп ел аралап, Жамбыл мен Қызылорда арасында талай алқалы жиында көкпар тартқан. Оның ерекшелігі сол – тақымына тиген серкені мәреге жеткізбей тынбайды екен. Мүмкіндігі болғанша, ел көрсін, үй­ренсін деп баласы Абдулланы қасы­нан тастамай алып жүріпті.
Ауылдағы жұрт туындаған мәселе­лерді «Сапакеңмен ақылдасайық» деп келіп тұрса, ол әділ шешімін айтып шы­ғарып салады екен. Сонымен бірге күн-түн демей сынықшылық кәсібімен айналысыпты. Күрделі сынық болса, оны салып болған соң, рентгенге түсіртеді, сонда травматолог мамандар сынықты салған шеберлілігіне таң қалып, сүйсініп жатады екен.
Шешесі Қынаш екі қыз, алты ұлды дүниеге әкелген асыл ана еді. Бар ғұмырын соларды тәрбиелеп өсіруге жұмсады. Өзі кезінде ісмер тігінші бол­ған, ерте кезде той-томалақта қыз жа­­сауына құрақ көрпелер мен қыз-ке­ліншек­тердің көйлегін тігіп, қуаныш­тың сәнін келтіреді екен. Бала­ларының бар­лығы ел қатарлы біліп алып, өмір сүріп, өсіп-өніп жатыр.
Ұлдардың үлкені Абдулла бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы) Қазығұрт ауданы­ның Қақпақ ауылында дүниеге келген. Ес білгеннен ата-анасына қолғабыс жа­сап өсті. 1966 жылы Шыршық қала­сындағы (қазір Өзбекстанға қарайды) М.Әуезов атындағы №17 орта мектепті тәмәмдаған бойда сол кездегі тәртіп бойынша бірден жоғары оқу орнына түспей, Шыршық трансформаторлық зауытында токарь, инструментальдық цехта слесарь, содан кейін «Қызыл таң» ұжымшарында бағбан болып ең­бек жолын бастаған. Бір жылдық ең­бектен кейін 1967 жылы Қазақтың ауыл шаруашылығы институтының (қа­зіргі Қазақ ұлттық аграрлық университеті) агрохимия және топырақтану фа­куль­те­тіне түсіп, оны 1972 жылы бітір­ді.
Жолдама бойынша Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылы­ми-зерттеу институтына жұмысқа жібе­ріл­ген. Сонда табан аудармай жиырма жылдай еңбек етіп, кіші ғылыми қызметкерден аға ғылыми қызметкер, зертхана және агрохимия бөлімінің мең­герушісі, институт директорының орын­басарлығына дейінгі лауазым­дық қызмет баспалдақтарынан өтті.
Абдулла Сапаровтың ғылыми-зерт­теу институты қабырғасында атқар­ған жұмыстары аса сәтті болды. Ауыл ша­руашылық дақылдарының тыңайт­қышқа биологиялық сұранысын, олар­­дың диагностикалық көрсеткіш­те­рін анықтады және республиканың 1985-1990 жылдардағы ауыл шаруа­шы­­­лығына қажетті минералдық және органикалық тыңайтқыштарының нормативін, сонымен бірге топырақ пен минералды тыңайтқыштардың пайда­лану коэффициенті, олардың ауыл ша­руашылығына қажеттілігін анықтау нормативін жасады. Осы жұмыстардың және ізденістердің негізінде Абдулла Сапаров 1985 жылы Мәскеуде кан­дидаттық, 1997 жылы Алматыда док­торлық диссертация қорғады. 1990 жылы оған аға ғылыми қызметкер, ал 1998 жылы профессор атағы берілді.
Әбекеңнің жеке тұлғасының, ғалым және басшы болып қалыптасуына көр­некті ғалымдар мен академиктер үл­кен әсер етті. Олардың қатарындағы Р.Е.Елешев, М.Сүлейменов, А.Саты­бал­дин, В. Минеев, Ж.Аханов, Л. Бобров, Ф.Янишевский, Н.Болдырев, Б.Басы­беков, М.Мамышов, А. Рахым­жа­нова және бірге істеген ғалым­дардың кәсіпке адал әрі жан-тәнімен қызмет етуіне ықпалы зор.
1994-1996 жылдары өндірісте Алматы қаласындағы «Көріктендіру» ӨҚҰ, оның қарамағындағы «Көгалдан­дыру» АҚ-да ашық және жабық алаңдарын­дағы учаскені басқару қызметін атқар­ды. Ол ашық және жабық алаңдар жағ­дайында прогрессивті жолмен кар­топ пен көкөніс дақылдарының өнім­дерін жоспарлы түрде өсіру және оны жыл бойы жасыл конвейерде алу әдістерін енгізді. Сонымен бірге ашық алаңда жылына екі немесе үш көкөніс дақылдарының (қияр, сәбіз, шомыр және раушангүлдің көшетін т.б.) өнімдерін өсіру мүмкіндіктерін дәлел­деді. Ағаш пен гүлді өсіру техноло­гия­ларын жетілдіре отырып, Алматы қаласындағы саябақтар мен парктерді безендіру мен көгалдандыруға үлкен үлес қосты.
Басқаруға алған кезінде өндірістің 2 миллион теңге қарызы болған болса, 10 айдың ішінде, ғылыми жаңа­лық­тарды өндіріске енгізудің арқа­сында 45 миллион теңге табыс кіргізді. Бұл ол кезде өте үлкен жетістік болатын. Сондықтан да болар Алматы қала­сының әкімшілігі кәсіби маманға қаланың ортасынан үш бөл­мелі пәтердің кілтін табыс етті. Бұл Әбекеңнің отбасы үшін үлкен қуаныш болатын. Ғалым ізденістерін одан әрі жал­ғастыра берді.
1996-1997 жылдары Ө.О.Оспа­нов атындағы то­пы­рақтану ғылыми-зерттеу институтында топырақ про­цестерін моделдеу бөлімінде аға ғылыми қыз­меткер лауа­зымын ат­қарды. Қазақстанның оңтүстік шығыс жағдай­ында тау бөктеріндегі топырақты өңде­мей жерге дәнді дақылдарды еккенде, құрғақшылық жылдары, астықтың өнімі тиімді болатынын дәлелдеді.
1998 жылдан 2002 жылдар аралы­ғында аграрлық зерттеулердің Ұлт­тық акаде­миялық орта­лығында агроэкология және су, орман шаруашылығы, агрохимия, то­пы­рақ­тану саласында ғы­лыми бағдар­ламаны қамтамасыз ету және оны ұйымдастыру бөлімінде, ал­дымен ғылыми хатшы-кеңесші, содан кейін бөлімнің академик-хатшысы болып қызмет атқарды. Бөлімнің ғылыми жұмыстарын үйлестіре білді, соның негізінде жоғары органдарға бөлімнің құзырындағы ғылыми-өн­дірістік ұсы­ныстар мен құжаттары дай­ындалды. Сондай-ақ Кеңес одағы ке­зіндегі республикадағы бұрынғы жабылып қалған агрохимиялық қызмет­тің Оңтүстік Шығыс филиалын қайта жандандыру ұсынысы жасалып, еліміз­де Республикалық агрохимиялық қыз­метпен қамтамасыз ету ғылыми-әдіс­темелік орталығы ашылды.
2002-2003 жылдары Қазақ ұлттық аграрлық университетінде – жоғары санаттағы әдіскер, ғылыми-зерттеу жұ­мыстары бөлімінің бастығы қызметін ат­қарды және ғылыми-зерттеу жұмыс­тарын үйлестірді. Қазіргі таңға дейін агрохимия және топырақтану кафед­­расының профессоры болып дәріс оқи­ды. Студент, магистрант және РhD докторанттардың курстық, дипломдық және диссертациялық жұмыстарына же­текшілік етеді.
2003 жылдан қазіргі уақытқа дейін Абдулла Сапаров Ө.О.Оспанов атын­дағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу инсти­тутының бас директоры қызметін атқарып келеді. Ол – сондай-ақ республикадағы топы­рақ­тану және агрохимия ая­сындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер бағ­дар­ламаларының ғылыми жетекші­сі, топырақ ресурстары мен ауыл ша­руа­шылығы мақсатындағы жер­лерді тиімді пайдалану мен топы­рақтың құнар­лылығын басқару жүйе­сінің үйлес­тіруші, топырақтану және агро­химия ғылым­дарының да­муы­ның ұйым­дас­тырушысы және бас менеджері.
Ол – «Орталық Азияның құрғақ жер­­лерін­дегі экожүйеге климаттың өзге­руінің әсерін зерттеу» атты Қазақ­стан – Қытай халықаралық жобасы­ның тең жетекшісі.
А.Сапаров 2004-2011 жылда­ры Ө.О. Оспа­нов атындағы Қазақ то­пы­­рақ­тану және агрохи­мия ғылы­ми-зерттеу институты жа­нын­дағы био­ло­гиялық және ауыл шаруа­шы­лық ғылымдарының то­­пырақ­­тану ма­мандығы бойынша кан­­ди­дат­­тық және докторлық диссер­тация қор­ғай­тын диссертациялық ке­ңестің төрағасы бол­ды. Сол диссер­тациялық кеңесте 5 докторлық және 15 кандидаттық диссертация қор­ғал­ды, соның ішінде 3 докторлық пен 12 кандидаттық жұ­мысты институт ғалым­дары қорғады.
1998-2003 жылдар аралығында ауыл шаруашылық және ветеринария ғы­лымдарының ҚР Жоғары аттес­та­циялық комисиясының сараптама кеңесінің мүшесі және ғылыми хатшысы болды.
Қазіргі таңда А.Сапаровтың 500-ге жуық ғылыми жұмысы жарияланған. Оның ішінде 20 монография, кітап пен оқу құралы, 25 өндірістік ұсыныс, 15 инновациялық патент, 8 авторлық куәлік, 3 авторлық құқығы бар. Баспаханада кезегін күтіп жатқанын ғылыми еңбектерін есептемегенде, жарық көр­ген ғылыми монографияларының өзі жиырмадан асады.
А.Сапаровтың жетекші­лігімен аграрлық білім беру және ғылым ая­сында қызмет ат­қарып жүрген жетекші мамандардың 7 кандидаттық, 5 докторлық және 10 магистрлік, 2 РhD докторлық диссертациясы қорғалды.
Абдулла Сапаров ғылыми-өндірістік, педагогикалық қызметімен бірге қоғамдық жұмыстарға көп көңіл бө­леді. Ол 15 жылдай жергілікті орган­дар­дың халық депутаттарының бес ша­қырылымында де­путаттыққа сай­ланды және Алматы облысының Қара­сай ауданында жер ресурстарын тиімді пайдалану мен қоршаған ортаны қорғау және Қайнар ауылының әлеу­меттік-тұрмыстық жағдайын жақсар­туға айтулы үлесін қосты.
Кезінде бірнеше рет Қазақтың картоп және көкөніс шаруашылығы ҒЗИ-ның қоғамдық ұйымдарын басқарды және аудандық және облыстық кәсіп­одақ комитетіне мүше болып сай­лан­ды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төрал­қасының 1990 жылғы 13 маусымдағы қаулысымен Қазақ КСР Жер кодексінің жобасын толықтыру жұмыс тобына қатысты.
Абдулланың сіңірген еңбегі атаусыз қалған емес. Ол – аграрлық ғылым аясындағы А.И.Бараев атын­дағы сый­лықтың лауреаты, Д.Н.Пряниш­ников атындағы Бүкілре­сейлік агрохимия ҒЗИ-ның «Құрметті агрохимик» меда­лімен, ҚР АШМ-нің Құрмет грамотасымен, «Орталық Азия және Закавказья құрғақ жерлердегі ауыл шаруашылы­ғы ізденістерінің халықаралық орта­лы­­­ғы­­на 10 жыл» медалімен, 2014 жылы «Кұрмет» орденімен марапатталды. Осы жылы «Тянь-Шань» сыйлығының лау­реаты атанды. 2009 жылы ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдары акаде­миясының академигі атанды. 2014 жылы ҚР ҰҒА құрметті мүшесі болса, 2017 жылы ҚР ҰҒА корреспондент мү­шесі болып сайланды. 2010 жылы зерт­теу жұмыстары үшін Моңғолияның Убсу-Нұр аймағының құрметті азаматы атағы берілді.
Бүгінде ғалым халықаралық дең­гейде Бүкіләлемдік Банкісі, Азия­лық Даму Банкісімен, Варшава Универ­си­теті, INCO, CACILM, ИКАРДА, ғылы­ми-техникалық орталықпен (МНТЦ) бірлескен зерттеулер жүргі­зуде. Осы жұмыстардың негізінде Институт Халықаралық қордың «Іскерлік тәжіри­бедегі жоғары сапа үшін» алтын медалімен марапатталды. Өсімдіктің өсуі мен дамуына топырақасты қыртысы суы­ның әсерінің заңдылығы» атты «Өсім­діктердің биология саласында» ғылыми жаңа­лығы Халықаралық авторлар мен өнертапқыштар акаде­мия­сының қаулысымен ресми тіркеуден өткізілді.
Абдолла Сапаров басқарған Ө.О. Ос­па­­нов атындағы Қазақ топырақ­тану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты Ресей, Украина, Польша, Беларусь, Қытай, Германия, Сербия, Жапония, Түркия, АҚШ, Италия, Израиль сияқты алыс және жақын шет мемлекеттердің ҒЗИ-мен тығыз байланыстар орнатты. ҚХР ҒА-ның ғылыми зерттеу институттарымен келісім шарт­тар жасалып, Шығыс және Орта Азия­ның тұрақты дамуы мен қоршаған орта, ресурстар туралы ғылыми-зерт­теу орталығын құру құжаттары дайындалды. 2014 жылы соның негізінде Алматыда Орталық Азия экология және қоршаған орта ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Осыған орай Қытай мен Қазақстан ғалымдарының арасында өзекті мәселерді шешуге арналған бірлескен жобалар іске асырылуда.
2018 жылы институтта Абдулла Сапаров жетекшілігімен «Топырақ ре­сурс­тарын және қоршаған ортаны қор­ғау» атты тақырыпта халықаралық топырақтану конгресі өтті. Конгреске 30 шақты жақын және алыс шетелдерден, сонымен бірге және ИКАРДА, СИММИТ, Орталық Азия экология жә­не қоршаған ортаны ғылыми зерттеу орталығы, ФАО, Евроазиялық топырақ әріптестерінен (ЕАПП) келген ғалымдар қатысты. Олар әлемдегі жаһандық климаттың өзгеруі мен оның экожүйеге және жердің тозымға ұшырауы мен қар­қынды жүріп жатқан шөлейттену про­цестерінің топырақ пен қоршаған ортаға әсері туралы ғылыми ізденістері мен жетістіктерін өзара талқылап, пікір алмасып олардың шешу жолдарын ұсынды.
А.Сапаров бірнеше рет Алматы қала­сының сарқынды суды тазартып, тиімді пайдалану мәселелерімен айналысты. Сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау және көміртекті топыраққа жинақтау мәселесі, топырақты тиімді пайдалану, топырақтың экологиясы мен то­пы­рақтың құнарлылығын жаңғырту проб­лемалары бойынша АҚШ, Қытай, Сирия, Польша, Израиль, Түркия, Германия, Жапония, Ресей, Италия, Әзір­байжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Әр­ме­ния және тағы басқа елдерде өткен халықаралық форумдарда, сим­по­зи­умдар мен конференцияларда баян­дамалар жасады.
2009 жылы А.Сапаров Токиода өткен Интеллектуалды диалогқа (Орта Азия және Жапония) қатысып, «Орталық Азиядағы топырақты қорғау аясында достастық және Орталық Азияның қоршаған ортасына климаттың өзге­руінің әсері мен бақылау шаралары» тақырыптарында екі секцияда баяндама жасады. Осыған орай Жапон елшілігі 2009 жылы 27 қаңтарда арнайы нотамен ҚР Сыртқы Істер министрлігіне, ҚР Қоршаған ортаны қорғау және ҚР Ауыл шаруашылығы министрліктеріне ризашылықпен оң пікірлерін жол­дады.
Республикадағы агрохимия және топырақтану саласындағы көрнекті ғалым Абдулла Сапаровтың топырақ ресурстарымен ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатын жерлерді тиімді пайдалану және топырақтың құнарлылығын арттырудың негізінде ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі мен сапасын арттыру және өндіріске жаңа инновациалық технологияларды ендіру проблемаларымен айналысып келе жатқанына 45 жыл­дан асып барады. Осы аралықта ғалым топырақтану мен агрохимияның өзекті проблемаларын шешуде зор ынта танытып, білімімен және ғылыми тәжірибесімен бөлісіп келеді.
Ғылыммен түбегейлі айналысумен бірге ол өмірдің ең қызықты кезеңі – студенттік шақтағы достарымен де жиі бас қосады. Студент кезінде факуль­тетте, бір топта бес ұл, бес қыз бір-бір ша­ңырақтың баласындай тату-тәтті кезеңдерді бірге өткізді. Сабақты бірге оқып, спортпен айналысып, қызықты ойындарға бірге баратын. Оқудың соң­ын­да бірін бірі қимай, сезімдерін ту етіп екі жұп қыз бен жігіт үйленіп, отбасын құрды. Арада уақыт салып қалғандары да үйлі-баранды болды. Қазіргі таңда бастары қосыла қалса жастық шақтарын еске алып, таң атқанша мәз-майрам болып жатады. Екеуі ғылым жолында, қалғаны өндірістен орын тауып, қызмет атқарып келеді. Балаларының өзі азамат болғаны да бір ғанибет. Әбекең жұбайы Ұлбүбі екеуі үш перзент өсіріп, тәрбиелесе бүгінде солардан тараған үш немереның ортасында әр күнін қуанышқа кенелтіп келеді.

Мұрат ЖАНЫСБАЕВ,
«Prezident & Halyq»

Құттықтаймыз!
Республикалық қоғамдық-саяси «Prezident & Halyq» газетінің редакциясы Ө.О.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Абдулла Сапаровты 70 жасқа толған мерейлі мерекесімен шын пейілден құттықтайды. Мерейтой иесіне ұзақ өмір, отбасына амандық, шығармашылық ізденістеріне сәттіліктер тілейді.

Жауап қалдыру