Агроинженерлік ғылымның майталманы

0
102

Сынап сынды жылт-жылт етіп сырғып жатқан уақыт. Ұстап  қала  алмайсың. «Дүние – жалған» дейтіні де сол шығар. Қазақ агроинженерлік ғылымын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Лесбек Сейітбекұлы Сейітбековтың дүниеден өткеніне де алты жылдан асып барады екен. Өзі өлсе де артында өшпес із қалдырған ғұлама ғалымның есімін мәңгі есте сақтау үшін жуырда Жамбыл облысы әкімдігі мен облыстық Мәслихаты Жуалы ауданындағы бір мектепке академик Л.С.Сейітбековтың есімін беру туралы шешім қабылдапты. Ел-жұрттың қуанышы шексіз. «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер» деген ұлағатты сөздің өтемі осы болар, бәлкім.
Академик Лесбек Сейітбеков Жамбыл облысы Жуалы ауданы­ның «Кеңес» ауылында кедей ша­руаның отбасында дүниеге келген. Ауыл мектебінде оқыды. Ол кезде Жуалы жерінде «Борал­дай шахтасы» дейтін көмір кен орны бар еді (1959 жылы жабылған). Бұғанасы бекімей жатып осы шахтада жұмыс істеді.  Ташкент жер суландыру және ауыл шаруашылығын ме­ха­ни­каландыру инженерлері инсти­тутын бітірген соң, ауыл шаруа­шылығында инженер бо­лып қызмет істеп, өндірісте мол тәжірибе жинақтаған Лесбек Қазақ ауыл шаруашылығын меха­никаландыру және электр­лендіру ғылыми-зерттеу инсти­тутына (ҚазАШМЭҒЗИ) аспи­ран­тураға түскен. Содан бастап осы институтта үздіксіз 44 жыл жұмыс істеді. 1966-1969 жылдары  аспирант, 1969-1991 жылдары кіші және аға ғылыми қызметкер, сектор, зертхана, бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1991-1993 жылдары  Қазақ ауыл шаруашылығы ғы­лымдары академиясының ауыл шаруашылығы өнімдерін сақ­тау және ұқсату бөлімшесінің ака­демик-хатшысы, 1993-2003 жылдары Қазақ ауыл шаруа­шы­лығын механикаландыру жә­не электрлендіру инсти­туты­ның Бас директоры, 2003-2007 жылдары бас дирек­тор­дың орынбасары, 2008 жылдан өмірінің соңына дейін (2010 ж.) осы мекеменің бас ғылыми қыз­­меткері болып жұмыс ат­қар­ды.
1970 жылы техника ғылым­дарының кандидаты, 1984 жылы «Армян  ауыл шаруашылығын механикаландыру» ғылыми-өндірістік бірлестігінде техника ғылымдарының докторы дәре­жесіне диссертация қорғады. 1986 жылы Қазақ ауыл шаруашылық ғылымдары ака­демиясының кор­респондент-мүшесі, 1993 жы­лы толық мү­шесі (академигі) болып сай­ланды. 1995 жылдан Қазақ­стан Республикасы Ұлт­тық ғы­лым академиясының ака­де­мигі…
Лесбек Сейітбекұлының қыс­қаша өмір жолы осылай деп сыр шертсе, оның ғылыми өмірбаяны ұзын-сонар әңгіме. Енді соның кейбір кезеңдеріне ғана тоқталып өтпекпіз.
Айтпақшы, сонау жетпісінші жылдары СОКП Орталық Ком­итетінің Бас хатшысы, КСРО Жо­ғары Кеңесінің Төра­ғасы Леонид Ильич Бреж­нев Қа­зақстанда қой санын 50 мил­лионға жет­кізу мінде­тін жүктегені бү­гінгі аға ұр­пақ­тың есінде. Осы тап­сыр­маға байланысты рес­пуб­лика басшылары елімізде қой шаруашылығын жедел қар­қын­мен дамытуды қолға алған. Жаңадан жүздеген қой совхоз­дары құрылды. Бұрыннан қой өсірумен айналысып келе жатқан шаруашылықтарға мал басын аман сақтау, қой санын өз төлі есебінен өсіру міндеттелді. Мал басы артқан сайын жайылым мәселесі қиындай түскен еді. Ол кез елімізде төрт түліктің басқа да түрлері: жылқы мен ірі қара басы да еселеп артқан кез. Оларға да жайылым керек. Төрт түлік мал бейберекет жайылған соң, жайылым тозып кететіні бесенеден белгілі.
Сондықтан республика бас­шы­ларының тапсыруымен Л.Се­йіт­беков қызмет істейтін Қазақ ауыл шаруашылығын механи­каландыру және электрлендіру ғы­лыми-зерттеу институты жа­йылымдықтарды сақтау, мал жаю үдерісін механикаландыру мәселесін қолға алып жатқан. Ақырында бұл жұмысты аяғына дейін жеткізу міндеті жас ғалым Лесбек Сейітбеков басқаратын зертханаға тапсырылды. Ол және оның қоластындағы ғы­лыми қызметкерлері жатпай-тұрмай іздену арқасында мал жайы­лымдарын қоршау техно­логиясын жүзеге асырды. Жайы­лымдықтарды қоршауға арналған сым торларды тоқитын, торға арналған темір қадалар дайын­дайтын, жер қазатын және басқа да машиналар кеше­нін жасау жөнінде ауқымды жұмыс­тар ат­қарылып, бұл машиналар сы­нақтан өткізіліп, өндіріске жі­берілді. Соның нәтижесінде Қа­зақ­станда миллион гектардан ас­там мал жайылымдары қор­шал­ды.
Алғашқы ғылыми нәтижелері Шымкент өңірінде «Задария» совхозында жүзеге асты. Лесбек Сейітбекұлы сол шаруашылыққа іссапармен барғанда мал­шы­лар оған алғыстарын жау­дыр­ған. Осындай табанды ізденіс­терінің арқасында Лесбек Сейіт­бекұлының жетекшілігімен ауыл шаруашылығына арналған 14 түрлі машиналар кешені жаса­лып, өндіріске енгізілді. Бұлар­ды жалғыз Қазақстан ғана емес, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Моң­ғолия жұртшылығы да жақ­сы қабылдады.
Лесбек Сейтбековтың ғы­лым саласындағы ең үлкен же­тіс­тіктерінің бірі – қаракөл ел­ті­­рі­лерін өңдеудің жаңа тех­но­ло­гиясын жасап шы­ғаруы бола­­тын. Қазақ ауыл шаруа­шы­лығын механика­ландыру және электрлендіру инсти­ту­тына кел­ген бойда институт дирек­торы Павел Андреевич Нико­лаев оны қаракөл елтірісін өңдеудің тың технлогиясын жасауға бағыт­таған болатын.

Сөйтіп Л.Сейітбеков қаракөл елтірісін тазартатын, өңдейтін машиналарды жетілдіруді қолға алды. Тері тазалайтын демекші, барлық төлдер сияқты қаракөл қозылары да шаранасымен туылады, оның үстіне енесінің құрсағынан жерге түсіп тағы былғанады. Сондықтан жас төл­дердің терілерін тазарту үл­кен күшке түсетіні анық. Ал шаруашылықта бір күнде мың­даған қозы сойылып, олардың елтірілерін бүлдірмей тазарту, өңдеу үшін арнаулы маши­налардың көмегі қажет болады. Қаракөл елтірісі әлемдік нарықта аса бағалы шикізат болып табылатындықтан, жаңа туған қозылардың терісіне, жүніне зақым келтірмей өңдеу керек. Қаракөл елтірісі жүнінің өте майда да нәзік бұйраларымен көз тартады. Ол сонысымен құн­ды, машинамен жуып, та­зарту, илеу, өңдеу үрдісінде елтірінің бұйралары жазылып, тегістеліп кетпеуі шарт. Бұйрасы жазылып кеткен терілердің сапасы мемлекеттік стандартқа сай келмейді. Сондықтан елтірі өңдеу машиналарының сапасын жақсарту үшін жас ғалым Л.Сейітбеков көп тер төкті. Жылдар бойғы сынақ­тардан кейін Лесбек Сейіт­беков жетілдірген маши­налар кешені зауытқа жаппай өндіріске жіберілді. Бұл маши­на­лар зауыттан шығы­сымен Қазақстандағы Қаракөл өндіру­мен айналысатын 200, Өз­бекстандағы 50 шаруашы­лыққа тартылып берілді. Жаңа технология мен  жаңа техника өзінің артықшылығын бірден байқатты. Мамандар тарапынан жоғары бағаланды.
Лесбек Сейітбекұлы канди­даттық диссертациясын қорғап шық­қаннан кейін де бұл мәсе­лемен ұзақ айналысты. 1984 жылы Ереванда «Қаракөл ел­тірісін өңдеудің технологиясы мен машиналардың ғылыми негізі» тақырыбында докторлық диссертациясын да табысты қорғады. Осы сала бойынша өзінің ғылыми мектебін қалып­тастырды. Оның ғылыми мектебінде қой шаруашылығы өнімдерін өңдейтін қалдықсыз технология жүзеге асты. Лесбек Сейітбекұлының басшылығы­мен институт зертханасында қара­көл терілерін тазартатын агрегаттың, қаракөл қозыларын соятын және олардың терілерін сыпыратын, елтіріні өңдейтін, теріні тұздайтын, құрғататын агрегаттар мен тораптардың ра­диа­циялық-конвективтік құр­ға­ту қондырғыларының, қо­зы­ларды сойып, терісін алатын жартылай автоматтардың, қаракөл қал­дық­тарынан белок­тық түйір­шіктер жасайтын маши­налар кешенінің жаңа буыны жасалып, өндіріске жіберілді.
Институт ғалымдарының бұл табыстары СОКП Орталық Комитетінің, КСРО Министрлер Кеңесінің, Бүкілодақтық Кәсіпо­дақтар кеңесі мен БЛКЖО Орталық Комитетінің ауыс­па­лы Қызыл Туымен атап өтіліп, Бүкілодақтық Халық шаруа­шы­лығы жетістіктері көрмесінің (Мәскеу) 4 алтын, 4 күміс, 6 қола медаліне ие болды. Бұлардың техникалары Моңғолияға экспорт­­талды. Л.Сейітбеков тек осы жұмысқа ғана 18 жыл уақы­тын сарп еткенін атап өткен жөн сияқ­ты.
– Қаракөл өндірісі – Қазақ­стандағы қой шаруашы­лығының ірі саласы еді, – деп еске алады Лекеңнің шәкірті, профессор Қалмұхамет Ахметұлы. – Лесбек Сейітбекұлы қаракөл зауыттарының жұмыстарын тұ­рақты түрде назарда ұстады. Док­торлық диссертациялары да осы салаға арналды. Оның жоба­сы бойынша жасалған  маши­на­­лар кешені елімізге мил­лион-миллион сомдық эконо­­микалық тиімділіктер әкел­ді. Лесбек Сейітбекұлы қа­ра­көл шаруашылығы бойын­ша рес­публика деңгейін­де өткі­­зілетін семинар-кеңес­терге үнемі бел­сене қаты­сып, облыстар, ау­­дандар мен кең­шарлар басшылары мен зоо­тех­ник-селекционер ма­ман­дары алдында қаракөл шаруа­шылығын дамыту мен оның өнімдерін өңдеу жөнінде өз ойын ортаға салып, ақыл-кеңестер беріп отыратын.
Академик Лесбек Сейітбек­ұлы Қазақстанның көптеген ай­­мақтарында мұндаға дейін пайдаланылып келген желдің қуатымен су тартатын ВВ-5Т, ВВ-ЗТ және электр қуатын өндіретін ВЭ-5Т-2М қондырғыларының, ПР-400В шөп жинағыш-сы­ғым­дағыштардың, ДИК-1,5, ДИК-2,2, ДУ-5,5 мал азығын ұсақ­тағыштарының, мал шаруа­шылығы қалдықтарынан органи­калық тыңайтқыш пен биогаз алатын қондырғылардың, шағын ГЭС-тің де авторы болды.
ҚР Ұлттық ғылым акаде­мия­сының Президенті М.Жұрынов Л.Сейітбеков туралы естеліктер жинағына енген мақаласында былай деп жазыпты: «Ол (Л.Се­йітбеков) ауыл шаруа­шы­лы­ғы өндірісін механика­лан­дыру саласында тиімді техно­­логиялар мен техникалық құрал-жаб­дықтар жобалаудың тұжы­рым­дамалары мен ғылыми-ме­то­дологиялық негіздерін жа­сауға мол үлес қосқан белгілі ғалым. Жүргізген іргелі және қолданбалы зерттеулері өзінің тереңділігі мен ауқымдылығы жағынан ерекшеленеді. Өзінің зерттеулерінде ол жүйелік қөз­қарас, жүйелік талдау әдіс­те­мелерін де кең ауқымда пай­далана отырып, оларды нақты ауыл шаруашы­лығы объек­тілеріне пайдалану  прин­цип­тері мен  методоло­гиясын жа­­сады. Мал шаруашылығы тех­нологияларын әрі қарай дамыт­ты» («Ғибратты ғұмыр», ака­демик Л.Сейітбеков туралы ес­те­ліктер, Алматы, 2013, 4-бет).
Академик Л.С.Сейітбековтің «Қазақ ауыл шаруашылығын механикаландыру және электр­лендіру ғылыми-өнді­рістік бір­лестігінің» бас директоры болып тағайындалған кезі еліміздің өміріндегі өтпелі кезеңге сәйкес келді. Нарықтық қатынастарға көшу қызу қарқынмен жүріп жатты. Ғылыми мекемені қар­жыландыру мен техникалық жарақтандыру адам төзгісіз жағдайда еді. Материалдық база мен ғылыми кадрлар әлеуеті құлдырап кетті. Мемлекеттік тапсырыс болмаған соң қаржы да түспейтіні белгілі. Ал қаражат пен сұраныс болмаса бұлар техниканы не үшін және қалай шығармақ?! Осы себептен жаңа техникаларды енгізу бюро­сының да, оның аймақтық конст­рукторлық бөлімдерінің де жұ­­мысы тоқтап қалды. Ғылы­ми-өндірістік бірлестік қыз­мет­керлері де жылдап жалақы алмай қиналды. Сондықтан мамандар күнкөрістің қамымен мекемені тастап кете бастады.
Осындай қиын кезде директор Лесбек Сейітбекұлы ұжым мүшелерін сабырға шақырды.
– Бұл қиыншылық та өтер, заман түзелер. Ертең-ақ тәуелсіз Қазақстан аяғынан тік тұр­ғанда біздің машина­лары­мыз фермерлерге керек болар. Сондықтан, құрылым басшы­лары белді бекем буынып, бұрын­ғыша өз ғылыми бағыттарыңыз бойын­ша жұмысты жалғастыра беру­леріңізді сұраймын, – деп Лесбек Сейітбекұлы еңсесі түскен ұжымды жігерлендіре түскен.
Мемлекет мүлкін жекеше­лендіру науқаны қанат жайып тұрған сол бір аумалы-төпкелі кезеңде академик Лесбек Сейіт­бекұлы бұрынғы қараша­ңырақ ҚазАШМЭҒЗИ-ді  толық сақтап қалып, кейінгіге қалдырды. Қазір бұл мекеме «Қазагроинновация» АҚ құра­мында өз жұмысын жалғастыруда.
– Халқымыздың «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын, жаманның жамандығын айт – құты қашсын» деген аталы сөзі еріксіз ойға түседі, – дейді Лекеңнің шәкірті әрі әріптесі Қалмұхамбет Ахметов. – Өйткені, Лесбек аға бас директор болып келгенше ҚазАШМЭҒЗИ-дың жағдайы өте нашар болатын. Ол басшылыққа келген соң бұл мекеме мемлекеттік деңгейдегі еңселі ғылым кеңістігінде алдыңғы қатарлы, Орта Азиядағы ең беделді ғылыми мекемеге айналды. Мұнда тұңғыш рет техника ғылымдарының док­торы дәрежесін қорғайтын ғылы­ми кеңес құрылды. Инсти­тут тарихында Лесбек Сейіт­бекұлының ұйымдас­тыру­шылық қабілеті, қажы­мас іскерлігі ерек­ше тұлғаланып тұрады. Оның сонау жекешелендіру дәуірінде үлкен қарашаңырақтың бірде-бір мүлкін шашау шығармай сақтап қалып, кейінгі ұрпаққа аманат етуі елге деген жана­шырлығының, отансүйгіш патриоттығының бір көрінісі…
Иә, ер есімі ел есінде ұзақ сақталары сөзсіз.

Мырзахан АХМЕТ,
журналист.

Жауап қалдыру