Ақшәулінің ақиығы

0
113

Шығыс Қазақстанның Аякөз аймағындағы тарихи мекеннің бірі – Ақшәулі. Тарихи мекен дейтініміз — Абылай хан заманында қытай мен қазақ арасында Аягөз бойындағы Мамырсу келісімі кезінде Қаракерей Қабанбай батыр жасағы осы жерге орналасқан. Ақшәулі баурайы құтты, жері қаратопырақты, табиғаты тамаша жер. Ертеден бері бұл Ақшәулінің әркез басынан қыран, баурайынан ұлан түлеп келеді. Сонау 1949 жылдың 8-наурызында дүниеге келген Сүйеубай Байқадиұлы осынау құт дарыған, қасиетті өлкеде кіндік қаны тамған қаламгер.
Өмір өз ырғағын өзгертпейді. Сол өмір-өзеннің толқындары әр адам баласын өз тағдыр-талайына жазылған жағалауларға қарай ығыстырып отыратын секілді. Олай дейтініміз – Жамбы әжесінің еркесі, Байқади әкесінің тұңғышы болып бұла өскен Сүйеубай әуелде журналистік мамандықтың иесі болам деп мүлде ойлаған жоқ. Мектеп жасында әжесінің қолында тұрып оқығанмен, әкесі өзіне көмекші жылқышы етіп, кейін құрығын ұстатпақ ойын білдіріп отыратын. Ол кезде ауылда жұмысшы күші жетіспейтіндіктен ересек оқушылар ала жаздай малда, немесе шөп дайындауда жүретін. Жоғары сыныпқа өткенде Сүйеубай да жазғы шабындыққа жұмысқа араласты. Осы шөп науқаны кезінде ол газет қызметкері, тілші деген адамды тірідей бірінші рет көрді.
Облыстық газеттен келген журналист ағасы шөптің қыстамаға қалай дайындалатыны туралы шөпшілерге көптеген сұрақтар қойып, көлемді мақала жарияламаққа едәуір материал жинап кеткендіктен, бригадаға пошта да жетеді-ау. Әлгі журналист айтқан газетті жапа-тармағай жабыла қараған ауыл азаматтары өздері туралы алақандай ғана хабардың жүргенін көріп, өрекпіген көңілдері күрт басылып қалады. Әлдекімге налып қалған ауылдас ағаларының бұл әрекеттері бала Сүйеубайды да бей-жай қалдырмайды. Келесі күні Жылқышы деген аталас ағасы Сүйеубайды шақырып алып: «Әй, сен мектепте қыздарға өлең шығарады дейді. Әлгі газеттің адамының біз жайлы жазғанына көңіліміз толмай қалды. Сен мына біздің шөп бригадасы туралы кеңірек жазып, аудан газетіне жібер. Көрейік, өлең жазғыш өнеріңді», – деп бір жағы бұйырып, екіншіден намысын да жани түседі. Бұл 14 жастағы Сүйеубайға сол сәтте шөп тырмасынан да ауыр соққаны рас.
Сырттай жасқаншақтағанмен, іштегі бір күш сеніміне серпін беріп, қолына қалам алдырды. Әдебиет сабағынан шығарма жазып төселгендігі де септігін тигізіп, Қараүңгірдегі шөп бригадасының іс-әрекетін өзінше қағазға түсіріп, «Қараүңгірдігі шөп бригадасы» деген атпен Аякөз аудандық «Алға» газетіне жолдаған. Көп ұзамай әлгі жазған дүниесі газетке мақала болып шыға келгенде ауылдастары автордан бетер қуанды. Сөйтіп, жоғары сынып оқушысы ойда жоқта бір ортаның «тілшісі» болып шыға келді. Осыдан кейін де «жас тілші» мектеп, ауыл өмірінен редакцияға хабарлар жазып тұруға дағдылана бастады. Оқта-текте өлеңдері де шығып тұрды. Бұл – ұшталудың басы болатын. Жас талаптың ынтасына бей-жай қарамаған «Алға» газеті редакторының орынбасары Қабижан Ысмағұлов жарық­тық, ауатком мен аупарткомның, мектеп бітіріп жатқан Сүйеубайға редакция алқасының «Құрмет грамотасын» табыстап және КазГУ-ге жолдама беріп еді.
Жолдама болғанмен жол болмай, 1967 жылы КазГУ-ге түсудің сәті түспейді. Әне-міне дегенше 1968 жылдың көктемінде әскерге алынатын уақыт келіп, Сүйеубай Қиыр Шығыстан бір-ақ шығады. Анау-мынау емес – теңізші. Үш жылғы су үстіндегі өмір қырда өскен қазақ баласына қиынға соқса да бейімделіп, намысқа нұқсан келтірмеуге бел буды. «Кемедегінің жаны бір» қағидасын сақтай білгендігімен де өзге ұлт өкілдерінің ортасындағы жалғыз қазақ баласы беделсіз болған жоқ. Мектеп қабырғасында білік темір көтеріп шыныққаны, жастайынан гармоньды тәуір меңгергені өзгелер назарын өзіне бұра түсті. Владивосток жанындағы Орыс аралындағы алғашқы алты ай ішінде радиотелефонист куәлігін алып, Золотой Рог бұғазындағы әскери кемеге ауысады. Қол босаған уақытта әскери газет редакциясына білген орысшасымен хабар жазып көрді. Ол жарияланды да. Командирі 3-рангілі Семенов өз айналасы туралы газетке хабар шығарған қазақ баласын бауырына тарта түсті. 1969 жылы Қытай мен Кеңес Одағы арасында кикілжің туып, кеңестік әскери кемелер Сары теңізде жарты жылдай соғыс жағдайында тұрды. Солардың қа­тарында теңізші Сүйеубай да болатын.
1971 жылы Қиыр Шығыста қалған үш жылдан кейін елге оралған бетте Сүйеубай өзінің сүйікті ісіне белсене кірісіп кетті. КазГУ-дің журналистика факультетіне сырттай оқуға түсті. Тырнақалды туындылары жарияланған аудандық «Алға» газеті редакциясындағы Кенжехан Боқасов, Рысхан Дүйсенғазин сияқты ағалары Мақаншы аудандық газетіне жұмысқа тұруға ықпал жасады. Сол барғаннан 18 жыл бойы тапжылмай бір орында еңбек етті. «Малды ауылға сапар» деген алғашқы репортаж­дан басталған журналистік жол Сүйеубай Байқадиұлын талай белестен асырды. Бірер жылдың ішінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы міндеттері жүктелді. Жас журналист 1976 жылы республикалық ДОСААФ ұйымының бірінші сыйлығы мен төсбелгісін иеленді.
1981 жылы аупартком хатшысы Жақан Ысма­ғұловтың жол­дамасымен Алматы Жоғары партия мектебіне түсіп, оны бітірген соң Мақаншы ауданындағы «Арқалды» кең­шарында парт­ком хат­шы­сы болды. Бұл қызмет әлеу­меттік тұрғыдан жайлы әрі тиімді бол­ға­нымен, жан дүниесі шенеуніктен гөрі журналистикаға тартып тұратын. Осы тартылыс облыс басшысына өз мамандығы бойынша жұмыс сұрау туралы өтініш жаздыртты. Нәтижесінде 1989 жыл Семейдің Шар аудандық газетіне бас редактор болып тағайындалды. Құштар мамандығына құлшына кіріскен Сүйеубайдың басшылығымен аудандық «Достық туы» газеті алғашқы екі жыл қа­тарынан облыстық байқау жүлдегері атанды.
Бір орнында тұрмайтын уақыт 90-жылдардың басында қоғамға қайта құру кезеңін алып келді. Республикадағы жаппай экономикалық, демократиялық өзгерістер Сүйеубай Байқадиұлының облыс орталығына ауысуына себеп болды. Содан бергі әр жылдары республикалық «Халық кеңесі», «Ауыл», «Заң газеті» және облыстық «Семей таңы», «Сарыарқа» газеттерінде түрлі жауапкершілікте қызмет атқарды. Бұлардың сыртында Сүйекең республикалық бұрынғы «Социалистік Қазақстан», қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінде Балғабек Қыдырбекұлының редакторлық кезінен штаттан тыс тілші қызметін де жалғап келеді. Осы кезеңдерде аталмыш газетте оның 200-ден аса материалдары жарық көріпті.
Жалпы алғанда Сүйекеңнің журналистік жолы да жеміссіз емес. 1976, 1994, 1998 жылдары Қазақстан Журналистер одағы сыйлықтарының лауреаты атанды. 2009 жылы ҚР мәдениет қайраткері, былтыр «Қазақстанның құрметті журналисі» атанды. Қырық жылдан аса журналистік қызметінде түрлі жанрларда қалам сілтеп, аудандық, облыстық, республикалық мерзімдік басылымдарда 2 мыңдай мақалалары жарияланған. Газет жұмысы арасында шығармашылық шабыттан туған кітаптары да оқырман сөресінен орын алып жатты. Ертерек кездегілерді есептемегенде соңғы жылдары «Айтқышбектің айтқандары», «Көңіл құсы – махаббат», «Көзайым» кітаптары жарыққа шықты.
Сонау бір жылдары Семей қаласы әкімінің баспасөз қызметі тізгінін ұстаған Сүйекең 2013 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін республикалық «Қазақстан-Заман» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының Шығыс Қазақстандағы меншікті тілшісі қызметін жемісті атқарды. Елу жылғы қаламгерлік еңбегін қорындылап, «Қаламгердің құрақ көрпесі» деген екітомдық еңбегін жариялады. Бұл да мамандыққа деген сүйіспеншіліктің айқын көрінісі болатын.
Міне, жетпіс деген асудан асқан Сүйекеңнің соңында осындай сүрлеулер жатыр. Сонау Ақшәулі тауының баурайынан басталған соқпақ Қиыр Шығысты айналып келіп, бүгінгі таңда ұлылар жерінің топырағында жалғасын табуда. Ақшәулі демекші, осы тау атындағы елді мекеннің 1976 жылы өз алдына жеке кеңшар болып құрылуына да Сүйекеңнің септігінің тигенін айта кеткен жөн. Ауылдас ағаларының «Ақшәулі» кеңшарының жеке кеңшар ретінде өмір сүруге толық мүмкіндігі бар деген талап-тілектерін сол кезде жас журналист Қазақстанның ауылшаруашылық министрі Георгий Моториконың назарына жеткізіп, ел ұсынысының ойдағыдай орындалуына ықпал еткен болатын.
Сүйекең өмірлік серігі Әуеш Жұмажанқызы екеуі қазір балаларын жеткізіп, енді солардың қызығын бастан кешіруде. Өмірде мамандығы мен отбасының бақытынан асқан не бар?!

Қайрат ЗЕКЕНҰЛЫ,
журналист,
Бақытжан ТОБАЯҚОВ,
ақын.

Жауап қалдыру