Тарлан талант

0
956

Қазақ әдебиеттануының бел-белестеріне көз жібергенде, әр заманның, қоғам­ның қажеттіліктері мен қол­дауына қарай ғылыми ізденістердің әрқилылығын айқын көру қиын емес. Өз заманының сыры мен сипатын терең байыптап, өзі өмір сүрген қоғамның, баршаның алдына көлденең тартатын мемлекеттің басшылыққа тәуелді құбылмалы, аума­лы-төкпелі талабына ынта-ықыласына қарамай, бас шұлғып қызмет ету, немесе қоғамдық-саяси, әлеу­меттік-тарихи уақытша қам­қорлықтардың нұсқауы мен бағыттауына сын көзбен қарап, ерекшеліктерін ескеретін қарекет пен әрекет қай елдің тарихынан да табылатыны аян. Ұлттық мүдде, гуманистік мұраттарды айнымас нысанаға алып, өз кезеңінің рухани-тарихи әлемін барлау мен ғылы­ми байыптауға бел шешіп, белсене араласқан ғылым қайраткерлері күпінетін­дей көп те емес, күмілжитіндей аз да емес. Әдебиет­тануы­мыздың ұлы тұлғасы Ахмет Байтұрсыновтан бүгінге де­йінгі аралықтағы әдебиет­танушы ғалымдарымыздың өмірі мен шығармашылығы осы шындықтың дәлелі десек, асыра айтқандық болмас.
Әлбетте, қазақ әдебиет­тану ғылымының бұрын­ғы кезеңдермен салыстыр­ған­да, айрықша кең қанат жайған кезеңі – кеңестік дәуір екені белгілі. Кеңестік идеологияны қалыптастыру мен нығайту жолында қисапсыз шаралар жүзеге асырылғанына тарих куә. Оның барлығын бұл арада жіктеп-жіліктеп жатудың қажеті шамалы шығар, мен тек жетпісінші жылдарды аздап еске ала кеткенді жөн көріп отырмын. Бүгінгі әдебиеттанудың белгілі өкілдері – сол кезеңнің жастары, сол кезде алғашқы, үміт ізденістерімен көрінген сыншылар мен ғалымдар. Рас, бұл арада өзімізге ұстаздық еткен аға буын алыптары мен замандастарымызды атап айтудың қисыны келсе де, тізгінді ірке тұруға тура келеді уақыт алмас үшін. Біздің атап айтқымыз келетіні – қисапсыз қитұрқыдан қатайып шыққан қисындарды да, назардан тыс қалдырмайтын заман­ның зұлпұқары әзірейілдей төніп тұрса да, алуан айла-шарғылар алдаусыратса да, қазақтың маңдайалды әде­биеттанушы ғалым­дары адамзаттың асыл қазына­сының айнымас, құрамдас бөлігі – ұлттық құнар мен құндылықтардан ешуақытта бас тартпаған. Бас тарту былай тұрсын, орнықтыруға, гүлдендіруге бар күш-жігерін аямай жұмсағанына әдебиеттануымыздың кешеден – бүгінге дейінгі іргелі еңбектері дәлел.
Жаңа біз ескеріп өткен жетпісінші жылдарда әдеби сынға айрықша көңіл бө­лініп, жаңа заманның алға тартқан тың талаптарына сәйкес соны ізденістер зәрулігі байқалған шақта, аға буынның қолдауымен, ақ тілеуімен жас буын өкілдері әдебиеттану аренасына көтерілді.
Сол жылдары қазақ әде­биетінің қайнап жатқан қара қазаны – «Қазақ әдебиеті» газетінің сын бөлімінде еңбек етуіме байланысты барлық буын өкілдерінің әдебиет туралы толғамдары мен түрлі деңгейдегі сұхбаттар, конференциялар, талқылаулардың бел ортасына жүргеніміз бар еді. Белгілі аға буын әдебиетшілеріміздің көбі ғылымға ойысып, орта буын сын­шылары прозаға бет бұрып, жас сыншылар азайып қалған шақта әлгін­дей мемлекетік қолдау жаңа леп бергені кезінде орынды айтылды.
Осы жылдары батыл, пайымды пікірлерін іркілмей ортаға салып, әдеби сында суырылып көзге түскен немесе әдеп сақтап, асықпай ой өрбіткен жас сыншылар бірінен кейін бірі іркес-тіркес көрініп, алдыңғы буынның ізденіс өрісін одан әрі ұлғайта түсті. Солардың ішінен сымбатты, сұңғақ жас сыншы Жанғара Дәдебаев байсалды, байыпты байламдарымен, орнықты, нақты талдауларымен бірден назар аударды. Көпірме қызыл сөзден, бағыт-бағдары белгісіз, әйтеуір бірдеңе айтқысы келетін, бірақ не айтатынын өзі де айқын білмей, бір дерексізден екінші дерексізге ойыса беретін, не «таза», нақты сын емес, не интеллектуалды эссе емес, сансырататын саяз эмоциядан мүлдем аулақ зерек, зерделі жігіттің әдеби мәтіннің көркемдік мазмұнын сергек байқап, көркемдік ерекшеліктерін саралап тап басып, жіті көруі мен тапжылтпай танытуы әдебиеттанудың әлеуетті, бо­лашақ ірі маманының әдебиет майданына қобал­жы­май, еркін келгенін көр­сет­ті.
Болмысты тану тереңдігі мен көркем шығарма табиға­тының сыры эстетикалық қабыл­дауға байланысты екенін, адам мен адамзат­тың рухани кемелденуінде бұл фактордың маңызы ай­рықшалығына гумани­тар­лық ғылым салаларында әсіресе ХІХ-ХХ ғасырларда баса назар аударылып, арнайы, проблемалық зерттеулер дүниеге келгені мәлім. Осы мәселеге жетпісінші жылдардағы жалындаған жас қаламгер Жанғара Дәдебаевтың көңіл қойып, «Қазақ әдебиеті» газетінде әдебиеттануымызда ал­ғаш рет арнайы мақала жариялауы кезінде ғылыми жұртшылықты да, қаламгер қауымды да елең еткізді. Эстетикалық қабылдаудың көлемді мақалада көрнекті, көкейтесті мәселе ретінде көтерілуі бұдан былайғы жарияланатын, жарияланған түрлі толғаныстарға белгілі бір дәрежеде ықпал еткені одан кейін жарық көрген пікірлердегі шығарманы тану мен қабылдауға қатысты сәт­терден, түйіндерден бай­қалды. Мұның өзі ойлы, орнықты және нақты мысалдармен дәйектелген дәлелді пайымдаудың жаңғырып, жаңғырығы жақсы жалғасын табатынын, жас сыншының әдеби процесс әлеміне өз лебімен, өз тынысымен әсер ете алатынын аңғартса керек.
Адамның болмысқа эс­те­ти­калық қатынасының көп­қыр­лылығы өзекті мәселе ретінде бүгінгі қазақ әде­биет­­тануының зор тұл­ға­ла­рының бірі, филология ғылымдарының докторы, профессор, еңбегі ел­ге мәлім ғалым Жанғара Дә­де­баевтың барлық дерлік еңбектерінде әркелкі деңгейде, түрлі ыңғайда қажеттілігіне қарай айқын, жарасымды көрінеді. Мейлі әдебиеттің бағзы тари­хын­дағы Тоныкөк пе, орта ғасырлардағы Мұхаммед Хайдар Дулати ме, ХХ ғасырдағы Мұхтар Әуезов пе немесе авторлық ауызша әдебиеттің белгілі, белді тұлғалары – Сарбас, Қуандық, Бөлтірік пе, қай-қайсысы туралы пікір өрбіт­кенде де, парасатты, әрі ыждаһатты зерттеушінің көр­кемдік қабылдау деңгейі мен ерекшелігін, қашанда қырағы назардан қағаберіс қал­дырмай қамтып отыратын сергектігі мен сезімтал­дығын байқамау мүмкін емес.
Шығармашылық лаборатория, көрнекті қаламгерлер шығармашылығы, қазақтың авторлық ауызша әдебиеті мен жазба әдебиетінің алуан жанрлары, әдеби-тарихи процесс ерекшелігі, тарихи кезеңдер, тарихи мекендер, қадау-қадау көркемдік сипаттар, көркемдік құбылыстар туралы таразылағанда, ға­лымның терең танымы мен тәжірибелі талғамынан туған талдаулар, тұжырымдар талас тудырмайды. Компаративистика, көркем аударма, абайтану, әуезовтану, шешендік өнер, қазіргі қазақ әде­биеті туралы зерттеу­лерінің әрқайсысы қай тұрғыдан да құрметпен бағалануға лайықты екенін атап айтқымыз келеді. Әде­би-сын мақалалар жинақ­тарымен қоса «Жазушы еңбегі»(2001), «Қазіргі қазақ әд­ебиеті: лекциялар курсы. 1,2 кітап» (2003), «Тақырып және идея» (2010), «Әдеби компаративистика және көр­кем аударма», оқу құ­ра­лы (2011), «Абайдың антропо­логизмі» (монография) (2014, 2016), «Шешендік өнер тео­риясының негіздері». Моног­рафия. (2016), «Абай мұрасын пәна­ралық зерттеу нәти­желері» (2017), т.б. көлемді зерттеулері мен қазақ әдебиеті мен тарихының түрлі мәселелеріне арналған жүздеген мақаласы – тынымсыз шығармашылық еңбектің, еселі еңбектің нәтижесі. Әдебиетіміздің тарихы мен теориясына қатысты бұл ізденістердің барлығы да уақыт талабын, қажеттілігін қанағат­тан­дыруға бағытталған, бас­қаша айтқанда, рухани-ғылыми өміріміз іздеген, сусаған, олқымызды толтырып, жоғымызды түгендеген еңбектер.
Әдебиетіміздің тарихы мен теориясына қатыс­ты аналитикалық талдау­лары – қазіргі қазақ әдебиет­тануындағы іргелі ізденіс­тер­дің дәрежесі мен ғылыми ойлау сипаттарының жарқын мысалы, һәм көрсеткіші. Бүгінде қазақ әдебиеттану ғылымында өз ізін қалдырған, өз мектебін қалыптастырған айтулы ғалым, ғылым докторы, профессор, академик Жанғара Дәдебаевтың шығармашылық өмірі мен еңбегі – қазақ әдебиеттану ғылымының өзіндік арнасы ретінде алдағы уақытта да арнайы зерттеулер нысанына айналуға лайық­ты. Жетпістің асқарына жабырқамай, жадырап, жайдары жеткен, шаршамай-шалдықпай, шабытты арынмен шарықтап шыққан, шығармашылығы ғылыми игілікке айналған, белгілі, беделді ғылым докторы, про­фессор Жанғара Дәде­баевқа мерейтой құтты болсын дейміз.

Бекен ЫБЫРАЙЫМ,
жазушы

Жауап қалдыру