Топырақтану ғылымының тарланы

0
64

Ұлағатты ұстаз болу – жүректің адал және батыл болуын қалайды. Мұхтар Әуезов айтқандай, уақытпен санаспай балалардың болашағы үшін аянбай жұмыс жасаған ұстаздың еңбегі еш кетпейді. Елімізде жастарды тәрбиелеу ісінде тәжірибесі мол, кәсіби шебер ұстаздар аз емес. Солардың бірі емес бірегейі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ Ұлттық Ғылым Академиясының, сондай-ақ Ресей Ғылым академиясының және Халықаралық аграрлық білімдер академиясының академигі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, еліміздегі топырақтану және агрохимия саласындағы ғылымдардың тарланы Рахымжан Елешев.
Рахаң Орал өңірінің қасиетті де киелі Қаратөбе ауданының түлегі. Жастайынан өжет, білімге деген құштарлығы жоғары болған Рахаң, сұрапыл соғыстан кейінгі қиыншылығы мол жыл­дары Қаратөбе ауда­нындағы Мұқит атындағы орта мектепті алтын медальмен бітіреді.
Орта мектепті бітірген жылы Қаратөбе ауданына Халықаралық қатынастар институтынан Мәскеуде оқуға бір орынға квота келеді. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Мұхамедқали Ғайсиннің ұсынысы бойынша бұл орынға Рахымжанның кандидатурасына аудандық атқару комитетінің шешімі шығады. Қызық болғанда дайындық барысында Алтын медаліне байланысты бір құжаты әлдебір себепен уақтысында дайын болмай қалып Мәскеуге бара алмай қалады. Сонда, Рахымжанның алдында, «енді не істеу керек?» деген сұрақ көлденеңдейді. Көп ойланбай, «құласаң нардан құла» дегендей Алматыға тартып отырады.
Ол кезде емтихандар басталып кеткен екен. Хабарландыру тақтасына қарап не істерін білмей, еңсесі түсіп, мұңайып тұрған баланы жұмыстан қайтып бара жатқан Абай атындағы Қазақ педагогика институтының ректоры Мәлік Ғабдуллин байқап қалып, жөн сұрайды. Баланың алтын медальмен мектеп бітіріп, бірақ оқуға іліге алмай сасқалақтап тұрғанын байқап, көмектеспек болады. Бұл Мәлік ағаның үлкен адамгершілігі еді. Сол қолдаудың арқасында Рахымжан Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының биохимия факультетіне қабылданып, оны 1961 жылы үздік бітіріп шығады.
Жастайынан білімге құмар Рахымжан Елешұлы студенттік кезінен жақсы оқыды, сонымен бірге ғылыми жұмыстармен етене айналысты, оның ғылыми жұмыстарының нәтижесі ерекше дараланып көзге түседі. Ол бүкілодақтық конференцияларда баяндама жасап, жүлделі орындарға ие болады, осының негізінде ғылымға деген ынта-жігері айқындала бастайды. Сол ерен еңбектің арқасында жақсы оқып жүрген Рахымжан, үздік оқитын студенттерге тағайындалатын мемлекеттік стипендияның иегері атанады.
Білімге және ғылымға деген ынтасы шыңдалып, жоғары оқу орнын жақсы бітіргеннен кейін жолдамамен Қазақтың мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтына (казіргі Қазақ Ұлттық аграрлық университеті) ұстаздық қызметке жіберіледі. Осы аталған мекемеде ол бүгінгі күнге дейін аянбай қызмет етіп келеді. Сол, жарты ғасырдан астам уақыт ішінде, ерен еңбектің арқасында ұстаздық өнері шыңдалып мерейі үстем болып жұлдызы жарқырай түсті. Алғашында ассистент болып бастаған ол бірітіндеп аға ұстаз, доцент, профессор биіктерін артқа тастап, академик атағына ие болды. Сонымен бірге университетте факультеттің де­каны, «Арохимия және топырақтану» кафедрасының меңгерушісі, ғылым жөніндегі проректор, бірінші проректор, «Агротопырақтану» ғылы­ми-өндірістік кешенінің бас­шысы, Қазақ Ұлттық аграр­лық университетінің жанын­дағы агробиология және экология ғылыми-зерттеу институтының ди­рек­торы қызметтерін атқарды.
Рахымжан Елешұлының студенттік кездегі ғы­лымға деген ынтасы мен құш­тарлығы алғашқы ұс­таз­дық қыз­метімен бірге жалғасып, ғылыми жұмыс­тармен ұштасты. Оның ба­ғыты «қант қызыл­шасы егістігіндегі әр түрлі фор­мадағы фосфор тыңайт­қыштары мен техноло­гиялардың салыстырмалы тиімділігі» атты тақырыппен байланысты болды. Сонымен бірге аммофос тыңайтқышының агрохимиясын тереңірек зерттеп оның басқа фосфор тыңайт­қыштарымен салыс­тыр­малы түрдегі тиімділігін анықтап, өзіндік қорытынды жасады. Ол кандидаттық диссер­тация­ның негізі болды және оны үздік қорғады. Бұл сол кездегі ерекше қорғаған жұмыстардың бірі еді. Осының негізінде Рахымжан ғылыми ізде­ністерді ары қарай жалғастыра білді, ендігі мақсаты аграрлық саладағы проблемаларды сараптап, оның ішіндегі өзекті және күрделі мәселелерін шешу жолдарын іздестіру болды. Ол үшін жалғыз емес ғылыми топ, яғни ғалымдар мен мамандар, оның ішінде жас мамандар болуы қажет екенін түсінді. Осы салада оны ұжымы, ғалымдар қолдады және жастар, шәкірттері қасына топтасты. Үлкен жұмысты орындау үшін толыққанды бағдарлама немесе концепция қажет еді. Ол талқыланып бекітілді.
Өнімнің өнімділігін арттыру үшін бірінші топырақтың құнарлылығынан бастауды жөн көрді. Сон­дықтан, ол ғы­лыми жұмысын әр түрлі топы­рақ­тардың тип­теріндегі фосфат ре­жі­мін және то­пырақтағы фос­фаттың ауы­суын, фос­фор тың­айт­қыш­та­ры­ның топырақ құнар­лылығына және ауыс­палы егістіктердегі дақыл­дардың өніміне әсе­рін тереңінен зерттеді. Көпжылдық ізденістерінің нәтижелерін қорытындылай келе 1984 жылы Мәскеуде докторлық диссертациясын қорғады, сонымен бірге «Фосфор тыңайтқыштары және топырақтың фосфор режімі» атты монографиясы жарық көрді. Осы ізденістің қорытындысы бойынша оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерінде ауыспалы егістіктердегі ауыл шаруашылық да­қылдарына пай­да­лану жүйесі мен фосфор жә­не басқа да қоректік элемен­те­рі­нің банкін құру мүмкіндігі туын­дады. Сон­дай-ақ жо­ғары ғылыми-әдіс­темеліктер дайындалды.
Р­ахымжан Елеш­ұлы­ның осы ғылыми ба­ғыты көптеген ғы­лыми қыз­меткерлер мен ас­пи­ран­тардың кан­ди­даттық жә­не докторлық дис­сертациясының негі­зі болды. Осылай Рахаң Қазақ­стан­дағы агрохимия ғылыми мектебін қалыптастырды және ол жылдан жылға дами түсті. Өзінің ұстаздық және ғылыми жолында көпшілікке үлгі болатын ғылыми еңбектері, монографиялары мен кітаптары, оқулықтары, оқу құралдары жарық көрді. Оның ішінде іргелі ізденістерінің теориялық негізі мен практикалық маңызы бар кітаптары жә­не оқулықтары оқырман қауымына жақсы таныс және олар оқу жүйесі мен ғылыми мекемелерде жиі пайдаланады. Солардың бірі «Агрохимия және тыңайтқыштарды қолдану жүйесі» оқулығы А. Байтұрсынов атындағы жүлдеге ие болды. Сонымен бірге 2017 жылы ТМД елдері ғалымдары және шәкірттерімен бірлесіп жазған Рахаңның клас­си­калық ТМД елдерінің универ­ситеттеріне арналған «Агро­химия» оқулығы, қазіргі таңда, жоғары баға­лануда.
Ұстаздық өмір жолында, ұлағатты ұстаздың алдынан мыңдаған жас маман өтті. Рахаңның лекциясын тыңдаған, одан тәлім-тәрбие алған мамандар еліміздің барлық аумағында, оның ішінде оқу жүйесіндегі жас­тарды тәрбиелеу са­ласында жә­не ауыл шаруа­шылық саласында аянбай еңбек етіп келеді. Солардың бірі Ауыл шаруашы­лығы министрі болған, С.Сей­фуллин атындағы Қазақ агротех­никалық университетінің ректоры, академик А.Кү­рішбаев, Ресей ғылым ака­де­мия­сын­да ви­це-прези­денті, В.Докучаев атын­дағы топырақтану инс­ти­тутының ди­ректоры А.Ива­нов, Қазақ Ұлттық Ғылым ака­демиясының вице-президенті, Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің ректоры, акдемик Т.Есполов, А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің президенті, академик С.Елу­баев, ғылыми зерттеу институттарында басшылық етіп, аграрлық ғылым саласының дамуына, ғылыми жетістіктерді өндіріске ендіру арқылы өнімді еселеп арттыру үшін өз үлестерін қосып жатса, келесі бір топ шәкірттері оқу жүйесіндегі жоғары оқу орындарында қызмет жасап жүр. Осындай нәтижелі жақсы істерді көргенде Рахаңның, қуанып, марқайып қалатынын байқаймыз.
«Шәкіртсіз ұстаз — тұл» дегендей, Рахаң шәкірттерінің жетістіктерін көріп бір жағынан марқайып жатса, екінші жағынан оларды қайрап, толағай табыстарға жетіп еліміздің қалаулы ұл-қыздары ретінде мәңгілік елдің негізін қалайтын шәкірттеріне ұстаздық-шын жүрегінен жарылып батасын беріп жатқанын көресің. Рахаңның осы ерекше адами қасиеті шәкірттерін шыңдап, өрісінің өркендеуіне, жұлдызының жарқырауына себебін тигізіп жатады. Сондықтан да болар, ол кісінің осындай ғұламалығы мен тау тұлғасына шәкірттері бас иеді. Олардың 23-і док­тор­лық, 48-і кандидаттық диссертацияларын қорғады. Ра­хаңның ізденістерін шәкірт­тері әрі қарай жалғас­тырып, агроөндірістік кешен­нің өзекті проблемаларын шешу үшін өз үлестерін қосуда.
Қазақстан ғалымдары шет ел ғалымдарымен бірге жылдан жылға қарым-қатынастары ұлғайып келеді. Шетелдік ғалымдар Қазақстанның аграрлық саласын Рахаң арқылы, оның еңбектері және шәкірттері арқылы жақсы таниды. Себебі түрлі халықаралық конферецияларда, симпозиумдарда оның жасаған баяндамасын тыңдаған адам, Қазақстандағы оқу жүйесі мен ғылымы жөнінде толық ақпарат алып, біздің елге келмесе де келгендей, көрмесе де көргендей болып қалатынын талай байқағанбыз. Қазіргі таңда топырақтану мен агрохимия саласындағы ғылыми ізденістер Рахаң­ның жетекшілігінің арқа­сын­да, әлемдік деңгейге көтеріліп отыр. Халық­аралық деңгейде бірлесіп орындап жатқан жоба­лар жылдан жылға көбейіп келеді. Олардың нәтижесі де жо­ғары.
Рахаң­ның жетекшілігімен ТМД елдерінің грохим­экоқауымдастығының форумы Қазақстанда бірнеше рет өтті, ал биыл 17-19 қазан аралығында Алматыда «Топырақ ресурстарын және қоршаған ортаны қорғау» атты тақырыпта халықаралық конгресс өтеді. Оған әлемнің түпкір-түпкірінен ғұлама ғалым­дар, мамандар және сарапшылар қатысады.
Осыған орай айта кететін болсақ Рахаң елімізде болып жатқан жаңалықтар мен өзгерістердің бірін жібермей танысып, хабардар болып қана қоймай бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өз пікірі мен ұсыныстарын халыққа дер кезінде жеткізіп отырады. Оның ішінде ауыл шаруашылығы сала­сында қарқынды жүріп жат­қан деградацияның зар­­дабын азайту, топы­рақ­тың құнарлылығын сақ­тау, оны жандандыру, то­пы­рақ ресурстары мен ауыл шаруашылығына ар­нал­ғ­ан жерлерді тиімді пайда­ланудың негізінде дақылдардың өнімін арттыру, оның сапасын жақсарту, экологиялық таза өнім алу жолдарын және оқу жүйесін жаңғырту, жастарды рухани жаңғыру бағытында жасап жатқан жұмыстары өзінше бір төбе.
Ұлағатты ұстаз, ғұлама ғалым Рахымжан Елешұлы таяуда, 13 маусымында сексеннің сеңгіріне шыққан мерей тойын тойлайды. Рахаңның күш қуаты мен денсаулығы, терең ойы мен парасатының арқасында талай белестерден өтеді деп сенеміз. Мерейтойыңыз құтты болсын, той-тойға ұлассын, еліміз аман, жұр­тымыз тыныш, топыра­ғымыз құнарлы, өніміміз мол және сапалы болсын.

Абдолла САПАРОВ,
Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және
агрохимия ғылыми-зерттеу институтының
бас директоры, а.ш.ғ.д, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі

Жауап қалдыру