Владимир ПУТИН

0
104

Үстіміздегі жылы 18 наурызда өткен президенттік сайлауда В.Путин 76,69% дауыспен жеңіске жетті. Билікте отырғанына 15 жылға жуық уақыт болған Путин тұлғасы көпшілікке, әсіресе батыс әлеміне қызық. Қызмет жолын тыңшылықтан бастаған Путин бүгінде әлемдегі ең ықпалды тұлғалар тізімінде көш бастап тұр. Ресейлік ұлтшылдар оны орыс әлемін қайта аяққа тұрғызатын президент ретінде қабылдайды. Ал Батыс үшін Путин «Ресей империясын қайта оятқысы келетін патша» ретінде танылған. Еуразиялық одақ аясында өмір сүретін біздің ел үшін де Путин тұлғасы маңызды.

Балалық шағы
Владимир Владимирович Путин 1952 жылы 7 қазанда Ленинград қа­ласында дүниеге келген. Әкесі Вла­димир Спиридонович әскери салада, анасы Мария Ива­новна өндіріс саласында қызмет ет­кен. Путиннің балалық шағы осы қалада, шағын төрт бөлмелі үйде өтті. 1960-1965 жылдары Путин №193 сегізжылдық білім беретін мектепте тәлім алды. Бұл мектептен химиялық-техникалық бағытта білім беретін №281 орта мектепке ауысып, 1970 жылы сәтті аяқтаған. Путин мектеп қабырғасында жүргенде-ақ болашақта шпион болуды қатты армандапты. Осы арманы оны 1970 жылы Ленинград мемлекеттік университетінің халықаралық заңгер мамандығына алып келді. Аталмыш оқу орнында ол өзіне болашақта көп қамқорлық көрсеткен белгілі сая­саткер, сол кездегі ғылым доценті Ана­толий Собчакпен етене жақын араласады. 1975 жылы оқуын тәмәм­даған Путин мемлекеттік қауіпсіз­дік ко­митетіне (КГБ) қызметке жіберіледі.

Путин – мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде
1975-1984 жылдары Путин мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде аға лейтенант шенінен «Сыртқы барлау» қызметінде майор дәрежесіне дейін көтеріледі. 1985-1990 жылдары Гер­мания Демократиялық Республи­ка­­сында КГБ-ның сыртқы барлау бө­­лімінде қызмет атқарды. 1989 жы­лы Берлин қабырғасы құлатылып, КСРО-ның сыртта жүрген біраз тың­шы­лары елге ойысты. 1990 жылы Ле­нинград қаласына оралған Путин сыртқы мемлекеттерде тыңшылықпен айналысудан бас тартып, контрбарлау бөліміне қызметке кіреді. Сонымен қатар Ленинград мемлекеттік универ­ситетінің ректоры Станислав Мер­курьевтің халықаралық байланыс бо­йынша көмекші қызметін де атқа­рады. Путиннің саяси көзқарасы мен қызметінің өсуіне тікелей ықпал еткен тұлғалардың бірі осы Станис­лав Меркурьев. Путинді Анатолий Соб­чак­қа мемлекеттік қызметке ұсынған да осы кісі болатын.

Путиннің саясатқа ауысуы
Көп ұзамай 1991 жылы Мәскеуде Тамыз бүлігі басталып, оған Ленинград қалалық кеңесінің депутаты Анатолий Собчак қарсы шықты. Бұл кездегі КГБ-ның подполковнигі Путин мемле­кеттік қауіпсіздік комитетінен жұмыс­­тан босану туралы арыз жазып, А.Собчакты қолдайтынын мәлімдейді. Дәл осы жылы 28 маусымда Ана­­толий Собчак Ленинг­рад қаласының тұңғыш мэрі болып сайланды. Ал Путин болса, Ленинград қаласы мэрінің халықаралық байланыстар коми­тетінің төрағасы болып бекітілді. Халық­аралық байланыстар комитетін басқарған Путин Ленинградқа шетел­ден инвестиция мен туризмді дамы­туға мол қаржы тарта білді. Санкт-Петер­бургте (Ленинград) Путиннің бастамасымен алғаш рет шетелдік BNP-Drezdner Bank өз жұмысын бас­тады. Мұнан бөлек ірі неміс және америка кәсіпкерлерін шақырып, бір­лес­кен жобаға жұмылдырды. Беріл­ген тапсырмаларды мүлтіксіз орындап көңілден шыққан Путин Анатолий Соб­чактың ең сенімді серіктерінің біріне ай­налды. А.Собчак ресми сапар­­лармен шет мемлекеттерде жүргенде Санкт-Петербургті басқару Путинге жүктелетін.
Путин – Кремльде
1996 жылы кезекті губернаторлық сайлауда А.Собчак жеңіліс тапты. Мемлекеттік қызметтен шетте қалған Путин күн көру мақсатында жүргізуші болып жұмыс істеуге де оқталған. Бірақ бағына орай Ресей президентінің іс басқарушысы Павел Бородиннен жұмысқа шақырту алады. Осылайша Путин 1996-1998 жылдары Президент әкімшілігінде қызмет атқарды. Көпте­ген саясаттанушылар пікірінше Пу­тин­нің Президент әкімшілігіндегі қыз­ме­тіне Александр Волошин дән риза болып, қамқорлық көрсеткен. Сол кезде А.Волошин Кремльде ең ықпалды тұлғалардың бірі болатын. Жемқорлық пен ішкілікке салынған Ре­сей президенті Борис Ельциннің қызметін толықтай А.Волошин (Ре­сей президенті әкімшілігінің бас­шысы) жүргізіп отырды дейді көп са­рап­шылар. 1998 жылы 25 мамыр­да Путин А.Волошиннің бірінші орын­­ба­сары қызметіне тағайын­далады. Осы кезден бастап Путин Кре­мль­дегі ең ық­палды тұлғалар ті­зі­міне енді. Арада көп уақыт өтпей 25 шілдеде Ресей Федера­ция­сының Федералдық қауіпсіздік қыз­­метінің төрағасы орынтағына жай­­­ғас­­ты. Федерал­дық қауіпсіздік қыз­­ме­тінің төрағалығына келісімен Пу­тин өзімен бұрыннан етене жақын Н.Патрушев, В.Черкесов, С.Ива­нов секілді КГБ агенттерін бас­шы­лық­қа әкелді.

Ресей Федерациясы үкіметінің төрағасы
1999 жыл Ресей Федерациясында билік үшін талас-тартыстар қызған шақ болатын. Борис Ельцин президент ретінде елді басқару қабілетін мүлде жоғалтып, халық ара­сында абырой-бе­дел­ден жұрдай бол­ды. Бұл кездегі Ре­сей Фе­дера­циясы­ның үкі­мет басшы­сы, ком­мунист Евгений При­маков келесі пре­зиденттікке басты үміт­кер бола­тын. Алайда Е. При­маков пен Б.Ельцин ара­сын­дағы пікір қайшы­лықтары көп еді.
Осыдан сескенген Б.Ельцин Мем­ле­кеттік думамен бірлесе, Е. Примаковты доғарысқа жіберді. Ал оның орнына әлі үлкен саясатта таныла қоймаған жас Путин тағайындалды. Мұны билікте жүрген шенеуіктер мен қарапайым халық та Б.Ельциннің мұрагері екендігін дереу ұқты. Елдегі экономика мен әлеуметтік салада шоғырланған күрделі проблемаларды саяси тәжіри­бесі аз Путин қалай шешер екен деген ой көпшілікті мазалады. Бірақ күллі Ресей халқын елең еткізген оқиға баршаның назарын басқа арнаға бұрып әкетті.
Бұл оқиға Дағыстанда Ислам мем­ле­кетінің жариялануы болатын. Тегі араб, уаһһабизм ағы­мын ұстан­ған Әмір ибн әль-Хаттаб пен Әбу Омар Дағыстанды Ресейден бөліп алғысы келді. Нәтижесінде елде азамат­тық соғыс басталды. Бұл соғыс қа­ра­пайым халыққа қайғы әкелсе, Путинге танымалдылық сыйлады. Қай заманда болсын сыртқы жауға қарсы күрескен тұлғалар батыр атан­ған. Путин де ел тыныштығы мен ел тұтастығын сақтап қалу үшін тер­рористік ұйымдармен күресті. Оның бұл күресі оған бұрын-соңды болмаған танымалдылық әкелгені осыдан. Нәтижесінде халық Путинді Ресейді сыртқы жаудан қорғап қала алатын бірден-бір үкімет басшысы ретінде таныды. Кейіннен ол бұл атағын әрбір сайлауда қолдануға көшті.

Ресей Федерациясының Президенті
1999 жылы 31 желтоқсанда түскі 12:00 де Борис Ельцин өзінің доға­рысқа кететінін мәлімдеп, елдегі билік тізгінін Путинге берді. Бұл ха­бар мемлекеттік телеар­на­лардан тікелей эфир арқылы таратылды. Осылайша бастапқыда Ресейді демократиялық даму жолына жетелейді деген үлкен үміт артылған Борис Ельцин саяси сахнадан кетті. Арқаны кеңге салып, президенттік сайлауға дайындық үстіндегі Е. Примаков пен Ю.Лужков командасына бұл күтпеген соққы болды. Олар небәрі үш ай ішінде президенттік сайлауға тыңғылықты да­йындала алмады. Ал қолына әкімшілік пен күш құрылымдарының тізгіні тиген Путин 2000 жылы 26 наурыздағы президенттік сайлауда 52,94% дауыспен жеңіске жетті.
Путиннің президент ретінде қолға алған ең алғашқы реформасы Фе­де­ра­циялық кеңес құрылысына өзгерістер енгізу. Бұған дейін Кеңеске әрбір өңір губернаторы сайланса, енді ол губернатор тағайындайтын тұрақты өкілмен алмастырылды. Содан соң, террористік ұйымдармен күресті жан­дан­дыру деген желеумен губер­натор­лық сайлауға да шектеу қойды. Енді әрбір өңір басшысын Путин тағайындайтын болды. Мұнымен қоймай Мемлекеттік думадағы әрбір өңірден депутат сайлау заңы жойы­лып, орнына партиялық тізім бойын­ша сайлау бекітілді. Осылайша Путин елдегі әкімшілік басқаруды толық­тай қолына қаратты. Санкт-Петер­бургте өзімен бірге қызмет атқарған И.Сечин, Д.Медведев, А.Куд­рин, Г.Греф, А.Миллер, В.Мутко сынды пікірлестері үкі­мет пен мемлекеттік компания­лар­дың маңызды орындарына жай­­ғас­ты.
«The Economist» журналының зерт­теуі бойынша 2000 жылы билікке келген Путин елдегі ықпалды олигарх­тарды қудалауды басты мақсат еткен. Мысалыға, президенттік сайлауда қарсыласы Е. Примаков пен Ю.Луж­ков командасына қаржылай көмек көрсеткен Владимир Гусинский қамау­ға алынған. Осы жылдың күзін­де белгілі олигарх Борис Бере­зов­ский де Ұлыбританияға қашуға мәжбүр болды. Белгілі кәсіпкер Михаил Ходорков­ский қамауға алынып, қудаланды. Ресей халқына елді жемқорлық шырмауына батыр­ған олигархтардың жазасын Путин ғана бере алады деген ақпарат­тар тарады. Бұл халық арасын­дағы Путиннің абырой-беделін бір­ша­ма көтерді. Бірақ танымал журналист Михаил Зыгарь «Вся кремлевская рать», атты кітабында: «Путин елді жемқорлықтан та­залау үшін емес, өз билігіне қатер төн­діретін тәуелсіз олигархтардан құ­тылмақ ниетте қу­ғын-сүргінді бас­тады», – деген ой айтады.
Нәтижесінде Ре­сейде Путин билігін қолдап-қолпаш­тайтын Р.Абрамович, О.Дерипаска, В.Евтушенков, П.Авен, Аркадий және Борис Ротенбергтер сынды жаңа олигархтар пайда болды.
Путин президенттік еткен 2000-2008 жылдарды зерттеген белгілі The Wall Street Journal эконо­ми­ка­лық басылымы «Путин Ресей эконо­микасын КСРО дәуіріне қара­ғанда біршама алға қадам бас­тырды. Алайда Ресей әлі күнгі де­йін шикізат көзі болып қалуда. Мұ­най мен газға деген бағаның өсуі тікелей Қы­тай экономикасына байланысты. Сондықтан Путин Ресей эко­номи­касын толық тәуелсіздікке жет­кізе алмады», – деп жазады. Ал ел­дегі жемқорлық көрсеткіші 2006 жы­лы бір жылда 240 млрд долларға жет­ті. Халықаралық жемқорлықпен кү­рес ұйымы Transparency International Ре­сей билігін «жемқорлық шырмауын­дағы жүйе», – деп атады.
Ресей Конституциясы бір адамның қатарынан екі реттен артық прези­дент­тік сайлауға қатысуына шектеу қойғандықтан, Путин 2008 жылы өзімен бірге Санкт-Петербургте қызмет атқарған Дмитрий Медведевке президенттік орынды босатып берді. Ал өзі Ресей үкіметінің төрағасы болып тағайындалды. Мұны сол кездегі көптеген саяси сарап­шылар «көзбояушылық» деп атады.
«Дмитрий Медведев Путин қолындағы қуыршақ, ол тәуелсіз ешбір шешім қабылдамайды. Сондықтан елде билік ауысты деген бос санды­рақ» деген пікірлер де айтылды. Бұған 2008 жылдың тамызында орын алған Абхазия соғысында баршаның көзі жетті. Аталмыш қақтығыста Оңтүстік Осетияны тәуелсіз мемлекет ретінде таныған Ресей Абхазияға өз әскерін кіргізді. Бұл БҰҰ-да Ресейге деген сын мен сенімсіздікті күшейтіп, мұны агрессиялық саясат деп атады. Ал бұл жағдайды Путин сыртқы жаудың Ресей қауіпсіздігіне нұқсан келтірудің амалы деп насихаттады.
2011 жылы Дмитрий Медведев партиялық съезде президенттік сай­лауға түспейтінін мәлімдеп, үміткер­лікке Путиннің кандидатурасын ұсын­ды. Ресей халқына белгілі саяси оппози­ция өкілдері Борис Немцов пен Владимир Милов бұл шешімге қарсы шықты. Олар «Путин.10 жыл. Қоры­тынды», және «Путин.Корруп­ция» атты баяндамалар жасап, биліктің іріп-шірігендігін мәлімдеді. Мәскеу алаңындағы «Путин биліктен кетсін!» деген шеру де жүрді. Бірақ мұндай қарсылықтарға қарамастан Путин 2012 жылы 4 наурызда 63,6% дауыспен тағы да жеңіске жетті. Кон­ституциядағы 4 жылдық прези­дент­тік ету мерзімі 6 жылға дейін ұзар­тылды.
2014 жылы Украинада мемлекеттік төңкеріс орнады. Украина президенті Виктор Янукович пен отбасын Ресей билігі Қырымға орналастырды. 23 ақпанда Путин: «Біз Қырымды Ресейге қайтаратын боламыз. Бұған жергілікті халық та мүдделі», – деген пікір білдірді. Оның бұл сөзі әлем қауымдастығында үлкен сынға ұшырады. Еуропа мемлекеттері мен АҚШ: «Бұл барып тұрған басқын­шылық. Тәуелсіз мемлекеттің тұтастығына қол сұғушылық. Саяси тұрақ­сыздықты одан әрмен қоздыру», – деген баға берді. Ал Financial Times Украинаның шығы­сындағы сепаратистер жағында Ре­сей әскері соғысуда деген ақпа­рат таратты. Бұлардың біріне де пыс­қырмаған Путин Мемлекеттік думада Ресейге Қырымды қосу жайлы заңды бекітті. Кейіннен халық алдында сөйлеген сөзінде Путин: «Қырымды қайтару Ресей тарихындағы жаңа кезең», – деп ұлттық-патриоттық рухты көтеруге тырысты. АҚШ-тың сол кездегі президенті Барак Обама: «Ре­сей билігінің бұл заңсыздығы жауап­сыз қалмайды», – деп Ресейге бір­шама экономикалық санкциялар салынатындығын мәлімдеді. Осы қақтығыстан соң ауыл шаруа­шы­лығынан бастап, ірі банктеріне дейін батыстық санкция салынған Ресей экономикасы титықтап қал­ға­ны рас. Рубль құнсызданып, елде­гі инфляция деңгейі өсті. Бұл Еура­зия­лық экономикалық одақ аясындағы Қазақстан мен Беларусь экономи­касына да соққы болды. Өмір сүру көрсеткіші төмендеп, наразы халық алаңға шыға бастады. 2015 жылы белгілі оппозиционер Борис Нем­цовтың қастандықпен өлті­рілуі де Путиннің беделін түсірді. Ал 2016 жылы ВВС-дің «Путиннің құпия байлығы» атты фильмі де қызу талқыға түсті. Фильмде «Путиннің ресми жалақысы 110 мың доллар. Алайда оның шетелдерде жасырылған байлығы 150 млрд доллардан астам», – деген тұжырым келтіреді. Америкалық сая­саттанушы Теодор Карасик: «Жем­қорлық – Ресей билігінің ажырамас сы­ңары, бұған таң қалуға болмайды», – дейді.
Америкалық сарапшылар пікірінше: «Путин билігі халықты сыртқы жаумен қорқыту арқылы ұстап отыр. Ең алғаш билік тізгінін ұстаған күннен бастап, Ресейді сыртқы жаудан қорғауға тиіспіз деген пікірге баршаны сендіріп келеді. Ол өзіне қарсы шыққан олигархтарға қарсы күресте де, 2012 жылғы президенттік сайлауда Абхазияны, ал енді бүкіл Батыс әлемін Ресейге жау деп халықтың патриоттық сезімін оятпақ», – деген пікір айтады. Кейіннен Барак Обама да: «Путин қырғи-қабақ соғысты қайта тұтатқысы келеді. АҚШ пен Еуропа Ресей байлығын тартып алуда деген түсінікте жүр», – деген болатын.
Таяуда қайта сайланған Путин қандай саяси бағыт ұстанатыны әлі белгісіз. Ол мәлімдеген «Шығысқа бетбұрыс» атты сыртқы саяси бағыты қолдау таппады. Шығыс экономи­касы­ның көшбасшысы Қытай мен Ресей ара-қатнасы әлі төмен. Ол тек посткеңестік елдерге ғана үміт арта алады. Атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық одақтың әскери-саяси рөлін арттыруды көздеуі мүмкін дейді сарапшылар. 2018 жылы АҚШ-тың Ресейге салынатын қаржы­лық санкцияларын ескерсек, тек Ресейге ғана емес бүкіл одақ аясындағы елдерге оңай соқпасы анық. Сайлауалды үгіт насихатында Путин айтқан: «Ресей қарулы күштеріндегі «Сармат», «Авангард», «Кинжал» атты зымырандардың әлемде теңдесі жоқ», – деген қаруларынан экономикалық пайда бола ма? Әлде ХХ ғасырдағы танымал саясаттанушы Збигнев Бжезинскийдің «Ресей билігі қолында мейлі мың, мейлі миллиондаған ядролық зымырандар болсын. Ал біздің банктерде Ресей элитасына тиесілі 500 млрд долларға жуық қаржы жатыр. Қалай олайсыз, олар бізге қару кезенер жағдайда ма?», – деген сөзінде де жан бар секілді.

Жүсіп ЖҰБАТ.
«Prezident & Halyq»

Жауап қалдыру