Синдзо Абэ

0
21

Күншығыс елі атанған Жапонияның мемлекеттік басқару формасы –шектеулі монархия. Әлемдегі жалғыз император Акихито биліктің ұшар шыңында тұрса да, елдегі саяси билік премьер-министр қолында. Бүгінде үкімет басында отырған Синдзо Абэ Жапония тарихындағы ең жас премьер-министр. Оның үкімет басқарған жылдары ел тарихында «даму мен тұрақтылық» деп сипатталады.

Балалық шағы
Синдзо Абэ 1954 жылы 21 қыркүйекте саясаткерлер отбасында дүниеге кел­ген. Оның нағашы атасы Нобусукэ Киси 1957-1960 жылдары Жапония премьер-министрі болған. Ал әкесі Синтаро Абэ 1982-1986 жылдары елдің сырт­қы істер министрі қызметін атқарды. Синдзо Абэ 1977 жылы Сэйкэй уни­вер­ситетінің заң факультетін саясаттану мамандығы бо­йынша тәмәмдайды. Ол оқу­ын жалғастыру мақса­ты­н­да сол жылы АҚШ-тағы Оңтүстік Калифорния уни­вер­ситетіне түседі. 1979 жылы оқуын бітірген Синдзо Абэ елге оралып, Kobe Steel, Ltd. компаниясына жұ­мыс­қа орналасады. Алай­­да оған кәсіп­керлікпен бай­ла­ныс­ты жұ­мыстар онша ұнай қой­ма­ды. Ол үнемі елде болып жатқан саяси-әлеу­мет­тік мә­се­­лелерге пікір біл­діріп, ере­ше қызы­ғушы­лы­ғын таны­тып жүрді.
Синдзо Абэнің бұл қызығу­шы­лығы ақыр аяғы оны сая­сат әлеміне әкелді. Осы­лай­ша Синдзо Абэ 1982 жы­лы әкесі басшылық ететін елдің сыртқы істер министрлігіне хатшылық қызметіне алынады.

Саясатқа келуі
Елдің сыртқы істер ми­нистрлігіне қызметке кел­ген Синдзо Абэ биліктегі ық­палды либерал-демок­раттар пар­тия­сына қосыл­ды. Бұл партия көпші­лік халықтың қол­дауына ие болатын. Бас­ты ұстанымдары ретінде Жа­­пон елін бейбітшілік да­му жолына түсіру, соғыс­тан соңғы экологиялық зардап­тар­­ды жою, елдегі жұмыс­сыз­дықпен күрес, әділетті әлеу­меттік-эконо­микалық мем­лекет құруды алды. Әкесі дүниеден өткен соң, 1993 жылы Синдзо Абэ парла­ментке Ямагута префек­тура­сы атынан сайланды. Пар­ла­мент қабыр­ғасында Синдзо Абэ ел экономикасын жа­ңа деңгейге көтеру және робот­тандыру сынды баста­малары­мен көзге түсті. Сон­дай-ақ сыртқы саясатта «бә­рімен тең достық» жолын ұстануды көтерді.
Осылайша парламент мін­беріндегі Синдзо Абэнің жаңа көзқарастары мен шешен­дігі оны партия мен халық ара­сында танымал­дылыққа же­теледі. Ал 2000 жылы ол үкімет құра­мына енді. Есиро Мори және Дзюнъитиро Коидзу­ми сынды елдің ірі сая­сат­кер­лерімен бірге қыз­мет етті. Дзюнъитиро Коид­зуми премьер-минис­тр­лік­ке кел­ген­де білім беру са­ласы мен мем­лекеттің әлеу­меттік көмек көрсету қызметін же­ңілдетіп ірі реформалар жүргізді. Синдзо Абэ бұл рефор­ма­лардың ұтым­ды тұстарын ха­лық пен билік өкіл­деріне дәлел­дей білді. Көп ұзамай 2005 жылы Синдзо Абэ ми­нис­трлер ка­бинетінің бас хат­шылығына таға­йындалды. Бұл таға­йын­дауды сол кезде көп­шілік премьер-министр Дзюнъитиро Коидзуми өзіне мұра­гер та­ғайындады деп қабылдады.
Бұл болжам 2006 жылы шын­дыққа айналды. Дзюнъи­тиро Коидзуми үкі­мет бас­шылығынан кетіп, орны­на Синдзо Абэ сай­ланды.
Премьер-министр орын­тағына жайғасқан Синдзо Абэ бастапқыда-ақ ұлт­шыл­дық көз­қарасымен ерек­шеленді. Оның пікірінше, Жапон халқы соғыс­тан соң, ең қауқарсыз және қорғаусыз ұлтқа айнал­ды. Себебі, Солтүстік Корея Жапон теңізіне күн ара зымыран атқыласа, Қытай әскери кемелері Жапон елі­нің шекарасын үнемі бұза­тын. Ал Жапонияның бұл бей­бас­тықтарға жауап бере­тін өз әскері де жоқ болатын. Олар тек АҚШ-тың көмегіне ғана сенетін. Мінеки, осы мәсе­лелерді көтерген Синдзо Абэ ел Конс­титуциясын өзгер­тіп, әс­кер құруды үгіттеді.
Алайда оның бұл бас­та­масы халықтан мүлде қол­дау таппады. Керісінше «Синдзо Абэ импералистік сая­­сатты көксейді» деп оны дат­­таушылар көбейді. Одан қалды ол құрған үкімет құ­ра­­мындағы Ауыл шаруа­шы­лық министрі Тоси­кацу Мацуока жемқор­лықпен айып­­­талды. Тергеу аяқ­тал­мас­­тан Тосикацу Мацуока өз-өзіне қол салды. Бұл халық арасында үлкен дау туғызып Синдзо Абэнің абы­рой-беделіне нұқсан кел­ді. Осындай келеңсіз­дік­тер­ден соң, Синдзо Абэ до­ға­рыс­қа кететінін мәлім­деуге мәж­бүр болды. Саясат­тану­шы­лар­дың пікірінше Син­дзо Абэ сәт­сіздікке ұшы­рауына бас­ты себеп, оның ұлт­шыл­дық көз­қарасы бол­ған.

Үлкен саясатқа қайта оралуы
Екі жыл саясаттан қол үзген Синдзо Абэ 2009 жылы Ямагута префектурасы аты­нан парламентке қайта сай­ланды. Бұл кезде Синдзо Абэ ұлтшылдық көзқарас­тарынан бас тартып, кө­біне елдің әлеу­­меттік-эко­но­ми­калық жағ­­дайына алаң­дау­шылық біл­дірді. Се­бе­бі, 1990-2000 жыл­­дар аралы­ғында Жапон елінің эко­номикасы өсім бы­лай тұрсын, құлдырап кет­ті. Мұның салдарынан ел эконо­микасы дефляцияғы ұшы­рады. (Дефляция – ел эко­номикасының төмендеуі, баға­лардың құлдырауы).
Бұған басты себеп, Жа­по­нияға келетін Қытай, Оң­түстік Корея, Еуропа, АҚШ сынды елдердің та­уар­лары жергілікті өнім­дерден баға­сы көп есе төмен болды. Нә­ти­жесінде отандық өндіріс дағдарысқа ұшырап, елді жұ­мыссыздық жайлады. Жер­­гілікті кәсіп­керлер шығы­ны­­ның кішкене бөл­шегін өтеу мақса­тын­да тауарларын өте ар­зан­ға сатуға мәжбүр бол­ды. Осындай қиын қыс­тау ке­зеңде Синдзо Абэ өзі­нің эко­­номикалық ре­фор­масын ұсынды. Бұл ұсыныс пар­ла­ментте қолдау тауып, 2012 жылы Синдзо Абэ үкімет басына қайта сайланды.

Абэномика
Абэномика – Синдзо Абэнің әлеуметтік-экономикалық ре­формаларына берілген атау. Синдзо Абэ елді жай­лаған дефляцияны тек қана девальвациямен жоюға бо­ла­ды деген шешімге келді. «Егерде ұлттық валютаны де­валь­вациялайтын бол­сақ, өнімдеріміз бәсеке­лес­­тікке қабілетті болады. Әйт­песе, біз ешқашан да бұл күйзелістен құтыла алмай­мыз», – деген болатын Синдзо Абэ. Алайда оның бұл шешімін Жапон Ұлттық бан­кінің басшысы қолдамай, қарсы шықты. Мұндай саясат «Үйден ұрыны қуу үшін, қарақ­шыны шақыру» деп санады. Алайда бірне­ше айларға созылған келіссөз­дер­ден соң, Синдзо Абэ Ұлттық банктің басшысын бұл ұсынысқа көндірді.
Бұл шешімнен соң, Жапон ұлттық валютасы небәрі төрт айдың ішінде 20%-ға құл­дырады. Нәтижесінде, отан­дық өнімдердің сатылымы бес жылдық көрсеткіштен жо­­­ғары өсімді көрсетті. Ел­де жаңа жұмыс орындары кө­бейіп, еңбек нарығы жандана бас­тады. Отандық өнімдердің экспорты да арта түсті.
Көп уақыт жоғалтпай Синдзо Абэ экономиканы аяқ­қа тұрғызу үшін «Үш жебе» атты реформа жария­ла­ды. Бірінші жебе, Ұлттық валютаға бағытталды. Ен­дігі кезекте Ұлттық банк отан­дық өнімдерді қор­ғау мақсатында валюта нары­ғына арала­са­­тын бол­ды. Екінші жебе, эконо­ми­ка­лық дамуда артта қал­ған өңірлерге бағыт­тал­­ды. Бұл жер­лерде кәсіп ашқандарға салықтық же­ңіл­дік­тер бе­рілді. Сондай-ақ түр­лі әлеу­меттік көмектер көр­­се­тілді. Әсіресе, ауыл ша­­руа­­шы­лығында жұмыс іс­тей­­тін­дерге инфра­струк­ту­­ра са­лу­да, табиғи апат кез­­дерде қаржы бөлі­нетін бол­­ды. Үшінші жебе, мем­ле­кет­­тік сек­торға бағытталды. Мем­ле­кет­тік қызметтегі жем­­қорлық, би­­лікті асыра пай­да­ла­ну­шылыққа нөл пайыздық төзім­сіздік жа­рияланды. Ха­лық­тың арыз-шағымы үшін 24 сағат бойы жұмыс іс­тейтін сайт, телефон агент­тіктері құ­рылды. Бұдан бас­қа білім беру жүйесін ре­формалау қолға алынды. 10 жыл ішін­де жапондық 10 білім ордасын әлемнің ең үздік 100 оқу орнына қосу мақсаты қойылды.
Синдзо Абэнің бұл рефор­малары Жапония эконо­ми­касын әлемнің үш -т­ігіне енгізді. Ұлттық ком­па­ния­лар­­дың акция­лары ІРО на­ры­ғында соңғы 40 жыл­да бол­маған өсімге қол жеткізді. Елге жылына 20 миллоннан астам турист келе бастады. Toyota, Nissan, Sony, Mazda, Canon, Panasonic және т.б ұлттық ком­паниялар әлемге таны­мал болды.
Бүгінде Синдзо Абэнің жүр­­гізген экономикалық ре­фор­маларын көп елдер өзіне үлгі етуде. Ол Жапон елін дағдарыстан әлемнің озық дамығын бестігіне де­йін небәрі 5 жылдың ішін­де енгізді. 2012 жылдан елді үз­діксіз басқарып ке­ле жат­қан Синдзо Абэні «Сан­кэй сим­бун» сын­ды жергілікті ірі БАҚ «Либе­рал-демократия пар­­тиясы Синдзо Абэнің бас­шылы­ғында жақын 5 жылда еш­кімге дес бермейді. Шын мә­нінде Синдзо Абэ ел үшін көп іс тындырды. Сондықтан халық оған әлі үлкен сенім ар­тып отыр», – деп сипат­тайды.

Жүсіп ЖҰБАТ,
«P&H»

Жауап қалдыру