Си Цзиньпин

0
98

Си Цзиньпинді Қытай халқы «Үлкен әке» атайды. Ол мемлекет басшылығына келген жылдары Аспан асты елі гүлдене түсті. Қытай мемлекетінің негізін қалаған Мао Цзэдун, Дэн Сяопин секілді алыптардан кейінгі мемлекеттің негізгі тірегі саналады. Өмір жолын ең төменгі әлеуметтік сатыдан бастаған Си Цзиньпинді қарапайым халық ерекше құрметтейді. ҚХР бұрынғы Төрағалары тек партияға ғана жетекшілік етіп, Қытай халық-азаттық армиясына билігі жүрмейтін. Ал бүгін Си Цзиньпиннің қолына партия мен әскери билік толық қарайды. Екі тізгін, бір шылбырды қолында берік ұстаған Си Цзиньпин Қытайды жұмса жұдырығында, ашса алақанында ұстап отыр.

БАЛАЛЫҚ ШАҒЫ
Си Цзиньпин 1953 жылы 1 маусымда қытай елінің белгілі саяси қайрат­кері Си Чжунсюнның отба­сын­да дү­ниеге келген. Шығу тегі қы­тай елін ға­­сыр­лар бойы биле­ген Хань эт­ни­ка­лық тобынан бас­тау алады. Оның әкесі Си Чжунсюнь 1960 жылдары Мао Цзэдунның ең сенімді серіктерінің бірі са­­нал­ды. Алайда 1962 жы­лы Қы­тайдағы «Ұлы про­ле­тарлық мә­дени төң­керіс» кезінде «Мем­лекетке сат­қын­дық жасады» деген айыппен Хэнань өлкесіне жер аударылады. Ал 9 жас­­тағы Си Цзиньпинді отба­сынан бөліп, Шэньси өлкесіндегі кедей Яньчуань қалашығына жібереді. Осы кезге дейін ешбір таршылық көрмеген Си Цзиньпиннің басына ауыр күндер түсті. Бөгде қалада «сатқынның күшігі» атанып, тұрғылықты баспанадан да қуылады. Аш-жалаңаш далада қалған Си Цзиньпин қала шетіндегі үңгірде түнеп, жан бағу үшін ауыр еңбекке салынып, азап шегеді. Мінеки, осындай ауыр жағдайда ол он жылға жуық күн кешті.
1970 жылы Қытай билігінің саяси тұтқындардың бала­ларына шығарылған «Ең­бекпен қайта тәрбиелеу» ше­шімі жойылды. Бұл жар­лық Си Цзиньпин өміріне де оң өзгерістер әкелді. 1971 жылы коммунистік идео­ло­гияны насихаттауда бел­сенді жастардың қатары­нан көрініп, комсомол ұйы­мына мүше болды. Оның идео­логияға беріктігі мен бел­сенділігі «сатқынның күші­гі» деген лақап атын тез-ақ ұмыттырып жіберді.
Әкесінің әлі де қамауда отырғанына қарамастан 1974 жылы Қытай коммунис­тік партия­сына қабылданды. Ол коммунистік партияда тың көзқарастарымен көз­ге түсіп, ауылдық жерде пар­тияның хатшылық қызметін де атқарды. Ал 1975 жылы Бейжіңдегі Цинхуа Уни­вер­ситетіндегі химия және тех­нология факульте­тіне оқуға қабыл­данды.

ҮЛКЕН САЯСАТҚА КЕЛУІ
1978 жылы Қытай үкі­ме­тінің билік басына кел­ген Дэн Сяопин «Ұлы проле­тарлық мәдени төңкеріс» кезіндегі саяси қуғындарға рақымшылық жасады. Ке­зінде коммунистік партия­да танымал болған Си Чжунсюнь да бостандыққа шығып, Гуандун өлкесіне губернаторлыққа келді.
Әке­сінің билік басына ора­луы Си Цзиньпиннің саяси қызметінің өсуіне ті­ке­лей әсер етті. 1982 жы­лы әкесінің жақын досы Қы­тай қорғаныс министрі Гэн Бяоның хатшысы болып тағайындалды. Дәл осы кезде ел арасында «Тай­цзыдан» деген ұғым пайда болды. Бұл «партия ханзадалары» деген ма­ғына беретін. Халық жағ­да­йын жақсартуда айтулы еңбегі болмаса да қыз­меті жоғарылаған жас буын­дар­ды осылай атады. Мұ­ның ішінде Си Цзиньпин есі­мі де болатын.
Осындай атаудан қаш­пақ ниетте қорғаныс ми­нистр­­лігінде небәрі бір жыл­ға жуық жұмыс атқар­­ған Си Цзиньпин өзін басқа қызметке ауыс­тыру жай­лы өтініш береді. Оның бұл өтініші қабылданып, Қы­тайдың оңтүстігіндегі ке­дей Чжэндин уезіне бас­шылыққа тағайын­далды. Міне, осы орында Си Цзиньпин өзін бар­лық жағынан көрсете білді. Чжэндинде ешбір өндіріс орны жоқ болатын. Есесіне қалада ескі тарихи мекендер мен мәдени орын­дар көп еді. Осыны қа­ланың ұпайына есептеп Си Цзиньпин өңірді туристік орталыққа айналдыруда көп еңбек етті. Нәтижесінде экономикасы артта қалған уезд екі жылда мемлекеттік бюджетке ең көп салық төлейтін аймаққа айналды.
Өзін әлеуметтік-экономи­калық проблемаларды ше­шу­де оң қырынан көрсет­кен Си Цзиньпин 1985 жылы елге белгілі бай өлке Фуцзян­дағы Сямынь қала­сына басшылыққа келді. Бұл қала Тайвань аралымен шекаралас болғандықтан ха­лықтың негізгі табыс көзі сауда-саттықта еді. Соны­мен қатар қалада заңсыз сауда орындары мен қылмыс та өршіп тұрды.
Басшылыққа келісімен қа­ладағы заңсыз сауда орын­дарын кәсіпкерлермен бір­лесе отырып сәтті шеше білді. Ол заңсыз сауда­гер­лерді қудалаудың орнына барынша қолдау көр­­сетіп, кә­сіптерін заңды түрде ашуға көмектесті. Ал өршіп тұр­ған ұрлық пен қарақ­шы­лық, контрабанда секіл­ді қыл­мыстарды қала тари­хын­дағы ең төменгі көрсеткішке түсіре алды. Си Цзиньпиннің қарапайым халықпен ашық қарым-қатынасқа түсе білуі мен іскерлігіне сенген билік оны әр аймаққа басшылыққа жіберуді әдетке айналдырды. Сямынь қаласын үш жыл басқарған Си Цзиньпинді 1988 жылы Ниндэ қаласына аттандырды. Бұл орында да көп тұрақтамай 1990-1999 жылдары Фуцзянь ай­мағында хатшы, халық кеңесінің төрағасы, аймақ­тық депутат секілді маңызды қызметтер атқарды.
1999 жылы Фуцзянь өл­кесінің губернаторы та­ғына жайғасты. Губер­на­торлық қыз­метте кәсіпкерлікті қол­дау арқылы, аймаққа бұ­рын-соңды болмаған мол инвистиция тарта білді. Оның басшылық еткен жылдары Фуцзянь Қытайдағы экономикасы озық өлке саналды. Си Цзиньпиннің қай қызметке бармасын бар­лығын жоғары дәрежеде орындай білуі халық сүйіс­пеншілігіне бөледі.
2002 жылы Қытай коммунистік партиясының XVI съез­ді болып өтті. Бұл съезде КПК-нің орта­лық ко­ми­тетінің бас хатшы­лы­ғына Ху Цзиньтао сай­ланды. Ал елге танымал Си Цзинь­пин КПК орталық коми­тетінің құрамына кірді. Бұл тағайындау оны аймақ бас­шысынан ел тағдырына ық­пал ететін саяси тұлғаға ай­налдырды.
БИЛІК БАСЫНДАҒЫ СИ ЦЗИНЬПИН
2007 жылдың наурыз айында Си Цзиньпин Қы­тай­дағы ең маңызды қала са­налатын Шанхайдың бас­шылығына келді. Таға­йын­даудан көп уақыт өт­пей Си Цзиньпиннің бүкіл елді дүрліктірген Чэнь Ляньюды қамауға алу жай­лы жарлығы шықты. Чэнь Лянью Шанхай қала­сының бұрынғы басшысы және билікте саяси ықпалы өте жоғары адам болатын. Си Цзиньпин оны Шанхайды жемқорлық шырмауына ба­тырып, отбасына мемле­кет меншігін бөліп берді деп айыптады. Оның бұл ісін биліктегілер қолдамаса да халық үлкен қуанышпен қарсы алды. Ол барлық қала басшыларына ескерту жасап, жемқорлықпен күрес оның басты бағыты бола­тындығын мәлімдеді.
Осылайша, Си Цзиньпин ендігі саяси қызметін толы­ғымен жемқорлықпен кү­реске бағыттады десе бола­ды. 2008 жылы Бейжіңде өткен Жазғы Олим­пиада ойындары кезінде де бірнеше құрылыс компания­ларын жемқорлық фактісі бойынша қолға түсірді. Си Цзиньпиннің бұл күресі ішкі саяси партиядағы билік таласына ұласты. Қытайда «мұнай қожасы» саналатын Чжоу Юнканның қамауға алынуы Си Цзиньпиннің саяси қарсыласы Бо Си­лайға үлкен соққы болды. Саяси сахнада қар­сы­лас­тарын бірме-бір жемқор­лық фактісі бойын­ша түрмеге тоғытқан Си Цзиньпинді жұрт келесі билік басшысы ретінде қабылдады.
2012 жылдың қараша айында Ху Цзиньтао өз қыз­метін доғарып, Қытай ком­мунистік партия жетекшілігін Си Цзиньпинге табыстады. Әлемдегі ең ықпалды мем­лекет басшылығына кел­ген Си Цзиньпин «Қытай ұлтын қайта түлетуді» басты идеология етті. Бұл идеологияның басты мақ­саты Қытай коммунистік партиясын жаңа заманға сай өзгерту болды. Себебі, бүгінгі таңда Қытай билігіне 1970-1980 жылдары өмірге келген жас буындар келе бастады. Олардың дені ком­мунистік идеологияның дұрыстығына толық сен­бейді. Оның үстіне 1 млрд-тан астам халықты ХХІ ға­сырда қараңғылықта ұстау мүмкін еместігін де түсінді.
Экономикалық өсімнің төмендеуі мен Батыс Қы­тай­дағы әлеуметтік тұрақ­сыздықтарды еңсеру мақ­са­тында Си Цзиньпин 2020 жылға дейін «Шағын гүл­дену» атты реформа қабылдады. Бұл реформа отбасылық жағдайы төмен халықты шағын кәсіп­кер­лікке ынталандырды. Мем­лекет пен ірі кәсіпкер­лер­дің қолдауымен Си Цзиньпин елдегі «ең төменгі күн­көріс деңгейін» біршама жоғарылатты. Оның есімі бұл әрекеттен соң «Қытай реформасының әкесі» са­налатын Дэн Сяопинмен бірге аталатын болды.
Өзінен алдыңғы басшы­лар Жапон елі мен АҚШ-қа Тынық мұхитында сес көрсетсе Си Цзиньпин олармен ортақ келісімге қол жеткізе алды. БАҚ өкілдеріне берген бір сұқбатында «Қытайды басқыншы, жауыз мемелекет ретінде көрсету ешкімге пайда әкелмейді», – деген болатын. Сондықтан Си Цзиньпин «Бір белдеу – бір жол» жобасын ұсынды. Сарапшылар бұл жобаны ХХІ ғасырдағы ең ірі жоба атады. Бұл жоба бо­йынша Қытай әлемдік қауымдастықпен кез келген са­лада бірлесе жұмыс ат­қаруға дайын екендігін көр­сетті.
Си Цзиньпиннің ішкі және сыртқы саясаттағы жетіс­тіктері оны Мао Цзэдун, Дэн Сяопин секілді ұлт негі­зін салушылардан ке­йін­гі ең әйгілі тұлғаға ай­нал­дыр­ды. 2017 жылы өткен Қы­тай коммунистік пар­тия­сының ХІХ съездінде Си Цзиньпин екінші мерзімге қайта сайланды. Ал оның «Қы­тай ұлтын қайта түле­ту» идеясы коммунистік пар­тия жарғысына енгізілді. Бұл Қытайда кез келген бас­шыға көрсетілмейтін құрмет екендігін айта кеткен жөн. Бұл съездің және бір айтулы ерекшелігі Қытайды де­мократиялық басқару жү­йесіне көшіру жайлы шешім қабылданды. Осы шешім негізінде 2017 жылы Гонконг қаласының басшысы сайлау негізінде тағайындалды. Ел басқарудағы Си Цзиньпиннің осындай жаңашылдығы елдегі жас буын өкілдерінің толық қолдауына жеткізді.
Бүгінде балалық шағы ай­дауда өткен Си Цзиньпиннің өмір жолы Қытайда үлгі ре­тінде оқытылады. Ол сая­си қызметінде бір­де-бір рет жемқорлық қыл­мы­сы бо­йынша айып­тал­мады.
Се­бебі, сая­сат­пен шұ­ғыл­дануға бет бұрған Си Цзиньпин бүкіл әулетіне Қы­тайда бизнес­пен шұ­ғыл­дануға және мем­лекет­тік қызметке орна­ласуға қатаң тыйым салған. Сондықтан да болар әлемдік сарапшылар оны жемқорлықтан таза басшылар тізіміне енгізген.
Си Цзиньпиннің жеке өмірі құпия ұсталады. Бел­гілісі бірінші некедегі сәт­сіздіктен кейін 1985 жылы Қы­тай­дағы танымал әнші Пэн Лиюаньға үйленді. Қытай басшысы футбол мен шығыс жек­пе-жегіне қызығады. Мұнан бөлек голливудтық фильмдер көргенді ұнататын Си Цзиньпин ағылшын тілін жетік біледі.

Жүсіп ЖҰБАТ,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру