Родриго Дутерте

0
133

Мемлекет басшыларының арасында ұс­тамды, сыпайы, әр сөзін ойланып сөй­лейтін, меймандос тұлға образы танымал. Қастасудан гөрі достасуды жөн санайтын кез келген саясаткер осы бір дипломатиялық этиканы ұстанатыны түсінікті. Бірақ саяси аренада әрекеті бұл образға мүлде кереғар адамдар да аз болмаған. Солардың ара­сындағы жарқын өкілдердің бірі Филип­пиннің қазіргі басшысы Родриго Дутерте. Оның көзқарасы мен мәселелерді шешуде қолданатын тәсілдері тым қатал. Әдетте дамушы елдердің басшылары Еуропамен, АҚШ-пен жақсы қарым-қатынас орнатуға тырысушы еді, ал ол керісінше, оларды менсінетін емес. Қандай да бір күрес жүргізуде басып-жаншығанды құп көреді. Бүгінгі мақала батыстықтар үшін жендет, ал өз халқы үшін жай ғана Роди – Родриго Дутерте туралы болмақ.
Дутерте 1945 жылы 28 наурызда Лейте аралындағы Маасине қаласын­да туған. Кейін отбасымен Данаоға кө­шеді. Әкесі Висенте Дутерте заң­гер, кейінірек саясаткерлік жолға тү­сіп, Данао қаласының мэрі, Давао провинциясының губернаторы болған. Анасы ұстаздықпен айналысады. Үйде өзінен бөлек әпкесі, қарындасы бар. Мектепте жақсы оқыған. Бірақ ержете бойында қиқарлық, қызбалық байқала бастайды. Келіспейтін нәрсесімен қиқылдасып, айтысып-ақ жатқаны. Ешкімге есесін жібермейтін жігері де жоқ емес. Сол мінезінің кесірінен сыныптастарына, мұғалімдеріне тіл тигізіп екі рет мектептен қуылады. 1956 жылы Әулие Анна мектебін тәмәмдасымен, Дигостағы Әулие Крест академиясын оқып бітіреді. 1968 жылы Маниладағы филиппин университетінің жанындағы элиталық лицейден өнер мамандығын, 1972 жылы заң колледжінен заңгер мамандығын алып шығады.

Сол жылы-ақ адвокаттық іспен айналысуға емтихан тапсырады. 7 жылдық заңгерлік тәжірибеден кейін 1979 жылы Даваодағы прокуратурада кеңесші заңгер қызметін атқарды. Бұл қадам оның кейінгі тағдырын айқындап, саясаткерлік жолға түсірді. Дутерде мұнан соң заңгерлік жүйенің барлық сатысынан өтіп, қала прокурорының төртінші, үшінші, екінші орынбасары лауазымдарын атқарды. 1986 жылы сарғылт революция кезінде қаланың вице-мэрі, екі жылдан кейін қаласының мэрі болып тағайындалады.
Халық Дутердені қатты қадірлеп, қатарынан үш мерзімге сайлады. Өзінің орынбасарларын елдің екі түрлі аймағы Манобо мен Мороның тумаларынан тағайындауы жұртқа ерекше ұнады. Бұл үрдіс ел ішінде тепе-теңдік орнату мақсатымен өзге ведомстволарда да қолданылды. 1998 жылы кезекті мерзімі біткенде Дутерде конституция бойынша сайлауға түсе алмағандықтан Өкілдер палатасына конгресмен қызметіне ауысады. Алайда көп өтпей 2001 жылы қайтадан қала басшылығына сайланады. 2004, 2007 жылдары да осы қызметте отырады.
Дутерте қала басқарып тұрғанда нар­кодилерлер мен есірткіге тәуелділікке қарсы қатаң күрес жүргізді. Жеке әскер құрып, өзіне ұнамайтын яғни есірткімен байланысы бар адамдардың көзін жойып отырды. «Қоғамдық тәртіпті орнату» шаралары барысында қылмыс әлемінің жүздеген серкелері қаза тапты. Оларды аяусыз өлтірді. Көп жағдайда дарға асты. Прокуратурадағы ескі таныстарының арқасында оған жазадан сытылу еш қиындық тудырмады. Бұнысы үшін адам құқықтары жөніндегі халықаралық ұйымдар тарапынан сынға ұшыраса да, өз дегенінен қайтпай, «жендеттермен күрестің ең тиімді амалы оларға өз тәсілін қолдану» көзқарасынан танбады. Қоғамдық орында шылым шегуге тыйым салды. Бірде қаладағы кафелердің біріне келген қонақ шылым шегіп, заңды бұзғанын ести сала түн ортасында сол жерге сау етіп жетіп барып, қонаққа темекінің қалдығын жұтқызғаны бар.

Қаталдығынан қаладағы қылмыс айтарлықтай азайып, өмір сүру дең­гейі жақсарды. Оңалту орталығын тұр­ғызып, есірткіден арылғысы келетіндерге ай сайын 2 мың песо (12 мың теңге) көлеміндегі жәрдемақы төлейтінін мәлімдеді. Сонымен қатар Таклобандағы Хайян тайфунынан зардап шеккендерге өз есебінен құтқа­рушылар мен дәрігерлер жіберіп, қар­жылай көмектесуі, филиппин әйел­дерінің құқығын қорғайтынын мәлімдеуі оны беделді саясаткер деңгейіне көтерді.
2010 жылы мерзімі аяқталғаннан кейін орнын қызына босатып, өзі вице-мэр қызметін атқарады. Өзіне ұсынылған қызметтерден «менің қала мэрі қызметінен жоғары лауазымдарға біліктілігім жетпейді» деп бас тартады. «Үздік мэр», америкалық есірткіге қарсы күрес қоғамы тағайындаған марапаттарды да «мен бар болғаны өз жұмысымды атқардым» деген желеумен алмай қояды.
Бірақ 2015 жылы «елді құтқармаса болмайды» деген мәлімдемемен 2016 жылғы президенттік сайлауға түсетінін жариялады. Бірнеше күннен соң 2013 жылы құрамынан шығып кеткен филиппиндік демократиялық «Ұлттық күрес» партиясына қайтадан мүше болып, кандидатурасын ұсынды. Сайлауалды бағдарламасында көптеген популистік мәлімдеме жасап, елді парламенттік республика ретінде қайта құрылымдайтынын, есірткімен күресті жалғастыратынын айтты. Давао мэрі болған кездегі абыройының арқасында президенттік сайлауда жеңіске жетіп, 2016 жылы маусымда ел президент атанады.
Дутерте қолына билік тиісімен нар­кобарондармен күресін жандандыра түсті. Онысын ұлықтау рәсімінде-ақ айтып, ескерту жасайды. 2016 жылдың тамызында арнайы операция кезінде 900 наркодилердің өлтірілгені туралы әлемдік басылымдар жарыса жазады. 19 тамызда БҰҰ-да соттан тыс өлім мәселелері бойынша баяндамашы Аньес Каламар мәлімдеме жасап, Дутерте әрекетінің қылмыс екенін айтып, сынға алды. Ал Дутерте болса 21 тамызда бұған жауап ретінде «мұндай ақымақтықты естігенше, БҰҰ-дан шықсақ қайтеді» деген ой айтып, ұйымның әлемдегі ашаршылық, терроризм, Сирия мен Ирактағы әскери қақтығыстарды шеше алмай отырғанын сынады. Кейін бұл сөздерінің әзіл болғанын айтты.

Мұнан кейін тілі ащы Дутерде көп­теген даулы мәлімдемелер жасап, талай мәрте бірнеше белгілі саясат­кердің жеке басына тіл тигізгені бар. Мәселен қаза тапқан филиппиндіктерге алаңдаушылық білдірген АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обамаға жеңіл жүрісті әйелдің баласы деген қорлау сөздер айтса, БҰҰ-ның бұрынғы төрағасы Пан Ги Мунды ақы­маққа теңеді. Бұл сөздері үшін баспасөз қызметі, кейін өзі кешірім сұрағанымен, әдепсіздігін жуып-шая ал­ғаны шамалы. Жалпы Дутертенің аппаратындағылар президент сөзін түсін­дірумен талай әлекке түсті. Бірде Дутерте Вьетнамға барған сапарында 16 жасында кісі өлтіргенін айтып қалмасы бар ма. Президент аппаратындағылар бұның кезекті әзіл болғанын айтып шыр-пыр болды. Дутер­де болса, қала мэрі болып тұрған шақ­та да талай мәрте қылмыскерлерді өз қолымен жазалағанын жасырған емес.
2016 жылдың қыркүйегінде тағы 2400 есірткі сатушының өлтірілгені белгілі болды. Филиппин ішкі істер министрлігінің дерегінше, осы оқиғадан кейін 700 мың есірткі сатушы мен есірткіге тәуелділігі бар адам өз еркімен билікке берілген.
Бұл әрекетін сынаған Еуро Одаққа да былапыт сөздерін аямады. Өзін ұдайы сынаған бұрынғы одақтасы АҚШ-пен байланысын үзіп, Қытай мен Ресейге жақындасатынын жариялады. Бұны дереу пайдаланған қытай билігі экономикалық көмек есебінде елге 24 млрд доллар қаржы бөлуге даяр екенін мәлімдеді.
АҚШ демекші, бірде Дональд Трамп телефонмен болған екеуара әңгімеде Дутертені АҚШ-қа шақыр­ды. Бұны естіген журналистер Фи­лип­пин президентін сұрақтың ас­ты­на алып, «АҚШ-қа барасыз ба?» деп сұра­ғанында, Дутерте «жоқ, оған қо­­лым тимейді» деп кесіп айтқан болатын.
Дутертенің Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынға айтқан сөздері де әлемдік БАҚ бетінде кеңінен талқыланды. КХДР сыртқы істер министрі қатысатын Оңтүстік-шығыс Азия елдерінің ассоциациясы саммиті қарсаңында Дутерте «мына мейірбан болып көрінген торсықтай бет, барып тұрған иттің баласы. Ол қауіпті ойыншықпен ойнап отырған ақымақ. Егер ол қателік жіберсе, Қиыр Шығыс құрғақшылық жайлаған аумаққа айналады. Мына ядролық соғысты тоқтатпаса болмайды» деп мәлімдеме жасады.
Филиппин президенті Оңтүстік Кореяға барғанда да тыныш кетпеді. Сол жақтағы филиппин диаспорасымен кездесуде күйеуі бар әйелді ернінен сүйіп, фиминистік ұйымдардың сынына ұшыраған.
Оғаш қылықты Дутертенің құны млн доллардан асатын люкс санатты көліктерді шынжыр табан техникамен таптатқанына да әлем куә. Оқиға былтыр орын алды. Дутерде елге заңсыз кіргізілмек болған көліктерді тұп-тура кедендік бюро ғимаратының алдында бульдозермен таптауға бұйрық берді. «Шенеуніктің бұндай көлік алуға қаражаты жетпейді. Мұнда жемқорлықтың бары анық» деген президент басқаларға үлгі болсын деп шараны жариялы түрде, журналистердің қатысуымен өткізді. 2017 жылы елдің кеден қызметі құны 2,93 млн доллар болатын көліктерді тәркілеген.
Дутертенің әскери базаға барғанда айт­қан мәлім­демесі тіптен шартарапқа та­ра­лып, әлеуметтік желілерді «жарды».
«Егер мен тақтан түспей, диктатор болуға талпынсам, онда ойланбастан мені атып тастаңдар. Бұл қалжың емес» – деп полиция мен әскерге бұйрық берді. Күш құрылымдарының міндеті конституцияны қорғау деп атап өткен ол сөзінің шынымен ешқандай да әзіл емес екенін аңғартты.
Дутертенің қатал саясатын ұната бермейтіндер 2016 жылы 29 қарашада президент кортежіне шабуыл ұйым­дастырып, Дутертеге қастандық жа­сады. Алайда президент онда болмай шығып, күзеттің 9 адамы қаза тапты.
Жеке өмірі туралы ресми дерек бойынша Дутерте бір рет үйленген. 1973 жылы отау құрған жары Элизабет Циммермадан алты бала сүйген. Бірақ 2000 жылдан бері Дутерте медбике болып жұмыс істеген Сьелито Авансеньямен азаматтық некеде тұрады. Екеуінің бойжетіп қалған қызы бар.
Родриго Дутерте біреу үшін қаһарман, біреу үшін адам құқығын аяқасты етуші, біреуге ол патриот, біреуге ол баскесер. Міне, осындай да президент болады екен.

Меліс СЕЙДАХМЕТОВ,
«P&H»

Жауап қалдыру