Петр Порошенко

0
161

Петр Порошенко – украиналық қоғам және мемлекет қайраткері, Украинаның ең жас президенті. Елдегі қиын да күрделі кезеңді ұлт пайдасына шеше білген адам. Бастысы алға қойған мақсат-мұратына өз күшімен жетіп келеді.
Ол 1965 жылы 26 қыркүйекте дүниеге келген. Одесса облысы Болград қалашығының тумасы. Әкесі Алексей Порошенко ауыл шаруашы­лығы саласының маманы болған.
Болашақ президент бала кезінде салмақтылығымен, елгезек, сыпа­йы, қабілеттілігімен, тәттіге құмар­лығы­мен көзге түскен. Шет тілдеріне деген қызығушылығы да ерте байқалған. Француз тілін жақсы оқығаны үшін сыныптастары әзілдеп оған «Пьер» деген лақап ат та қойған.
1974 жылы Порошенко әулеті Мол­до­ваның Бандер қаласына қоныс аударады. Петр Алексейұлы сол жердегі жергілікті мектепті тәмәмдасымен, Шевченко атындағы Киев мемлекеттік университетінің халықаралық қатынастар және құқық факультетіне оқуға түседі. Оқу орнының қабырғасында Гүржістанның бұрын­ғы президенті, бүгінде саяси бақта­ласы Михаил Саакашвилимен ара­ласқан екен.
Порошенконың спортқа жақынды­ғын да айтпай кетпеске болмас. Еркін күрес, дзюдомен әуестенген. Жай ғана әуестеніп қоймай, соңғысынан КСРО спорт шебері атанған.
1984 жылы екінші курста оқып жүрген шағында Марина атты бойжеткенмен отау құрады. Көп ұзамай әскерге алынады. Ресми дерекке сай Порошенко әскери борышын Қазақстанда, Ақтөбеде өтеп бастаған. Кейін ба­ла­сының дүниеге келіп, отбасы­лық жағдайына байланысты Киев­ке ауысқан. Алайда ақтөбелік «Рика.тв» арнасының хабарлауынша, украи­на­лық журналистер Ақтөбені Астра­хандағы аудан орталығы Ахтубинскпен шатастыруы мүмкін.

Шоколад королі
Порошенко көпшілікке алдымен саясаткер ретінде емес, табысты биз­несмен, олигарх ретінде танылды. Оның кәсіпкерлік қыры студент кезінен-ақ байқалған. 80-ші жылдары видеопрокатпен айналысып, су жаңа голливудтық фильмдер таспаланған видеокассеталар сатты. Достарымен бірге Кеңес одағында тапшы тауарлар әсіресе какао-атбас бұршақтарын сататын кәсіпорын құрады. Істерінің дөңгеленгені соншалық, Порошенко бесінші курсында сол кезде студент тұрмақ, жұмыс жасайтын адам үшін арман болған «Волга» автокөлігін мінеді. Жиған қаражатына елдегі банкроттықтың аз-ақ алдында тұр­ған кондитерлік кәсіпорындарды арзан бағаға сатып алып, Roshen кон­цер­нінің аясында оларға қайтадан «жан бітіреді». Осының арқасында орасан дәулетпен қатар «шоколад королі» деген лақап ат иеленеді. Концерн атын кәсіпкердің әйелі фамилияларына ұқсастырып қойған екен (По-Рошен-Ко). Тәттіқұмар Порошенко қант диабетіне шалдыққаннан өзі өн­ді­ретін тәттілерді жей алмайтын кө­рі­неді.
1993-1998 жылдары «Укрпромин­вест» концернінің бас директоры, «За­вод Ленинская кузня» ашық акционерлік қоғамының, қазіргі ВТБ бан­кінің құрамына кіретін кезіндегі «Мрiя» банкінің төрағасы қызмет­терінде болды. Порошенко сондай-ақ бірнеше автобус, автомобиль зауы­тының, шыны зауытының, сақтан­дыру компаниясының, спорт­тық-са­уық­тыру орталық­тарының иесі. Оли­гарх меншігінде медиаактивтер де жеткілікті. Айталық украиналық белгілі «Пятый канал» арнасы, KP Media компаниясы, «Корреспондент» баспаханасы, «Наше радио», «Next», «Ретро FM», «Твое радио» сынды радиостансалар Порошенконың мен­шігінде. ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Украина президентінің бай­лы­ғы 2018 жылы 1,1 млрд долларды құраған.

Саясаткерлік жолы
Бизнестің шыңын бағындырған По­рошенко ендігі кезекте жас кезінен армандаған саяси мансап жолын бас­тауға кіріседі. Ол үшін қаражаты да, беделі де, танысы да жеткілікті еді.
1998 жылы Украинаның Социал-демократиялық партиясының құра­мын­да Жоғарғы Радаға депутат болып сайланады. Ол жерде екі жыл жүріп, партия көшбасшыларымен бол­ған кикілжіңнен кейін өзінің «Ын­ты­­мақтастық» атты жеке фракциясын құрады.
2000 жылы Порошенко бес саяси ұйым бірігіп құрған «Украинаның еңбек ынтымақтастығы» партия­сының тең төрағалығына сайланады. Бір жылдан кейін партия атауы «Аймақ партиясы» болып өзгертіліп, басшылығына елдің экс-премьері Николай Азаров келеді.
Порошенконың мұнан кейінгі сая­си жолы өрлеу, құлау, қайта өрлеу ке­зеңдерінен тұрады. Ол 2001 жылы Аймақ партиясынан шығып, прези­денттікке үміткер Виктор Ющен­коның сайлауалды кампаниясына бас­шы­лық жасайды. 2004 жылы Ющенко президент сайлауында жеңіске же­тісімен, Порошенконы ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хат­шысы қызметіне тағайындайды. Қо­сымша жаңа құзыреттілік сыйлап, өзінің ұлттық қауіпсіздік бойынша ке­ңесшісі етеді.
2005 жылы бірқатар шенділер жемқорлық пен лоббилік дерегі бо­йынша үлкен дауға ілініп, доға­рыс­қа кетеді. Олардың қатарында Поро­шенко да ба еді. Десе де Әлгілердің дені биліктің түрлі тар­мағында жауапты қызмет­терде жү­реді. Порошенко 2006 жылы банк істері мен қар­жылық қызмет­терге жауапты комитетті басқарса, 2007 жы­лы Украина Ұлт­тық банкі ке­ңесіне төра­ғалық етеді. 2009 жылы сыртқы істер министрі болып тағайындалды. Бірақ жыл өтісімен президенттік сайлауда Вик­тор Януковичтің жеңісінен ке­йін қайта до­ға­рысқа ке­теді. 2012 жы­лы экономика ми­нистр­лі­гінің бас­шылығына келгенімен, көп ұзамай өткен парламент сайлауынан кейін қызметінен кетіп, Жо­ғарғы Радаға ора­­лады.
Қа­тар­дағы көп де­пу­тат­тар­дың бірі болып қал­ған По­рошен­коның есімі бір жылдан кейін бұрқ ете қал­ған еуромайданда қай­тадан естіле бастайды.
Ол нара­зылық танытушыларды ашық түрде қолдап, алаң­ға шыққан­дарды та­­мақпен, ауызсумен, отынмен қам­тама­сыз етеді. Белгілі экс-боксшы Виталий Кличко және халықтық депутаттармен бірге толқудың алдыңғы сабында жүреді. Осының арқасында халықтық мойындауға қол жеткізіп, 2014 жылы 25 мамырда өткен президент сайлауында жеңіске жетеді. Сайлау науқанында Порошенко Еу­ропаға визасыз режим енгізуге, Украинаны Еуроодақ, НАТО құрамына кіргізуге уәде берсе, ұлықтау рә­сімінде бұлармен қоса Украинаның тұтастығын сақ­тауға, оның әскери қуатын күшейтуге, Қырымды қай­таруға күш салатынын, орыс тілін еркін қолдануға кепілдік бере отырып, ел аумағында жалғыз ғана мемлекеттік тіл ол – украин тілінің болатынын мәлім етті.
Сарапшылардың пікірінше, Ук­раи­наға Еуро Одақ пен НАТО-ға мүшелікке өту үшін бірқатар эконо­микалық және саяси реформалар жүргізуі керек болатын. Әзірге бұл үрдістің құқықтық жағы ретке кел­тірілуде. Былтыр Украинаның Конс­титуциялық соты елдің аталмыш ұйым­дарға өту ниетін ресми түрде ма­құлдады.
Порошенко Донбасстағы жағдайға байланысты өзінің ұстанымын нақты білдіріп, Қырым, Донецк және Луганск облыстары Украинаға қайтарылмай әскери қимылдардың тоқтамайтынын мәлімдеп келеді.

Декоммунизация
мен дерусификацияны қатар жүргізген
Ал кеңестік сарқыншақтардан құты­луда, украин тілінің мәртебесін арттыруда көптеген алға жылжушылық бар. Порошенко бұл істі коммунизмді айыптап, оны адамдардың санасынан біржола шығарып тастау үшін декоммунизация жариялаумен бастады. Бастамасы украин тілін тұғырына қондыру арқылы орыс тілін ығыстыру, Ресеймен қандайда бір байланысты үзу әрекеттерінен ерекше көрініс табуда.
Президент ретіндегі алғашқы са­пар­ларының бірі Львов қаласына барғанда ағылшын тілінің ерекше статусы туралы айтып, «мектептер мен жоғары оқу орындарында екінші міндетті оқыту тілі еш­қандай
да орыс тілі
емес, ағыл­шыл тілі болуы тиіс» деп айтуы қо­ғам­да қызу тал­қы­лан­ды. Көп ұза­май ағыл­шын тілін елдегі екінші жұмыс тіліне айналдыру туралы ойларымен бө­лісті.
Мұ­нан соң ашық та батыл әре­кет­­тер орын алды. Алдымен 2016 жылы 6 маусымда радиотаралымдағы украин тіліндегі хабарлар мен ән­дер­дің үлесін арттыру жөніндегі, 7 мау­сымда телевидениеде украин тіліне басымдық беру туралы заң қабыл­дады. 2017 жылы Жоғарғы Рада қа­был­даған «Білім туралы» заңға қол қойды. Ол бойынша украин тілі оқыту тілі болып бекітіліп, жыл сайын сол тілдегі оқулықтар саны арттырыла бермек. Сондай-ақ ресейлік БАҚ-пен «ВКонтакте», «Одноклассники», Яндекс және Mail.ru сынды интернет-ресурстарға санкция жариялады.
Бұның алдында, 2014 жылдан бастап Ресеймен әскери сала­дағы ын­­­тымақтастыққа тыйым сал­ған бо­­­­ла­­тын. Еуропа кеңесінің парламент­­­тік ассамблеясының (ПАСЕ) оты­­­­­ры­­­­­сында Ресеймен қа­рым-қа­ты­нас тек Қырымды қайтар­ғанда ғана оңа­латынын айтты. Бұл мәлім­демелерін заң жүзінде рәсім­деп, Украинаны Ресей агрессиясынан қор­ғау мақсатында бірнеше құжаттар қабылдады. Алдымен 2015 жылдың 20 ақпанында «Ресейлік қауіпке және Ресей Федерациясы тарапынан қолдау табатын террорлық әрекетке қарсы төтенше шаралар туралы», екі жыл­дан кейін 2018 жылдың 9 ақпанында «Ресей Федерациясының ақпараттық агрессиясына қарсы қосымша шаралар туралы» жарлық шы­ғарды. Соңғы жарлыққа сай кей­бір ресейлік ақпарат агенттіктер мен телеарналарға, интернет басы­лым­дарға қарсы санкция салды. Былтыр Ресеймен достық, әріптестік, серіктестік туралы келісім шартты бұзды.
Сайлауалды науқанда уәде еткендей 2017 жылдың маусымынан Украина мен Еуроодақ арасында визасыз режим орнады. Осы кезде Порошенко Ресейді әжуалап М.Ю.Лермонтовтың белгілі өлеңінің алғашқы төрт жолын үзінді етіп келтірген бо­латын. Лер­мон­товтың өлеңі былай басталатын:
«Прощай, немытая Россия,
Страна рабов, страна господ,
И вы, мундиры голубые,
И ты, им преданный народ».
2018 жылдың тамызында Порошенко кезекті мәлімдемесін жасап, қандай да бір қадам жасауда Ресей жаққа қарайламайтынын айтты. «Біз өзіндік даму жолын таңдадық әрі сыртқы жауларымызға жағу үшін ол жолдан тайқитын жайымыз жоқ. Біз Ресей империясы және Кеңес одағымен байланыстыратын барлық бұғауды бұзамыз. Билік пен бүгінгі буынның басты мұраты – Украинаны ұлы және қуатты мемлекетке айналдыру. Ресей ықпалына қайта түсу ойымызда да жоқ» дей келе кейінірек «Еуропамен интеграцияға қатысты агрессор ел немесе Путиннен рұқсат сұрамаймыз» деп айтты.
Порошенко билігі кезінде орын алған айтулы оқиғалардың бірі – АҚШ Конгресінің Украинада 1932-1933 жылдары болған ашаршылықты геноцид деп тануы. Конгресс қабылдаған қарарда Кеңес билігінің украин хал­қына қарсы жүргізген саясаты айып­талды.
Биылғы жыл Порошенконың президенттік мерзімінің соңғы жылы. Енді шамамен екі жарым айдан кейін яғни 31 наурызда елде кезекті президент сайлауы өтеді. Порошенко сайлауға түсетіндей болып жатса оның негізгі қарсыласы «Батькивщина» партиясының жетекшісі Юлия Тимошенко болады деп күтілуде.

Төрткен ҚЫЗЫЛЖАР

Жауап қалдыру