Никол Пашинян

0
84

Жуырда Арменияның Үкімет басына келген Никол Пашинян бірден бірқатар реформаларды батыл бастап кетті. Ол Арменияның кеден бекетіндегі ұзын-сонар кептеліске нүкте қойып, кеден құжаттарын бір сағатта рәсімдеуді тапсырды. Шенеуніктерді экономикалық қордаланған мәселелерді жасырмай ашық шешуге шақырды. Арменияның сыртқы саясатта Ресейдің ықпалынан шыға алмауын да сынады. Және Еуразиялық экономикалық одаққа Арменияның мәжбүрлі түрде кіргенін де жасырмады. Әлемдік БАҚ «Пашинян саясаты ТМД кеңістігінде жаңа өзгерістерге бастама болуы мүмкін» деген пікірде. Осыған байланысты біз Никол Пашинянның өмір соқпағы мен саяси ұстанымдарын оқырманға таныстыра кеткенді жөн көрдік.
Саясатқа бастау
алған жылдары

Никол Воваұлы Пашинян 1975 жылы 1 маусымда Иджеване қаласында дүниеге келген. Әкесі – Вова Пашинян, өгей шешесі – Ерджаник Чебручан.
Никол 1991 жылы Ереван мемлекеттік университеті фило­логия факультетінің журна­листика бөліміне оқуға түседі. Оқи жүріп ресми билікке қарсы оппозициялық күштердің қатарында, оппозициялық баспасөзде қызмет атқарады. 1993 жылы «Дпрутюн» («Оқулық»), «Лрагир» («Хабарлар»), «Лрагир ор» (Бүгінгі күн хабарлары»), «Молорак» («Жаһан») газеттерінде тілші болды. 1995 жылы саяси көзқарасына байланысты аталған жоғары оқу орнынан шығарылған.

Баспасөздегі қызметі

Оқудан қуылғанымен Никол алған бетінен қайтпайды, баспасөз саласындағы күрескерлік жолын жалғастыра береді. 1998 жылы ол оппозициялық «Орагир» («Күнделік») газетінің бас редакторы әрі құрылтайшысы болады. Сөйтіп Армениядағы ең танымал оппозицияшыл журналистке айна­лып, түрлі жала, айыптауларға ұшырап, үстінен қылмыстық істер де қозғалады. «Орагирді» сол кездегі Ішкі істер министрі мен ұлттық қауіпсіздік қызметін қоса атқарған Серж Саргсян сотқа сүйреп, айыпты етеді (Мына жайтқа назар аудару керек шығар: сол Саргсянды араға жылдар салып Пашинян тақтан тайдырды. Ал Саргсян Арменияны ұзақ уақыт билеп-төстеген адам. Ол 2007-2008 жылдары премьер-министр, 2008-20018 жылдары Армения Республикасының президенті болды). Билік қолында тұрған соң аянып қалсын ба, Серж Саргсян Пашинянның газетін жаптырып, өзін бір жылға бас бостандығынан айырады, жалған ақпар таратты деп айыппұлға жығады. «Орагир» жабылады, алайда, Никол күнделікті жарық көретін жаңа басылым – «Айкакан жаманак» («Армян уақыты») газетін шығарады. Газетті 2012 жылға дейін шығарып, кейін бас редакторлық қызметін әйелі Анна Акопянға тапсырды.
Бұл жылдары Николдың өмірі бі­рың­ғай баспасөз ісімен өтіп жат­ты десек те, жеке басына қауіп-қатер кез келген уақытта төніп тұрған еді. 2004 жылы 22 қара­шада Никол Пашинянның авто­көлігі Ереван қаласының қақ орта­сында, «Айкакан жаманак» газетінің редакциясы орналасқан жердегі автокөліктер тұрағында тұрған жерінде отқа оранады. Құдай сақтағанда, Никол қастандықтан аман қалады. Өзіне жасалған қастандықты Никол биліктен емес, Гагик Царукян дейтін кәсіпкерден көреді және солай деп жария етеді.

Саясатта
сатылап өскен жылдары

2006 жылы, яғни 31 жастағы Па­шинян қоғамдық-саяси «Аль­тер­на­тива» ұйымын құрады. Содан кейін сайлау алдында «Импич­мент» блогын басқарып, «Альтер­на­­тивамен» бірге кон­серва­тивті «Демократиялық отан» партия­сының қатарына өтеді. Сол кездегі президент Роберт Кочарян мен премьер-министр Серж Сарг­сян­ның доғарысқа кетуін талап еткен оның жақтастары («Импич­мент» блогы) 2007 жылы мамыр айындағы парламент сайлауында жеңіліске ұшырайды.
«Импич­мент» сайлаушылар та­ра­пынан 1,29% пайыз дауыс жи­нап, 13-орынға ие болады. Әрине, Пашинян сайлаудың бұндай қо­рытындысымен келіспейді, дауыс санауда «жымысқылық, арамдық, алақолдық болды» деп есептейді.
2008 жылы Пашинян Армениядағы президент сайлауының алдындағы науқанға білек сыбана кірісіп, бұрынғы мемлекет басшысы Левон Тер-Петросянның штабына кіреді. Сайлау Саргсянның жеңісімен аяқта­лып, президент болады. Тер-Петросян сайлауда ұтылған соң Пашинян қарсы күштердің жетек­шісіне айналады да, экс-президенттің (Тер-Петросян 1991-1998 жылдары Арменияның пре­зи­денті болған) жақтастары сайлаудың қорытындысын мойын­дамайды.
Осыдан кейін Ереванда сақшы жасақтарымен қарулы қақтығысқа дейін барған жаппай қарсылық акциясы басталады. Күштік құрылымдар шерушілердің шебін 1 наурызда әрең бұзады. 10 адам оққа ұшады, тағы бірнеше адам ауыр жараланады. 2 наурызда елде төтенше жағдай жарияланады. Пашинянға іздеу жарияланады. Ол бой тасалап жүріп 2009 жылы шілде айында беріледі.
2010 жылы абақтыда жатқан Пашинян қаңтардағы парламент сайлауына №10 сайлау округінен үміткер ретінде қатысады. Пашинянның кандидатурасын Тер-Петросянның оппозициялық Армян Ұлттық Конгресі (АҰК) қолдайды. Алайда, АҰК-нің үміткері кезекті рет саяси жеңілістің ащы дәмін татады.
2010 жылы 19 қаңтарда болашақ премьер елде жаппай тәртіпсіздік тудырды деген айыппен 7 жылға сотталады. Алайда ол Арменияның 20 жылдық тәуелсіздігіне байланысты амнистияға ілігіп, бір жылдан сәл ғана асқанда түрмеден босап шығады. Темір торда отырған кезінде ол «Айкакан жаманак» газетіне «Түрмедегі күнделік» атты жазбаларын үзбей жіберіп тұрады.
Абақтыдан босаған соң Пашинян саяси күрес жолындағы қызметіне әдетінше белсене кірісіп, 2011 жылы Армян Ұлттық Конгресінің митингтеріне қатысады.
2012 жылы 6 мамырда Армян Ұлттық Конгресінің атынан Ұлттық жиынға (парламентке) депутат болып сайланады. 2013 жылы Армян Ұлттық Конгресі Тер-Петросян басқаратын партияның қатарына өтеді. Пашинян болса, партия қатарына өтуден қалыс қалады (өйткені конгресс президент сайлауына үміткер ұсынудан бас тартқан еді). Сөйтіп ол АҰК-нің құрамында көзапара тіркеліп жүргені болмаса, Тер-Петросянмен арасындағы байланыс үзіле бастайды.
Екеуінің арасындағы үзіле баста­ған байланыс Пашинян 2015 жылы мамырда жаңа оппозициялық «Аза­маттық келісім» атты саяси ұйым құрған соң мүлде үзіледі. Парламент сайлауының алдында Никол Воваұлы «Елк» («Ұмтылыс») блогын құрады.
2017 жылы 2 сәуірде Пашинян парламент депутаты болып сай­ланды. Содан бері ол парла­менттегі 105 депутаттың ішінде 9 дауысы бар «Елк» фракциясын басқарып келді. «Елк» фракциясы еуропалық кеңістікке шығуды жақтайды, Арменияның сыртқы саясатында еуразиялық интег­рацияға қарсы болады.
2017 жылы мамырда Пашинян Ереван қаласының мэрі болуға ұмтылды. Бірақ, дауыс нәтижесінде екінші орын алып қалды.
2018 жылы 8 мамырда Армения парламенті Никол Пашинянді елдің премьер-министрі етіп сайлады. Пашиняннің кандидатурасын парла­ментте «Елк» фракциясы ұсынды. Оған 59 депутат дауыс берді (бұл басым дауыс болып есептеледі). Сөйтіп ол саяси күрес жолында өзіне үнемі қысастық жасаған, түрмеге жапқан, істі қылған Серж Саргсянды тағынан төңкерді. Премьер-министр Пашиняннің алғашқы жарлығы бұдан былай елде 9-мамыр мерекесін атап өтуге тыйым салу болды. Па, шіркін, Пашинян!

Отбасы

Никол Пашинянның жары – Анна Акопян, журналист, «Айкакан жаманак» газетінің бас редакторы. Үш қызы, бір ұлы бар. Ұлы Ашот әкесімен бірге өткен сәуір айындағы қарсылық акцияларына қатысты.
abai.kz

Жауап қалдыру