Ким Чен Ын

0
381

Солтүстік Корей Халық Демократиялық Респу­блика­сының басшысы Ким Чен Ынның АҚШ Президенті Дональд Трамппен жуырдағы тарихи кездесуінің алдында кенеттен Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуі ақпарат көздерінде қызу талқылануда. Экономикалық санк­циялар қыс­­пағында отырғанына қа­ра­мастан ядролық бағдар­ла­масынан бас тартпаған Солтүстік Корея басшысының әр әрекеті әлем тарапынан жіті бақылануы түсінікті де. Кез келген уақытта соғыс өрті тұта­нып кетуі бек-мүмкін Корей түбегіндегі жағдайдың басты фигурантын бүгінгі әңгімемізге арқау еттік.

Аңыз бен ақиқат
Солтүстік Корея саясаткерлері мен олардың жанұяларының өмірі үлкен құпияда ұсталынады. Сәйкесінше, Ким Чен Ын туралы ресми деректер де өте аз. Әрі ресми ақпараттар мен америкалық, жапондық, оңтүстіккорейлік тың­шылар дерегі бір-біріне кереғар. Тіпті оның туған күнінің өзін дөп басып айту қиын. Ресми деректерде ол 1982 жылы 8 қаңтарда дүниеге келген делінсе, басқа дереккөздер оның 1984 жылдың 5 маусымында туылғанын айтуда. Ким Чен Ынның КХДР-ның тұңғыш басшысы Ким Ир Сенның ұлы әрі мұрагері Ким Чен Ирдың кенже ұлы екені белгілі. Анасы Ко Ен Хи Ким Чен Ирдың үшінші әйелі, бұрын балерина болған.
Корей билігі Ким Чен Ынның балалық шағын аса құпияда ұстаға­нымен бірқатар жайттар бел­гілі. Ресми ақпар бойынша оның бала­лық шағы ағаларынікі сияқты Швей­царияда өткен. Алайда еш­қандай да мектеп табалды­рығын аттап баспаған. Үйде оқытылған. Сол­түстік Кореяның Швейцария­дағы елшісі әрі сол жақта Ким Чен Ирдің құпия байлығына басшылық еткен Ри Чоланың қамқорлығында болыпты. Ал тыңшылардың дерегі бойынша ол Швейцарияда Берн қаласы маңындағы ағылшын тілінде оқытатын жекеменшік Кёнице мектебінде оқыған. Онда Солтүстік Корея елшілігі қызметкерінің ұлы ретінде бүркеніш есіммен жүрген. Кёницедегілер елшілік қызметкерінің баласы ретінде тіркелген Солтүстік Кореялық студенттің 1998 жылдың тамызынан 2000 жылдың күзіне дейін оқығанын растаған болатын. Ким Чен Ын үлгерімі нашар, саясатқа қызықпайтын, сыныптастарымен жақсы қарым-қатынаста болған ұяң, жақсы студент ретінде суреттеледі. Баскетболмен әуестеніпті. 20 жасқа толар шақта отанына оралады.

Кенже ұл билікке қалай келді?
Ким Чен Ын елге келісімен тасада өмір сүруін жалғастырады. Алда оны үлкен саясат тосып тұрды. Негізі, Чен Ынды әкесінің орнын басады деп ешкім ойламаған. Өйткені алдында екі ағасы бар-тын. Бірақ олардың бойындағы қасиет пен мінез-құлық елге бас болатын адамдікінен тым алыс еді. Үлкен ағасы әрі тақтың басты үміткері Ким Чен Нам 1998 – 2001 жылдары жоғары партиялық лауазымдарға тағайындалып, елдің IT саласын ілгерілетуге атсалысты. 2001 жылы әкесімен бірге Шанхайда Қытайдың ресми тұлғаларымен кездесуге қатысады. Жап-жақсы келе жатқан саяси жолы өзінің ескі әдеті – сауықшылдығының кесірінен орта жолдан кесіледі. Ол 2001 жылы әйелі, 4 жасар ұлы мен қызметшісі барлығы Жапония Диснейлендіне бармақ болғанында доминикандық жалған паспортпен шекарада ұсталады. Құқық қорғаушылар оны оқшаулау орнында бірнеше күн ұстап, паспортта қытай азаматы делінгендіктен, Қытайға депортациялайды. Осыдан бастап әкесімен ара-қатынасы бұзылып тынады. Қытайда бизнеспен айналысып, баспасөз үшін ашықтық принципін ұстанады. Тіпті бірнеше ірі шетелдік басылымдарға отанындағы жағдай, саяси жүйе туралы көлемді сұқбат береді. Ақыры Солтүстік Корея билігі тарапынан сатқын деп танылып, 2017 жылы Малайзия әуежайында тұншықтырылып өлтіріледі.
Екінші ағасы Ким Чен Чхольды әкесі саясатқа қанша баулығанымен, оның жүрегі мүлде басқа сала – музыканы таңдады. Ким Чен Ирдің жеке аспазы болған жапондық Кендзи Фудзимото өзінің кітабында «Чен Чхольдың мінезі тым жұмсақ, басшының роліне келмейді» деп жазған. Оны соңғы рет 2015 жылы белгілі рок музыкант Эрик Клэптонның Лондондағы концертінде көрген. Мұнан соң Мәскеу арқылы еліне қайтуы тиіс болған ол із-түссіз жоғалып кеткен. Wikipedia-ның мәліметінше, бүгінде музыкамен айналысып, қарапайым өмір сүреді.
2006 жылы баспасөз беттерінде Еңбек партиясының жетекші қызметкерлеріне Ким Чен Ынның суретімен төсбелгілер үлестірілгені жөнінде хабар тараған соң, оның мұрагерлігі туралы сөз қозғала бастады. 2008 жылы көпшілікке Ким Чен Ирдің ауыр науқасқа шал­дық­қаны, инсульт алғаны белгілі болды. Осыдан кейін билік­тің ауысуы жылдамырақ жүре бас­тады. 2009 жылы КХДР-ның Жо­ғарғы Жи­налысына депутат болып сайланады. «Ең­бек» газеті Ким Чен Ирдің Еңбек пар­тия­сының жетекшілеріне нұсқау бе­ріп, онда кенже ұлын мұрагері ата­ғаны туралы жазды. Оны оңтүстік­ко­рея­лық арнайы қызмет те раста­ды.
2010 жылы ақпарат агенттіктері Пхеньянның 8 қаңтар – Ким Чен Ынның туған күнін – ұлттық мереке деп жариялағанын хабарлауы биліктегі ауыс-түйістерді сездіре түсті. Сол жылы 27 қыркүйекте Чен Ынға армия генералы атағы берілді. Ұзамай 2012 жылы 18 шілдеде ҚХДР Маршалы яғни қарулы күштердің Жоғарғы бас қолбасшысы атағын алды. Сонымен қатар оның ғылыми атақтары да баршылық.
«Айналдырған ауру алмай қоймас» демекші, Ким Чен Ир 2011 жылы 17 желтоқсанда жүрек талмасынан бақиға аттанды. 24 желтоқсанда орталық баспасөз құралы Нодон Синмун газетінде алғаш рет Ким Чен Ын Корей Халық Республикасының Жоғарғы бас қолбасшы етіп жария­ланды. 31 желтоқсанда Корей Еңбек партиясы Орталық комите­тінің саяси бюросы ресми түрде Ким Чен Ынды ел қарулы күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысы етіп тағайындады. 2012 жылдың 15 сәуірінде Ким Ир Сеннің 100 жыл­дығына арналған әскери шеруде Чен Ын алғаш рет ел алдында сөз сөйледі.

Ядролық бағдарламаға негізделген саясат
Солтүстіккореялық жас көсем бірден ымыраға келуді білмейтін қатал саясатымен көзге түсті. Ол билікте отырған жылдары 70-тен астам адамды өлім жазасына қиған. Солардың арасында өзінің жездесі, беделді саясаткер Чан Сон Тхэк де бар. Ким Чен Ирдің сенімді серіктерінің бірі болған, жас Чен Ын билікке енді келгенде елді қолында ұстаған Чан Сон Тхэкке сатқын, мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырмақ болды деген айып тағылды. Осылайша билік жалына мықтап жармасқан ол жолында кездескен кедергіні қоғадай жа­пыруға ниетті екенін аңғартты.
Ким Чен Ын саясатының басты бағыты – әке ісінің лайықты жал­ғастырушысы ретінде елдің ядор­лық арсеналын күшейту. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарларына пысқырмайды да. Жолында қарсы тұрған кез келгенді «жермен жексен етем» деп әлденеше рет сес көрсеткен. 2012 жылы «ғарыштық державалар клубына» мүшелікке өтуі, 2013 жылы жер орбитасына жасанды жерсерік ұшыруы және ядролық сынақты сәтті аяқтауы арқылы мәлімдемелерінің ауызбен орақ ору емес екенін көрсетті. Бұған БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қатаң­датыл­ған санкциялары да тоқтау сала алмауда. 2013 жылдың 8 науры­зында 1953 жылы Корей соғы­сынан соң қол қойылған Оңтүс­тік Кореяға шабуылдамау туралы келісім­нің күшін жойды. Бірақ ядро­лық қаруды тек қорғаныс мақса­тын­да қолданатынын да айтты. Оның пікірінше ядролық бағдарлама – пайдалы қазбаларға бай емес Солтүстік Корея сынды шағын мемлекетке өзінің ұлттық мүддесін өткізудің жалғыз жолы. Кейінгі жылдары Чен Ын алыс қашықтықты бағындыра алатын әрекет ету ра­диусы кең оқтұмсықтарымен мақ­тануда. Оның әскери әлеуетін АҚШ пен Ресей де мойындауға мәж­бүр. Чен Ын ішкі саясатта тола­йым табыстарға жетпесе де бірқатар әрекеті атап өтуге тұрар­лықтай. Саяси тұтқындарға арналған лагерьлерді жабуы, басыбайлылық құқығын жою арқылы шаруашылыққа жол ашуы, кәсіпкерлікпен айна­лысуға рұқсат беруі, өндірісті жекешелендіруі, ин­вести­­ция тарт­уы азаматтардың өмір сүру деңгейін жоғарылатып, ел эко­но­микасының дамуына үлес қос­ты.

Сыртқы саясаттағы бетбұрыстар
2018 жылдың 1 қаңтарындағы жаңажылдық арнау сөзінде Ким Чен Ир Сеулмен диалог орнатуға әзір екенін мәлімдеді. 9 қаңтарда екі ел шекарасына жақын Пханмунджом қаласында алғашқы келіссөздер басталды. Келіссөздің оң нәтижесі ретінде КХДР Пхенчхандағы Олим­пиада ойындарына қатысты. Құрама ойыншылары ойындардың ашылу, жабылу салтанатында ортақ жалау ұстап шықты. Тұңғыш рет хоккейден біріккен команда жасақ­талды.
5 наурызда Солтүстік Кореяға Корея Республикасынан 10 адам-дық делегация келіп, бірқатар мәселелер бойынша оң нәтижеге қол жеткізді. Келіссөз барысында Ким Чен Ын «отанды біріктірудің жаңа тарихын» бастауға ниетті екенін жеткізді. Сондай-ақ кездесуде КХДР тарапынан ядролық сынаққа мораторий жариялау, Солтүстік Корея мен АҚШ қарым-қатынасын реттеу, мемлекет басшылары кез­деседі деп күтіліп отырған корей мемлекеттері арасындағы саммит мәселелері талқыға түсті.
9 наурызда оңтүстіккореялық делегация АҚШ-қа барып, жақын аралықта ядролық сынақ өткізбеуге уәде етілген Ким Чен Ынның хатын Трампқа табыс етті. Трамп бұны жылы қабылдап, Ким Чен Ынды мамыр айында кездесуге шақырды.
25-28 наурыз күндері Ким Чен Ын Қытай Халық Республикасында бейресми сапармен болды. Бұл оның алғашқы шетелдік сапары. Тараптар ынтымақтастық, Корей түбегіндегі жағдай, ядролық қару мәселесі бойынша әңгімелесті. Бейресми кездесуге Чен Ын өзінің брондалған пойызымен келген. Сарапшылар тараптардың Ким Чен Ын мен Дональд Трамп кездесуінің алдында жолығуынан үлкен саяси астар іздеуде. Дипломатиялық ойынның әр тарап үшін өзіндік оң тұстары бар көрінеді. Халық­аралық істер бойынша ресейлік сарапшы Антон Морозовтың пікірін­ше, келіссөз­дердің стра­тегиялық ма­ңызы басым. Екі жақ та КХДР мен АҚШ байланыстарының бейбіт шешілуін қалайды. Соңғы уақытта Бейжің мен Вашингтон арасы шиеленісіп барады. Екі ел арасындағы сауда майданы миллиардтаған шығынға ұрын­дыруы мүмкін. Ақ үйдің қытайлық саясаткерлер мен кәсіпкерлерге кіммен жұмыс істеу керек екенін айтқан нұсқауы аспанасты елін мезі етті. Ал Солтүстік Корея Қытай үшін берік тыл бола алар еді. Қытайдың есебі осындай. АҚШ-тың Ким Чен Ынға ядролық қарудан бас тарту мәселесін төтесінен қояры екі бастан белгілі. Пәрмен беріп үйреніп қалған АҚШ келіссөз барысында артында Қытайдай одақтасы тұрған Солтүстік Кореяға жұмсақтық танытуы мүмкін. Чен Ынның иек артқаны да осы.
Трамп – Чен Ын келіссөзі қалыптасқан жағдайға айтарлықтай өзгеріс енгізеріне сену қиын. Корей-америкалық зерттеулер инсти­тутының қызметкері, АҚШ әскерінің полковнигі Дэвид Мак­свеллдің айтуынша та­раптар мүддесі қарама-қайшы. Олар мәселені өздеріне тиімді жолмен шешкісі келеді. Корей түбегіндегі денукле­ари­зация – АҚШ үшін Сол­түстік Корея­ның яд­ро­лық бағдарла­ма­сын тоқтату бол­са, Пхеньян үшін Корей түбегін Оңтүстік Корея­мен бір­ге бақылауда ұстау. Сол­түстік Корея ядролық қарудан бас тарт­пай­ды, тек өздеріне жария­ланған санк­цияларды жеңіл­детіп алуды көз­дейді деген пікір де қисынға ке­леді.
Ашық ақпарат көздерінен Ким Чен Ынның қант диабетімен ауы­ратыны белгілі. Соңғы бес жылда оның әжептәуір артық салмақ жина­ғаны байқалған. Орта (175 см) бойлы Чен Ынның салмағы 130 келідей. Баскетбол, футболды сүйіп тамашалайды. Жанына жақын музы­калық жанр – америкалық поп-музыка. Үйленген. Екі баласы бар. Желіде тараған ақпараттан оның және әкесі Ким Чен Ирдің брази­лиялық паспорты бар екені белгілі болды. Олар осының көмегімен 1990 жылдары батыс елдеріне виза жасатқан екен. Тіпті осының көмегімен басына қауіп төнсе, елден қашуды да ойлаған болар.

Меліс СЕЙДАХМЕТОВ,
«Prezident & Halyq»

Жауап қалдыру