Гурбангулы Бердімұхамедов

0
17

Соңғы уақытта әлеуметтік желіде Түркменстан прези­денті Гурбангулы Бердімұхамедовтың түрлі видео­лары кеңінен таралуда. Әркез әртүрлі қырынан танылып жүрген саясаткерге осыдан кейін қызығушылық арта түскен.
Гурбангулы Бердімұхамедов 1957 жылы 29 маусымда Ашхабад облысы Гөктөпс ауданы Бабарап ауылында дүниеге келген. Әкесі Мәлікгулы Бердімұхаме­дов ұстаз, түзету-еңбек мекемесінің бұрынғы бөлім басшысы, бүгінде зейнеткер. Анасы Огулабат-эдже туралы дерек жоқтың қасы. Гурбангулы үйдің жалғыз ұлы, бес әпкесі бар. «Известия» басылымының жазуынша оның шын әкесі елдің бұрынғы президенті Сапармұрат Ниязов. Олардың түр-тұлғасындағы ұқсастық пен Гурбангулының мәнсаптық жолда тез өрлеуін аталған дерекпен түсіндірушілер көп.
Гурбангулы 1979 жылы Түркмен мемлекеттік медициналық инсти­тутының стоматология факультетін тәмәмдаған. Артынша Мәс­кеуде аспирантура бітірген. Медицина ғылымдарының док­торы, «әлеуметтік гигиена және денсаулық сақтауды ұйым­дастыру» мамандығы бойынша профессор.
Бердімұхамедовтың еңбек жо­лы 1980 жылы Аш­хабад ауда­ны Эррик-Кала ауылындағы амбулаторияда дәрігер-стома­толог ретінде басталған. 1982-1985 жылдары Ашхабад ауда­нында штаттан тыс бас стоматолог, 1985-1987 жылдар аралы­ғында орталық аудан­дық ау­руханада стоматология бөлі­мінің меңгерушісі және Ашхабад облысының бас стоматологы болған. 1990-1995 жылдары Түркмен мемлекеттік медициналық институтында терапевтік стоматология кафедра ассистенті, доцент, стоматология факультетінің деканы. 1995-1997 жылдары денсаулық сақтау және медициналық өнеркәсіп министрлігіне қарасты стоматологиялық орталықтың директоры, 1997 жылдан денсаулық сақтау және медициналық өнеркәсіп министрі, 2001 жылдан үкімет төраға­сының орынбасары. Айта ке­тер­лігі, министрлер каби­нетін бұрынғы президент Ниязов басқарған. 2006 жылғы қарашада Түркменстанның өкі­лі ретінде Минскіде өткен ТМД мемлекеттері саммитіне қатысты. Сол жылы президент Са­пармұрат Ниязов қайтыс болғанда жерлеу комиссиясын басқарып, мемлекеттік қауіп­сіздік кеңесінің шешімімен президенттің міндетін атқарушы болып тағайындалады. Түркмен конституциясына сәйкес мемлекетті мәжілістің (парламент) төрағасы Овезгелді Атаев бас­қаруы керек болатын. Алайда аяқастынан оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотталып кете барды.
2006 жылғы 26 желтоқсанда халықтық кеңестің отырысында 2507 делегат бірауыздан Бердімұхамедовты Түркменстан президенттігіне үміткер етеді. 2007 жылы 11 ақпанда 89,23 пайыз дауыспен президент сайлауында жеңіске жетіп, Түркменстанның екінші президенті атанады. Бердімұхамедов мұнан соң 2012, 2017 жылдары қайта сайланады. Бұдан былай ол президенттік орында 5 жыл емес, 7 жыл отыратын болады. Соңғы президент сайлауынан соң ел конституциясына осындай өзгеріс енген болатын.
Түркменстанның президенті туралы айтқанда бірден оның шексіз билігі еске түседі. Батыстық басылымдар диктатор деп үнемі сынға алатын Бердімұхамедов о баста жеке басқа табынушылықты айыптап, бірқатар оң бастамалар көтерген-ді. Өзінің туған күнін жаппай тойлауға, президентке адал болу антына тыйым салып, президенттің аймақтарға жасайтын сапарына орай ұйымдастырылатын концерттерден бас тартты. Бұрынғы мемлекет басшысы Ниязовтың жеке басын ұлықтайтын символикаларға өзгеріс енгізді. Алдымен оның есімі ант мәтінінен, артынша мемлекеттік әнұраннан алынып тасталып, «президент» сөзімен алмастырылды.
2008 жылы ай және апта аттарының бұрынғы атауларын қалпына келтірді. Оның алдында қаңтар – Түркменбасшы, сәуір – Гурбансұлтан (Ниязовтың анасы), қыркүйек – Рухнама (Ниязовтың философиялық еңбегі) деп аталып келіпті.
Алайда тұрғындардың қуа­нышы ұзаққа созыла қой­мады. Өйткені көп ұзамай «Түрк­менбасшы» культының орнын, «Бер­дімұхамедов» культы бас­ты. 2009 жылы барлық мекеме мен кәсіпорыннан алғаш­қы президенттің «Рухнама» ең­бегі жиналып, оның орнына Бер­дімұхамедовтың кітаптары тара­тылды. Бүгінде түркмен халқы президенттерін «Ұлт көшбас­шысы», «Аркадага» (қамқор) деп атайды. Елде оппозиция, сөз еркіндігі жоқ деуге болады. Есесіне сәт сайын аркадага культы күшейе түсуде.
Былтыр Түркменстанда жабық кешендегі Азия ойындары болып өтті. Тікелей президенттің имиджімен байланыстырылған спорттық оқиғаға 7,5 млрд доллар қаражат жұмсалған екен. Осылайша байрақты бәсеке шығын жөнінен аса қымбат ойындардың қатарына енді. Доданың аймақтық жарыс қана екенін ескерсек, онда ол адамзат тарихындағы ең қымбат ойын болып шыға келеді.
Бердімұхамедов сыртқы сая­сат­та 1995 жылғы 12 желтоқ­сан­да қабылданған бейтарап бағытты ұстанып келеді. Ол бойынша Түркменстан өзге мем­лекеттердің егемендігі мен ау­мақ­тық тұтастығына құр­мет­пен қа­райды, олардың ішкі істері­не араласпайды, мемлеке­тара­­лық қақтығыстарға күш қолданбайды. Алайда бейтараптық оқшау­лануға ұласып, ел ең жабық мемлекеттердің біріне айналған. Ғаламторға қолжетімділік өте төмен деңгейде. Белгілі әлеу­меттік желілердің барлығы бұғат­талған.
Аумағының 80 пайызын шөл алып жатқан Түркменстан экономикасының негізгі драйвері табиғи ресурстар – газ және мұнай экспорты екені белгілі. Газдың әлемдік қоры жөнінен 4-орында тұрған ел бүгінде шетелдік инвестицияның арқасында тұрақты дамып келеді. 2017 жылы елдің ЖІӨ $39 млрд-қа жуықтады. Жұмыс істеуге қабілетті халықтың жартысынан көбі ауыл шаруашылығында, негізінен мақта шаруашылығында еңбек етеді. Түркменстан мақта өндіруші елдердің ондығына кіреді. Алайда мемлекет табиғи ресурсқа қанша бай болға­ымен халқы кедей. «Crude Accountability» америкалық зерттеу ұйымының дерегінше, мұнай мен газ экспортынан түсетін қаржының 80 пайызы президенттің қалтасына кетеді.
Бердімұхамедов тәннің саулы­ғына көңіл аударатыны сондай мәселені мемлекеттік деңгейге дейін көтерген. 2008 жылы «насыбай» өндірісіне, оны таратуға, қолдануға, елге әкелуге тыйым салды. Темекі саудасы шектелмегенімен оның импорты мен экспорты қатаң бақылауда. 2016 жылы елде шылым бағасы қымбаттатылды. Бұл әрекеттер 2025 жылы «шылымнан азат ел» статусына қол жеткізу үшін жасалынуда.
Спорт – Гурбангулы үшін өмірдің ажырамас бір бөлігі. Ол 1972 жылы классикалық күрестен Ашхабадтың, 1973 жылы атудан ел чемпионы атанған. Атқа отыру, велосипедпен, су мотоциклымен серуендеу оның сүйікті ісі. Бала кезінен автоспортпен шұғылданған. Каратэден оныншы дан, таэквондодан қара белбеу иегері. «Каратэ-до» жалпы жапон федерациясының құрметті мүшесі. Оның әскери жаттығуларға қатысқан, тренажерлік залдарда жаттығу жасаған, желден де жылдам спорттық машиналармен түрлі шеберлік көрсеткен видеолары желіде тарап, әлемде түрлі пікір туғызуда. Оларды көргендердің бір тобы түркмен басшысының спорттық формасына таңданыс білдірсе, бірі келеке, мазақ етуде.
Айта берсе Бердімұхаме­довтың мұндай қызықтары көп. 2009 жылы Ашхабадтағы онкологиялық орталықтың ашылу салтанатында құлағында ісігі бар науқасқа ота жасауға ассистент ретінде қатысқаны көптің есінде. Былтыр Каспий жағалауында орналасқан Аваза курортына сапарында жұмыс күнін министрлер мен депутаттардың қатысуымен өткен таңғы жаттығудан бастағанын бүкіл әлем көрді. Көрді де күлді. Оқушылар сияқты сапқа тұрған шенділер мемлекет басшысының істегендерін қайталап, волейбол ойнауы кімді де болса күлдірмей қоймас. Бердімұхамедов тағы ән шығарады, ол аздай оны өзі орындайды, көптеген музыкалық аспапта ойнайды, керек десеңіз жылына бірнеше кітап жазады.
Сену қиындау, бірақ рас сөз. Оның гитараның құлағында ойнап, айтқан әндерін респуб­ликалық телеарналар мерекелерде әлденеше рет көрсеткен болатын. Көпқырлы адамның кітаптары да түрлі тақырыптарды қамтиды. Айталық, былтыр жарыққа шыққан үш кітабының бірі спорт, бірі әскер, үшіншісі ішкі істер органының жұмысы жайында. Ал алдыңғы жылы прези­денттің қаламынан шыққан еңбектер түркмен кілемі, музыка, мақал-мәтел, ақалтеке­мен серуен және тағы басқа тақы­рыптарда жазылған. Ақалтеке демекші, Гурбангулы бірде бәйгеге қатысып, мәрені бәрінен бұрын кесіп өткен тұста сәйгүлігі сүрініп, оңқа-шоңқа боп құлағаны бар. Құдай сақтап, президент дін аман. Құқық қорғау органдары ыңғайсыз жағдайдың видеосы сыртқа таралып кетпеуіне қанша тырысып, баққандарымен президенттің құлаған сәтінің бейнежазбасы ғаламторға әп-сәтте таралып кетті. Түркменстанда өсетін емдік қасиеті бар шөптер туралы жазған еңбегі денсаулық сақтау саласында оқулық ретінде қолданылатынын да біле жүргейсіздер.
Сүйікті түсі ақ. Сондықтан 2015 жылы елге қара түсті автомобильдерді әкелуге тыйым салынған. Шенділер қара түсті көліктерінен түсіп, бірден аппақ қардай көлікке мінді. Көшеде қара я қараға жақын түстес көлік жүрсе оған бірден айыппұл салынып, ақ, ашық түске бояйтындығы туралы қолхат алынып бірақ жіберіледі екен.
Отбасында әйелі, ұлы, үш қызы, төрт немересі бар. Әйелін ешкім көрген емес. Ал ұлы белгілі саясаткер, табысты кәсіпкер. Түркменстанның сыртқы істер министрінің орынбасары.
Күні кеше ғана кезекті дема­лысқа шыққан Бердімұха­медов немересімен бірге серуен құрып, жаттығу залдарына барып, «Түркменстан – бақыт мекені» деп шырқатып жүр.

Меліс СЕЙДАХМЕТОВ,
«P&H»

Жауап қалдыру