Эмомали Рахмон

0
22

Елін ұзақ жылдар бойы басқарып келе жатқан мемлекет басшыларының бірі Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон жуырда 66 жасқа толды. Білдей бір елдің басшысы демесеңіз, жұмыр басты пенде ретінде бұл күнге дейін аз қиындық көрмепті. Билікке келер жолда қатерге толы соқпақтың нелері кездесті. Азаматтық соғыстан жеңіспен шықты. Екі рет қастандықтан аман қалды. Билікті жеке дара билеуге қол жеткізісімен, ұлттық мемлекет құруға ұмтылды. Ә дегеннен халқының өмірін жайлы ете алмаса да, отарсыздандыру саясатын батыл жүргізді. Бүгінде халық тұрмысы да көп-көрім көтеріліп қалған.
Ол 1952 жылы 5 қазанда дүниеге келген. Куляб облысы Дангара ауылының тумасы. Орта мектепті бітірісімен, №40 кәсіптік-техникалық училищесін тәмәмдап, Қорған-Төбедегі май зауытында дәнекерлеуші болып жұмыс істейді. 1971-1974 жылдар аралығында Тынық мұхиты флотында матрос ретінде әскери борышын өтейді. Әскерден оралысымен бос жүрмей ескі жұмыс орнынан «екі қолға – бір күрек» табыла кетеді. Алайда Рахмон үлкен мақсат жолында орта біліммен алысқа бара алмасын түсініп, 1982 жылы орда бұзар жасында Тәжік мемлекеттік университетінің экономикалық факультетін сырттай оқып алады. Осыдан бастап біртіндеп жоғары өрлей береді. Сол жылы-ақ басқарма хат­шысы қызметіне таға­йын­далып, совхоз проф­ком төра­ғасы, Дан­гарин ауданы Ленин сов­хозының ди­рек­торы қызметіне дейін өседі.
1937 жылдан КСРО құлағанға дейін Тәжікстанды Ленинабад облысынан шыққандар басқарды. Дей тұрғанмен, 1970 жылдан бастап кулябдықтар ішінара билікке араласа бас­тады. Әсіресе олардың үлес салмағы күштік құры­лым­дарда басымдыққа ие болды. Ал Тәжікстан тәу­ел­сіздік алғанда ел билігі ле­нинабадтық Рахмон На­биевтің қолына өтті. Алай­да аймақтар арасында бағзыдан келе жатқан талас-тартыс қайта құру кезеңінде пайда болған демократиялық және ис­лам­дық күштердің бас көтеруімен қайта қозды. Осы­лайша оппозицияның наразылық митингілері мен қимылдарының соңы аза­маттық соғысқа ұласты. Рахмон бұл уақытта яғни
1992 жылы Тәжік КСР-ы Жоғарғы кеңесі 12-шақы­ры­лымының депу­тат­тығына сайланады. Қызыл символика мен ескі ұрандары үшін «комму­низмді көксеушілер» деп айыпталған оның жақ­тастары қарулы қақты­ғыстан қашып, Куляб­қа ора­лады. Күзде Рахмон Куляб облыстық атқару комитетінің төрағасы Жиенхон Ризоевтің орынтағына жайғасады. Көп ұзамай Жиенхон Ризоев қаза табады. Сол уақытта Эмомали Рахмон жақтасы Сангак Сафаровпен Халықтық фронт деп аталған әскери жасақ құрады. Ашық ақпарат көздерінде Жиенхон Ризоевтың қазасына осы Сангак Сафаров қатысты деген дерек бар. Қарулы жасақтың арқасында Ха­лықтық фронт Жоғарғы Кеңес ғимаратын БТР және автоматпен қаруланған әскермен қоршап алады. Басына қатер төнген Жоғарғы Кеңес төрағасы Рахмон Набиев пен министрлер кеңесі амалсыз доғарысқа кетеді. Желтоқсанда Рахмон Тәжік КСР Жоғарғы Кеңесінің XVI сессиясында Арбоб қаласында Жоғарғы Кеңестің төрағалығына сайланады. Көп ұзамай оппозициядан құралған коали­циялық үкімет жасақ­талады. Олардың дені куляб­дықтардан болатын.
Тұрақсыз саяси жағдайдан елдегі орыстар үйлерін тастап тарихи отанына жапа-тармағай қаша бастайды. Бұған наразылық білдіріп, саяси нота жазған Ресей дипломаттарын Рахмон орыс тіліне ресми мәртебе беріп, қос азаматтықты енгізетінін айтып алдаусыратып қояды.
Осылайша билік куляб­дықтар қолына өтісімен, 1994 жылдың 6 қара­шасында елде президент сай­лауы өтіп, Эмомали Рах­мон жеңіске жетеді. Бі­рақ елдегі жағдай бірден тұрақтала қоймады. Оппо­зициялық күштер сайлау қорытындысының қолдан жасалғанын айтып наразылық білдірді. 1996 жылы қарулы топ ел астанасы Душанбені басып алатынын айтып сес көрсетеді. Эмомали Рахмон азаматтық соғыстан әбден қалжыраған халыққа ендігі қақтығыстың тым ауыр соғарын түсініп, осы тұста саяси көрегендік танытады. Жаға ұстаса кетуге даяр тұрған қарсы тарапқа бірнеше министрліктің орнын ұсынып, қарсылас қолындағы бар әскери техниканы казармаларға қайтарады. Соның ар­қасында 1997 жылы ислам­дық күштер биліктегі біршама орынға жайғасып, елде татулық орнады.
Тәжікстандағы саяси жағ­дай бір арнаға түскенімен Рах­монның жаулары тыныштала қоймады. Енді олар президенттің көзін жой­маққа талаптанды. 1997 жылы 30 сәуірде Ходжент университетінің 65 жыл­дығын мерекелеу барысында оған қастандық жасалды. Салтанатты шарада граната жарылып, Рахмон дене жарақатын алды. Президентті Якуб Сәлім атты шенеунік өз денесімен қалқалап қалған болатын. Оның бұл әрекетін жоғары бағалаған Рахмон теледидардан сөй­леп тұрып, Якуб Сәлімнің ерлі­гін ұрпақтарына дейін ұмыт­пайтынын айтқан-ды. Бірақ көп ұзамай Түр­кияда елші қызметінде жүрген Якубқа «қызметін асыра пайдаланды, қару-жарақ сатты, қылмыстық топ құрып, елде төңкеріс жасамақ болды» деген сырттай айып тағылады. Ресейде бой тасалауға мәжбүр болған Якуб 2003 жылы Тәжікстанның бас прокура­турасының сұра­нысымен тұт­қындалып, 2004 жылы отанына экстрадицияланады. Тәжік соты оны «елде төңкеріс ұйымдастырмақ болды, отанын сатты» деген айыппен 15 жылға түрмеге тоғытады. Бұдан бөлек жоғары лауазымда болған бірнеше шенеунік Якубтың жолын құшты.
Билікті өз айналасына шоғырландырудың жолында Рахмон түрлі әрекеттерге барды. Айталық, 1999 жылы 26 қыркүйекте конституцияға өзгеріс енгізіліп, президенттік мерзім төрт жылдан жеті жылға дейін ұзартылады. Қарашада өткен президент сайлауында еш қиындықсыз басым дауысқа ие болып, кезекті мерзімге сайланады. 2001 жылы 8 қарашада Рахмонға екінші мәрте қастандық жасалады. Мінберде сөйлеп тұрған президент маңына жақын жерде жанкешті жарылғыш затты іске қосады. Бұл жолы да зардап шеккен адам жоқ.
Бұндайдан қорқатын Рахмон емес. Керісінше билігін күшейте түсті. 2003 жылы конституцияға тағы да өзгеріс енгізіп, жеті жылдық мерзімге қатарынан екі мәрте сайлана алатын мүмкіндікке ие болды. Ал бұған дейінгі мерзімдері есепке алынбайды. Рахмон аталмыш өкілеттіліктің алғашқы мүмкіндігін 2006 жылғы сайлауда пайдаланып, жеңіске жетеді.
Эмомали Рахмонның бас­тамалары мен өзгеріс­терінің ішінде ұлттық мемлекет құруға ұмтылысы ерекше атап өтуге тұрарлық. Алдымен діни экстремизмнің алдын алу мақсатында бала тәрбиесінде діннен ұлттық ерекшелікке басымдық бер­ді. Оның бастамасымен 2010 жылы Мысыр, Иран, Пәкістан, Біріккен Араб Әмірліктері сынды мұ­сыл­ман елдерінде оқып жат­қан мың жарым бала елге қайтты. Сол жылдың желтоқсанында «Ата-ана жауапкершілігі туралы» заң жобасы мақұлданды. Ол бойынша кәмелеттік жасқа толмағандарға сабақ уақытында мешітке баруға тыйым салынды. Заң бұзылған жағдайда ата-ана құқығынан айыруға дейінгі шаралар қолданылды.
Сондай-ақ Рахмон ұлттық мәдени тамырға қайта оралудың қажеттігін жер-су аттарын өзгерту керектігін мәлімдеді. Сөйтті де өзі бастамашыл болып фамилиясындағы «ов»-ты алып тастады. Балалардың тегіне славяндық жалғауды қосуға да тыйым салды. Сонымен қатар «соңғы қоңырауды» атап өтуге, «букварь мейрамына», оқу­шыларға қалтафон ұстауға, оларды мектепке көлікпен әкелуге шектеу қойды. Тәжікстанда заң жүзінде аста-төк той мен жерлеу рәсімін жасауға да болмайды. Тойға шақырылғандар саны заңмен шектелген. Той шығыны күйеу жігіт пен қалың­дық жағына теңдей етіп бөлінеді.
2009 жылы «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заң қабылданып, мемлекеттік органдар тек тәжік тілінде сөйлеуге міндеттелді. 2010 жылы тәжік парламентінің жоғарғы палатасы заңдар мен нормативтік-құқықтық актілер ресми баспасөзде тек мемлекеттік тілде жариялануы тиіс деген заң қабылдады. Осы арқылы орыс тілі іс-қағаздар өндірісінен біржола аластатылды. Бұдан бөлек көптеген жер-су аттары өзінің тарихи атауларын алды.
2013 жылы кезекті президент сайлауының уақыты келіп, Рахмон төртінші мәрте мемлекет басшылығына сайланды. 2015 жылы арнайы заң күшіне еніп, Рахмонға «Бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы – Ұлт көшбасшысы» титулы берілді.
Бүгінде ел экономикасы ауыр дағдарыстық жағдай­дан шығып, даму жолына түсіп келеді. Бұрындары КСРО құлағанға дейін де Тәжікстан одақтағы ең кедей елдердің бірі болған. Азаматтық соғыс енді ғана егемендік алған елді тіптен тұралатып тастады. Қарулы қақтығыстар 150 мыңдай адам өмірін жалмады. Бюджетке 7 млрд доллардан астам шығын келді. Тәжіктер күнкөріс қамы үшін елден жы­рақтап, мың-мыңдап ше­телдерге жосылды. Нә­па­қасын Қазақ­станнан тап­қан­дар да қаншама. Алайда қазір жағдай жақсы жақ­қа қарай өзгеру үстінде. Экономика нығайып келеді. Тіпті Тәжікстан 2017 жылы экономикасы жылдам дамып келе жатқан (ЖІӨ – 7,1 %) 9 елдің қатарына кірді. Оның биыл да осы биіктен көрінуі әбден мүмкін. Ал­ғашқы жартыжылдықтың қоры­тындысына сәйкес ел экономикасының өсу қар­қыны 7,2 пайызды құ­раған. Өсімнің едәуір бөлігі өндіріс пен энергетика саласына, содан кейін сауда, автокөлік, тұр­мыстық техника жөндеу, жеке тұтыну заттары, қонақ­үй мен мейрамхана салаларына тиесілі.
Осының бәріне Рахмон саясатының арқасында қол жеткізілгенімен, оның атына айтылатын сын-пікірлер де баршылық. Мәселен уи­ки­педияның амери­ка­лық дерек­көздерге сүйеніп жа­зу­ынша Эмомали Рахмон мен оның жақындары жең ұшы­нан жалғасқан жем­қорлыққа әбден шыр­малған. Рахмонның отбасы елдегі ірі өндірістер мен банктерге иелік етеді. Мемлекеттік компаниялардан түскен қара­жаттың едәуір бө­лігі пре­зидент басқаратын оф­шор­лық компанияларға тү­сіп отыр.
Рахмон үй шаруасында отыр­ған зайыбы Азизмо Аса­дуллаевамен 9 ба­ла тәр­биелеп өсірген. Олар­дың екі ұл, жеті қызы бар. Құда­ларының бәрі атақ-абы­ройдан да, бай­лық-дәу­лет­тен де кенде емес. Бәрі шетінен үлкен қыз­мет­тегі адамдар. Тиісінше ұл-қыз­дары­ның бәрі бір-бір лауазым иесі. Саясаттанушылар үлкен ұлы Рустамды бола­шақ мұрагер ретінде қа­растырады. Олардың пікі­рін­ше 2020 жылы билікке дәл осы Рустам келуі әбден ықти­мал.
Меліс
Сейдахметов
«P&H»

Жауап қалдыру