Эммануэль Макрон

0
206

Сарапшылар Францияның саяси өмірінде орын алған «Эммануэль Макрон құбылысын» аяқ астынан пайда болған жер сілкінісіне теңейді. Ел тарихындағы танымалдылығы төмен президенттердің бірі Франсуа Олланд үкіметінің мүшесі болған Макронды Францияның жаңа президенті болады дегенге сенушілер бір жыл бұрын тым аз еді. Алайда ол кезде небәрі 39 жаста болуы, саяси жолының қысқалығы мен саяси тәжірибесінің кемдігі оның мемлекет басына келуіне кедергі бола алмады. Пианинода ойнауы, пәлсапамен айналысып, экономикаға ойысуы, өзінің анасындай адамға үйленуі, жарты ғасырда жетекші екі партия атынан сайланбаған алғашқы президент болуы әрекетін болжап болмайтын Макронның бір қарағанда жұтаңдау көрінген өмірбаянын байытып тұр. Енді осыларды кезегімен тарқаталық.

ҮЛКЕН САЯСАТҚА ДЕЙІНГІ ӨМІРІ

Эмманюэль Жан-Мишель Фредерик Макрон 1977 жылы 21 желтоқ­санда Францияның солтүстігіндегі Амьен қаласында туған. Ата-ана­сының екеуі де ғалым. Әкесі Жан-Мишель Макрон жүйке ауруларын зерттеуші, Пикардия университетінде дәріс оқыған профессор. Анасы Француаза медицина ғылымының докторы. Бастапқыда ұлдарын жер­гілікті христиан мектебіне бере­ді. Жоғары сыныпқа келгенде ІV Генрих атындағы беделді лицейге ауыс­тырады.
Сынып жетекшісі Арно Дебретань­дің айтуынша, Эмманюэль ізденімпаз, озат оқушы болған. Оқу жылы басталғанда ол бағдарламаның жар­тысын алдын ала оқып, айтып отырған екен. Бастысы – өзіне не керектігін жастайынан нақты білген. 11-12 жасында үзіліс уақытында балалар аулаға ойнауға шыққанда ол директордың кабинетіне барып, өзін қызықтыратын сұрақтарды қойып, әңгімелесуді ұнатыпты.
Макронның кітапқұмарлығы мен жазушы болуды армандауы, мектеп театрында өнер көрсетуі, пианинода ойнауы оның шығармашыл адам екендігінен хабар береді. 2016 жылы оның «Төңкеріс» атты кітабы шығып, бірден бестселлерлердің қатарына кірді.
15 жасында өзінен 24 жас үлкен ұстазы Бриджит Троньёға ессіз ғашық болып, 15 жылдан кейін ақыры соған үйленеді. Ел арасында ширек ғасырлық жас айырмашылығы бар қос ғашықтың махаббат дастаны мектеп қабырғасында басталған деген қаңқу сөз де таралған.
Макронның қалыптасуына әсер етуші тағы бір әйел – оның әжесі. Мектеп директоры болған ол немересін үнемі жанына алдырып, дауыстап кітап оқытып қояды екен. Макронның бірде «әжем екеуміз мектептен кейін ыстық шоколад ішіп, Шопенді тыңдайтынбыз» деп ес­ке алғаны бар.
Мектеп бітірісімен Париж Х-Нантер университетінде философияны оқиды. Мұнан соң Париждің саяси зерттеулер институтында қоғаммен байланыс мамандығын меңгеріп, 1999-2001 жылдар аралығында философ Пол Рикердің жеке көмекшісі болады. 2004 жылы Ұлттық әкім­шілік мектебінің түлегі атанады. Сол жылы президент кеңесшісі Жак Атталидің шақыруымен оның ресми мәнсап һәм саяси жолы экономика министрлігінде қаржылық инспектор қызметінен бастау алады.

МАКРОН  ҚАЛАЙ ПРЕЗИДЕНТ БОЛДЫ?

Макрон 2006 жылы Социалистік партияға мүшелікке өткенімен, одан 3 жылдан соң шығып кетеді. 2008 жылы Rothschild & Cie банкіне қызметке келіп, екі жылдан кейін басқарушы серіктес лауазы­мына дейін көтеріледі. Банк­те істеген жыл­дары іскерлігімен ғана таны­лып қоймай, ақша табуға қабілет­тілі­гімен де көзге түседі. 2012 жылы пре­зидент Франсуа Олландтың тұсында бас хатшының орынбасары қызметіне ауысқанда Макрон миллионерлер қатарына енген болатын. Осыдан бастап оның саясатта тасы өрге домаласын кеп. 2014 жылы экономика, өндіріс және цифрлық технология министрі болып тағайындалады.
Ең жас министр ретінде екі жыл отырғаннан соң 2016 жылы сәуірде өзінің «Алға, Республика!» атты партиясын ұйымдастырады. Бұл оның президент болуға талпынысының алғашқы қа­дамы еді. Қарашада пре­­зи­дент­тік сайлауға тү­сетінін мәлімдеп, сай­лауалды бағдар­ламасын таныс­ты­рады.
Онысын жинақ­тап, «Төң­керіс» деген атпен кітап қылып шығарады. Кітаптың бірден бестсел­лерле­р қатарына енгенін жоғарыда айттық. Оның сайлауалды
бағдарламасы елдегі жетекші Рес­публикалық және Социалистік партияларының ұстанымдарынан жа­салған симбиоздан тұрды: 2022 жылға дейін жұмыссыздық деңгейін 10 пайыздан 7,7 пайызға дейін төмендету; зейнетақы, мүгедектік үшін берілетін жәрдемақы, төменгі жалақы көлемін арттыру; зейнет­ке шығу жасын ұлғайтпау; жұ­мыс­­сыздарға жәрдемақы төлеу ере­жесін қатайту; ЖІӨ-нің 1,7 пайызын құрайтын әскери шығын­дарды 2 пайызға дейін арттыру арқылы, ұл және қыз балалар үшін ортақ жеңілдетілген әскери бо­рышты міндетті етудің көме­гімен әскерді жетілдіру; міндетті меди­ци­налық сақтандыру аясын­да төленетін қызмет түрлерін кеңейту; ұс­таздар мен полиция қызмет­кер­лері санын арттыру; ауыл шаруа­шы­лығына инвестиция тарту; ау­қатты азаматтарға салынатын са­лық мөлшерін азайту; Еуропалық одақ талаптарына сай мемлекеттік бюджет тапшылығын біртіндеп төмендету. Бұл оның бағдар­лама­сының ішкі саясатқа қатысты жағы.
Ал сыртқы саясатта Макрон Еуропадағы интеграцияны жақ­тады. Осы ұстаным оның негізгі «кө­зірі-тін». Ал оның басты қарсы­ласы Марин Ле Пен Францияны еуро­аймақтан шығарып, мигрант­тарға қатаң саясат ұстануды көздеді. Сол арқылы елін жаһанданудың теріс салдарынан азат етіп, келімсектерден сақтауға тырысқан әрекеті қателікке ұрындырды. Ал фран­цуз­дардың дені одақ құрамында өздерін қолайлы сезінеді. Тіпті, одан шыққысы жоқ. Ле Пеннің Макронды ислам дінін бүр­кенген радикалдардан келер қауіпке селқос қарайды деуі де оны ша­лыс бастырды. Өйткені Франция­да ислам дінін ұстанушы арабтар көп. Болашағына алаңдаулы олар еш­кімді алаламау саясатының қол­дау­шысы Макрон жағына өтіп кетті. Осылайша қарсыласының саяси қа­телігі Макронның ұпайын түгендей түсті.
Макронның сыртқы саясатта ынтымақтастыққа басымдық беруі Еуроодақтағы өзге де елдерге аса ұнады. Өйткені Франция Ұлыб­ританияның жолын қуып одақтан шықса, Еуропа тұтастығын, одақтың геосаяси миссиясын сақтау қиын­дай­тын еді.
Сондықтан одақтас елдер Фран­ция­дағы президенттік сайлауды соңғы сәтке дейін демдерін ішіне тарта бақылады. Мақсаты одақтастар мүддесімен үндескендіктен жас саясаткер сыртқы қолдауға ие болды. Ол бұны алдын ала ескергендігі анық.
Сонымен 2017 жылдың 7 мамырында президенттік сайлаудың екінші кезеңінің қорытындысы бойынша басты қарсыласы Марин Ле Пенді басып озып, сайлаушылардың (20 млн) 66,06 пайыз дауысын иеленген Эмманюэль Макрон Францияның ең жас президенті болып сайланды.

МАКРОН ТҰСЫНДАҒЫ ФРАНЦИЯ

Президенттік орынтаққа жайғас­қан Макронның алғашқы 9 айы аса қауырт болды. Ол геосаяси мәсе­лелердегі негізгі фигурант­тардың бірі ретінде келелі кездесулер өт­кізді. Қызметіне кірісе салысымен басты әріптестерінің бірі Германия канцлері Ангела Меркельмен жүздесті. Көрші әрі одақтас мемлекеттердің жауапты тұлғалары одақ мәселесі, Украинадағы жағдай, Ресейге салынған санкциялар турасында бірнеше рет бас қосты. Сондай ауандағы әңгімені Макрон Путинмен және Порошенкомен жеке-жеке жүргізді. Нәтижесінде Ресейге салынған батыстық санкция сақталынып қал­ды. АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуінде Сирия мен Либан жа­йы талқыға түссе, Түр­кия президенті Режеп Ер­до­­ғанмен болған кез­десу күн тәртібіне Түр­кия­­ның Еуропалық одаққа қабылдану жайы сөз етілді. Ердоған Брюссельден қандай жауап бо­ла­тынын күтуден шарша­­­ғанын айтса да, көңіл көн­шітерлік жауап ала алмады. Түркия­дағы мемлекет­тік төңкеріс жасау әрекетінен соң аза­­­мат­тардың жаппай қуғын­­далуы Анкараның өті­­­нішін орындауды қиын­­­да­тып жіберген.
Сондық­тан Макрон әзірге Түркия­ның Еуро­па­­лық одаққа тек серіктес бола алатын­дығын айтты. Қытай басшысы Си Цзиньпин­мен кездесуінде сауда байланыстары, ғаламдық жылыну, әлем­дік қақтығыстар әңгі­меге арқау болды.
Макрон елдегі билігін парламенттің жаңа құ­рамын жасақ­тау арқылы бекіте түсті. Прези­денттік сайлаудан кейін іле-шала өткен парламент сайлауында Ұлттық Ассамблеядағы 577 орын­ның 350-ін Макронның «Алға, Рес­публика!» партиясы иеленді.
«Қойшы көп болса, қой арам өледі» деді ме, Макрон жаңа парла­мент алдында сөйлеген сөзін­де депутаттардың үштен бірін қысқарт­­қы­сы келетінін мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл парламент жұмы­сының өнімділігін арттырып, реформаларды жылдам жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол мемлекеттік мүддені қорғау мақсатында Франция әскерін жетілдіру мәселесіне де назар аударды. Парламент аталған ұсыныстарды бір жылдың ішінде дауысқа салмаса, мәселе жалпыхалықтық референдумда қаралмақ.
Сайлау науқаны кезінде ресейлік ақпарат агенттіктері Макронға «шабуыл» жасағаны есте. Офшорға тыққан ақшасы бар деді, өзін қыз­теке деп айыптады. Алайда бұлар­дың ешқайсысын дәлелдей алмады. Офшор туралы жариялаған құ­жаттары тіптен көпе-көрнеу өтірік екені әшкереленді. Макрон енді бұнымен заңдық тұрғыда күреспек. Интернетте жалған (фейк) ақпарат пен үгіт-насихаттың таратылуына қарсы заң жобасы үстіміздегі жылдың соңына дейін даярланады деп күтілуде.
Жас саясаткер халықтық сүйіспен­шілікпен қатар оның қарсылығына да ұшырап үлгерді. Күзде мыңдаған мемлекеттік қызметкер жұмыс орындарының қысқартылуына на­разылық білдіріп көшеге шықты. Үкімет алдағы 5 жылда 120 мың мемлекеттік қызметкерді қысқартпақ. Наразылық акциясына 5,4 млн қызметкердің құқығын қорғайтын 9 кәсіподақ өкілдері шығып, реформадан бас тартуды талап етті. Макрон халықтық қарсылықтың орын алатынын ескергендігін әрі оның шешімі табылатынын айтты. Кім біледі, оның бір ойлаған өз есебі бар шығар. Ары қарай не боларын уақыт көрсете жатар.
Әңгімеміздің басында Макронның өзінің мұғаліміне үйленгенін айтқан­быз. Олар 2007 жылы Брид­жит бұ­рынғы күйеуінен ажырасысы­мен отау құрған. Былтыр ғашықтар отба­сы­лық өмірдің он жылдығын атап өтті. Бүгінде Макрон Брид­життің үш баласы мен екі немересін өз ба­лаларындай бағуда. Олардың үлкенінің жасы өзімен шамалас. Махаббат жасқа қарамайды деген осы болса керек. Қызық.

Меліс СЕЙДАХМЕТОВ,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру