Александр Лукашенко

0
108

Заңды белден басып, кон­ституцияны қалауынша өз­гертіп, президенттік орын­таққа қатарынан бе­сінші мәр­те қонжиған «Еуропа­ның соңғы диктаторы» Алек­сандр Лука­шенко ту­ралы әңгіме көп. Біз де осы тұлға хақында қалам тер­бе­мекке ізденіп көр­гені­мізде бірқатар қызықты дерек­терге кезіктік. Солар­дың маңызды дегендерін ой ар­­қауына тізбектеп, өз­дері­ңізге ұсынуды жөн көрдік.

Елең-алаңдағы оқиғалар
1954 жылы 31 тамызда Витебск облысы Оршан ауданы Копысь кентінде дүниеге келген Александрды сауыншы анасы мен өмір тәрбиеледі. Әкесі туралы дерек жоқтың қасы. Әкесі мінезді адам болды ма әлде жартылай жетімдік өмірдің өзі бала болмысын қатайтты ма жасынан басынан сөз асыртпаған, сотқар болады. Онысы үшін милиция есебіне де алыныпты.
1975 жылы Могилев педагогикалық институтының тарих факультетін «тарих және қоғамтану мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдап, жас маман ретінде жолдамамен Шклов қаласына жіберіледі. Сондағы №1 орта мектепте комсомол комитетінің хатшысы боп қызметке кіріскеніне көп болмай әскерге шақырылады. 1975-1977 жылдары мемлекеттік қауіпсіздік комитеті шекара қызметінде әске­ри борышын өтеп, 1978 жылы бүкі­лодақтық «Білім» қоғамының Шклов аудандық ұйымында жауапты хатшылыққа тағайындалады. Бір жылдан кейін коммунистік партия қатарына кіреді. 1980-1982 жылдары танк ротасында командирдің орынбасары ретінде екінші мәрте әскери қызметтен өтеді. Әскерден келісімен еңбек жолын бастаған ауданға қайта барып, қызметін жалғайды. Арасында екінші мамандығы экономиканы оқып алады.
Лукашенко қызметтік сатымен жылдам өрлейді. Алдымен «Ударник» колхозы төрағасының орынбасары, бір жылдан соң құрылыс материалдары комбинаты директорының орынбасары болып тағайындалады. 1985-1987 жылдары Шклов ауданы «Ленин» колхозы партком хатшысы қызметінде де, 1987 жылы «Городец» совхозы директоры болғанда да шаруаны шашау шығармай тиянақты атқарып, ұйымдастырушылығымен көзге түседі. 1988 жылдың қаңтары­нан алғашқылардың бірі болып совхоздағы соны бастама – аренда­лық тәртіпті енгізеді.

Саяси мәнсабының басталуы
Отызында-ақ орда бұзып, совхоз басшысы болған Лукашенконың мақ­саты мұнымен тоқтап қалмау екені құлашын кең сермегенінен аңғарыла бастайды. 1989 жылы КСРО халық депутаттары сайлауына қатысады. Алғашқы әрекетінде сәтсіздікке ұшы­рап, екінші турдан сүрінеді. Онда да Лукашенконы жеңістен бар болғаны 1 пайыз ғана бөліп тұрған еді. Алайда сағы сынбай 1990 жылы Беларусь Жоғарғы Кеңесінің депутаты атанады. Жоғарғы Кеңесте республикалық және жергілікті билік органдары мен басқару жүйесінде қолданылатын коммерциялық құрылымдарды зерт­теумен айналысатын уақытша ком­мис­сияға төрағалық етеді. Заң шы­ғарушы орган қабырғасында айтқан сыни мәлімдемелері мен төра­ға Станислав Шушкевичті өткір сынауының арқасында есімі жиі аталатын белсенді депутаттардың шоғырына қо­сылады.
Көпшілік назарына іліне бастаған ол 1991 жылдың 25 мамырында «Народная газета» басылымында «Диктатура: беларусьтық нұсқа» атты бағдарламалық мақаласын жария­лайды. Артынша Жоғарғы Ке­ңесте құрылған «Демократия жо­лын­дағы коммунистер» фракциясы көшбасшыларының бірі болады.
Сол жылдың қазанында Минскі­де ұйымдастыру комитетінің жаңа демократиялық партия құру мәселесі көтерілген съезі өтеді. Ұзақ айтыс-тартыс пен дау-жанжалдан ке­йін ақыры бастама іс жүзіне айналып, «Халықтық келісім партиясы» дүниеге келеді. Лукашенко бұл оқи­ғада да өзін көрсетуді қажет деп тауып, партияның тең төрағаларының бірі болып бекітіледі.
Өзіне ғана белгілі себеппен Лукашенко КСРО-ның сақталуын қалаған. Сондықтан Жоғарғы Кеңес одақтың ыдырағанын заңды мойындаған Беловеж келісімін ратификациялаған тұста бір мәселеде оған қарсы дауыс берген жалғыз депутат осы Лукашенко болған. Екінші мәселе бойынша дауыс беруге қатыспаса, үшіншісінде қалыс қалған. Ол КСРО-ның күйреуіне «ХХ ғасырдың ұлы геосаяси апаты» деген баға берді.
1993 жылдың сәуірінен 1994 жыл­дың шілдесіне дейін Жоғарғы Кеңестегі коррупцияға қарсы күрес комиссиясына төрағалық етеді.
1994 жылы елде президент сайлауы өтетін болып, мемлекет басшылығының орынтағын мансұқ көрмейтін Лукашенко саяси науқанға қатысуға бел шешеді.

Өлім аузынан қалуы
Өзінің бағдарламасында ел экономикасын терең дағдарыстан шығарып, биліктегі басқарушы буынды жаңар­татынына уәде береді. Алдына инфляцияны төмендету, кедейшілікті тоқтату, мафияны жою, жемқорлықты азайту, посткеңестік елдермен әсіресе Ресеймен қарым-қатынасты жандандыру міндеттерін қояды.
Сайлауалды науқан кезінде Лука­шен­коға қастандық жасалады. Ол және екі депутат мінген «Мерседес» автокөлігін Витебск облысы Лиозно елдімекенінен өте бергенде белгісіз біреулер қуып жетіп, оқ жаудыра бастайды. Бақтарына орай көлік ішіндегілер тегіс аман қалады. Қастандыққа ашуланған Лукашенко Үкімет үйіне кірмек болғанда оны есік аузындағы күзет қызметкерлері кіргізбейді. Жасынан қызуқанды ол күзетшілермен ұстаса кетіп, таяқ жеп тынады. Алайда алған бетінен қайтатын Лукашенко емес. Ақыры сайлауға дін-аман жетіп, 44,82% дауыспен бірінші турдан өтіп, екінші турда 80,1% дауыспен жеңіске жете отырып, тәуелсіз Беларусь Республикасының тұңғыш президенті атанады.

Президенттен диктаторға дейін
Лукашенко билікке келісімен цензураны күшейтеді. 1994 жылы депутат Сергей Антончик президент айнасындағы жемқорлық туралы баяндама жасайды. Онысы баспасөзде жариялануға тыйым салынып, қалай­да да басу әрекеттерінің бәрі сәтсіз аяқталып, газеттер соңғы сәтте ақ жолақпен шығады. 1995-1996 жылдары Жоғарғы Кеңес пен Президент арасында үлкен текетірестер орын алады. Оның шешімі де өзін ұзақ күттірген жоқ. 1995 жылы-ақ елде референдум өтіп, ол бойынша Президент Жоғарғы Кеңесті таратуға құқық алды. Сондай-ақ референдумда ту мен елтаңбаны қабылдау және Ресеймен экономикалық ынтымақтастық орнату сияқты мәселелермен қатар орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл статусын беру арқылы ұлттық мүддеге қайшы шешім қабылданды. Еуропа мен АҚШ референдумды заңсыз деп тауып, оның қорытындысын мойындаған жоқ. Лукашенко оған пысқырмады да. Ол жан-дәрменімен жаңа парламент жасақтауға әзірленді. Өйткені Жоғарғы Кеңестің 70 депутаты президентке қарсы импичментке қол қойған болатын. Құжат күшіне еніп үлгермей Лукашенко парламент отырған ғимаратты әскерге қоршатқызып, көрші ғимаратта өз жақтастарынан жасақталған жаңа парламентті бекітіп жіберді. Жаңа парламент импичменттің күшін жойды. Оның бұл әрекетіне қарсылық ретінде ел премьер-министрі мен екі министр, конституциялық соттың жеті судьясы доғарысқа кетті. Лукашенко болса мемлекеттік қауіпсіздік комитеті мен арнайы жасақтар арқылы билікті жеке-дара билеуін күшейте түсті. Тәуелсіз баспасөз бен оппозиционерлерді қыспаққа алды. 1999-2000 жылдары бірден 3 оппозиционер ұшты-күйлі жоғалып кетті. Аяқасты алдағы президенттік сайлаудың ықтималды үміткері белгісіз жағдайда қаза табады. Оны улап өлтірген деген сыбыс бар. Сондай-ақ бірнеше шенеунік тергелместен қамауға алынады. ОБСЕ елдегі адам құқықтарының өрескел бұзылып жатқанын айтып, дабыл қаққаннан басқа ештеңе істей алмайды.
Алайда Лукашенко ел экономикасын терең дағдарыстан шығаруда толайым табыстарға қол жеткізді. Бюджет қызметкерлерінің жалақысын екі есе өсіріп, баға саясатына мемлекеттік бақылау енгізілді. Беларусь экономикасы Ресейден жеткізілетін отын түрлеріне тәуелді. Ал оны сатып алуға жергілікті кәсіпорындарда қаражат болмағандықтан ел үкіметі алып көршілерімен одақтасуға аса мүдделі еді. Сондықтан сыртқы саясатта Ресейге барынша жақындасу бағытын ұстанды. Екі ел арасында серіктестік туралы бірнеше келісімшартқа қол қойылған.
2001 жылы 9 қыркүйекте ОБСЕ халықаралық стандарттарға сай емес деп айыптап, ел ішінде митингке ұласқан президенттік сайлау өтіп, Лукашенко екінші мерзімге сайланды. Оны бас жақтасы Ресей президенті Владимир Путин қоңырау шалып, арнайы құттықтаған-ды.
Екінші президенттік мерзімде елдің батыспен байланысы тіптен нашарлай түсті. Еуроодақ өз аумағына аттап басуға тыйым салынған беларусьтық шенділер тізімін жасады. 2003 жылы Ирактағы соғыс кезінде бірнеше ирак шенеуніктерінің беларусьтық паспорты бары анықталды. Әрі АҚШ барлаушылары Лукашенконың Иракпен заңсыз сауда жүргізгенін анықтады. Осыдан кейін АҚШ тарапы Беларусьтегі демократияның дамуына күш салу мақсатымен арнайы акт қабылдап, оған 40 млн доллар бөлді.
2004 жылы елде референдум өтіп, Лукашенко Конс­титу­циядағы президенттік сай­лауға түсу санындағы шектеуді алып тастайды.
Қызығы, Лукашенконың экономикаға қатысты елге берген уәделерінің көбі орындалды. Оған елдің ЖІӨ көрсет­кішіндегі едәуір өсім дәлел. Беларусь экономикасы ауыл шаруашы­лығы өнімдерін өндіруде, негізгі мақтанышы машина жасау ісі болған өнеркәсіп көлемін арттыруда, әлеуметтік жәрде­мақы тағайындауда біршама ілгерілеушілікке ие. Алайда мұның бәріне Ресейден арзан бағаға сатып алынған мұнайды қайта сатқанның арқасында қол жеткізілген болатын.
Мұнан кейін Лукашенко қоры­тын­дысын батыстық демократиялық институттар мойындамаған бірнеше президенттік сайлауда жеңіске жетті. Соңғы бесінші мерзімге 2015 жылы сайланды. Батыстық баспасөз Лукашенконы «Еуропаның соңғы диктаторы» деп жиі атайды. Оның демократиялық құндылықтарды аяқ асты етуіне наразылық ретінде АҚШ пен Еуроодақ елдері әлденеше рет санкция жариялаған болатын. Ол бойынша Лукашенко мен айналасындағы ондаған шенділерге көптеген жылға аталған елдерге баруға тыйым салынды.
Лукашенко орыстандыру идеясын қолдаушы һәм қоздырушы есебінде үнемі сыналып келеді. Елдегі мемлекеттік телеарналар мен радио, мерзімді басылымдардың дені төл тілінде емес, орыс тілінде хабар таратады. Қаламгерлердің өз тілінде кітап басуға мүмкіндіктері жоқ. Көптеген елдімекендерде беларусь тілінде білім алу шектелінген.
Беларусь президентіне қатысты қы­зықты деректерлің қатарында спортқа өте жақындығын айтса болады. Әсіресе шайбалы хоккей мен тау шаңғысы десе ішер асын жерге қоюға даяр. Ол Спорт сарайында жаттыққанда бір шақырым радиус аумақ оқшауланып, жақын маңдағы үйлердің тұрғындарына терезелерін ашуға тыйым салынады. Ол әдетте ойын ережесі бойынша қақпашыға тиесілі 1 деген номермен шабуылшы ретінде өнер көрсетеді.
Лукашенко бәтшағарлық (гомосек­суальдық) қарым-қатынасты ашық әрі өткір айыптайтындығымен де белгілі. Онысын ресми кездесулерде де жасырған емес. Өзінің бәтшағар екенін ашық мойындайтын Германияның сыртқы істер министрі Гидо Вестервелленің ұстанымы туралы «еркекпен еркек қалай бірге тұратыны ақылыма сыймайды» деп айтқандары шу туғызған-ды. Алайда кейін айтқан сөздері үшін кешірім сұрап, дейтұрғанмен өз пікірінде қала беретінін жеткізген. 2012 жылы Вестервелленің «диктатор» деп айыптауына, «бәтшағар болғаннан диктатор болған артық деп санаймын» деп жауап бергеніне әлем куә.
Отбасында әйелі, үш ұлы бар. Алайда әйелімен заңды түрде ажы­распағанымен бірге тұрмайды. Ал кенже ұлын жеке дәрігері тауып берген деген әңгіме бар. Лукашенко сол кенже ұлы Николайды өз мұрагері деп есептейтінін бірнеше мәрте тұспалдап қалған болатын. Оның шын-өтірігін уақыт еншісіне қалдыралық. Ал Беларусь президентінің саяси жолы қысқаша осылай.

Меліс СЕЙДАХМЕТОВ,
«P&H»

Жауап қалдыру