ІІ Елизавета

0
327

ІІ Елизавета Патшайым билік құрған 66 жылда 12 премьер-министр, 7 рим папасы, 7 кентенбери архиепископы ауысқан.

Әлемдегі ең қарт монарх, тақта ең ұзақ отырған мемлекет басшысы және жылы орнымнан ажал ғана айыра алады дегендей биліктен кетуді еш ойламайтын Ұлыбританияның патшайымы ІІ Елизавета – тұрақты айдарымыздың кезекті кейіпкері. Тақта отырғанына 65 жылдан асып бара жатқан 92-дегі қарт ханшайым тарихтағы талай оқиғаның куәсі. Үстіне киімнің әдемісін ғана ілетін, бетіне әжім түссе де көзінен нұры кете қоймаған патшайым өмірінің қызықты сәттерін төмендегі материалға сыйғызуға тырыстық.
ІІ Елизавета, толық аты Елизавета Александра Мэри Виндзор 1926 жылы 21 сәуірде Лондондағы Йорк герцогінің жанұясында дүниеге келген. ХХ ғасырдың басында VII Эдуардтан бастау алған дәстүрге сай патшайымның туған күні Британияда маусымның шуақты күндерінің бірінде аталып өтіледі. Англияда жауын мол түсетіндіктен, қарашада туылған Эдуард жалпыхалықтық шаралардың ашық күнде өткенін қалаған себепті осы дәстүрді енгізеді. Үрдіс Елизавета тұсында да жалғасын тапты. Ал 21 сәуірді ханшайым ең жақын адамдарымен өткізгенді құп көреді.

Болашақ патшайым Еуропа ақсүйектеріне тән өмір салтымен үйде оқытылған. Жасынан ілім-білімге үйірсек болған ол кәдуілгі мектеп бағдарламасымен қатар арнайылап оқытылған экономика негіздері, заң, конституциялық құқық пәндерінен де үнемі бес деген баға алған. Атқа отыру, би, музыка, сарай әдебі сабақтарында да озаттығымен көзге түсті. Француз тіліне деген іңкәрлігі оны өз бетінше үйреніп алуына жетелепті.
1936 жылы әкесі VI Георг таққа отырысымен отбасымен Букингем сарайына қоныс аударады. Мұнан соң Итон колледжінде конституция тарихынан дәріс алып, білімін шыңдайды.
Екінші жаһан соғысы кезінде әскери қызметке сұранып, әскери-көлік жаттығу орталығында кәсіби жүргізуші мамандығына оқиды. Ол жерде болашақ патшайыммын демей, көлік қозғалтқышын шашып, қайта жинауды, дөңгелекті, оның шинасын ауыстыруды бір кісідей-ақ меңгереді. 13 жасында соғыс зардабын тартқан балаларға арнап радиодан жебеу сөз сөйлейді. 16 жасында ел алдына шығып, тартынбай ойын білдіруге жарап-ақ қалады. Әйелдердің әскери жасағында қызмет етіп, лейтенант шенін алады.

Елизавета өмірінде орын алған келесі айтулы оқиға – оның тұрмыс құруы. Ол 1947 жылы өзінің алыс туысы грек ханзадасы Филиппен отау құрады. Ғашықтар 1939 жылы Филипп Дортмундтағы әскери теңіз училищесінде оқып жүргеннен таныс екен. 9 жыл хат-хабар алмасып, ақыры отбасын құрады. Олар былтыр отбасылық одағының 70 жылдығын 4 баласы және олардан тараған үрім-бұтағымен атап өтті. Айта кетерлігі, корольдікте Филипп ханзаданың бар-жоғы білінбейді, оның ешқандай заңдық өкілеттілігі жоқ.
1952 жылы 6 ақпанда әкесі өкпе рагынан қайтыс болғаннан соң Елизавета 25 жасында билікке келеді. 1953 жылдың 2 маусымында ресми түрде тәж киген Елизавета Ұлыбританиямен қатар Солтүстік Ирландия, Аустралия, Канада, Жаңа Зеландия, Жаңа Гвинея сияқты көптеген елдердің ханшайымы болып саналады. Оның тәж кию рәсімін тікелей транслияция арқылы 27 млн адам тамашалаған екен.
ІІ Елизавета қалыптасқан үрдіс бойынша ел басқару ісіне, оның экономикалық саясатына араласпайды. Оның міндетіне халықаралық шараларда Ұлыбритания атынан өкілдік ету, елдегі монархияның беделін арттыруға атсалысу кіреді. Өзінің тұсындағы барлық үкімет басшыларымен жақсы қарым-қа­тынаста болған. Саяси өмірден жырақ, саяси ұстанымын білдірмейтіндігіне қарамастан көптеген саясаттанушылар онымен түрлі мәселе бойынша кеңесіп отырады.
Патшайымның британиялықтар арасында да беделі жоғары. Алайда империалистік көзқарастағылар ІІ Елизавета билігін Британия тари­хындағы ең сәтсіз кезеңге балайды. Өйткені оның тұсында Оңтүстік Африка мен Цейлон (Шри-Ланка) империядан азаттық алып, тәуелсз ел атанған болатын.
Патшайымның әр күні минутына дейін алдын ала жазылып қойған. Оның таңсәріде істейтін алғашқы ісі – британиялық күнделікті басылымдарды парақтау. Жаңалық мен оқиғаларға көз жүгіртіп болған соң, Букингем сарайына келіп түскен хаттардың маңызды дегендерімен танысып, соларға жауап жазғызады. Сарайға күніне 300-ге дейін хат түсетін көрінеді. Патшайым осы жылдар ішінде 3 жарым миллион хатқа жауап берген. Халықты толғандыратын мәселелерге бей-жай қарамайтын ол бұл рәсімге өзі бастамашыл болған.

Патшайым ешқашан дауыс көтеріп сөйлемейді. Ол ашуланғанда керісінше жымияды. Королева сұқбат бермейді. Елизавета атқа отыруды және итпен серуендегенді жанындай жақсы көреді.  Оның бойы 163 см.
Патшайым тек ашық түсті киім киеді. Ол британиялық өндірушілердің
қолынан шығуы міндетті.

Патшайым ресми кездесулерді негізінен күннің алғашқы жартысында өткізеді. Және олар әдетте 15 минуттан аспайды. Патшайымның салтанатты марапаттарға, елішілік және халықаралық шараларға құрметті қонақ ретінде қатысуы бас­ты қызметтерінің бірі. Ол осы күнге дейін 129 елге 250 ресми сапар жасаған. Осы орайда айта кетерлік жайт, оның сапарға алып шығатын жүгі бірнеше тоннаны құрайды. 1953 жылы Ұлттар достастығына мүше мемлекет басшыларының кездесуіне барғанда киімдерінің өзі 12 тонна болған екен.
Әдетте аптасына бір рет премьер-министрмен кездесіп, ресми құжаттармен танысады. Ол таққа отырғандағы ел премьері – Уинстон Черчилль болыпты. Патшайым сондай-ақ Джон Кеннеди мен Индира Гандидің қазасы сынды адамзат тарихындағы ірі оқиғалардың куәсі. Биыл тақта отырғанына 66 жыл толатын патшайымға қатысты әдеттен тыс, қызықты жайттар өте көп. Солардың кейбірімен таныстыра отыралық.
Жоғарыда патшайымның көптеген ресми кездесуге қатысатынын айттық. Олардың бәрі бірдей жоғары мәртебелі монархқа ұнай бермейді. Кейбір әңгімелесушілер іш пыстырып, жалықтырса, кейбір нәрі аз, суы көп жиындар алтын уақытын құр босқа ысырап етеді. Адам болған соң өзін жайсыз сезініп, көңіл-күйі болмай біреумен сөйлесуге құлықсыздық танытатын кездер де ұшырасады. Ондайда орнынан тұрып, кетіп қалуға мәдениеті, әдебі жібермейді. Онда не істемек керек? Бұндай тығырықтан монарх өзінің қолсөмкесінің көмегімен құпия белгі беру арқылы шығады. Құпия код туралы британиялық корольдер отбасы тарихшысы Хьюго Викерс айтқан болатын. Мысалы, егер ІІ Елизавета әңгіме үстінде сөмкесін бір қо­лынан екіншісіне ауыс­тыр­са, онда әңгімені до­ғарғысы ке­ле­тіндігін біл­діргені. Бұн­дайда араға бі­рер минут салып қыз­метшілерінің бірі бірнәрсені сылтауратып патшайымды алып кетеді. Ал монарх сөм­кесін үстел үстіне қойса, таяу уақытта іс-шарадан шыққысы келетінін аңғартқаны. Саусағындағы не­ке са­қи­насын ұстай бас­таса, әңгі­ме­ле­су­шіден ғана емес, осы жерден дереу құтқар дегені екен.
Заң бойынша мо­нарх­қа күйеуінен бас­­қа ешкімнің, еш­қан­дай жағ­дайда сауса­­ғының ұшын да тигізуге болмайды. 66 жылда бұл талапты 4 адам бұзыпты. Бөтен ойы бол­мағандықтан, олар жауапқа тартыл­маған.
Патшайымның қолын қысып, төс қағыстыру құрметіне Аустра­лияның премьер-министрлері – Пол Китинг пен Джон Говард, кана­далық велошабандоз – Луи Гарно және Барак Обаманың әйелі Мишель Обама ие болған. Сондай-ақ оған қарата бірінші болып сөйлеуге болмайды. Ол өзі қызығушылық танытып, әңгімелесушісінің кеңінен көсілгенін қаламаса, сұрақтарына «иә», «жоқ» деп қана жауап беру керек.
Елизаветаның әкесі салықтан босатылуы үшін күресіп баққан адам. Алайда кейінірек Парламент патшайымды аз мөлшерде салық төлеуге міндеттеп қойды. Мемлекеттік баж салығынан, мұрагерлік, кіріс салығынан босатылған патшайым тек мүлік салығын ғана төлейді.
Британ монархының Букингем сарайының бірінші қабатында жеке банкоматы бар. Оның қызметіне Британиядағы ең беделді банктердің бірі жауапты. Және онда ақша таусылып қалмауы қатаң бақыланады. Негізінде патшайым өзімен бірге ақша алып жүрмейді. Тек шіркеуге бара жатқанда ғана садақа беру үшін 5-10 фунд қалтасына салып алатын көрінеді.
100-ден астам елде болғанына қарамастан, он­да паспорт жоқ. Ұлыб­ри­танияда төлқұжат пат­шайымның атынан бері­летіндіктен ол оған мұқ­таж емес. Отбасының басқа мүшелерінде пас­порт­тың болуы міндетті. Сон­дай-ақ патшайымға көлік жүргізу үшін де ешқан­дай құжаттың қажеті жоқ.
Ағылшын заңына сәй­кес, сот әділдігі монарх аты­нан жүргізілетіндіктен, оған қарсы іс қозғауға, сотқа куәгер ретінде шақыруға, түрмеге то­ғы­туға болмайды.
Патшайым осы уақытқа дейін мақтаудың да сынның да түрлісін естіп келеді. Алайда жақтастары да, қарсыластары да оның адамгершілігін ерекше құрметтейтін көрінеді. 1986 жылы орын алған жағдай соның жарқын мысалы. Патшайым өзінің «Британия» атты яхтасымен Үнді мұхитында жүзіп жүргенде Йеменде азаматтық соғыс басталғанын естиді. Ойланбастан капитанға кемені қақтығыс ошағына қарай бұруды бұйырып, яхтаға бейбіт тұрғындарды сыйғанынша отырғызып, қауіпсіз орынға жеткізген. Сол кезде монарх яхтасына 2 мыңнан астам адам мінген екен.
Билікті өмірінің мәні санайтын патшайым өле-өлгенше тақты тастап кетпейтінге ұқсайды. Сонысына қарамастан британиялықтардың монархқа деген көзқарасы оң.

Меліс СЕЙДАХМЕТОВ,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру