«Турчатникке» төте кіріп, бұзақыны тәубесіне келтірген

0
429

Қазір қазақтың жігіттерін төмен санайтын сөздер айтылып қалады. Әсіресе, бүгінгі күнмен байланыс­тырып, еркектерді, қазақ азаматтарын жамандайтын пікірлер қылаң береді. Санаға ондай керітартпа идеяны ұялатудан сақтансақ дейміз. Төмендегі әңгіме жігері үстем, қайсар қазақ азаматының басынан өткен шын оқиға.
Сарышаған кентіндегі жұмысымыз бір қалыпты жүріп жатқан. Үш бөлмелі үйде тұрамыз. Жағдайымыз да жаман емес. Бір күні жұмыстан үйге келсем, дәлізде Күлән жылап тұр.
– Не боп қалды, – дедім мен шошып кетіп. Бір жаманат хабар естіді ме деп ойладым.
– Ағаң жоқ, қасындағы адамды Шу мен Сарышағанның екі ортасында пойыздан лақтырып кетіпті, өзі ұшты-күйлі жоқ, – деді екі көзі бұлаудай болып.
Ағаң деп отырғаны – Төлеухан әкейдің тұңғышы Тілеубай ағам. Ол кезде Қаражыңғылда тұратын. Бірнеше күн бұрын жұмыс бабымен Шуға баратын болып, біздің үйге қонып кеткен. Өйткені, олардың бас кеңсесі Шуда орналасқан. Өзі сумен қамту мекемесінде іс­тейтін. Кетерінде Свердловск – Алматы бағытындағы №104 пойызға отырыпты. Қасында Са­рышағанда істейтін бір әріп­тесі бар.
Содан екеуі Шудан сол пойыз­бен қайтып келе жатқанда бір жолсерік оларды ұрып, қасын­дағы адамды өлімші қылып жолға лақтырып кетіпті. Оның қабырғасы сынып, көгала қойдай болып таяқ жеген. Кеудесінде жаны бар екен, абырой болғанда, біреулер тауып алып, емханаға жеткізіпті. Ал, Тілеубай жоқ. Милиция да іздеді, біз де сұрастырдық, дерегі білінсеші. Ақыры бір тәулік өткен соң Арқа жақтағы Киікті деген станцияға өзі барыпты. Оны да аяусыз соққыға жығып, киімін шешіп алыпты да, далаға лақтырып жіберіпті. Бір жақсысы, Киіктіде туыстар тұрушы еді, соларды әрең тауып барған. Жарақаты ауыр, жағдайы қиын көрінеді.
Сонымен, ағамды ауылға әкелетін болды. Сол екі арада мен Сарышағандағы темір жол милициясының бастығы капитан Рогоза деген кісіге арыз жазып, болған оқиғаны, ағам мен серігінің аяусыз таяқ жегенін, төбелес туылған пойыз бен вагонды – бәрін баяндадым. Тек ұрған жолсеріктің нақты кім екені ғана белгісіз. Қызық болғанда милиция бастығы маған адам нанғысыз жауап айтты: «Ей, айналайын, – дейді ол маған. – Менің қарамағымда бұндай күрделі істі тергеп, ізіне түсетін адамым жоқ. Бірақ, саған бір идея айтайын, балалар бұзақылығымен айналысатын аға лейтенант Батырхан деген жігіт бар. Сенің ісіңді сол қарасын, арызың ойынша сол іс жүргізсін».
Батырханды бәріміз білетінбіз. Оны ауыл жұрты «пұшық» деп атайтын. Оның не тындыратыны белгілі. Өзі мұғалім, тергеу, қылмысты ашу дегенге ыңғайы жоқ. Сонымен, бұл қылмысты оқиғаға милиция да көмек бере алмайтын болды. Жағдай қиындап, қылмыс ашылмауға айналды. Ойлана келе, мен бір шешімге бел будым. Милициядан пайда жоқ деп үмітсізденуге болмайды ғой. Ағам өлімші болып таяқ жеп, намысы тапталып жатқанда қол қусырып қарап тұрсам азаматтығыма, ата-баба аруағына сын емес пе? Осы оймен капитан Рогозаға келіп, «милициямен бірге тексеруге қатысуға бола ма?» деп рұқсат сұрадым. Ол келісімін берді, тек «қайда барсаң да, милиция қасыңда болсын» деді.
Әділдік пен ақиқат адам оңай жететін жерде тұрса, оның қадірі де биік болмас еді. Ол – оңай қолға келмейтін, адамдар тек қиыншылықты жеңе отырып іздегенде ғана ие болатын құндылықтар. Осылайша, әділет іздеген мен оны табудың жолы күрделі болатынын білсем де, оған қалай да жетуге кірістім.
Сөйтіп, Батырхан екеуміз Алматыға қайтып келе жатқан Свердловск пойызын Сарышағаннан күтіп алдық. Алыстан келе жатқан отарба станцияға ыңырана келіп тоқтады. Дайындалып түрған біз өзіміз күткен вагонға кірдік. Ондағылар түк болмағандай бізге өтірік таң қала қарайды. Біз оларға шетінен сұрақ қоя бастадық. Бірақ, жолсеріктер дұрыс жауап бергісі келмейді. «Не болғанын білмейміз, хабарымыз жоқ» деп, бәрі мүләйімсіп отыр. Бригадир де жарытып ештеңе айтпайды. Байқап тұрмын, олардың бәрі бір-бірімен сыбайлас, болған істі білсе де, айтпауға уәделесіп алғаны білініп тұр. Әлгі адам ұрған жолсерік жоқ, кейін естісем, ол Қарағандыдан түсіп қалыпты да, Алматыға ұшақпен кетіпті. Жолсеріктердің ыңғайын байқаған мен қылмыстық істің оңай шешіле қоймасын көңілге түйдім. Бірақ, Батырхан екеуміз пойыздан бірден түсіп кеткен жоқпыз. Вагонды асықпай тінтіп, аралап, оқиға болған жердің схемасын, әр жерге жұққан қан дақтары мен шаш секілді айғақ-дәлел заттарды целофанға салып алдық. Өзім де сондай детектив жанрындағы фильмдерді қызыға көретінмін. Соған сай тергеу, тексеру, ізге түсу ісіне ебім бар болып шықты. Адам бір нәрсені жаны қалап, бар пейілімен істесе, одан қалай да нәтиже шығаруға тырысады ғой. Мен де осы оқиғаның түбіне жетпек болып алдыма анық мақсат қойдым. Жазықсыз таяқ жеген ағамның кегі де бойымды кернеп барады. Сол екі арада нәсілкеге салып, Тілеубайды алып келді. Ол өзінің еш кінәсі жоқ екенін, осы вагондағы жолсеріктің ұрып, соққыға жыққанын айтты. Бет-аузы көгала қойдай, қабырғасы сынған, әрең сөйлейді. Сосын оны қайта госпитальға алып кетті.
Пойыз Сарышағаннан қозға­лып, Алматыға қарай тартты. Біз барлық жерді шұқшия тексеріп, жолсеріктердің бәрін сұраққа алып, Шығанақ станция­сына дейін бардық та, ештеңе біле алмаған адамның бейнесімен түсіп қалдық. Өйткені, Алматыға бірге баратын болсақ, олар сақтығын тіпті күшейтіп, бұл іске қатысты жолсерікті жасырып, тіпті қашырып жіберуі мүмкін еді. Сондықтан, біздер үмітіміз үзілген адам ұқсап, пойыздан түңіле түсіп қалдық. Бұл өзіміше ойластырған айла еді. Бізді «түк бітіре алмады» деп ойлаған жаңағы жолсеріктер іштерінен «мырс-мырс» күлген болар. Алайда, «олар тас санаса мен құм санауға» көштім. Сарышағанға келген соң қылмыстыны «тырп» еткізбейтін заңды құжаттарды толықтауға кірістім. Вагон коридорынан алған айғақ заттарды мөрлеп, әрқайсысын бөлек-бөлек салып алдым. Тілеубаймен бірге барған адамдардан куә ретінде көргендерін сұрап, жазып, хаттадым. Резервтегі бір машинист пен көмекшісі сол вагонға мінген екен, оларды да тауып алып, түсініктеме алдым. Солардың ішінде мектепте завхоз болып істейтін әйелдің айтқаны менің намысымды тіпті қайрай түсті: «Байғұстарды обалды қылып, ойбайлатып, аяусыз ұрды ғой. Сосын, тамбурға шығарып тастады. Қыстың мынадай суығында қалай өлмей қалғанына таңым бар. Су ішерліктері бар болып тұр ғой. «Бұлардың да кегін алатын, жоғын жоқтайтын туыстары, аға-інілері бар шығар» деп ойлап едім. Айналайын, сен енді осы істі аяғына жеткіз, ана асқақтап, көзіне қан толған жолсеріктің сазайын беріңдер» – деді.
Алматыдан қайтарда Тілеубайлармен бір вагонда болған бір кісі бізге біраз нәрсені жазып беріп, құжаттарымыздың салмағын арттыра түсті. Әбден дайындалып алған біз енді басқа пойызбен Алматыға бармақ болдық. Бастығыма келіп, мән-жайды айтып, осы мәселені анықтауға жіберуді өтіндім, ол үш күн уақыт берді. Сонымен, адамдарды таяққа жығып, терезесінен лақтыра салатын вагонды, оның ішіндегі елді аяусыз сабайтын «батырды» іздеп жолға шықтық. Қасымда – Батырхан. Оған аса сеніңкіремеймін, өйткені, жуастау жігіт. Соны ойластыра келе, қасымызға қол астымда механик болып істейтін Шишкарев дейтін жігітті де ертіп алдым.
Содан үшеуміз алдымен Шуға бардық. Сарышағандағы Капитан Рогоза Шудағы милиция мекемесіне бағынатын. Ол жер барлық өтініш-арызымыз бен басқа да айғақ заттарды, куәлардың жазбаларын көрген соң аға лейтенант Батырханға «күдіктіні үш күнге дейін тұтқындауға құқығың бар» деп рұқсат қағаз берді. Қолымызға заңды қағаз тиген соң аюдың апанын торыған аңшыдай Алматыға тарттық. Онда келген соң вагон депосына кіріп сұрастырып едік, біраз нәрсенің беті ашыла бастады. Вагон депосының бастығы түрік екен. Жаңағы «адам ұрғыш» жолсерік те түрік болып шықты. Тіпті, сол жердегі кейбір жігіттер: «Мұндай жағдайды бұрыннан білеміз, талай адамды соққыға жығып, пойыздан лақтырып кеткен. Көп кісі қайтыс болған. Бірақ, оның бәрін айтуға адамдар қорқады. Себебі, ондағы жолсеріктердің дені – түрік, бригадир де түрік. Бір-бірінің істегенін білдірмей, із қалдырмай жауып тастап отырады», – дейді.
Мәселенің мән-жайына біраз қаныққандай болдық. Содан «шешінген судан тайынбайды» деп милиция Батырханды депоның бастығына жібердім. Мемлекеттік құқық қорғау мекемесінің адамы болған соң, бірдеңе айтатын шығар деп ойладық. Депо бастығынан оқиға орын алған күнгі вагонда қызмет еткен жолсеріктердің аты-жөнін және өзге де мәлі­меттерді алуды айттым. Бірақ, іс біз ойлағандай оңай шешіле салмайтын секілді. Арада бес минут өтпей Батырханым бозарып қайта оралды. «Не болды?» дейміз анталап. «Әй мыналар сұмдық екен» дейді ол түтігіп. Сөйтсек, доңыз айбатын сыртына салған бастық: «Сен кімсің соншама? Ондай мәліметтер бізде құпия. Ешкімге бере алмаймыз, милиция болсаң қайтейін, тез табаныңды жалтырат», – деп, қуып шығыпты. Мына жағдай менің зығырданымды қайната бастады. Осынша аспандап, заңды көзге ілмей, милицияны қуып жіберетін бұл не қылған жарты құдай деп ойлап, намыстанып кеттім. Бірақ, «ашулы алдырар» демекші, құр күйіп-пысқанмен іс бітпейді. Өз елімізде жүріп, аға-бауырларымызды қан қақ­сатқан түрік тентегінің ас­там­шылдығы бізді ашындырып жіберді. Жай адам болса бір сәрі, мемлекеттің заңды құқық қорғаушысы, қылмыстың алдын алып, бұзақылықты шектейтін милицияның өзін елемейді. Бұл не деген бассыздық, басынушылық дегенді ойла­ғанда бойымызды намыс оты өртеп бара жатқандай болды…
Сонымен Батырхан, Шишкарев – үшеуміз сыртта тұрып ақылдаса бастадық. Арамдығы асқынған қандықолдарды тек айламен алу керек деп шештік. Сосын, Батырхан депо бастығына қайта баратын болды. Кірген соң «ерекше тапсырмамен келіп тұрмын, бұл іс бойынша мәлімет алуымыз керек» деген секілді сөздерді бастырмалатып айта беруін тапсырдым. Ол осы сөздерді айта бастағанда мен кіремін де: «Жолдас аға лейтенант, сіз шығып кетіңіз» деймін. Сол кезде Батекең маған: «Құп болады, жолдас капитан» деп шығып жүре берсе болғаны. Қалғанын өзім реттеймін. Жас шамам капитанға келіңкіремейді, ол кезде отызға әлі іліне қоймаған едім.
Жоспар бойынша Батырхан кіріп, сәл уақыт өте бергенде артынан мен де жетіп, есікті теуіп кірдім. Кең-мол кабинеттің ішінде шіреніп бір түрік бастық отыр екен. Мұрттары тікірейіп, ешкімді менсінбейтін түрі бар. Кірген бетте қабағымды «қарс» түйіп, өңімді суыққа салып, дөң айбаттанып алдым. – Капитан пәленше түгенбаев, органның арнайы қызмет бөлімінен, – деп, бір фамилияны тарс еткізіп, өзімді таныстырып үлгердім. Және қалтама салып дайындап шыққан қызыл тысты әлде бір куәлікті алыстан «жарқ» еткізіп көрсеттім де, қалтаға қайта сүңгітіп жібердім. Бұрыннан бар сондай бірнеше куәлік үйде жататын. Ана шіреніп отырған түріктің өңі қуарып сала берді. – Сіз тұтқындалдыңыз, – дедім оны тіпті де төбеден құдай ұрғандай қылып. Бұны естігенде әлгі мықтым отырған жерінде үстелдің астына кіріп кете жаздады. Батырға да жан керек екен, аяғы қалтырап, қолы селкілдеп, әлепеті кетті де қалды. Өзі білдей бастық, неше мың жолсерікті «шырқ» үйіріп отырған дөкей. Оған қарап тұрған мен жоқ: – Сіз басқарып отырған мекемеде мемлекеттік қылмыскер жасырынып отыр. Ол осындай пойыз, осындай вагонда істейді, маған тез арада сол күнгі қызмет атқарған жолсеріктің мәліметтері қажет және сіз қазір қолға алындыңыз, ешкіммен сөйлесуге, телефонмен хабарласуға, біреумен тіл қатысуға құқыңыз жоқ. Кабинетіңізге де ешкім кірмеуі керек, қазір сіздің телефондарыңыздың бәрі тыңдаулы және сіз жан-жақтан бақылауда тұрсыз, – деп жатырмын. Анау жылап жіберуге дәс қалды. Баяғы Батырханды қуғанда айтқан асқақ сөз, асау мінез жоқ. Қалш-қалш етеді.
Содан не керек, бір кезде әлгі бастықсымақ есін жиып, алдындағы кнопканы басты да, кадр бөлімінің бастығын шақырды. Мына жақта түлкі аң­дыған қырандай төніп мен тұр­мын. Сол-ақ екен кадр бө­лімінің бастығы да кіріп келді. Кірді де: «Кендай» деп айт­қызуға үлгертпей, «К» дей бергенде: «Жабыңыз аузы­ңызды, ешқандай сөз, әңгімелесу болмасын, тез жұмысыңызды бітіріп шығыңыз, барыңыз да кабинетіңізде тапжылмай отырыңыз, сізге де сыртқа шығуға болмайды», – деп ақырып жібердім. Өйткені, кадр бөлімінде істейтін әлгі адам Күләнның әпкесі болып келетін, Фарида деген кісі екен. Мені танып, атымды айта бергені сол еді, дереу сөйлетпей, аузын жаптым да тастадым. Өйткені, мені танитынын білдіріп қойсам, барлық жоспарымыз желге ұшқалы тұр. Фарида жолсеріктің аты-жөнін, мекен-жайын берді де, тез шығып кетті.
Мекен-жайды алдық. Әлгі жол­серіктің тұратын жері қай­да дейсіз ғой? Алматыдағы «Турчатник» деген район екен. Оның да атағы шыққан жер. Түріктердің біртұтас, топтасып отырған поселкесі. Ол өзі «Үлкен Турчатник», «Кіші Турчатник» деп екіге бөлінеді. Оған кірген бөтен адам, мейлі милиция, мейлі КГБ-ның қызметкері бол абайламаса не таяқ жеп, не өліп қана шығады. Совет уақытысындағы шектеу қойылған кездің өзінде онда арақ та, есірткі де саудаланып жататын. Бұзық, қылмысты орта еді. Бірақ, бізге сонда кіру керек. Өйткені, қуып келе жатқан ізіміз қорқау қасқырдың апанына қарай әкетіп барады. Енді шегінерге жол жоқ, қайтып кетсек жігіт деген атқа мін. Оның үстіне, жазықсыз таяқ жеп, өлім аузында жатқан бауырдың, бірге туған туыстың кегі және бар. Сонымен, бір таксиге отырдық та, «Турчатник қайдасың» деп тартып кеттік.
Мен кетерімде жаңағы вагон депосы бастығының телефон нөмірін алдым және оған «мен саған телефон соқпай кабинетіңнен шықпайтын бол, қашан босайтыныңды өзім хабарлап айтамын, оған дейін сен тұтқындағы адамсың» деп, көзіне шұқып ескертіп кеттім. Оның қарсы сөз айтуға жағдайы жоқ болатын. Беті бозарып, көзі алайып «түсіндім, түсіндім, орнымнан қозғалмаймын» деді екі қолын тас төбесіне қойып.
Үшеуміз салып ұрып, Турчатникке жеттік. Келген соң көрсетілген мекен-жай бойынша әлгі жолсеріктің үйін тауып алдық. Ендігі мәселе оны үйінен ешбір секем алдырмай шығарып алу. Егер ол артына қуғын түскенін білсе, біреулерге хабар беріп қояды, не қашып кетеді. Осыны ойлаған мен милиция Батырханды оның үйіне кіргіздім. «Қалай да алып шығатын бол» деп тапсырғанмын. «Қазір үйінен суырып алып, желкесінен дедектеткен күйі алып келемін» деп, Батекең ерленіп кеткен. Алдындағыдай емес, менің бастықты қорқытқаным оған да жал бітірсе керек, Батекең атына сай батыр болып алған. Бірақ, екі-үш минутқа жетпей ол сүлкіні түсіп қайта шықты.
– Ау, не болды, тез шықтың ғой, не деді?
– Орыстың боғауыз сөзінен бірнешеуін айтты да, «кет бұл жерден» деді.
Мынаның қорлығы тіпті ашу­ландырды. Қазір мықты екеніңді көреміз деп ойладым ішімнен. Содан әлгі түрікті аңдып, он-жиырма минуттай күттік. Алайда оның шығатын түрі байқалмайды. Бұл жерде көп тұрсақ, көзге түсіп, бас­қа­лардың назарына ілінуіміз мүм­кін. Онда бізге жақсылық жоқ.
Содан мен тағы да бір айлаға көштім. Өйткені, вагон депо­сындағылардың жұмыс жүйесінен хабарым бар, алдында сұрап алған едім. Сонымен, киімімді алқам-салқам қылып киіп, бетіме аздап май-сұй, шаң-топырақ жақтым, шашымды да ұйпа-тұйпа қылып қойдым. Сөйлеу мәнерімді де өзгерттім. Қолыма оның аты-жөні жазылған қағаз ұстап, шақырушы кейпіне ендім. Вагонда жолсеріктер жетіспей қалғанда осындай адамдарды жіберіп, оларды депоға қайта шақыратын. Осыны пайдаға жаратпақ болған мен оның үйіне өзім кірдім.
– Сен кімсің, жаңағы милициямен бірге жүрген жоқсың ба? – деді ол кірген жерден маған ежірейе қарап.
– Жоқ, ол қандай милиция? Мен сізді жұмысқа шақырып келіп отырмын. Бастық жіберді, – дедім. Анау да бір қу аяқ екен, маған бірден сенбей, сұрақтың астына ала бастады.
– Бізде істейтін кімдерді білесің?
– Мені кадр бөлімі жұмысқа алған, онда Фарида Түгенбаева істейді, – деп атын зырылдаттым. Өйткені, бері шығарда депода істейтін бастықтардың біразынын аты-жөнін жазып алғанмын.
– Біздің старший кім?
– Бәленше Түгеншеев. Бәрін сақылдатып айтып тұрмын.
– Өзің қай жерденсің?
– Матайданмын, – деп әдейі өзім білетін жерді айттым.
– Матайға кіре қалғанда не бар?
– Матайға кіре берісте үлкен көпір бар.
– Одан кейін не бар?
– Одан кейін интернат бар, мына жерде су мұнарасы, ана жерде вокзал бар.
Ол маған сенді. Өзі шамамен отыз бес жастағы шамасындағы түрік жігіт екен. «Қазір киініп шығамын» деді. Содан екеуміз автобусқа отырдық. Батырхандар машинамен бізден бөлек кетті. Автобуспен бір аялдамаға дейін жүрген соң мен оны шап беріп ұстап, қолына кісен салдым да «сен тұтқындалдың» дедім. Және кісеннің екінші басын өз қолыма салып алдым. Ол «тырп» ете алмай қалды. Алданғанын біліп, қорыққанынан көзі аларып сала берді. Мен оны салған бойы вокзалға әкеліп, милиция бөліміне кірдім де, ұстау бұйрығы бар қағазды көрсеттім. Олар жаңағы түрікті камераға қамап тастады. Көп өтпей Батырхандар да келді. Ол келген соң біз әлгі жолсерікті Шуға алып жүрдік. Жолда ебін тауып қашқысы келді-ау деймін, ол «дәретханаға барамын, бүйтемін, сөйтемін» деп бұлталақтады. Бірақ, мен кісеннің бір басын қолымнан шығармай, оны қайда барам десе де, қасынан қалмай қойдым. Шуға таяғанда басқа амалы қалмаған ол енді мені парамен шырғаламақ болып, қалтасынан бір буда ақша ұсынды. «Осыны алып мені қоя берсеңші, қателік жасап, кінәлі болған шығармын, бірақ бір жолға кешірім жасап, қоя бере салсаңшы» деп алдамақ болды. Алайда, мен онысын елең құрлы көмедім. «Олай болмайды, мен мемлекеттің адал қызметкерімін, капитан шенім бар, қылмыскерді ұстап, әділ жазасын алуына қызмет етемін» дедім. Шуға келдік те, оны камераға тоғытып жібердік.
Сөйтіп, тұп-тура үш күн дегенде Сарышағанға жетіп, жұмысыма да үлгердім. Кейін әлгі түріктің істеген қылмысын мойнына қойып, төрт жылға соттап жіберді. Ол тек менің ағамды ғана емес, басқа да адамдарды ұрып-соққан екен. Содан қайтып жаңағы пойызда бұрынғыдай қылмыс жасау шорт тоқтады. Қазақта «мың асқанға бір тосқан» деген сөз бар ғой. Жаңағы жолсерік әлінен асып, асқақтап алған екен. Және өзін жөнге салатын жігітіне кезікпей жүрген секілді.
«Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығады» деген. Мен оның өзінен зор шығып едім, жынын алған бақсыдай, сүмірейді де қалды. Тіпті, төрт жылға сотталып кете барды.
Сонымен, милицияның қолы­нан келмеген істі намыс­тың жете­гінде мен істедім. Шы­ны керек, өтіріктің өзіне сенбе, ебіне сен дейді ғой, менің жаңа­ғы­дай образға кіріп, жасанған жағ­дайымды екінің бірі істей алады деп айта алмас едім. Оның өзіне еп пен қатар, жүректілік және жігер қажет. Айла мен әдіс, орайды дөп басатын қағылездік те керек. Өзімді мақтағандай болмайын, бірақ келер ұрпақ осыдан бір сабақ ала жүрсін деп ақ қағазға түсіріп отырған жайым бар.
Айтпақшы, сол операциямыз үшін мен алғыс хатпен марапатталдым, ал Батырхан шені өсіп, капитан болды. Ол кісімен кейін де үнемі қарым-қатынас жасап тұрдық. Үйімізге де талай келіп, қонып кететін. «Әй, Кендай сен нағыз іскерсің ғой, сенің қасыңда Мәскеудің барлаушылар түк те емес, сенің тәжірибеңнен маған кішкене болса да берсе ғой, ә!» деуші еді марқұм. Өзі біраз уақыт бұрын дүние салды.

Кендай АХМЕТОВ,
«Мерейлі отбасы» кітабынан алынды
qazaqtimes.com

Жауап қалдыру