ТҰҢҒИЫҚТАН ШЫҚҚАН ҚОҢЫРАУ

0
209

Әлем неше түрлі қызықты оқиғаларға толы. Ажалмен бетпе-бет келгенде тапқырлық пен батырлық көрсеткен жандар шынымен барша құр­метке лайық. «Prezident & Halyq» газеті осы саны­нан бастап «Таңғажайып оқиғалар» атты жаңа айдар ашып отыр. Алғашқы материалда апатқа ұшыраған сүңгуір кеме капитанының 28 теңізшіні қалай құтқарып қалғаны туралы оқиға баяндалады.

Америка Құрама Штаттары сүңгуір қайық өндірісі мен оны ұрыс қимылдарында қолдану жағынан әлемдегі көш бастаушы елдердің бірі ғой. Бірінші жаһан соғысы тұсында мұхиттар мен те­ңіздерде өз мүддесін қор­ғау үшін елде әскери сүңгуір қайықтар мен сүңгуір кемелер көптеп шығарыла бастады. 1920 жылы тамыз айының соңында Солтүстік Атлантикада, Делавэр мүйісіне таяу маңда сол кездегі ең таңдаулы саналатын америкалық S-5 сүңгуір қайығы жүріс тетіктерін сынаумен айналысып жатты. Бәрі де өз кезегімен ойдағыдай жүріп жатқан. Команда жаңа әскери кемеге тез үйренісіп, капитанның бұй­рықтарын қалтқысыз орындайтын. Сүңгуір қайық­тың күллі жүйесі сыртыл­даған сағаттай мүлтіксіз жұ­мыс істеп тұрды. Матростар болса енді көп ұзамай үйлеріне қай­татынын ойлап сәл босаңсып қалғандары да рас.

Алаңғасарлықтың кесірі

Кеме капитаны Чарльз Кук та командадағы көңіл-күйдің ауанында жүрген. Енді ең соңғы міндет суға жедел шөгу сынағын өткізіп, үйге де бет түзеуге болатын.
Қыркүйектің 1-і күні ту­ра түс мезгілінде капитан тұғырынан тереңдеуге бұй­рық берілді. Бұл бұйрық берілгенде басқа шаралармен бірге дизельдік сүңгуір кемелерде қозғалтқыш өші­ріліп, дизельге келетін ауа жолын бітейтін кла­пан­дар мен су бетінде жүз­ген­де ауа айдайтын бас­ты вен­тил­ляциялық магист­ралдің қақпақтары жабылуға тиіс болатын. Бұған жауапты старшина үйге кетеміз ғой де­ген ойдың жетегінде жүріп, алаңғасарлықпен магист­ра­льдық клапанды жабуды ұмытып кетіпті. Соның салдарынан мұхит тереңіне шөге бастаған сүңгуір кемеде алапат апат орын ал­ды: вентилляциялық жү­йе арқылы сүңгуір кеменің бар­лық отсектеріне су лап қой­ды.
Дабыл белгісі бәрін тік тұр­ғыз­ды. Теңізшілер вен­тил­­ляциялық қақпақтар­ды жабуға ұмтылды, ал судың екпіні сұмдық еді, бір­неше минутта сырттан лақыл­да­ған сексен тоннадай судың салмағы басып, кеме теңіз табанына жайлап шөкті.
Бір қуанарлығы, әйтеуір еш­кім зардап шекпепті. Алай­да кемені тексеріп көр­ген­де жағдайдың апатты ахуалына бәрінің көзі жет­ті. Ке­менің торпедалық ап­па­рат­тар орнатылған тұм­сық жағындағы отсек то­лық­тай суға қарық бол­ған, тонналаған суды ауа қысы­мымен айдап шығу мүмкін болмай қалыпты. Оның үс­тіне бұл отсекте вентил­ля­ция­лық қақпақ жабылмай сыртқы су ішке еш кедергісіз құйылып жатты.
Басқа отсектердің де біразына су кіріп кеткен. Кеме алпыс метрдей тереңдікте шөгіп жатқандықтан радиосигналдар қалың су қабатынан өте алмайтын. Сондықтан сигнал аппаратынан қайыр болмай қалды. Оның үстіне командир таяу бірнеше күн ішінде өздерін ешкім іздемейтініне көзі жетіп тұрды. Ендеше тек өз күштеріне сенуден басқа амал жоқ.

Телефон
арқылы берілген SОS!
Шешім жедел қабылдануы керек. Кеме капитаны Чарльз Кук не істейтінін ойластырып жатқанда матростардың бірі ұзын кабель тауып әкелді. Капитан су бетіне телефон бекітілген сигналдық буй шығаруға бұйрық берді. Ол кезде қазіргідей апаттық автоматты передатчиктер жоқ болатын. Буй мұхит бетіне тез көтерілді де ашық айдын үстінде кәдімгі үй телефонының қоңырауы шырылдап қоя берді. Алайда ашық мұхитта шырылдаған телефон трубкасын біреу-міреудің көтеру ықтималдылығы жоқтың қасы еді. Өйткені сүңгуір кеменің сынақ жұмыстары жүргізілетін аймақ әдейі Атлантиканың кемелер сирек жүретін бөлігінде таңдалған болатын.
Адам қиналғанда жол тапқыш болады ғой. Сол жерде капитанға тәуекелі зор идея басына сап ете қалады. Сүңгуір қайықтың ұзындығы 70 метрге жуық. Судың тереңдігі 60 метр. Ішке кірген су кеменің тұмсық жағына өтіп алапат салмағымен жерге жабыстырып тұрған. Кеменің тұмсығын жерге тіреп тікесінен қойса құйрық жағы су бетіне көтеріледі ғой. Ал мұндай дәу «қалтқыны» әуедегі ұшақтар да, өтіп бара жатқан кемелердің көрмеуі мүмкін емес. Әрі бұл команданың кеменің құрыш қабырғасын ойып, сырттан таза ауа кіретін тесік жасауына мүмкіндік беретін. Әйтпесе ауа тапшылығы сезіле бастаған.
Команда бағамдап көрсе, капитанның тапқырлығы тәуекелі зор болғанмен, жү­зеге асатындай. Егер кеме тікесінен қойылар болса онда аккумуляторлардағы электролит сыртқа төгілмек. Кіріп кеткен су кеме тікейтілген кезде аккумуляторлық отсек арқылы тұмсыққа қарай құйылатыны анық. Бұл дегеніңіз – электролит пен судан химиялық реакция басталады деген сөз. Егер теңізшілер отсектің қақпағын жауып үлгермесе кеме ішін тірі нәрсенің бәрін тырапай асыратын улы газ жайламақ. Оны алдын ала жауып қою да мүмкін емес, өйткені ішкеріде кемені басқару тораптары тұр, егер кемені сүйреп теңіз бетіне шығарар жағдай болса онда тиісті мамандар қайта кіретіндей болуы ләзім. Сондықтан ендігі қалғаны дәлме-дәл есеп пен команданың бір кісідей қимылдауы болатын.

Апаттан бері он сағат өтті. Жиырма сегіз адамның көзі капитанда, ол кімнің не істеу керектігін тәптіштеп түсіндірді. Бәрі қалтқысыз қимылдауға дайын. Ал мұхит бетіндегі буйға бекітілген телефон үздіксіз шырылдап жатты…
Арада құлаққа тосын бұйрық естілді:
– Кемені құйрық жағымен көтеруге дайындық жасалсын!
Іші түрлі тораптар мен адамдарға толы, ұзындығы жетпіс метрлік, сигара іспеттес сүңгуір кеменің арт жағы теңселіп барып жайлап көтеріле бастады да, демде тұмсығымен жер тіреп, құйрығымен көк тіреп сәл көлбеу қалпында шаншыла қалды. Ал бұл кезде іште сұмдық аласапыран жағдай туды. Отсектерге кіріп кеткен тонналаған су жолындағының бәрін жапырып, кеменің тұмсық жағына қотарылды. Дайын тұрған теңізшілер ең соңғы мотористі қолынан тартып шығарып, люкті жауып үлгерді. Күллі команда кеменің аядай кормасына жиналды. Ұрылған, сырылған, көгерген жерлерін есептемегенде ешкім бәлендей зардап шекпепті. Капитан енді кеменің құртымдай бөлегіне ғана ие болып қалды. Алайда кеменің кемінде ұзындығының оннан бірі мұхит бетінде шошайып тұрған. Тықылдатып мұқият тексеріп көргенде кеменің шамамен бес метрдей ең соңғы бөлегі қармақтың зор қалтқысындай су бетіне шығып тұрғаны анықталды.

Пышақпен құрыш ойғандар
Енді теңізшілердің алдында бұдан да ауыр кезең шықты. Қолда бар отвертка, пышақ, балға сияқты құралдармен кеменің құрыш қаптамасын тесу керек болатын. Ол кезде арнайы темір кескіш құралдар жоқ. Бәрі қолмен істелетін. Құрқылтайдың ұясындай тар отсекте теңізшілер бірін бірі ауыстырып тәуліктен аса уақыт қолдары қанағанша қаптаманы ұрғылаумен болды. Ал мұхит бетінде шы­рылдаған телефон қо­ңырауы жалғызсырай естіліп жатты…
Отыз алты сағат тынбай ұрғылаудың арқасында адам айтқысыз күш-жігермен сүңгуір кеменің құрыш қабыр­ғасынан диаметрі сегіз сантиметрдей ойық жасалды. Іштегі ауа онсыз да бітіп бара жатқан. Қалжыраған теңізшілер аяқ­тарынан тұра алмайтын. Ішке кірген таза ауа кішкене серпілткендей болды. Алайда бәрі бұл қапастан құтылуға ертерек екенін білетін.

S-5 сүңгуір кемесінің құтқарылған экипажы

Тұңғиықпен
сөйлесу
Сол тұста шын мәнінде бұл теңізшілерге ерекше сәті түсті деуге болады. Жандарынан Панамаға бет алған әскери-транспорттық «Атлантус» кемесі кездейсоқ өтіп бара жатыр екен. Алдымен су бетінен шошайған әлденені вахталық кезекші көріп қалады. Жақындағанда телефон шырылын естіп, жынданып кеткен шығармын деп ойлапты. Мұхит үстінде қайдағы телефон?! Жедел шақыртылған офицер де бұл қоңырауды естиді. Ол бұл жұмбақ буй туралы капитанға баян етеді. Пароход жүрісін тежеп, шлюпкаға мінген бірнеше теңізші байқап келуге шығады. Орасан зор винттері көрінген тосын құрылымға жақын­дағанда оның қасында толқын­мен тербетіліп тұрған буйды көреді. Қоңырау содан шығып жатыпты. Теңізшілердің бірі трубканы көтеріп:
– Алло! Бұл неғылған кеме? – деп сұрайды. Ар жақтан шыққан дауыс:
– Американың S-5 сүңгуір кемесі! – деп жауап береді. Трубканы ұстаған теңізші сасқанынан сөз таппай:
– Қайда бет алдыңыздар? – деп сұрапты. Жауап та төтесінен шығады:
– Тура тозаққа!
Өз капитанының бұйры­ғы бойынша «Атлантус» тұң­ғиыққа қамалған теңізші­лерді құтқаруға жұмылады. Әлгі телефон қоңырауы тынбай соғылуы жағынан әлемдік рекорд та жасаған шығар. Бірақ енді оған қарап жатқан ешкім жоқ еді. Қолда бар құралдарын пайдалана отырып кеме қаптамасынан адам сиятындай тесік жасап экипаж мүшелерін бірінен кейін бірін жарық дүниеге қайта алып шығады. Сөйтіп сүңгуір кеменің экипажы құтқарылды.
Кеме капитаны Кук дәстүр бойынша ең соңынан көрінді. Оның қалған өмірі де теңізбен байланысты болды. Арада 20 жыл өткенде «Пенсильвания» линкорының командирі болып жүргенде жапондардың Перл-Харборға шабуылын бастан өткерді. Тағы тірі қалды.
Кейінірек «Штат Огайо» линиялық кораблі жартылай суға батқан сүңгуір кемені жөндейтін орынға жеткізу үшін буксирге алмақ болған. Алайда жасалған тесіктен ішке тағы да су кеткендіктен салмағы ауырлаған әлгі кеменің тросы үзіліп, S-5 біржолата мұхит тұңғиығына аттанды. 1921 жылы ол теңіз кемелерінің тізімінен біржолата өшірілді.

Әзірлеген М.ЖАНЫСБАЕВ.

Капитанның тағдыры
АҚШ-тың әскери-теңіз офицері Чарльз Мейнард Кук 1886 жылы туған. Жас капитан-лейтенант кезінде USS S-5 сүңгуір кемесіне басшылық жасап, батырлық пен тапқырлық көрсете отырып экипажды құтқарып қалды. Перл-Харборда жөндеуде тұрған «Пенсильвания» кемесіне басшылық етіп жүрген кезінде 1941 жылы 7 желтоқсанда жапондардың палубалық авицияға шабуылын бастан өткерді.
1944 жылы Нормандияға әскер түсірілген кезде одақтастар әскерінің кеңесшісі болды. 1945 жылы адмирал дәрежесінде АҚШ-тың әйгілі 7 флотын басқарды. Түрлі қиындықтарды бастан өткерген адмирал Чарльз Кук 1970 жылы 84 жасында дүниеден өтті.

Жауап қалдыру