Шоң бидің Сәлі молдамен кездесуі

0
234

Бір жолы Сәлі деген молда Орта жүздің атақты биі Шоң биді сүріндірмек болып үйіне қонаққа барыпты. Дастарқан үстінде әртүрлі әңгіме сұрақ болатын әдет қой.
Әлгі молда биге мынадай сұрақ беріпті, оған Шоң былай жауап беріп отырыпты:
– Еркектің бақытты болмағы неден?
– Әйелден.
– Еркектің бақытсыз болмағы неден?
– Әйелден.
– Еркектің өрісі неден?
– Әйелден.
– Еркектің көрісі неден?
– Әйелден.
– Еркектің абыройы неден?
– Әйелден.
–Еркектің абыройсызы неден?
– Әйелден. Сәлі молда сәл сабыр етіпті де, енді мынадай сұрақ беріпті: Акылға кең, тілге шешен Шоң би оның сұрағына лайықты қысқаша бірыңғай жауап беріп отырыпты:
– Әйелдің адал болмағы неден?
– Еркектен.
– Әйелдің надан болмағы неден?
– Еркектен.
– Әйелдің үй болмағы неден?
– Еркектен.
– Әйелдің би болмағы неден?
–Еркектен.
– Әйелдің күң болмағы неден?
– Еркектен.
– Әйелдің сымбатты болмағы неден?
– Еркектен.
– Әйелдің қымбатты болмағы неден?
– Еркектен.
– Әйелдің базарлы болмағы неден?
– Еркектен.
– Әйелдің ақылды болмағы неден?
– Еркектен.
– Әйелдің иманды болмағы неден?
– Еркектен. Осы жерге келгенде шамасы Сәлі молданың терме сөзі таусылса керек.
– Сізге дауа жоқ екен? – депті.
– Сұрағыңызға қарай жауап, өзіңізге де сауап, – депті Шоң би.

Жауап қалдыру