ОМАРТАшылық қазаққа ертеден нәсіп болған

0
199

Бал өндіру ісінің шеберлері  Нұрпалиевтердің ісі көпке үлгі

Бал арасын өсіретін омарташы­лықты қазақтар өте ерте замандардан меңгерген. Алайда бірнеше ғасырға созылған жоңғар, орыс шапқыншылықтары кезінде бұл сала тоқырап қалды. Бірақ Алтай мен Алатауды мекендеген қазақтар арасында омарташылық аздап болса да сақталынды. Патшалық Ресейдің отаршылық жылдарын­да ішкі Ресейден қазақ жеріне аударылған қарашекпенділер ор­нығып алған соң, табиғаты бай қазақ жерінде бал арасын өсірудің пайдалы екендігіне көз жеткізді. Алдымен Алтай тауларының етегіне қоныс аударған поляктар мен кержақтар бал арасын өсіре бас­тады. Өскемен қорғаны салын­ған тұста қарашекпенділер қазақ­тардың омарта ұстайтындығына айрықша таң қалды. Бал қосылған қымыздарын «балқымыз» деп аталатынын білді.

1786 жылы оңтүстік Алтайға Баш­құртстаннан көшірілген 5 отбасы өздерімен бірге омарталарын да ала келіпті. Бұрын бал арасын үңгір ұя­лар мен балшықпен сыланған шетен қораптарда ұстайтын қа­зақ­тар олардың үйшікті омарталарын көріп осы тәсілге көше бастады. Біртіндеп бұл тәсіл Алматы маңына да жетті. Ары қарай жақтаулық тәсілдер пайдаланылатын болды. Біртіндеп бал айдағыш құрылғы өмірге келді.
Бал арасы шаруашылығы ке­ңес­тік жылдарда айтарлықтай да­мы­ды. Шығыс Қазақстан облы­сы Самар ауданы Ворошилов атын­дағы колхоздың сегіз омартасы Көлбе жотасының күнгей бөк­терін­де, теңіз деңгейінен 1500 метрлік биік деңгейде орналасқан-ды. Ұжым­шар омарташыларының қатарында Әбілхан мен Битай Нұрпалиевтер отбасы бар еді. Нұрпалиевтер отба­сының омарташылықпен айна­лыс­қа­нына талай адам қызығушылық танытқан.
Әбілхан Нұрпалиевтің жанында жүрген азаматтар өз естелігінде:
«… Омартаға жеткенше біздің алдымыздан құлдилаған кең ойпаттар, тіп-тік құзды жартас­тар кездесетін. Астымыздағы тұлпарымыз сақтанғандай, құ­лақ­­тарын тігіп, кертеш-кертештен абайлап өтеді. Тауға өрмелеген сайын көрініс тамашалана береді. Мойыл, қара және қызыл қарақат, итмұрын, күнгей бөктерлерде алқызыл жабайы алма ағаштары шоғырланып тұр.Шал­ғындарда ежелден таныс күреңот, түйе­жоңышқа, аққурай көзге түседі. Қып-қызыл жайнаған бәйшешек көзге оттай басылады», – дейді.
Омарта шаруашылығымен айналысқан Нұрпа­лиевтер әулетінің талай қызықты оқиғалары болған. Әбілқан Нұрпалиев бірде үш досы омартаға келген сәтінде оларды қарсы алып, қонақ етеді. Түсте қайтқан сәтінде екеуі қара жолмен, біреуі жалғыз аяқ жолмен кетеді. Бір шақырым ұзамай-ақ оны аю шауып құлатады. Әбілқанның досы тапжылмай өлген адам ұқсап жатып алады, аю болса иіскелеп-иіскелеп, үстін бұтақтармен көміп кетеді. Аю кеткен соң, боп-боз болған досы омартаға әзер жетеді.
Әбілқан аға жары Битай туралы өз естелігінде: «…Балара ша­руашылығы туралы көптеген қызықты кітаптар жазылды. Бал жинауда рекордтық көрсеткішке жетуіміздің құпиясын жұбайым менен гөрі жақсы біледі. Бұл жөнінде оны профессор деп атауға болады», – деп жоғары бағалаған.
Қазақтың дархан даласында балара шаруашылығымен айналыс­қан ерлі-зайыпты Нұрпалиевтердің жасаған еңбегін жас ұрпақ үлгі ете отырып, «еңбектің наны тәтті» деген нақыл сөздің шынайылығына көз жеткізеді.

Әділбек ӨМІРЗАҚОВ,
P&H
Атырау қаласы.

Жауап қалдыру