Қолсыз ұшақ айдаған

0
486

Джессика Кокс 1983 жылы 2 ақпанда АҚШ-тың Сьерра-Вист қаласында дүниеге кел­ген. Оның анасы Инес Кокс жүктілік кезінде тапсырған медициналық анализдердің барлығы да ойдағыдай бол­ған. Алайда Джессика си­­­рек кездесетін гендік ауыт­­қудың салдарынан екі қолсыз өмірге келеді. Бұл әрине ата-анаға ауыр соқ­қы болды. Олар бас­тапқыда Джес­сика кем­тар, басқа бала­лар­дан әлсіз деп қарым-қа­тынасын шектеуге ты­рыс­ты.
Бірде оның әкесі Уильям газеттен мүгедек кәсіпкердің мынадай сөзін оқиды: «Мені балалық шағымда көпшілік мүгедек деп келеке етті. Мен оларға ерегісіп әрдайым өзім­ді жетілдірумен болдым. Енді қараңыз, кім мына өмірде шынайы мүгедек. Өз мақсатына жеткен мен бе, әлде мазақ еткендер ме?». Уильям Кокстың айтуынша, бұл сөз оның Джессикаға қатысты пікірін 180 градусқа өзгерткен. Осы сәттен бастап әкесі «Джессика ешбір бала­дан кем емес, оның да мына өмірден алар орны болады. Тек оған біздің көме­гіміз қажет», – деп са­найды.

Осылайша Джессика енді аулаға басқа балалармен ойнауға шығады, жүгіреді, құлайды, жылайды. Бірақ ата-анасы енді өздерін шынымен де бақытты сезінді. Себебі, Джес­сика тұйықтықтан ары­лып, аяқтарымен біраз істі атқаратын болды. Енді ол аяғымен тісін жуып, тамақ іше алатын еді.
Әкесі Уильям бұған да тоқтап қалмай 10 жастағы Джессиканы шығыс жекпе-жек өнері тхэквондоға береді. Бұл Джессика үшін әрине күтпеген өмірлік сынақ болды. Ол бастапқыда жат­тығуларда ешбір тәсіл­дерді орын­дай ал­ма­ды. Бірде ол жат­ты­ғуда қарсыла­сынан өте тез жеңіліп көз жа­сы­на ерік береді. Сон­да оның жаттық­тыру­шы ұс­та­зы «Сенің кемші­лігің «қолым жоқ» деп қорқа­сың. Бұл кем­ші­лігіңді артық­шылығыңа айналдыр. Сондықтан қар­сы­ласыңнан айлалы, икем­ді болуға тырыс», – деп насихат айтады.

Джессика Кокс тілші­лерге берген сұқбатында «Мен сол бір насихаттан кейін басқа балаларға ұқсауға тырысуды қой­дым. Өз жолымды тап­тым. Міндетті түрде жеңіске жетуді де ойла­майтын болдым. Бастысы өмірден тәжірибе алу», – дейді. Арада төрт жыл өтіп Джессика тхэквондодан қара белбеу иесі атанады.
14 жасқа толған Джессика енді қол орнына киетін протез­ден мүлде бас тартады. Оның орнына ол аяғымен шашын тараудан бастап, компью­терде қаріп теруге дейін үйре­неді. Әкесі де қызының бас­тамаларын қолдау мақ­сатында Джессикаға туған күніне вело­сипед сыйлайды. Ата-анасының қолдауымен қайтпас ерік-жігерінің арқа­сында Джессика мектепті бітірген уақытта өз күшімен тамақ істеп, киімдерін жуып, велосипед теуіп, бір минутта компьютерде 25 сөз жаза алатын дәрежеге жетті.
2005 жылы Джессика Ари­зона университетін тәмәм­дап, психолог мамандығын игерді. Дәл осы жылы ол өзінің бала кезден бергі арманын жүзеге асыруға кірісті. Бұл ұшақ айдау болатын. Бұл машақаты қиын істі меңгеруге Джессиканың үш жыл уақыты кетті. 2008 жылы ERCO Ercoupe атты жеңіл ұшақты басқаруға болатындығы жөнінде рұқсат қағазын алады. Осылайша Джессика Кокс әлемде екі қолы жоқ тұңғыш ұшқыш атанды.
Осы жетістіктен соң Джес­сика Кокс аты бүкіл әлемге та­нылды. Енді оның өмір жолын үлгі тұтар мүмкіндігі шектеулі жандар да көбейді. 2014 жылы Джессика АҚШ-та өткен El Tour de Tucson 60 шақырымдық веложарысқа да қатысты.
Мінеки, бүгінде тұрмысқа шыққан Джессика адам ба­ласы қайтпас қайсар болса, алын­байтын қамал жоқ екендігін өз ісімен дәлелдеді. Ол екі қолы жоқ бола тұра өз қатарластарынан қалмай өмірдің бар сырларын ақ­таруға тырысты. Сөзімізді Джес­сиканың «Өзіңе-өзің кө-мек­тес» атты кітабындағы мы­на сөзімен тәмамдасақ «Өмір­дегі адам баласына ең бі­рін­ші кедергі бұл – өзі. Иә, біз өзіміз. Жалқаулық, жауыздық, керітартушылық бәрі өзімізден шығады. Сондықтан өзіңді жеңіп, болашаққа қарай қадам бас!»

Жүсіп ЖҰБАТ,
«P&H»

Жауап қалдыру