Жаңа ғасырмен жағаласып келген жаһанданудың бірден-бір көрінісі – несие жүйесі. Бүгінгі күні несие алмаған адам кемде-кем. Той жасасақ та, көлік алсақ та, баламызды оқытсақ та, тіпті, ең аяғы, тұрмыстық техника мен киім-кешегімізге дейін несие арқылы қол жеткізетін болдық. Ал халықтың осы күйін жақсы білетін қаржы ұйымдары да әлеуметтің әлеуетін байқап, түрлі несиелік бағдарламалар ұсынуда. Соның бірі – несие картасы.
Бүгінде халық қатпарлы әмиянға ақша мен тиын-тебен емес, банк картасын салып жүруді әдетке айналдырған. Себебі, банк картасы ірі көлемді ақша алып жүруге қолайлы әрі қауіпсіз. Өткен жылы елімізде банк картасын тұтынушылар 25,6%-ға өсіп, 17 миллионға жеткен. Бұл бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Әрине, мұндай төлем карталарын тұтынушылардың артқаны құба-құп. Алайда төлем карталарына ілесе жүретін несие картасы елді еліктіріп бара жатқаны өкінішті. Ranking.kz. таратқан мәліметке сүйенсек, еліміздегі қолданыстағы несие картасы 3 млн-нан асып жығылған. Бұл да жоғары көрсеткіш. Сонымен несие картасы дегеніміз не? Ол қалай жұмыс істейді? Банктің қарыз шырмауына қалай түсіп қалмау керек? Соны сөз етсек.
Несие картасы – сағым
Банк өз тұтынушыларына арнап екі түрлі карта шығарады. Біріншісі, төлем картасы болса, екіншісі несие картасы. Төлем картасы ықылым заманнан бері қолданатын әмиян іспетті. Бұл әмиянға сіз бүкіл тапқан-тергеніңізді немесе керек қаржыңызды салып жүре аласыз. Төлем картаңыз жоғалса не ұры қолында кетсе дереу банкке хабарласып бұғаттауға болады. Сіз бұдан соқыр тиын да жоғалтпайсыз. Жіпке тізіп айта берсек, қолайлы тұсы көп.
Ал енді несие картасына тоқталсақ. Америкалықтар: «Адам өмір сүру үшін ауа, тамақ, киім және несие картасы керек» дегенді жиі айтады екен. Батыс өркениетінде кең қанат жайған несие картасы бүгінде қазақ отбасына да ене бастады. Сонымен несие картасын алу үшін, сіз банкке өтініш беріп, шартты түрде қарыз аласыз. Алайда қарыз қолма-қол ақша түрінде емес, төлем картасының ішіне салынған қаражат ретінде беріледі. Сондықтан бұл несие картасы деп аталады.
Банк тұтынушының төлем қабілеттілігіне сай карта ішіндегі қаражат белгілі мөлшерде болады. Мысалыға, 50 000 теңге мен 3 000 000 теңге арасындағы қаржы. Сіз несие картасындағы қаражатты қолданған соң, оны төлеп, қаражатты қайта пайдалана аласыз. Яғни несие картасындағы қаражатты көпмәрте пайдалану мүмкіндігі бар.
Несие картасын қолданатындардың ең бір зардап шегетін тұсы осы. Көпшілік: «Қарызымды жауып отырсам несие картасын қайта-қайта қолдана берем. Осылайша жағдайымды түзеп алам», – деп ойлайды. Олар шөл далада құдды бір сағым қуғандай осы несие шырмауына байлана береді. Ең соңында бар еңбекақысын несие қарызына беріп, сан соғып қалады.
Несие картасы қалай жұмыс істейді
Несие картасы – банктің несие ақшасы бар төлем картасы. Банк тауарлар мен қызметтерге ақы төлеу үшін қарыз беруге дайын ақша сомасын – несиелік лимитті белгілейді. Сіз бұл ақшаны банкке пайызбен қайтарасыз. Бүгінде еліміздегі несиелік карталардың пайыздық мөлшері 25% – 52%-ға дейін. Несие картасын алғанда сіз банк алдында несиені нысаналы пайдалану туралы есеп берместен, оны қолдану мүмкіндігі, несие картасының басты артықшылығы болып табылады.
Несие картасы жайлы мыналарды білу қажет:
Несиелік лимит
Банк сіздің өтінішіңізді қарағаннан кейін сізге борышқа беруге дайын болатын сома. Мысалы, сіздің кредиттік лимитіңіз – 200 000 теңге. Сіз бұл ақшаны өзіңіздің қалауыңыз бойынша жұмсайсыз: 190 000 теңгеге бір ноутбук алуыңыз мүмкін немесе 20 000 теңгеден он зат сатып алуыңызға болады. Сіз банкке борышты қайтарғаннан кейін несиелік қаржы жаңадан ашылады.
Грейс-кезең (жеңілдігі бар кезең)
Бұл банк қаражатты пайдаланғаны үшін ең төменгі пайызды есептейтін немесе оны мүлдем есептемейтін мерзім. Маңызды талап – берешекті жеңілдігі бар кезең аяқталғанға дейін өтеу. Яғни, сізге берілген 200 000 теңгені жеңілдік кезеңінде төлесеңіз ең төменгі пайызбен қайтарасыз. Ал бұл кезеңнен өтіп кетсеңіз банк бекіткен пайызды қайтаруға тура келеді. Еліміздегі көптеген банктерде жеңілдік кезеңі небәрі 52 күн. Демек алған қарызды 52 күнде қайтармасаңыз, пайызыңыз өсе бермек. Бұған банктік сыйақы мөлшері мен қызмет ақысын қосуды ұмытпаңыз. Олар келісімшартта міндетті түрде көрсетіледі.
Несие картасының құрығынан сақ бол!
Көбіміз ақша таппай қысылғанда кез келген шартпен, кез келген мерзімге несие рәсімдеуге мәжбүр болып жатамыз. Банктен несие алсам болды деп келісімшартқа да назар салмайтынымыз бар. Алайда сол алған қаржыны екі-үш еселеп қайтарғанда «кезінде неге байыптап сұрамадым», – деп өзімізді сөгіп жатамыз. Сондықтан несие картасын рәсімдерде мына жайттарды ұмытпауға кеңес береміз.
Қателік жібермеңіз
Несиелік карта сіздің шығыныңызды әп-сәтте төлейді деген қиялдан арылыңыз. Іс жүзінде, сіз әлі еңбекпен таппаған ақшаны жұмсайсыз. Азық-түлікке немесе коммуналдық қызметке несиелік картамен ақы төлесеңіз, онда мүмкін, сіздің отбасылық бюджет дұрыс емес шығар. Несиелік картаны сауатты пайдаланыңыз және өз қалтаңыздан төлейтініңізді естен шығармаңыз.
Картаны жай ғана ресімдемеңіз
Көпшілік несие картасын банктің жарнамасына алданып, ашып жатады. Олар «Бір қажетке жарап қалар», – деп рәсімдеп, әмиянда сақтап жүреді. Алайда несие картасы «бір жағдайға» деп жатса да және сіз оны пайдаланбасаңыз да ақша алады. Сіз қандай да бір жағдайда картаға қызмет көрсетілгені үшін ақша төлейсіз. Бұл жылына 20 000 – 30 000 теңге құрауы мүмкін.
Қиын жағдайда несие картасын ашпаңыз
Сіз қаржылық қиындықтар болған кезде, оны тез шешкіңіз келеді. Жағдайдан шығудың ең нашар шешімі – несие картасын дереу ресімдеу. Сізде пайдалы талапты іздестіруге уақыт жоқ, сіз шартқа назар аудармай оқып шығасыз, қарызды қайтару туралы ойламайсыз және қанша ақша қайтару керектігін есептемейсіз.
Қолма-қол ақшаны алып алмаңыз
Тұтынушылар жасайтын қателіктің тағы бірі: жақын жердегі банкоматқа барып, керекті соманы шешіп алып, қаражатты пайдаланады. Мұндай жағдайда ешқандай пайыздық үстеме жоқ деп ойлайды. Солай ма? Жоқ, олай емес. Карта тауар үшін қолма-қол емес яғни картамен төлем жасауға арналған. Банкоматтан алынған ақша мүлдем басқа механизммен жұмыс жасайды. Ондай жағдайда сіздің қарызыңызға пайыздар күн сайын қосыла бастайды. Осылайша сіз күткен нәрседен басқаға тап боласыз: банктің алдында қарызға батасыз да қаласыз. Яғни, несие картасындағы ақшаны банкомат арқылы шешіп алу қате.
Бүгінде көп адам «Әли баба мен қырық қарақшы» ертегісіндегі алтынға бай үңгірді тапқандай сәл қаржыдан қысылса банкке шаба жөнеледі. Банктің неше түрлі қулық-сұмдығына ілініп, мойнына қарыз қамытын киіп қайтқанын да сезбей қалады. Сондықтан бүгін қанатын кең жайып келе жатқан «несие картасын» рәсімдеуде сақ болса екен дейміз.
Жүсіп ЖҰБАТ,
«P&H»